Қазақстан Республикасының заңдары инвестициялық қорлардың белгілі бір типтерін анықтап береді:
Екі негізгі типі: өзара қор және инвестициялық компания бөліп көрсетіледі.
Өзара қор барлық тілек білдіруші инвесторлардың қаражатын тартатын және өздері айналысқа шығарған акцияны өз акционерлерінен сатып алуға міндеттеме қабылдаған ашық инвестициялық қор болып табылады.
Инвестициялық компания – бұл осы қордың құрылтайшылары және акционерлері болып табылатын бір немесе бірнеше заңды және жеке тұлғалардың қаражатын тартатын жабық инвестициялық қор.
Үлестік (шартты) және акционерлік (корпорациялық) инвестициялық қорлары бөліп көрсетіледі.
Үлестік инвестициялық қор былайша бөлінеді:
- ашық — пайданы 2 аптада ең аз дегенде 1 мәрте сатып алады;
- жабық – жарнашының (пайшы) пайда (үлесті) сатып алуға құқығы болмайды;
- интервалды – пайданы жылына ең аз дегенде 1 мәрте сатып алуы керек.
Қор инвестициялық стратегиясының сипатына қарай шартты түрде мына санаттарға бөлінуі мүмкін:
- Бағамдарының тәуекелі шектеулі бағалы қағаздарға капиталды инвестициялаушы.
- Бағалы қағаздар бағамының тәуекелі шектеулі жоғары болған жағдайда табыстың өсіміне бағдарланушы.
- Қаржылық активтерді әртараптандырушы.
- Ақша нарығының пайыздық мөлшерлемесін капиталдандыруға маманданушы.
Бірінші санатқа көбінесе, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік инвестициясын және тәуекелі төмен бағалы қағаздарға жатқызылған мемлекеттік емес облигацияларды сатып алатын ұжымдық инвестиция мекемесі жатады.
Екінші топқа ұзақ мерзімді инвестицияларды жүзеге асыратын қорлар кіреді.
Үшіншісіне әр түрлі бағалы қағаздарға ұзақ мерзімді қаражат салымдарын диверсификациялайтын қорлар жатады.
Төртінші топ ақша нарығының пайыздық мөлшерлемесін капиталдандыруға маманданған қорларды қамтиды.
- Инвестиция комитетінің негізгі қызметтік міндеттері
Комитет жұмысының негізгі бағыттарының бірі – инвестицияларды мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру. Ол инвесторларға инвестициялық преференциялар беретін келісім-шарттарды жасайтын, экономика секторына салынған инвестицияларды жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады. Ал преференциялар салықтық және кедендік түрде беріледі.
Екіншіден, Қазақстан Республикасының шикізаттық емес секторына инвестицияларды тарту мақсатында шетелдік компаниялармен келіссөздер ұйымдастыру және олармен мемлекеттік институттардың қарым-қатынасын дамытуды өзара үйлестіру ісі де бізге жүктелген.
Үшіншіден, біздің комитет Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің қызметін қамтамасыз ететін оның жұмыс органы болып табылады. Ал Кеңестің өзі кеңесуші-консультативтік орган ретінде Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлармен тікелей сұхбатты қамтамасыз ету, сондай-ақ инвестициялық қызметке байланысты проблемалық мәселелерді шұғыл шешу мақсатында Мемлекет басшысының 1998 жылғы 30 маусымдағы Жарлығымен құрылған болатын.
Инвестицияларға арналған шарттардың бірыңғайлығы мен әділдігін қамтамасыз ету, уағдаласушы мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығын нығайту, сондай-ақ инвестициялық бастамаларды ынталандыру секілді мәселелермен де шұғылданады.
Қазіргі уақытта инвестициялар тарту жөнінен Қазақстан ТМД елдері бойынша көш басында келеді. Ал Орталық Азия елдері бойынша алсақ, осы өңірге келген барлық тікелей инвестициялардың сексен пайыздан астамы Қазақстан еншісінде.
1993 жыл мен 2007 жылдың бірінші тоқсаны аралығында еліміздің экономикасына құйылған шетелдік тікелей инвестициялардың көлемі 54,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Тек 2006 жылдың өзінде ғана 10 437,1 млн. АҚШ долларын құрайтын шетелдік тікелей инвестициялар құйылды. Оның алдындағы жылмен салыстырғанда бұл 57,7 пайызға артық көрсеткіш. Міне, осыған қарап Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсы деп есептеуге болады.
Еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту, оны насихаттау мақсатында іскер топтар өкілдерінің сапарларын, екіжақты кездесулер, бизнес-форумдар және ынтымақтастықтың өзара тиімді басқа да шараларын ұйымдастырып отыруға мән беріледі.
Бүкіләлемдік банк секілді беделді ұйымдар мен халықаралық рейтингтік агенттіктердің біздің елдің инвестициялық мүмкіндіктерін жоғары бағалауы да іске оң ықпалын тигізуде.
Кеңестің пленарлық және аралық мәжілістерін, сондай-ақ, оның жұмыс тобы мәжілістерін Кеңес қызметіндегі негізі компоненттер деп атасақ артық болмас.
Пленарлық мәжіліс Мемлекет басшысының төрағалығымен жылына екі рет (маусымда және желтоқсанда) өткізіледі. Оған Қазақстан тарапынан Премьер-Министр мен министрлер, Президенттің көмекшісі, Индустрия және сауда министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы қатысады. Ал шетелдік инвесторлар тарапынан Қазақстанда жұмыс істейтін трансұлттық компаниялардың басшылары, дүниежүзілік даму институттарының өкілдері қатысады.
Осы уақытқа дейін барлығы 17 пленарлық мәжіліс өткізілді. Соңғысы үстіміздегі жылдың 15 шілдесінде Өскемен қаласында өткен болса, “Қазақстанның орнықты дамуы және қоршаған ортаны қорғау мәселелері” тақырыбындағы келесі мәжілісті өткізу 2007 жылдың желтоқсан айына жоспарлануда.
Кеңестің шеңберінде бес бірлескен жұмыс тобы құрылған. Олар мұнай-газ секторы бойынша, Қазақстан Республикасында инвестициялық имиджді көтеру, шетелдік инвесторлардың ағымдағы қызметі, заңнама, салық салу мәселелері бойынша жұмыстар жүргізеді.
Қазақстанға шетел инвестицияларын тарту құрылымында өндіру саласының үлесі әлі де болса басым. Осыған орай Үкімет өңдеу секторына да шетел инвестицияларының құйылуын жақсарту мақсатында шаралар қабылдаған болатын. Оның нәтижесі жоқ емес.
Мәселен, 2004 және 2005 жылдары өңдеу секторына шетелдік инвестициялардың ағымы азайған болса, өткен жылдың нәтижесі бойынша оңтайлы ілгерілеушілікті көруге болады.
Ал 2007 жылдың І жарты жылдығында өңдеу секторына құйылған тікелей шетел инвестициясы 383,8 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл 2006 жылдағы көрсеткіштен едәуір жоғары. Міне, осылайша өңдеу саласына шетелдік инвестициялар ағымы уақыт өткен сайын күшейе түсуде.
Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасымен Индустрия және сауда министрлігінде басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, басым жобалардың тізімі жасалуда. Бұл мәшине жасау, ауыл шаруашылығы, мұнай-химия, құрылыс материалдары, биотехника, уран өнеркәсібі саласындағы жобалар.
Шетел инвестициясын табысты тарту үшін 2006 жылы 30-дан астам елге, соның ішінде Ұлыбритания, Италия, Германия, Жапония, Қытай, Ресей және басқа да шет елдерде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруға арналған ақпараттық-тұсаукесерлік шаралар жүргізілді. Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы 39 мемлекетаралық келісім жасалды.
Бұл шаралардың нәтижесі жоқ емес. Шикізаттық емес бағытта инвестиция тартудың табысты жобаларының бірі ретінде “Интергласс-Казахстан” ЖШС-нің “Steіnert Іndustrіes” неміс компаниясымен бірігіп Ақтөбе облысында шыны шығаратын зауытты іске асыра бастағандығын айтуға болады.
Екінші бір мысал. Сараптау мәліметтері бойынша, Қазақстан қажетті цементтің 25 пайыздан көбін сырттан импорттайды. Бірнеше ірі компаниялар аталған салаға инвестиция салғысы келетін тілегін білдірді. Өткен жылы цемент өндіретін 2 зауыттың құрылысына инвестициялық преференция беру туралы 2 келісім-шартқа отырдық. Аталған зауыттардың қуаттылығы жылына шамамен 2 млн. тонна цементті құрайды. Осы жылы тағы 3 келісім-шарт дайындалып жатыр.
Тағы бір мысал. Алюминий саласындағы әлемнің ірі компаниялары құрамына енетін СУАЛ-мен өткен жылдың аяғында Павлодар облысында қуаттылығы жылына 500 мың тонна алюминий өндіруге жететін, ал инвестиция көлемі 1,5 млрд. АҚШ долл. құрайтын алюминий зауытын салу туралы келіссөздер жүргізілді. Жаңа жұмыс орны 2000 адамды қамтиды. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда, шамамен осы жылдың қыркүйек айының соңында аяқталады.
350 млрд. АҚШ доллары көлемінде активі бар әлемнің ірі компаниясы “General Electrіc” корпорациясымен Қазақстанда дизельді локомотив шығаратын зауыт құрылысы туралы келісім жасалуы да еліміздегі шикізаттық емес секторда инвестициялық ахуалдың жақсара түсуінің тағы бір дәлелі. Мұндай мысалдарды келтіре беруге болады.
Қазіргі уақытта біздің базада экономиканың басымдықты секторларындағы 150-ден астам жоба жинақталған. Біз Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, әкімдіктер тоқсан сайын бізге инвестициялық жобалардың жай-күйі туралы ақпарат беретін есептілік нысанды әзірлеген болатынбыз. Осылайша, біздің деректер әрбір үш ай сайын жаңарып тұрады, сондықтан біз кез келген сәтте инвесторларға жаңа және өзекті ақпарат бере аламыз. Анағұрлым қызықты идеяларды айтатын болсам, Nokіan Tyres (Финляндия) Астанада Ордабасы компаниясымен қосылып мемлекеттік стандартқа сәйкес шина шығаруды қолға алды. Оның жалпы құны 200 млн. АҚШ долларын құрайды. Құрылыс өнеркәсібінде Ақтөбе облысында қуаттылығы жылына 1 млн. тонна цемент зауытын салу бастамасы қолға алынуда. Оны іске асыруға 100 млн. АҚШ доллары талап етіледі. Тағам өнеркәсібінде Алматы облысында жеміс, көкөніс өнімдерін өңдеу зауытының құрылысы жөніндегі жоба қызығушылық тудырады. Бұл жобаны іске асыру үшін 5,2 млн. АҚШ долларының инвестициясы қажет.
Республикада қолайлы инвестициялық ахуал жасау және инвестицияларды тарту саясатын жалғастыру үшін, мемлекет қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып, жаңа өндірістер құруға, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мен жаңартуға инвесторларды ынталандыру шараларын қолдануда. Соның ішінде шетелдік және отандық инвесторға Инвестициялар комитетімен келісім-шарт жасасу арқылы инвестициялық преференциялардың мынадай түрлері берілуі мүмкін: корпоративтік табыс салығы, мүлік пен жерге салық, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жабдықты әкелу кезіндегі кеден баждарын төлеуден босату бойынша салықтық жеңілдіктер, сондай-ақ мемлекеттік заттай гранттар.
Инвестициялық преференциялар берілетін салалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 8 мамырдағы қаулысымен бекітілген.
Тізбеге экономикалық қызметтің 245 түрі енгізілген. Оның ішінде: ауыл, орман және балық шаруашылығы; сусындарды қоса алғанда, тамақ өнімдерін өндіру, тоқыма өндірісі; сүректі өңдеу және ағаштан бұйымдар жасау; қағаз, картон және одан жасалатын бұйымдар өндірісі; химия өнеркәсібі; резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі; металлургия өнеркәсібі; дайын металл бұйымдары өндірісі; кеңсе жабдықтары мен есептеу техникасы өндірісі; медициналық техника бұйымдары, өлшеу құралдары, оптикалық аспаптар мен аппаратуралар өндірісі; жиһаз өндірісі; электр энергиясын, газ, бу және су өндіру және бөлу; қонақ үйлер, туристік лагерьлер мен кемпингтер қызметтерін ұсыну; барлық көлік түрлерінің қызметі; ғарыш байланысы; жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар және басқалары бар.
Инвестициялық преференциялар алуға қажетті құжаттарды Инвестиция комитетінен білуге болады. Олар 30 жұмыс күні ішінде қаралады.
2.Көршілердің көзқарастары қандай?
Биылғы күзде Новосібірде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Президенті В.Путиннің қатысуымен екі ел шекаралас өңірлері басшыларының кезекті форумы өткені белгілі. Осы басқосу алдында ресейлік “Труд” газетінің Батыс Сібір өңірі бойынша шығатын “Честное слово” қосымшасы шекаралас өңірлер арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар жағдайына арнап мақалалар циклін жариялаған болатын.
Біз төменде Омбы, Томь облыстары мен Алтай өлкесі губернаторларының аталған газет тілшісіне берген сұхбаттарын ықшамдап жариялап отырмыз.
Виктор КРЕСС, Томь облысының губернаторы:
– Қазіргі кезде Дүниежүзілік банк Қазақстанды әлемдегі инвестиция тартуға ең қолайлы 20 елдің қатарына қосып отыр. Мәселен, 2006 жылы Орталық Азияға тартылған шетел инвестициясының 80 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі деген де-рек бар. Сіз біздің көршіміздің жетістігінің сыры неде деп ойлайсыз?
– Бұл жерде еш құпия жоқ. Бар болғаны, нақты нәтижеге жұмыс істеу, осыны олар қандай жұмыста болсын басты мақсат етіп отыр. Егер осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда ІЖӨ бір адамға шаққанда 700 доллардан болса, 2005 жылы ол 3000 долларға жетіпті. Енді Қазақстан 2010 жылы бұл көрсеткішті – 5800, ал 2015 жылы оны 9000 АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Сөйтіп, біздің көршіміздің алдағы кезде Чехия, Венгрия, Польша және Малайзия сынды дамыған елдерден көш ілгері кетуі де ғажап емес.
Қазіргі кезде Қазақстанда шикізат әлеуетін тиімді пайдалану ғана емес, инвестициялық саясатты қалыптастыру мәселесіне баса назар аударылып келеді. Олар Батыс инвесторларымен ортақ тілде сөйлеседі. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы республика экономикасына 30 млрд. доллардан астам шетел инвестициясы тартылды.
– Қазір Қазақстанда экономикалық даму жағдайында бизнеске қомақты қаражат салынып жатыр. Сібір өңіріне салынған инвестиция бар ма? Егер бар болса, Томь облысында оның деңгейі қандай?
– Қазақстан көп жылдан бері ТМД елдері ішінде Томь облысының сыртқы сауда айналымында бірінші орын алып келеді. Мәселен, 2002 жылы Қазақстан біздің облысқа 25 млн. АҚШ доллары көлемінде тауарлар әкелді. Кейін арадағы тауар айналымы екі есеге азайып кетті. Қазір біз тауар айналымын бұрынғы көрсеткішке жеткізу үшін жұмыс жасап жатырмыз.
– Жақында Лондонда “Қазақстан: дамудың жаңа көкжиегі” атты тақырыпта өткен конференцияда Қазақстан экономикасының негізгі салалары ретінде мұнай мен газ, құрылыс, металлургия, электр энергиясы, көлік, ІТ және коммуникациялар атап көрсетілді. Осылардың ішінде Томь облысы Қазақстанмен қай салада тығыз байланыс орнатып отыр?
– Қазір біздің қазақ әріптестеріміз ІТ және коммуникацияға қарағанда шикізат секторына қызығушылық танытып отыр. Қазақстан инновациялық даму жолына түсіп келе жатқан ел. Бүгінде олар төрт инновациялық өңір құрып алды. Егер біз көршіміз секілді осындай инновациялық өңірлер құрғымыз келсе, қазақ әріптестерімізбен ынтымақтастығымызды арттыра беруіміз керек.
Қазір осыған байланысты алғашқы қадам жасалып жатыр деуге болады. Мәселен, біздің ғалымдарымыз жақында Алматы қаласы маңынан құрылған “Alatau ІT-Cіty” ақпараттық-технологиялық парктің жұмысымен танысып қайтты. Осыдан кейін Томь мемлекеттік университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университеті арасында келісім-шартқа қол қойылды.
– Біз шағын және орта бизнесті дамыту керек деп жатырмыз. Осы тұрғыда алғанда, Томь облысы мен Қазақстан арасында қандай байланыс бар?
– Томь облысының шағын және орта бизнесі Қазақстанда бұрыннан бері жұмыс істеп келеді. Мәселен, “Сібір электротехникалық компаниясы” ААҚ қазақтың электрқозғалтқыштар желдеткіші, насос құралдарын жеткізумен айналысатын “Келет” фирмасымен келісім-шарт жасасқан. Ал “Сібір электрмотор” АҚ Қазақстанға жыл сайын 150-180 миллион рубль көлемінде өнім жеткізіп тұрады. Сонымен бірге, Томь электрондық компаниясы Қазақстандағы мұнай нысандарына арналған құрал-жабдықтар монтаждауға қатысу үшін келісім-шарт жасаса, “Манотомь” АҚ Алматы қаласынан өнімдер алу жөнінде келісімге қол жеткізді. Ал “Самусь” кеме жасау және кеме жөндеу зауыты Қазақстанмен өзенде жүзетін бес кемені құрастыру жөнінде келісім жасасты.
Александр КАРМИН, Алтай өлкесінің губернаторы:
– Александр Богданович, қазір Қазақстан мен Алтай өлкесінің ынтымақтастығы қандай деңгейде?
– Біздің Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарымен шекарамыз 800 шақырым. Сондықтан бізге Қазақстанмен ынтымақтастық қалыптастыру аса маңызды.
Қазақстан 2000 жылдан ТМД елдері ішінде тауар айналымы жөнінен біздің басты әріптесіміз болып келеді. Мысалы, биылғы жылдың бірінші жартысында ол 34 пайызды құрап (190 миллион АҚШ доллары), өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 12 пайызға өсті. Соңғы кездері Алтай өлкесі Қазақстан рыногында сұранысқа ие тауарларды үздіксіз жеткізе бастады. Сонымен бірге, шешілмеген проблемалар да жетерлік. Мәселен, Ресей – Қазақстан шекарасы арқылы өтетін тас жол мен темір жолдағы өткізу пункттерінің жұмысы өте төмен деңгейде. Осының бәрі екі жақтың тауар айналымына айтарлықтай кедергі жасап отыр.
Жалпы, біздің өлкенің Қазақстанмен ынтымақтастығы жоғары деңгейде. Қазірдің өзінде тараптар химиялық өнімдер, энергетикалық құрал-жабдықтар, агроөнеркәсіп кешеніне арналған жаңа технологияларды жеткізу мәселелерімен айналысуда. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы мен ғылым салаларын дамыту бойынша бірлескен инвестицияларымыз бар. Қазір Шығыс Қазақстан облысы мен Алтай өлкесінің батыс аудандарын газбен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылып жатыр.
– Қолда бар мәліметтерге қарағанда, Алтай өлкесі Қазақстанға ағаш өнімдерін жеткізсе, бізге ол жақтан тұрмысқа қажетті өнімдер ғана келеді екен. Осыны кейбір сарапшылар Алтай өлкесі басшылығының көңілшектігі деп жатыр. Сіз осыған не дер едіңіз?
– Бұл жаңсақ пікір. Қазір Алтай өлкесі Қазақстанға негізінен мәшине құрастыру өнімдерін жеткізумен айналысады. Биылғы жарты жылдықта Қазақстанға Алтайдан мәшине құрастыру өнімдерінің тең жартысы жеткізілді. Ал Қазақстаннан көбіне жеміс-жидек өнімдері келеді. Биыл ол 41,5 пайызды құрады. Бұл аз көрсеткіш емес. Қазақстаннан жеміс-жидектер біздің өлкеге ғана емес, Алтай арқылы Сібірдің басқа өңірлеріне де жеткізіліп тұрады.
– Қазақ капиталының қатысуымен Алтай өлкесінің инвестициялық тиімділігін арттыру мақсатында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
– Қазір біздің өлкеге ең алдымен өнеркәсіп пен туризм салаларына, одан кейін тағам индустриясы, өнеркәсіп кешендерін дамыту, полиметалл кен орындарын игеруге инвестициялар тартылып отыр.
Леонид ПОЛЕЖАЕВ, Омбы облысының губернаторы:
– Леонид Константинович, соңғы кездері Қазақстан мен Ресей ортақ әлеуетті пайдалану үшін көп жұмыстар атқарып келеді. Осы бағытта шекаралас өңірлер ынтымақтастығы қандай рөл атқарады деп ойлайсыз?
– Кеңес Одағы ыдыраған кезде оның құрамында болған бірде-бір республика тез дамып кете алған жоқ. Оның басты себебі, ондаған жылдар бойы қалыптасқан байланыстардың үзілуі болды. Бірақ, соңғы кездері Қазақстан басшысының бастамаларының арқасында бұрынғы Одақ кеңістігінде жаңа құрылымдар мен ұйымдар құрылып, жағдай біршама жақсарып қалды. Бұл жерде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық Одақ құру жөніндегі идеясының арқасында ғана атап айтарлықтай жұмыстар атқарыла бастады деуге болады. Ал шекаралық өңірлер ынтымақтастығы – бұл Қазақстан мен Ресейден басқа ТМД-ның өзге елдерінде әлі қалыптаса қоймаған экономикалық қарым-қатынастың жаңа үлгісі. Қазіргі кезде осының арқасында Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық ынтымақтастықтың жаңа даму сатысына түсіп, екі елдің шекаралық өңірлері арасында тауар айналымы 500 млн. АҚШ долларына жетті.
– Бүгінде Ресей мен Қазақстан технологиялық өзара байланысы бар өндірістің жаңа кәсіпорындарын құру бағытында жұмыс істеп келеді. Ал Омбы облысында қандай бірлескен жобалар бар?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Омбы қаласында өткен екі ел шекаралас өңірлері басшыларының бірінші форумында бірлескен жобалар құру жөнінде мәселе талқыланған болатын. Сол кезде халықаралық автокөлік қатынасы, екі елдің денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ынтымақтастығы, Қазақстанда Омбы облысының консулдығын ашуға арналған бірлескен құжаттарға қол қойылды. Қазір осының нәтижесінде Омбы-Петропавл аралығында электрпойыздың жаңа бағыты мен Петропавлда биоэтанол өндірісінің жаңа кәсіпорны ашылды. Енді мұндай кәсіпорын Омбы облысында да ашылатын болады.
Қазақстан үшін Омбы құрылыс материалдары сұранысына ие. Ал Ресей жағы Қазақстан қаржы-өнеркәсіптік топтарының біздің өңірдің бизнес жобаларын қаржыландыруына зәру.
– Шекаралас өңірлер ынтымақтастығын дамыту үшін ең әуелі қандай мәселелерді шешу керек деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, әрине, екі ел арасындағы 7,5 мың шақырымды құрайтын шекарадағы өткізу пункттерінің жұмысын ретке келтіру керек. Содан кейін Ертіс өзені арқылы өтетін шекара аумағының жағдайын жақсарту қажет.
Қазіргі таңда Омбы облысында екі елдің 31 бірлескен кәсіпорындары жұмыс істейді. Кәсіпорындардың дені құрылыс, орман ағаштарын өңдеу, тұрмысқа қажетті басқа да тауарлар шығарумен айналысады.
Омбы облысының энергетикалық кешені тұтастай Қазақстанның көміріне тәуелді. Қазір біз жыл сайын Екібастұздан 5 млн. тонна көмір тұтынамыз. Сондықтан, Ресей Үкіметі Қазақстанмен шекаралас Омбы және басқа да өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету үшін өңіраралық энергетикалық компания құруды мақсат етіп отыр.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев Омбы қаласына жасаған сапарында Қазақстан банктері жинаған қаржының көптігіне байланысты енді шетелге инвестиция тартуды мақсат етіп отыр деп еді. Осыған Омбы облысында қажетті ресурстар бар ма екен?
– Инвестиция – интеграцияны дамытудың бір жолы. Қазір Ресейде экономиканы дамытудың бірден-бір жолы – қазақ инвестициясын тарту болып табылады. Бұл екінші жағынан екі елдің тауар айналымын арттыруға да мүмкіндік берер еді. Бірақ, өкініштісі сол, Ресейде қосымша құн салығы бес, одан кетсе тоғыз айға дейін созылып кетеді. Ал Федералдық салық кодексіне сәйкес, қосымша құн салығы үш айдан аспай төленуі тиіс. Сол себепті Ресейге инвестиция тарту үшін ең әуелі бізбен сауда жасағысы келген ТМД-ға мүше елдерге қосымша құн салығы жеңілдетілген түрде белгіленуі қажет деп санаймын.
- Қазақстандағы инвестиция мәселесін оңтайландыру шаралары
Қазақстандағы тұңғыш «Қазына» ашық пайлық инвестиция қоры үш жылдың ішінде банк депозитіне балама болды. Бұл жайлы бүгін Алматыдағы қордың үш жылдығына арналған баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазына» ашық пайлық инвестиция қорын Қазақстанның құнды қағаздар нарығында 2004 жылдан бастап банктік емес қаржы қызметін көрсетіп келе жатқан «Сентрас Секьюритиз» АҚ 2005 жылы құрған болатын. Қордың кастадион-банкі – АТФ банк. Ол қор активтерін есепке алады және сақтайды, қор активтерімен мәміле жасау барысын, пайларды орналастыру және сатып алуды бақылайды. Сондай-ақ басқарушы компаниямен инвестициялық қор активтерінің құнын, қозғалысы мен құрамын салыстыру жұмыстарын жүргізеді.
Ел тұрғындарын инвестициялау үдерісіне тарту мақсатында құрылған «Қазына» АПИҚ-да 3 жылдың ішінде таза активтерінің саны 529,65 пайыздан асып, 306 миллион теңгені құрады. Ол ашық қорлардың таза активтері көлемінің 21 пайызын жинақтап, республикадағы ірі ашық пайлық инвестиция қорларының арасында екінші орынды иеленуде.
«Сентрас Секьюритиз» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы Елдар Әбдіразақовтың айтуынша, қор банк депозитіне балама болу туралы өз қызметін 3 жылда орындап шықты.
«Басқарушы компания ретінде бүгінгі таңда бізді Қазақстанда ғана емес сырт елдерде де мойындап жатыр. Батыстың инвестиция қорлары ел нарығына қызығушылық білдіруде. Біздің міндет-инвестициялық қорлардың барлық желісін ұсыну. Мәселен былтыр Тіке инвестиция қорын іске қостық. Қазіргі таңда елде тек мүлік қоры ғана жоқ», дейді Е. Әбдіразақов.
Нью-Йоркте Қазақстан Үкіметі мен Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен «Institutional Investor» халықаралық экономикалық баспасы ұйымдастырған «Қазақстандық инвестициялық форум: Орталық Азияға инвестиция» («Kazakhstan Investment Forum: The Gateway to Investing in Central Asia») бірінші инвестициялық форумы өз жұмысын аяқтады, деп хабарлады ҚазАқпаратқа елшіліктің баспасөз қызметінен. Қыркүйектің 18-19-ы күндері өткен форум барысында қазақстандық үкіметтің басшысы Кәрім Мәсімов телекөпір режімінде Астанадан сөз сөйледі. Премьер-Министр Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарымен, сондай-ақ жалпы экономикалық саясаттың өзекті сипаттарымен таныстырды. Конференцияға қатысушылар өз кезектерінде Қазақстандағы экономикалық саралау үдерісіндегі прогреске және инвесторлар үшін ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерге жоғары баға берді. Конференцияда сондай-ақ, «Мүмкіндіктерді анықтау және талдау: Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен экономикалық келешегі», «Қазақстанның қаржы секторы мен капитал рыногын дамыту», «Қазақстандық өнеркәсіптік мүмкіндіктерге салалық шолу жасау: саралауға назар аудару», «Қазақстандағы ішкі және жаһандық жеке рыноктардың рөлі» және «Басты сала – өндіруші өнеркәсіп» тақырыптық сессиялары аясында жарыссөздер өтті. Конференцияға қатысқан батыс компанияларының топ-менеджерлері қазақстандық рыноктағы өздерінің табысты қызметтері туралы әңгімеледі. Қазақстандық және шетелдік қатысушылар форумға жоғары баға бере келе, халықаралық экономикалық үдерістердегі тең құқылы ойыншы ретінде Қазақстан туралы шынайы көзқарас қалыптастыруда үлкен рөл атқарғанын атап өтті. Форумға қатысқан қазақстандық өкілетті делегацияны Нью-Йоркке ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ә.Сәйденов бастап барды.
Қаржы орталығының мақсаты, біріншіден, Қазақстанға инвестиция тарту. Құдайға шүкір, инвестиция келіп жатыр ғой. Әлде болса да, көбірек тарту орталықтың ең бірінші мақсаты. Инвестиция көптеп тартылса, жаңа жұмыс орындары ашылады, қарапайым халық жұмыспен қамтылады деген сөз бұл. Қазақстан азаматтарына жұмыс береміз. Екіншіден, қазақстандық капиталды халықаралық нарыққа шығару. Біздің ірі компанияларымыздың біразы өздері халықаралық рынокқа шығуда. Мұның бәрі ірі компания. Біздің мақсатымыз сондай мүмкіндікті өзге отандық орташа компанияларға да беру. Басқа елдерге инвестиция салсын. Бұл да жаман емес. Басқа елдер біздің елдің қуатын мойындап, қазақ деген халықты таниды. Үшіншіден, еліміздегі құнды қағаздар нарығын дамыту. 10-15 жыл болды, құнды қағаздар нарығын дамыту үшін бағдарлама да, шара да қабылданып жатыр, бірақ шынын айтқанда ол әлі әлсіздік танытуда. Елбасы қаржыгерлер конгресінде де бұл мәселе туралы аса мән бере айтты да. Құнды қағаздар нарығын дамыту не үшін керек? Бүгінде жұрттың қолында ақша бар. Олар оны қайда салады? Бәріміз білетіндей, алдымен жылжымайтын мүлікке салуда. Соның кесірінен тұрғын үй бағасы шарықтап барады. Басқа қайда саларын білмейді. Ара-арасында банкке салар. Өзіміздің құнды қағаздар рыногын дамытатын болсақ, жұрт ақшасын сол қағаздарға салар еді ғой. Өздеріңіз білесіз, Қазақтелеком өзінің құнды қағаздарын сатты. Оған деген сұраныс та көп болды. Егер отандық компаниялар жаппай жергілікті рынокқа құнды қағазын шығаратын болса, жұрт үшін нағыз табыс көзі ашылар еді. Ал бізде бірден Лондонға немесе Германияға шығуда. Өзімізге шығарылмайды, шығарылса да өте аз, сол компанияның өкілдерінен немесе таныстарынан артылмайды. Және ол туралы ешкім білмейді. Жарнама да жоқ. Біздің мақсатымыз – қарапайым халық үшін жұмыс істейтін қаржы орталығын ашу, оларды құнды қағаздарды сатып алып, оның игілігін көруге үйрету.