Қазақстандық дүниежүзілік шаруашылыққа интеграциялау

Қазіргі халықаралық экономикалық қатынастардың дамуының мәні, ерекшелігі және деңгейі мыналардан көрінеді:

  • дүниежүзілік шаруашылықтағы халықаралық еңбек бөлінісінің тереңдеуі;
  • дайын өнімдердің саудасы көлемінің, құрылымының, сапасының өзгеруі оның таза алыпсатарлықтан ұлттық өндіріске қызмет көрсетушіге айналуы;
  • капиталдар келуінің қарқыны;
  • ғылыми-техникалық білімдер айырбасының және қызмет көрсетулердің дамуы;
  • жұмысшы күштері миграциясының өсуі;
  • жекелеген елдер мен аймақтардың экономикаларының үйлесу процестерінің жеделдеуі және кеңеюі.

Өнеркәсібі дамыған елдердің (мысалы, Еуропалық Одақ елдері) сауда, өндіріс және несиеқаржы мәселелерінде жеткен жоғары деңгейі дүниежүзілік шаруашылық кешенінің қалыптаса бастағанының белгісі. Еуропалық Одаққа қатысушылар мемлекеттік шекаралары бола тұра біртұтас шаруашылық жүйесінің құрамдас бөліктері тәрізді қызмет атқаруда. Сөйтіп, іс жүзінде шаруашылық өмірдің интернационалдануы процесі жүріп жатыр. Жалпы, интернационалдану деген ұғымның астарында әлемдік шаруашылық байланыстары жүйесінің көп деңгейлілігі жатыр. Бұл деңгейлер жекелеген елдерді бүкіл дүниежүзілік кешенге біріктіру мақсатында пайдаланылады.

Интернационалдану дегеніміз халықаралық еңбек бөлінісі негізінде жекелеген елдер арасындағы тұрақты өндірістік-экономикалық байланыстарды қалыптастыру. XX ғасырда айырбастың интернационалдануы капитал мен өндірістің интернационалдануына жалғасты. Өндірістің халықаралық мамандануы мен кооперациясы жедел дами бастады. Ішкі ұлттық рыноктың шеңбері ірі көлемді маманданған өндіріске тарлық етті. Сондықтан, ол (өндіріс) ұлттық шекарадан объективті түрде шығады.

Ғылыми-техникалық прогресс (ҒТП) әсерімен өндірістің интернационалдануы қай елде болмасын тек қана өз өндірісімен шұғылдануын экономикалық жағынан тиімсіз етеді. Дербес, ұлттық экономикалар дүниежүзілік экономикадан өз орнын іздейді, соған “бір кірпіш болып қалануға» мүлделі болады.

Жұмысшы күшінің қозғалысы, кадрлар даярлау, мамандармен алмасу уақыт озған сайын интернационалдық мәнге толыға береді.

Аталған байланыстардың қалыптасу заңдылықтарын зерттеп, болашағын болжау дүниежүзілік шаруашылықтың құрылымына бастайтын төте жол. Жекелеген елдердің экономикаларының жақындасып, үйлесуі негізінде бүкіл дүниежүзілік капиталдар, тауарлар және қызмет көрсетулер рыногы қалыптасады, сөйтіп біртұтас дүниежүзілік шаруашылық кешенінің құрылу мерзімі жақындайды. Бұл халықаралық экономикалық қатынастардың ең жоғарғы деңгейі. Демек, дүниежүзілік экономиканы неғұрлым халықаралық экономикалық қатынастардың кешенді жүйесі ретінде қарастыру, соғұрлым дүниежүзілік рынокқа жеткізер жолды жеңілдетеді.

Халықаралық экономикалық қатынастардың әлемдік деңгейін екі тұрғыдан талдап көрсетуге болады. Макроэкономикалық деңгейде оны жекелеген елдер мен аймақтардың халықаралық экономикалык, белсенділігі мен шетелге шығуға ұмтылыстары айғақтайды. Мұндай ұмтылыстардың көздеген мақсаты — экономиқалық еркіндік, сауда мен инвестициялар жолындағы кедергілерді жою, еркін экономикалық аймақтарды құру т, б.

Микроэкономикалық деңгейде мұны фирмалар мен кәсіпорындардың ішкі рыноктың шеңберінен шығын, әлемдік рыноктық кеңістіктерге ұмтылыстары байқатады. Мысалы, Солтүстік Америка, Батыс Еуропа, Жапония елдерінің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» ниеттері халықаралық экономикалық қатынастардың әлемдік кеңістіктерді игеруге ұмтылыстарының дәлелі.

Біздің заманымыздың бірталай қайшылықтарына қарамастан, оның басты белгісі мемлекеттердің бір-бірімен қарсыласуы емес, қайта бірлескен іс-қимылдар мен өзара түсіністіктерді ортақ мүлделерге пайдалану болып отыр.

Біртұтас, өзара байланысты және өзара тәуелді, мей-лінше дамыған әлеуметтік әділетті қоғам құру — дүние-жүзілік шаруашылықтың негізгі тенденциясы. Әрине, мұны проблемасы жоқ, тек қана ілгерілеуші қозғалыс деп айту әлі ертерек болар еді.

Бұл қозғалыстың ілгерілеуіне мыналар әсер етеді:

  • индустриалды қоғамнан постиндустриалды, ақпаратты қоғамға өту;
  • технологиялық төңкерістер;
  • энергия, шикізат және азық-түлік мәселелерін шешу;
  • экологияның әлемдік проблемаларының шешімін табу.

Бұл қозғалысқа теріс ықпалын тигізетін қауіпті де қатерлі күштерге ұлтшылдық, нәсілшілдік, діни фанатизм жатады.

Сонымен, қазіргі уақыттағы халықаралық экономикалық қатынастардың мәні осы қатынастардың қарқындылығын арттырып, оларға жаңа келбет пен жаңа мазмұн беруде болып тур.