К.Маркстің әлеуметтану әдісін тарихи материализм

Маркс өзінің зерттеулерінде қолданған әлеуметтану әдісі материализм деп аталады. Оның мәні мынада: К.Маркс тарихтың материалистік түсіндірмесін ұсынады, ол бойынша әлеуметтік, мәдени және саяси құбылыстар кез келген коғамда материалдық — құндылықтарды өндіру әдісімен анықталады («табиғи-тарихи даму»). Р Тарихи процестерді түсіндіруде бұл тұжырымдама қоғамдық санадағы басқа идеялар сайып келгенде экономикалық тұрмыс-тіршілік шартының туындысы деп есептеп, ең алдымен экономикаға себепті басымдық береді. Басқаша айтқанда, адамдар араласатын барлық қарым-қатынастардың ішінде Маркс материалдық игіліктер өндіру, тарату және түтыну жөніндегі қарым-қатынастарды бірінші орынға қояды. Сөйтіп, оның ойынша, адамдар ғылыми пікірталас жүргізбес бұрын, құлшылық етпес бұрын, өлең жазып, гимн айтпас бұрын өздеріне тамақ, киім, баспана жасаулары керек.

Осы үлгінің көмегімен Маркс қоғамның әлеуметтік өмірі мен басқа әлеуметтік институттар арасында тым бір жақты және төптіштеп түсіндірілген байланыс орнатады. Маркс заманынан бері әлеуметтануда «материализм» ұғымының барлық әлеуметтік құбылыстардың негізгі себебі экономикалық қатынастар болып табылатын теорияларға қатысты ерекше мәні бар.

Осы теорияның негізінде Маркстің, базис пен қондырғы теориясынан көрініс табатын, кез келген қоғамның әлеуметтік құрылымының талдамалық схемасы жасалады. Бұл екеуі бөлінбейтін егіз ұғым, оның біріншісі екіншісінің негізі. Жалпы алғанда, бұл схема мынадай негізгі элементтерден тұрады.

Базис адамдардың экономикалық саладағы барлық өзара қарым-қатынастарын қамтиды. Бұл саланың ұйытқысы және неғұрлым серпінді элементі өндіргіш күштер. Бұл жалпылама атау білімі, шеберлігі және дағдысы бар қызметкерлерді (тұлғалық элемент) өндіріс құрал-жабдықтарымен (заттық элемент) бірігуін қамтиды, бұған өңделуге тиіс материалдар да осы жұмысты атқаратын құрал-жабдыктар да кіреді. Өндірістік қатынастар яғни адамлардың өндіру және материалдық игіліктерді бөлу жөніндегі барлық қарым-катынастарының жиынтығы өндіргіш күштердің дамуы үшін өзіндік қоректендіру ортасын жасайды. Өндірістік қатынастардың негізінде (іріетасында) меншік қатынастары жатады. Меншік қатынастарында еңбек еткен адам өндіріс құрал-жабдықтарына не еңбекке немесе екеуіне де ие болғандықтан, өнімді иелене алады. Қондырғы, әдетте, қоғамда бар мемлекет, отбасы немесе әр түрлі идеологиялар сияқты институттарды қамтитын санат болып табылады.

Базис пен қондырма арасындағы байланысқа келетін болсақ, маркстік ұстанымның басты ерекшелігі мынада: қондырманың сипаты базистің сипатымен анықталады. Базистің табиғаты қалай өзгерсе, қондырманың табиғаты да солай өзгереді. Сондықтан, мысалы, феодалдық саяси құрылымның капиталисте құрылымнан үлкен айырмашылығы бар, себебі бұл екі формацияда шаруашылық жүргізу тәсілдері екі түрлі. Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың бірлігі өндіріс әдісін құрайды. Өндіріс тәсілдері бір-бірінен өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар арасындағы байланыс сипатымен ерекшеленеді. Мәселен, феодалдық өндіріс әдісінде помещик шаруалардың жұмыс уакыты мен өндіріс құралдарына тікелей бақылау жүргізе алмайды, бірақ олардың шығарған өнімін бөлуді бақылай алады. Ал, капиталистік өндіріс әдісінде капиталист өндіргіш күштерге де, өнімді бөлуге де бақылау жүргізе алады. Көптеген теоретиктер өндіріс тәсілдеріне қондырманы да қосу қажет деп есептеді, себебі өндірістік қатынастардың сипаты идеология мен саясаттың үстемдік ету нысандарымен тығыз байланысты. Мәселен, феодалдық өндіріс әдісіне діни идеологияның үстемдігі тән.

Өндіріс әдісінің бір түрінен екінші түріне өтуі бұл жүйенің серпінді элементі болып табылатын өндіргіш күштердің өзінің дамуында белгілі бір деңгейде консервативті өндірістік қатынастар тарапынан тежеуші, қысым көрсетуші ықпалды сезіне бастауымен айқындалады. Алайда өндіргіш күштердің прогрессивті дамуын тоқтату мүмкін емес, сондықтан олар өздерінің тар шеңберін бұзады, өндірістік қатынастар өндіргіш күштердің даму қажеттіліктеріне бейімделе отырып, түбегейлі өзгереді. Бұл өндіріс тәсілдерінің ауысуын білдіреді.

Базис пен қондырманың метафорасы біршама нәтижелі талдамалық механизм болды, бірақ ол марксизмнің өзінде де, одан тыс ағымдарда да көптеген пікірталастар тудырды. Мәселелердің бір тармағы — өндірістік қатынастарды анықтау еді. Іргелі қатынастар ретінде меншікті өзіне қоса отырып, олар құқықтық анықтамалармен (меншік нысандары әрқашан зандарда көрсетіліп, бекітіліп отырады) ескертілуі керек, ал бүкіл құқық саласы қондырмаға жатады. Сондықтан да, базис пен қондырманы талдамалық жағынан бөлу қиынға соғады.

Марксизмнің көптеген сыншылары бұл үлгіні экономикалық детерминизмнің көрінісі деп есептейді. Шынында да, бұл көзқарастың кейбір жақтаушылары осындай детерминистік позицияны ұстанған болатын. Алайда Маркс пен Энгельстің өздері бұл доктринаны ешқашан ұстанбағанын айта кету керек. Біріншіден, олар қондырманың көптеген элементтері базистен салыстырмалы түрде бөлініп, өзінің жеке даму заңдарына ие болады  деп түсінген. Екіншіден, олар қондырманың базиспен жай байланысып қана қоймай, оған ықпал ететінін айтты. Маркс қайтыс болған соң Энгельс қондырма қатынастардың ерекше орны мен олардың базиске ықпал етуіне байланысты бірнеше еңбектер жазады (бұл еңбектер хаттар түрінде жазылғандықтан, «Ф.Энгельстің 90-жылдардағы хаттары» деген ортақ атаумен жарық көреді). Кейінгі марксшілдер экономикалық детерминизмнен алшақтай түсіп, кондырма элементтері базистің өмір сүру шарты ретінде қарастырылуы тиіс деп есептеді, бұл көзқарас базисті қандай да бір басымдығынан айырып, қоғамдағы барлық институттарға бірдей күш беру деп бағаланады.

Марксті жұрттың бәрі әлеуметтанушы ретінде мойындамайтынын айта кету қажет. Негізінен оны экономист деп есептейді. Бұлай ойлаудың шынында да айтарлықтай жөні бар, өйткені марксизм көбінесе «буржуазиялық саяси экономияны сынау» негізінде қалыптасты.

Бүгінде «саяси экономия» ұғымы марксизмнің негізгі санаты ретінде, тіпті синонимі ретінде жиі қолданылады. Дегенмен, біз Марксті оның зерттеулерінде негізгі объекті экономика ғана емес, экономикалық материалдық игіліктерді өндіру, болу және тұтыну ретінде көрсететін әлеуметтік қатынастар болғандықтан, оны әлеуметтанушы деп атай аламыз. Оған дәлел ретінде атақты «Капитал» еңбегін айтуға болады.

Бұл талдауда өндірістік қатынастарға айрықша назар аударылады. Маркс позициясы бойынша, өндірістің кез келген әдісінде өндірістік қатынастар — ең алдымен меншік иелері мен меншікке ие емес адамдардың арасындағы қатынастар. Алайда мұндай анықтаманың проблематикасы мынада: меншік ұғымы едәуір дәрежеде құқықтык санат болып табылады. Егер заң сайып келгенде экономикамен (оған өндірістік қатынастар да кіреді) айқындалатын болса, онда өндірістік қатынастарды құқықтык терминдермен анықтауға болмайды. Әйтпесе, өндірістік қатынастар анықтамасына осы қатынастарды айқындауға тиісті санат қосылатын болады.

Маркстің ойынша, өндіріс құралдарының меншік иелері мен осы құралдарға өздері иелік етпеген, бірақ солар арқылы еңбек ететін жұмысшылар арасындағы әлеуметтік қатынастардың мәні қанаудан көрініс табады. Соның ішінде қанау тек бір ғана капитализмнің ерекше құзыры болып табылмайды. «Қоғамның бір бөлігі өндіріс құралдарына ие болған жерде жұмысшы өзін асырау үшін берілген жұмыс уақытына меншік иесіне қажетті құралдарды өндіруге кететін артық уақытты қосуы қажет» [3].

Сонымен қанау тікелей өндіруші еңбектің бір бөлігін қайтарымсыз иемдену болып табылады. Өндіріс құралдарының меншік иесі қайтарымсыз иеленетін бұл бөлік қосымша қүнмен өлшенеді. Мәселен, жүмыс күні он сағат дейік. Оның бір бөлігінде, айталық, алты сағат ішінде жұмысшы құны оның тіршілік ету құнымен тең болатын тауарларды өндіреді. Қалған төрт сағат ішінде ол капиталист иеленетін қосымша құнды жасайды. Сонымен қосымша құн дегеніміз — жұмысшы шығарған өнімнің жалпы құнынан оның жұмыс күшінің құнын алып тастағанда қалатын құнды айтамыз, капитализм тұсында жалақымен өлшенетін қажетті құн.

Көптеген маркстік тұжырымдамаларды (әсіресе, қоғамдық-экономикалық формациялар геориясы үшін) түсіну үшін тек қосымша құнның мәнін ғана емес, сонымен қатар шығарылған өнім құнының жалпы көлеміндегі қажетті және қосымша құн қатынасының мәнін ұғыну өте маңызды. Бұл пропорцияның көлемін аталмыш қоғамға тән ортақ түрінде алатын болсақ, осы қоғам дамуының көрсеткіштері жөнінде мәлімет алуға болады: өндірістік күштердің деңгейі жөнінде, қанау деңгейі жөнінде, меншіктің үстем сипаты жөнінде (қосымша құнның пайда болуының өзі жеке меншік пен тауар-ақша қатынастарының пайда болу мүмкіндігін білдіреді) және т.б.

Марксизм тұтас алғанда — философиялық, экономикалық және саяси тұжырымдамалар мен идеологиялық доктриналар өзара байланысқан күрделі кешен. Сонымен қатар, әлеуметтануда Маркстің еңбектері кең таралған және оның кейбір принциптеріне сенім сақталған бірнеше салалар бар.

Сөйтіп, егер қашқын крепостнойлар өзінің қолында нақты бар тіршілік жағдайын еркіп дамытып, нығайтуға ғана талпынып келген болса, сондықтан, сайып келгенде, тек еркін еңбекке ғана қолы жеткен болса, пролетарлар өздерін жеке адамдар ретінде қорғап калу үшін өз басының осы күнге дейін орын алып келе жатқан тіршілік жағдайын, сонымен бірге бүкіл бұрынғы қоғамның да тіршілік жағдайы болып табылатын қалыпты жоюға тиіс, яғни еңбекті жоюға тиіс. Міне сондықтан да олар қоғамды құрастырып отырған индивидтерді осы күнге дейін әлденендей бір тұтас тұлға етіп керсетіп келген формаға, атап айтқанда, мемлекетке тікелей қарама-қарсы жағдайда болады, ал олар өздерін жеке адамдар ретінде орнықтыру үшін мемлекетті құлатуға тиіс.