Фарабидің педагогикалық теориясында оқыту мен тәрбие өте тығыз да біртұтас байланыста қарастырылғанымен, олардың педагогикалық құрал ретінде ерекше, әрқайсысына ғана тән жақтары да ажыратылады. Оқыту адамдар мен халықтарда теориялық қайырымдылық дарыту болады, ал тәрбие-білім-білікке негізделген өнер арқылы оларға этикалық қайырымдылық дарыту тәсілі. Оқыту сөз арқылы жүзеге асырылады, ал тәрбие кезінде адамдар мен халыққа белгілі қимыл-әрекет дағдысын егеді…»
Былайша айтқанда, Фарабидің пайымдауы бойынша оқу — философия негіздерін, теориялық білімдерді игеру, ал тәрбие — ол мұғалімнің, тәлімгердің, адамға белгілі бір адамгершілік, кұлық қалыптарын және практикалық өнерді игеру дағдыларын қалыптастыру бағытындағы іс-әрекеті, ол шәкірттерге белгілі бір оң қасиетті, сапаны дарыту үшін қалай болса солай емес, белгілі бір мақсатты көздеген, саналы тәрбие жұмысына басты мән береді. Ғұлама тәрбие кезінде тәрбиеленушінің ерекшелігін ескеріп, әрбіріне жеке әдіспен дара қатынас жасауды талап етеді.
Адамдардың, әсіресе, жастарды тәрбиелеу жүйесінде Фараби бірінші орынға шынайы бақытқа жетуге кепіл болатын мінез-құлық тәрбиесін қояды.Кең мағынада алып қарасақ ғұлама бұл тәрбие ауқымына еңбек, эстетика, дене, гуманистік, патриоттық т.б. тәрбиелер түрлерін енгізіп қараған сияқты.
Фараби мінез-құлық тәрбиесінің құрал, әдістерін белгілеуде Аристотельдің адамдағы барлық мінез-құлық, қасиеттерді туа біткен емес, жаттығу, әдеттену машықтану нәтижесі деген қағиданы басшылыққа алып, ары қарай дамытып әкетеді. Ол адамда жақсы әдет-мінез қалыптастыруда ерік- қайратына көп мән береді, өйткені сезім мен рухани нәпсі мен парасат мұқтаждықтары бір-біріне қарама-қарсы келгенде санамен шешу ерікке, өзін-өзі билеуге тіреледі. Мұндай жақсы ниет, оң істер бара-бара адамның дағдысына, жақсы қасиетіне айналып, ол тәрбиелі жақсы мінез-кұлықты болып өседі. Бұл айтылғандар Фарабидің «Бақытқа жол сілтеуінде» былай дәйектеледі: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші — бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады. Егер осы екеуі бірдей болып келсе, біз өз бойымыздан және өз әрекеттерімізден абзалдық пен кемелдікті табамыз және осы екеуінің арқасында біз ізгі игілікті және қайырымды адам боламыз, біздің өмір бейнеміз қайырымды, ал мінез-құлқымыз мақтаулы болады.
Біз мінез -құлық сапаларының абзалы да, оңбағаны да жүре-тұра пайда болады дейміз. Адамда қалыптасқан мінез-құлық болмаса, онда ол жақсы немесе жаман мінез-құлыққа тап болғанда, қарама-қарсы мінез құлыққа өз еркімен кешіп кетуі мүмкін.
Адамның белгілі бір мінез-құлыққа ие болуына немесе жақын жұғысудың арқасында бір мінез- құлықтан басқа бір мінез-құлыққа ауысуына себепші болатын нәрсе — әдет болады, ал әдет деп мен белгілі бір әрекеттің жиі-жиі және ұзақ уақыт қайталануын айтамын.
Мінез-кұлықтың қалыптасу жолдары өнерді үйрену жолдары сияқты. Мысалы, жазу өнеріне шебер жазғышқа тән әрекеттерді сол адамның орындап машықтануы арқылы жетеді. Басқа өнерлердің де келу жолы дәл осындай…
Абзал әрекет жөнінде де істің жайы осылай сияқты ол адам жақсы мінез-құлыққа жетілгенге дейін оның өзінің табиғатына біткен әлеуметке сай келетін мүмкіндіктерді іске асыру қажет. Адамда белгілі бір мінез-құлық қалыптасуы үшін осыған сай келетін әдеттер берік орын алулары керек»
Фараби мұнан басқа жүйелі түрде жаттығу, машықтану, сендіру, еліктіру, үлгі көрсету т.б. тәрбие және өзін-өзі тәрбиелеу әдістерін қолдануды ұсынады. Практикалық дағды, шеберліктерді, жақсы мінез-құлықты дарытуда ол тәрбиеленушінің мінезін және басқа жағдайларды ескере отырып екі педагогикалық әдісті — жұмсақ және қатаң әдісті ұштастыра қолдануды талап етеді.
Фарабидің ілімі бойынша адамның рухани бет-пердесі, мінезі мен жүріс-тұрысы қоғамдық орта, тәрбие әсері, адамның еркі ауру сияқты көптеген объективтік және субъективтік себептердің әсерімен қалыптасады, өзгереді. Фарабидің пікірінше, тәрбиеге көнбейтін, жөндеуге, түзетуге болмайтын жас болмайды. Тек ретін тауып үйретуден, баулудан жалықпау керек. «‘Жаман қылық — ол жан ауруы. Бұл ауруды кетіру үшін тән ауруын емдеуші дәрігерге ұқсауымыз керек» — дейді ғұлама. Фарабидің «Бақытқа жету жолы» атты трактатында жастарды батырлық, жомарттық, қайырымдылық, қанағаттылық, шешендік, доспейілділік, т.б. қасиеттерді қалай тәрбиелеу қажеттігі жайлы нақты баяндайды
Дүниежүзілік ғылым мен мәдениеттің алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан ұлы бабамыздың педагогикалық мұрасы да тілегей – теңіздей мол дүние. Данышпан ойшыл өз еңбектерінің көпшілігін ұстаздық тұрғыдан тәлім – тәрбиелік мақсатқа орайластыра жазған. Оның арифметика, геометрия, астрономия, музыка ғылымдарын педагогикалық, яғни тәрбиелік ғылымдар дейтін жүйеге жатқызуы да, сондай – ақ педагогика, методика мәселелері жөнінде арнаулы еңбектер жазуы да жоғарыда айтылғанымыздың айғағы.Оның оқу – білім, тәлім – тәрбие мәселелері жайлы айтқан пікірлерінің құятын үлкен бір арнасы адам атаулыны гуманистік, ізгілік қасиеттерге баулу мәселесіне келіп тіреледі. Адам деген ардақты атты лайықпен алып жүруден артық бақыттылық жоқ. Нағыз бақыт осы дүниеде ғана, оны басқа жерден іздестірудің қажеті жоқ. Әлемдегі жаман мен жақсыны адамның ақылы ғана ажыратады.