Жаһанымызда мекендеген түрлi халықтардың әр заманда жасаған ұлы ақындарын қазiргi кездегi ақындардың аударуы – бүгiнгi дәуiрiмiздiң мәдениет деңгейi мен дәрежесiн көрсетер оның биiк интелектiн дәлелдейтiн фактор болмақ. Сол себептi де шетелдiң қандай ақылы болса да, қайсы елдiң, қай ұлттың сөз зергерiнiң, асып кеткен дүлдiлiнiң қайталанбас шырқау шығармасы болса да, еркiн сөйлете алатын бүгiнгi таңдағы қазақтың поэтикалық тiл байлығының құдірет — күшiне, ұланғайыр мол мүмкiндiгiне жыр құмар оқырман қауымның көзiн айқын жеткiзiп, көкiрегiне берiк сенiм ұялату — үлкен мұратты дiттеген аудармашы ақынға парыз екенi рас.
Жалпы аударма халықтардың мәдени қарым – қатынасының, достық дәуiрiнiң негiзiн салып, оны ұштастырып ұластыруда айтарлықтай роль атқарып келгенi баршаға мәлiм.
Бiр халық екiншi халықпен жақындасып араласа бастағанда, өзiнде жоқты көршi елден алады. Осы ауысудың тиянақты тiрегi аударма, өйткенi «аудармашылар — мәдениеттi бiр елден екiнші елге тасымалдап жеткiзетiн почта аттары», — деп А.С. Пушкин тегiн айтпаса керек. [5;87]
Қазақ әдебиетiнiң жағдайында көркем аударманың таласқа көп түсiп жүрген аса даулы мәселесi ұзақ күрделi құрмалас сөйлемдердiң аударылуы. Бұл, әсiресе түпнұсқаның стилiн сақтау проблемасына байланысты қойылып жүр. Аудармашылардың iс жүзiнде қиналатын жерi де осы құрмалас сөйлемнiң төңiрегi. Шеберлiгi мен бiлiмi кем соғатын аудармашылардың қай — қайсысы болса да, көп сатылы ұзақ құрмалас сөйлемдердi қазақшалауға келгенде түпнұсқаны бұзбаймын десе, қазақшаға жатық етiп құра алмай сiрестiрiп қояды, ал қазақша жатық етiп, шығарамын десе, сөйлемдi қажетсiз бөлшектеп, өз жанынан бөлек артық сөздер қосады да, орынсыз оңайлатып, қарадүрсiндiкке, тұрпайылыққа ұрынады.[6;98]
Мұның екеуi де жақсы емес. Бiрақ түпнұсқаны дәл келтiремiн деп, қазақшасы түсiнiксiз жаңылтпаш сияқты бiрдеңенi жасаудан гөрi, әлбетте, қарадүрсiндеу болса да, қазақ қауымына түсінiктi болғаны артық. Мұнда әйтеуiр оқыған адам бiрдеңенi ұғады ғой деген ниет болады. Аудармашы өзінің жазушылық қабiлетiнің шыңдалуы нәтижесінде, оқырман белгiлi дәрежеде эстетикалық әсер алатыны мәлiм. Бiрақ аударманың негiзгi мақсаты — түпнұсқаның стильiн толық жеткiзу, оны оқушыға әсерлі түрде түгел беру.
Түпнұсқаның стилiн толық жеткiзу дегенді тұрпайы түсiнiп, одан қазақ тiлiнiң заңды жүйесiне нұқсан келтiру, сөйлемдге терiс құнын сiрестiрiп қою деп қорытынды жасауға болмайды. Мәселен, автордың стилiн толық сақтай отырып, орыс тіліндегі аударманы жатық етiп шығара бiлуде. Бұл өте қиын нәрсе. Ол шығармашылық толғанудың асқан шеберлiгін, тәжірибе мен бiлiмдi қажет ететіні сөзсіз.[7;84-87]
Осы қиыншылықтан жасқанған бiздiң кейбiр аудармашыларымыз да, сондай — ақ автордың стильiн сақтаймын дегенімен, оны шығара алмай, ана тiлiнiң қисынын кетiрiп жүрген олақ аудармашылардың тiл бұзарлығынан кейбiр сыншыларымыз да, көркем аударманың ойын оңайлату жағына қарай бет ала бередi. Кейбiр сыншылардың тiптi осы екi бағытты ымырластырғысы келетiн пиғылы бар екендiгi де байқалады. Олар прозалық шығармалардың философиялық тереңдiгiн жеткiзгенде дәл аудару керек, ал сезiм тербейтiн көркемдiк суреттердi бейнелейтiн жерлерiне келгенде «еркiн» сiлтеп кету керек дегендi айтады.Мәселен, жазушы Әбдiжәмiл Нұрпейiсов «Анна Каренина романының екiншi кiтабының аудармасы жөнiнде» деген мақаласында осындай ереже ұсынады. Әрине, прозалық шығарманың философиялық тереңдiгi тек қана сүреден шықпай, баламаны сөзбе сөз аударғанда сақталмақ, — дейдi ол. Бiрыңғай дәлдiк түпнұсқаның мазмұны мен ой тереңдiгiн сақтап сезiм нәзiктiлiгiн жеткiзiп, көркемдiк қасиетiн сақтай алады деп айта алмаймыз. Бiздiң байқауымызша, адам сезiмiнiң нәзiк құбылысы мен сан алуан күйлерiн суреттейтiн тұсқа келгенде, аудармашының «құлшылықтан құтылып, аз да болса еркiндiк алғаны жөн».[8;17-23]
Осы келтiрген үзiндiнiң өзiнде үлкен қайшылық жатыр. Бiрiншiден, түпнұсқаның мазмұны мен ой тереңдiгiн сақтау үшiн бұзбай дәл аудару керек , екiншiден, «адам сезiмiнiң нәзiк құбылысы мен сан алуан күйлерiн суреттейтiн тұсқа келгенде» еркiн сiлтеп кету керек. Мұны қалай түсiну керек? Сонда ой мен сезiм, мазмұн мен форма дегендердiң әрқайсысы бiр –бiрiнен бөлек те, алшақ та жатқан нәрселер болғаны ма? Көркем шығармада ой айтылған жерде сезімнiң қоса келiп отырмайтын кезi бола ма екен? Аудармашы түпнұсқадағы ой мен сезiмді бiр-бiрiнен қалай ажыратып, бiрiн дәл екiншiсiн еркiн аударып отырмақ?
Көркем шығарма дегенiмiз мазмұны мен формасы бiртұтас бүтiн жатқан дүние. Оның идеясын, яғни Нұрпейiсовтiң сөзiмен айтқанда, «мазмұны мен ой тереңдiгiн бөлiп қарауға болмайды». Демек, әр қайсысын әр түрлi әдiспен бөлек – бөлек аударуға да болмайды. Ал көркем аударма болса, сол шығарма суреттелген объективтiк болмысты түпнұсқаның тiлi арқылы реалистiк тұрғыдан ұға отырып, екiншi тiлдiң — образдық жүйесi арқылы шынайы бейнеленген нұсқасы. Олай болса, объективтi болмысты суреттеуде түпнұсқаға қандай талап қойылса, оның аудармасына да дәл сондай талап қойылады. Демек, өмiрдiң белгiлi бiр құбылысына реалистiк көзбен қарап, оны шынайы суреттеу үшiн автор қандай құрал, нендей тәсіл қолданған болса, соның бәрi аудармашы үшiн де заң.[9;83-91]
Көркем аударма дәл болу керек, сонымен қатар оның белгiлi дәрежеде еркiндiкке де құқығы бар. Бiрақ, сол еркiндiктiң өзi түпнұсқада бейнеленген мазмұн мен түрдi, яғни нақтылы өмiр көрінiстерiн дәл суреттеу мақсатынан туып жатуға тиiс.Сонда ол еркiндiк дегенiмiздiң өзi тек дәлдiкке жетудiң жолы ғана болып қалады. Басқаша айтқанда, аудармашы түпнұсқаны тастап еш уақытта ауа жайылып еркiн кете алмайды. Олай ету деген сөз — түпнұсқаны ғана емес,сол түпнұсқада бейнеленген өмiр шындығының өзiн өрескел бұрмалауға апарып соқтырады.
Ә.Нұрпейiсовтiң аударма принцiпiне келгенде осындай қарама -қарсы екi тәсiлдi қатар ұсынатындығын мақаласының әр жерiнен-ақ кездестiрiп отырмыз. Бiр жерiнде ол: «Тiптi лирикалық шегiнiске келгенде, қара сөз ғой деп, белгiлi күшке салмай шабытпен еркiн аударып кеткен де жақсы» десе, сол жерде тағы да: «Дәл аударма түпнұсқаның ой тұтастығын сақтауға сеп: түсiп қалған сөз болмайды; бар болғаны сол ғана» — дейдi. Сонда ой тұтастығын сақтаса ол аударма жаман бола ма екен? Бiздiңше, ой тұтастығын сақтау аудармашыға қойылатын ең негiзгi талаптардың бірі. Лирикалық шегiнiсте де ой тұтастығы болады және ол аудармада мiндеттi түрде сақталуға тиiс.
Пейзаж — психологиялық талдаудағы ұтымды құралдарының бiрi. Ол кейiпкерлердiң келбет — сипатын, бейнесiн толықтырады, олардың рухани жан- дүниесiн ашып, шығарма көркемдiгiн арттыра түседi. Шын мәнiндегi көркем шығармада пейзаж әрқашан негiзгi идеямен байланыста болады. Көркем әдебиетте пейзаждың жай ғана табиғат суретi ретiнде даралық қызмет етуі сирек,ол көбiнесе кейiпкердiң ойы мен сезiмi, жалпы көңiл-күйi мен iшкi әлемiмен тұтастықта, бiрлiкте көрiнедi.
Ал, Ә.Нұрпейiсовтің КСРО мемлекеттiк сыйлығын алған «Қан мен тер» роман — трилогиясында туған жердiң әсем сұлулығы, қатал табиғат пен қарапайым адамдардың күнделікті өмірі, табиғат пен өмір құбылыстарының арақатынасы сәтті берілген.
Романдағы бас кейiпкердiң қалыптасу, даму процестерiмен, бойындағы рухани қасиеттерiмен ұштастырылған табиғат бейнелерi адам жанының нәзiк иiрiмдерiн терең бойлаған жазушының суреткерлiгiн танытады.
Шығармада автор кейіпкерлерді табиғатпен тұтастай байланыстыра отырып, жағымды және жағымсыз жақтарын көрсетіп, әр кейіпкерге өзіндік мінездемелерін ашық — айқын суреттеп береді.Романдағы бас кейіпкердің бірі нағыз ер мінезді Еламанды айтып кететін болсақ, жазушы оны басынан өткен небір қиын өмір кешкен күндерін және байлардың қолынан көрген зәбірін оқырманның көз алдынан өткендей бейнелеп бергенін көріп
отырамыз.Сонымен қатар жазушы басқа да кейіпкерлерді де, ерекше көркемдеп айрықша көрсете білген.