Жоғары оқу орындарында болашақ маманның интеллектуалдық әлеуетін дамытуда интерактивті оқытудың маңыздылығы

Қазіргі таңда еліміздегі жоғары оқу орындарының басты ерекшеліктерінің бірі – білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілетті маманның интеллектуалдық әлеуетін дамыту болып отыр. Осыған байланысты болашақ мамандарды кәсіби және тұлғалық дамыту үрдісі ақпаратты жоғарғы деңгейде игеретін және практикада бекіте алатын әдістерді қолдануды талап етеді. Бұл талап – білім беру саласында инновациялық өзгерістердің туындауына ықпал ете отырып, оқытудың негізі ретінде тұлғалық дамуды қарастырады. Өйткені, ақпараттық дәуір экономикасы болашақ маманның білімді, әрі білікті тұлғасына тәуелді болып отыр.

Қазіргі кезде жоғары мектеп алдында болашақ мамандардың кәсіптік деңгейін көтеру міндеті қойылып отыр. Жоғары оқу орнындағы оқу процесі күрделеніп, оған қойылатын міндеттер, қарқындылығы мен мазмұндылығы жағынан оқытушыдан оқу іс-әрекетін, оның принциптерін, оқыту мен тәрбиелеу әдістерінің зандылықтарын психологиялық тұрғыдан терең ұғынуды, және ақыл-ой парасаты дамыған, белсенді тұлғаны қалыптастыруды талап етеді. Жоғары білім психологиясының проблемаларын зерттеушіА.А.Вербицкий білім берудегі тенденцияларды төмендегідей бөліпқарастырады.

Бірінші тенденция — білім берудің әрбір деңгейінің үздіксіз білімнің құрамы, ажырамас бөлігі деп ұғыну. Бұл тенденция бойынша, мектеппен институттың сабақтастығы ғана емес, жоғары оқу орны мен студенттердің болашақ өндірістік іс-әрекеті арасындағы сабақтастық проблемасын шешуді де көздейді. Ал оның өзі студенттердің оқу әрекетінде өндірістік ситуацияларды моделдеу міндетін қояды, өз кезегінде бұл белгілі-контекстілі оқудың жаңа типін қалыптастырудың негізі.

Екінші тенденция — оқытуды индустрияландыру, яғни компьютерлендіру, қазіргі қоғамның интеллектуалды әрекетін неғұрлым күшейтугемүмкіндік туғызу.

Үшінші тенденция — оқытудың белсенді әдістері мен формаларына өту.

Төртінші тенденция-А.А.Вербицкий бойынша «қатаң түрде регламенттелген тексерушілік, алгоритмделген оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру тәсілдері мен сол процесті басқарудан, дамытпалы, белсендендіретін, интенсивтендіретін, ойын түріндегі көшіретін психологиялық дидактикалық жағдайларды іздестірумен… байланысты.

Бесінші және алтыншы тенденциялар — оқушы мен оқытушы арасындағы өзара әрекеттестікті ұйымдастыру мен оқытуды, ұжымдық, біріккен әрекет ұйымдастырумен бекітіледі, бұл жағдайда акцент «оқытушының іс-әрекетінен, студенттің танымдық әрекетіне» ауысады.

Студенттердің білімі мен дағдылары, негізінен, танымдық іс-әрекеттері арқылы қалыптасады. Оқыту әрекетінде студенттердің қызығушылығы, қабілеттері, мотивтері (ниеттері), темпераменті мен мінезі тағы басқа да психикалық қылықтарынан көрінеді.

Сондықтан оқытушылар негізгі мақсатқа жету — қандай психикалық процестер, жағдайлар мен қасиеттерге байланысты екенін ажырата білулері керек. Оқу материалын қалай ұтымды пайдалануды, теориялық және практикалық даярлығы бар болашақ мамандарды жан-жақты дамытуға қажетті оқыту жағдайларында білулері қажет.

Оқу материалдарын баяндаудың қисындылығы, олардың мазмұндарының тереңдігі, мақсаттылығы, нақты ғылымның табиғаты мен принциптерін есепке алып отыру — ғылыми әдістеменің аса маңызды шарттары болып табылады. егер де оқытушы оқыту процесінде мұндай психологиялық факторларды ескермесе қажетті нәтижеге жете алмауы.

Оқытудың тиімділігі туралы мәселелерді қарастырғанда педагогтар мен психологтар оқыту процесінің мәні мен заңдылықтары туралы мәліметтерге сүйенеді. Оқу-адамның жеке-дара танымының ерекше формасы. Адамның танымдық іс-әрекеті (нені тануына байланыссыз), объективті түрде танылғаны немесе танылмағаны, бәріде белгілі бір заңдармен іске асырылады. В.В.Давыдов, А.Н.Леонтьев, Н.Ф.Талызина зерттеулері көрсеткендей, жоғары мектептегі оқу процесінің мақсаттары, мотивтері қажетті мәліметтерді қабылдаудан бастап, күрделі шығармашылық процестерді іске асырумен аяқталған таным процестері, әртүрлі эмоциялық көріністер сипаттары мен саналы түрде зор күш-жігерді қажет ететін ақыл-ой әрекеті. Студенттердің оқу іс-әрекеті – оларға белгілі білім көлемін ғана мәлімдеу емес, сонымен бірге оқыту процесі үшін де, кейін өзбетімен еңбектенуінде де маңыздықызметатқаратын, еңбекке деген шығармашылық көзқарасты қалыптастыру.

Сондай-ақ, бұл дәуірдің идеологиялық, әлеуметтік, саяси сұраныстары адамнан келесідей құзырлықтарды талап етеді:

— ақпараттың ішінен өзіне қажеттісін таңдап, оны пайдалану;

— проблемаларды шешу және шешім қабылдау;

— өзіндік пікір, идеялар, тұжырым, түсінік келтіру, оларды дәлелдей және қорғай білу;

— социумда ауызша және жазбаша түрде қарым-қатынас құра білу, бірлесе жұмыс жасай білу;

— өмірге деген көзқарасын, ұстанатын сенімдерін, қажеттіліктерін, құндылықтарын жалпы адами құндылықтармен байланыстыру;

— өздігімен үйрене білу, өз білімін әрқашанда дамытып отыру [1].

Сол себепті де тұлғалық даму ұстанымы білім игеру процесіне қатысушылардың бұрынғы авторитарлы-коммуникативтік қарым-қатынасын гуманитарлы-коммуникативтік қарым-қатынасқа өзгертуді талап етеді. Бұл ұстаным таным процесінің «білім беру», «оқыту», «үйрету» деген кешегі күнгі түсініктерін енді екі жақты процесс ретінде қарастырып, оларды «білім алу», «оқу», «үйрену» деп өзгертеді, бұл процесте үйренуші негізгі рөл атқарып, білімді өздігімен құрастырады деп түсінеді.

Егерде дәстүрлі «білім беру» өз мақсаты мен мағынасын нақты белгіленген (мемлекеттік стандарттарда көрсетілген пәндер, тақырыптар мен сабақтардың аумағында) білім жиынтығын игерумен шектесе, тұлғалық даму мен өздігімен білім құрастыруды негізгі идея деп ұстанған инновациялық көзқарас оқытудың негізін тек пәндер арқылы емес, ойлау мен рефлексияға негізделген интерактивті әдістер құрауы керек деп түсінеді. Ал интерактивті әдістер мен тәсілдер үйренушілердің тұлғалық тұрғыдан өзіндік және дербес түрде дамуына әкеледі, оларды өз мүмкіндіктері мен ұстанған құндылықтарын түсінуге және бағалауға жетелейді. Таным әрекеттерін ұйымдастырудың арнаулы әдістемесі ретінде интерактивті оқыту білім игеру процесіне қатысушылардың тиімді қарым-қатынасына негізделеді. «Интерактивті оқыту» ұғымын білім беру саласында әр қырынан қарастырылып, ғылыми түсінігінің мәні зерттелуде. Мәселен, «Аударма сөздіктерде»: «interactiv» сөзі «inter» дегеніміз «өзара» мағынасында, ал «act» – «әрекет жасау» дегенді білдіреді, яғни интерактивті әдістер – үйретуші мен үйренушілердің өзара әрекеттесуін оқытудың негізі деп танитын және сондай қатынасқа жағдай жасайтын әдістер болып табылады. «Психологиялық сөздіктерде»: «интерактивті» дегеніміз біреумен қоян-қолтық қарым-қатынаста болу, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. «Педагогикалық сөздіктерде»: «интерактивті оқу» дегеніміз – өзара қарым-қатынасқа (коммуникацияға) негізделген оқыту, диалог арқылы үйрету, яғни «үйретуші-үйренуші», «үйренуші-үйренуші», «үйренуші-өзімен-өзі» форматтарында жасаған қарым-қатынас («әңгіме», «сұхбат», «пікірлесу», «бірлескен әрекеттер»). Интерактивті оқыту арқылы білімді игеру процесін келесідей ұйымдастыруға болады:

— Барлық үйренушілерге бірлескен таным процесіне белсенді араласуға мүмкіндік жасау;

— Әрбір үйренушінің өзінің үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы ой толғауына мүмкіндік жасау;

— Үйренушілер білімді өздігімен құрастыратын орта құру.

Интерактивті оқыту – әрекетпен және әрекет арқылы оқыту, ал мұндай ұстаным қомақты нәтижелерге жеткізетін ең тиімді жүйе деп есептелінеді, өйткені, адамның жадында бірінші мезетте тек өзінің әрекеттері мен өз қолымен жасағаны ғана қалады. Сол себепті де интерактивті оқыту үйренушілердің оқу үрдісіндегі белсенді әрекеттерін үйренудің негізгі құралдары мен тәсілдері ретінде таниды. Сондықтан да интерактивті оқыту –оқу процесінің тиімділігі мен нәтижелігін үйренушілердің есте сақтау дәрежесімен өлшемей, олардың әрекеттерімен бағалайды, тек әрекет арқылы ғана үйрену ықтимал деген қағида ұстанады [2].

Интерактивті оқыту – студенттің өз тәжірибесі және өзге де студенттердің тәжірибесі тұрғысынан жасаған белсенді қарым-қатынасқа негізделеді. Ал үйренушілердің тәжірибесі дегеніміз – олардың өзіндік пікірлері мен көзқарастары, ойлары мен идеялары, тұжырымдары мен қорытындылары, дәлелдері мен уәждері деп айтуға болады. Студенттер таным процесінде бір-бірімен осы тәжірибесімен бөліседі. Міне осындай байланыста, қарым-қатынаста жаңа білім құрастырылып, саналы түрде игеріледі.

Дәстүрлі оқытуда басты мақсат «нәтиже» болып, оқытушы өзінің барлық күш-қайратын «үйретуге» бағыттайды шәкіртті қорытынды нәтижеге ең қысқа жолмен жетелеуге тырысады. Мұнда оқытудың нәтижелігі бірінші кезекте ақпаратпен байланыстырылады: үйрету процесі оқушыға ақпарат «беруге» бағытталады, оны жаңа мәліметпен қамтамасыздандырумен шектеледі. Дәстүрлі оқытуда білім беру процесі көп жағдайда оқушының сабаққа «таза парақ» (tabula rasa) күйінде келіп (немесе іші қуыс ыдыс секілді), мұғалімнің оны сабақта біліммен «толтырумен» айналысатын құбылыс деп түсініледі. Үйренуші сабақта ғана жаңа білім алып, сабақтан кейін оны бекіту жұмысымен ғана айналысты.

Ал интерактивті оқыту басты назарды «процеске», яғни үйрену процесінің өзіне, оқушылардың «қалай» және «қандай әдіс-тәсілдер арқылы үйренетіндігіне» аударады. Мұндағы мақсат – оқушылардың өзара белсенді әрекеттер арқылы өздігімен білім игеруінде, оны ізденуінде, құрастыруында. Мұндай сабақтарға шәкірттер «таза парақ» күйінде келмей, алдын-ала дайындалып келеді, олар сабақ басында тақырып бойынша өз түсініктері мен пікірлерін келтіріп, әрі қарай оларды дәлелдеу жүйесін құрады, пікірталас жүргізеді, өзге пікірлерді тыңдап, балама көзқарастарды ескереді. Басқаша сөзбен айтқанда, шәкірт өмірде әр адамға қажетті білік-дағдыларды қалыптастырады. Ал сабақтан кейін сол білімдерін өздігімен дамыта түседі. Сол себепті де интерактивті оқытуда үйренушілер келесідей әрекеттерді атқаруға дайын болуы керек:

— бірлескен жұмыс;

— танымдық, коммуникативтік, әлеуметтік тұрғыдан белсенділік таныту;

— бастамашылдық;

— кері байланыс жасау;

— проблема шешу, шешім қабылдау.

Интерактивті оқыту барысында үйренушілер әрқашанда белсенді болып, өзіндік пікір қалыптастырып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге, өз көзқарасын дәлелдеуге, пікірталас жүргізуге, басқаларды тыңдауға, өзге пікірді сыйлауға және онымен санасуға үйренеді. Мұндай сабақтарда бір ғана дұрыс жауап болмайды, өйткені басты мәселе дұрыс жауапты табуда емес, керісінше үйренушінің жеке тәжірибесіне негізделген іздену процесінің өзі болып табылады.

Интерактивті оқыту жоғары оқу орындарында келесі жұмыс түрлері мен әрекеттер арқылы жүзеге асырылады:

— бірлескен жұмыстар (жұптық, топтық, бүкіл аудиторияның);

— жеке және бірлескен зерттеу жұмыстары;

— рөлдік және іскерлік ойындар;

— пікірталастар;

— ақпараттың әртүрлі көздерімен жұмыс жасау (кітап, лекция, интернет, құжаттар, мұражай т.б.);

— шығармашылық жұмыстар;

— кейс-стади;

— презентациялар;

— компьютерлік оқыту бағдарламалары;

— тренингтер;

— интервью;

— сауалнама. т.б.

Интерактивті оқытуда білім алушылар келесідей білім, білік, дағды, машықтарға үйренеді:

— терең ойлану, жеке рефлексиялық қабілеттерді дамыту;

— өз идеялары мен әрекеттерін талдау және оларға баға беру;

— ақпаратты өздігімен түсініп, оны таразылап, екшеп, оның ішінен керектісін таңдап алу;

— ақпаратты жан-жақты талдау;

— өздігімен жаңа түсінік пен білім құрастыру;

— оқу барысында жеке басының құндылықтары мен сенімдерін қалыптастырып, белсенді өмірлік позиция (көзқарас, дүниетаным) ұстану;

— пікірталастарға қатысып, өз ойы мен пікірін дәлелдеу;

— басқа да балама пікірлерді ескеру;

— шешім қабылдау және қиын мәселелерді шешу;

— ортақ жұмысқа жұмыла білу;

— басқалармен тиімді қарым-қатынас құру, өзара әрекеттесу;

— үйренушілер ұжымына ортақ бірлесе жұмыс жасаудың рухани және моральдік ережелерді қабылдау;

— студенттік топты ұжым ретінде қабылдау [3].

Бұл біліктер тұлғаның тұрақты қасиеттеріне айналып, тек студенттік аудиторияда орын алып қана қоймай, сонымен бірге өмірдің басқа да жақтарынан тиянақты түрде көрінеді.

Интерактивті оқыту бірлесе үйрену идеяларын ұстанғандықтан бірлескен топтық жұмыс әдістерінің маңызын баса айту керек: олар өзін-өзі мен басқа адамдарды танудың тиімді құралы болып табылады, дүниетанымды қалыптастырып, тұлғаның өзіндік дамуы мен басқалардың іс-әрекеттері мен олардың себептерін түсінуге ықпал жасайды. Сондай-ақ, топтық жұмыстар барлық үйренушілердің жұмысқа белсене қатысуын қамтамасыз етеді және олардың коммуникативтік дағдыларын қалыптастыруға зор мүмкіндіктер беретіні сөзсіз.

Резюме

В данной статье рассматриваются значимость интерактивного обучения в ВУЗ-е. Также определяются педагогические и психологические аспекты интерактивного обучения в процессе подготовки будущих педагогов.

Summary

In this article are considered the importance of interactive training in higher education institution. Also pedagogical and psychological aspects of interactive training in the course of preparation of future teachers are defined.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін 2006-2009 жылдарда дамыту тұжырымдамасы. – Астана,2006.
  2. Вербицкий А.А. Активное обучение в высшей школе: Контекстный подход: методическое пособие. – М.: Высшая школа. – 1991. – 207с.
  3. Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. Оқу құралы. – Алматы, 2009. – 328б.