Көне Түріктер өз тәуелсіздіктерін ең бірінші болып мойындаған оңтүстігіндегі алып империя Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатты. Мемлекеттің негізін қалаушы Бумын қаған қайтыс болғанан кейін оның орнына баласы Қара Ысық қаған таққа отырады. Ол да әкесі секілді ата жауы Жужандарға қарсы шығады. Бұл кезде Бумыннан жеңіліп хандарынан айырылған Жужандар, өздеріне қаза тапқан ханның ағасы Дыншуцыды көсем етіп сайлап күресті жалғастыра береді. Бірақ Лайшаң тауы маңындағы соғыста олар тағы да талқандалады. Олардың бақытына қарай Қара Ысық қаған жұмбақ жағдайда көз жұмады да, Жужандарды қудалау тоқталады. Түрік қағанатының тағына тікелей мұрагер Қара Ысық қағанның баласы Шету биліктен шеттетіліп, ханның інісі Кушу Муган қаған деген лауазыммен таққа отырады. Түркі билеу жүйесіне сәйкес, биліктің ағадан ініге көшу жолы бойынша таңдалған болатын. Осылайша 553 жылы Шығыс Түрік қағанатының негізі қалана бастады. Олай дейтініміз бұл кезде, алғашқы да жаулаушылық соғыстарын бірге бастаған Бумынның інісі Истеми қаған өзі жаулап алған Батыс өлкеде тәуелсіз билік жүргізе бастаған болатын. Осының нәтижесінде мемлекет екіге бөлінбесе де бір орталыққа бағынбады, тек одақтас мемлекеттер секілді жағдайда өмір сүрді.
Шығыс қағанатының жаңа билеушісі қатал да рақымсыз, батыр да, ақылды болды және де соғыстан өзге ештеңемен шұғылданбайды [1]
Муган қаған да өз жорықтарын 553 жылы Жужандардан бастайды. Тағы да күйрей жеңілген Жужандар бас сауғалап Вей Ци империясының қол астына барып тығылады. Ци императоры өзінің бақытсыз одақтастарын бауырына басып түріктерден қорғап қалады. Бірақ жужандар қытайлармен сиыспайды. Өздерінің малынан, дүние мүлкінен айырылған, еңбекпен бейнетке үйренбеген олар қарақшылық жасай бастаған соң Ци үкіметі 554 жылы көктемде оларға қарсы жазалаушы әскер жібереді. Жужандар тағы да жеңіліп қалады. Бірақ олардың мінез-құлқының өзгеруіне бұл да әсер ете алмайды. Жаман әдетін қойдыра алмаған соң 555 жылдың жазында Ци үкіметі оларды шекарасынан шығарып қуып жібереді. Ешқандай қорғаушысыз айдалада қаңғырып қалған Жужандар Қидандардан таяқ жеді. Қалған шағын топты бастаған Дыншуцзы Батыс Вейге барып пана таппақшы болды. Бірақ ондағылар Ци мемлекетіне қарсы одақтас ретінде түркі мемлекетінің көмегіне өте мүқтаж еді. Сондықтан олар еліне келіп отырған үш мың Жужанды қол аяғын байлап матап түрік қағанының елішісіне апарады. Елші балалар мен құлдардан басқасының барлығын өлтіруге бұйырады. Түрік қағандығы өздерінің ата жауын түбегейлі жойып жіберуге көмектескені үшін батыс Вейге 556 жылы Тоған хандығына қарсы соғыста көмек береді.
557 жылы Ювын Тайдың баласы Юивын Цзу батыс Вейлік Тобалардың соңғы ханын тақтан бас тартуға мәжбүрлеп билікті түбегейлі өз қолына алады. Жаңа құрылған әулет Вей Чжоу деп аталады. Вей Чжоу мемлекетінің негізгі мақсаты шығыстағы Қытай мемлекеті Вей Циді құлату болатын. Бірақ ондада өз дербестігін сақтап қалатындай күш қуат бар болатын. Ендігі мәселенің шешуі Түрік қағанатының қай мемлекетті қолдап шығатындығында болатын. Сондықтан 561 жылы екі император да Мукан қағанның қызына құда түсіп елші жібереді. [2]
Нәтижесінде Түрік мемлекеті кезіндегі құдіретті Тоба империясының артында қалған екі мемлекеттің арасындағы арбитр ролін атқарады. Құдалық кезінде аса бай Вей Ци мемлекетінен келген мол тарту істі солардың пайдасына шеше жаздайды. Бірақ Чжоулық елшілердің шеберлігінің арқасында Муган қаған 556 жылғы одақтастық шартын сақтап қалады. Сақталған одақтастық шартына байланысты көп ұзамай Вей Ци мемлекетіне қарсы жорыққа шығады. 563 жылы одақтастар әскері Вей Цидің астанасы Цзиньян қаласын қоршап алады. Бірақ жеңіске жете алмайды. Келесі жылы жорық тағы қайталанады. Бұл жолы Циндіктер Лоян қаласының түбінде Чжоу мемлекетінің тұтас армиясын жойып жібереді. Соғысқа дер кезінде үлгере алмай қалған Муган қаған амалсыз кейін шегінуге мәжбүр болады. Осындай сәтсіздіктерге қарамастан Түрік қағаны өзінің сөзінде тұрып одақтастьқ шартын сақтап Ци мемлекетінің жаңа ұсыныстарын қабылдамай тастайды. Өйткені Чжоулықтармен жасалынған одақтастық шарты бойынша қытайлар түріктерге жыл сайын жүз мың тең жібек матасын беріп тұратын болды.
572 жылы Муган қаған қайтыс болады. Муган қаған кезінде Түрік қағандығы Жужандар территориясынан бастап Орталық Азиямен Оңтүстік Сібірді, Оңтүстік-Батыс Маньчжурияны, Енисей мен Сары теңізге дейін қамтыған кең территорияда мекен еткен қырғыздарды, чиктерді, шығыста қидан, отыз-оғыз тайпаларын бағындырды.[3] Бұл туралы қытай жылнамаларында: — «Шығыста-Корея шығанағы, Батыста-Батыс теңізге дейін (Каспий) — 10000 ли; Оңтүстікте-құмды даладан (Гоби), Солтүстікте-Солтүстік теңізге дейін (Байкал) — 5-600 ли. Ол орталық хандықпен (Қытай) тайталасқан ел еді» делінеді[1; 229 стр.] Ол өлген соң орнына оның інісі, әрі мұрагері Тобо қаған келеді. Ол Чжоу мемлекетін қатынынасын үзбей Ци мемлекетімен де бітімге келеді. Чжоу салық жарнасынан бас тартқан кездері қарсылықты басып қайта көндіру үшін әскер күшімен доқ көрсетудің өзі қажет дейді. Түріктердің жорығынан қорыққан Ци мемлекеті де бітім салығын уақыт өткізбей төлеп тұрады. Осылайша түрік қағанаты жалғыз өзі бір-бірімен келісе алмай қалған қытайлық екі мемлекеттен салық алып отырады. Қағанаттың билеушісі Тоба қаған: «Тек Оңтүстіктегі екі бала Цжоу мен Ци бізге бағынышты болып тұрса онда кедейліктен қорықпаймыз дейді екен» [1; 223 стр.] 576 жылы Чжоулықтар Циліктерді талқандап астанасын басып алады. Циліктер қаланы қайтарып алуға тырысқанмен күштері жетпейді сондықтан Ечер қаласында қоршауда қалға Ци императоры тәж тақтан бас тартады. Мұнан кейін Ци әулеті біраз қарсылық көрсетеді, бірақ 575 жылы толық жеңіледі.
Нәтижесінде Қытайдың солтүстігін қамтыған тұтас бір мемлекет қалыптасады. Алдындағы Ци әулетінің бекзадалары Чжоулықтарға қарсы күресті жалғастыра береді. Оның басқарушысы Гао Юань-цзун Чжоулықтарға тұтқынға түседі. Келесі бекзада Гаочао И түріктерге қашып кетеді. Осы кезде Тайьон қаласының тұрғыны шекара коменданты Бао Нин өзін түріктерге қашқан бекзаданың жақтасымын деп жариялайды. Бұл одаққа өз императорына қарсы шыққан қолбасшы Лиу Чжоу цзи да қосылады. Ішкі аудандағы көтерілісті қолдау мақсатындағы жоспары іске аспаған Бао Нин, Гаочао кері қайтады. Осы кезде Қытайлар мәселесіне Түрік қағанаты араласады. Вэй Чжоу тым күшейіп кетеме деп қауіптенген ол жеңілген мемелекеттің жағына шығады да 578 жылы Тоба қаған Қытайларға баса көктеп кіріп Чжоу әскерінің талқандады. 579 жылдан бастап жүргізіле бастаған келіссөз тоқтап қалады, соғыс ары қарай жалғасады. Түріктер үшін ол толық жеңіс болып саналады. Алайда Қытайлықтар Тоба қағанға көл-көсір сыйлықтар тартып бітімге көндіреді. 780 жылы бітім шарт жасалады. Бұл шарт бойынша Гаочао Чжоулықтарға беріледі. 580 жылы Түріктердің шырқау шегі болды. 581 жылы екі мемлекеттің арасындағы саяси жағдайға күрт өзгеріс енді. Осы жылы Тоба қаған қайтыс болады. Ал Қытайда Янцзиянь атты қытай қолбасшы көтеріліс жасап императорды тақтан құлатады да, басшылықты өз қолына алады. Билікке келген жаңа әулет Суй деп аталады.[4] Суй әулеті 581-588 жылдар аралығында бұған дейін бытыраңқы күйде болған Қытай жұртшылығының басын біріктіреді. Янцзиянь Чжоу әулетінің соңғы билеушісі 9 жасар бала императордың нағашы атасы [5] болатын.
Яанцзиянь негізін қалаған Суй әулеті кезінде (581-618 жж.) жасалған экономикалық реформалар Қытайдың экономикалық және әскери қуатының тез өсуін қамтамасыз етті. Ал қағанатта бұл кезде керісінше, басшылықтағы, әсіресе Ашина руының ішіндегі әр түрлі араздықтар мен қатар жүрген елдегі ашаршылық мемлекеттік жүйедегі тоқыраулардың болуына әкеліп соқты. Қытай тарихшысы бұл кезді «Түркілер нанның орнына ұнтақталған сүйек пайдаланды»- деп көрсетті [6]. Экономикасымен қатар саяси жүйесін де нығайтып алған Қытай түрік қағанатына салық төленуден бас тартты. Осыған байланысты түркілердің Қытаймен қарым-қатынасы шиеленісіп кетті. Күшейіп алған қытай феодалдары мен чиновниктерінің негізгі мақсаты -Азияға түгелдей өз билігін орнату еді. Осы мақсатпен Қытай империясы 602 жылы түркілерге қарсы соғыс жариялап, ауыр соққы берді. Осы кезде түркілердің өз ішінен теле тайпалары көтеріліске шықты. Көтеріліс солтүстік-шығыстағы Селенгіден оңтүстік-батыстағы Тянь-Шаньға дейінгі аралықты қамтиды. Екі жақтан бірдей қыспаққа ұшыраған қағанаттың жағдайы нашарлап қалады. Тек саяси көрегендік таныта білген Шиби қаған тұсында (609-619 жж.) ғана қағанаттың шиеленісіп кеткен шығыстағы саясаты аз уақытқа бәсеңдеді. Қытайдағы азамат соғысы (613-618 жж.) және Суй әулетінің құлауы, нәтижесіндегі орнына Тан үйінің келуі (618-902 жж.) де жағдайға біршама өзгерістер алып келді. Бірақ қағанат бұрынғы құдіретті кезіндей бола алмады.
Түзеліп қалған жағдай Шиби қағанның кіші інісі Ел қағанның тұсында қайта құлдырады. Ол өзі билік құрған он жыл бойы Қытайға қарсы жүргізген соғысқа сан мыңдаған әскерді жабдықтауы, атты әскерді толықтыруды қолға алуы және түрлі салықтардың көбеюуі халыққа, әсіресе жұт жылдары (627-629 жж.) өте ауыр тиді [6; 91 б.]. Ел қаған өзінен бұрынғылардың ел басқару жүйесіне өзгерістер енгізді: басты басқару орнындағы басшыларды түсіріп, олардың орнына жағымпазданып іші бауырына кіріп алған қытайлықтар мен соғдылықтарды қойды. Жат жұрттықтардың басқаруындағы халық шектен тыс қанауға ұшырап, өз бимлеушілеріне қарсы күрес ашуға мәжбүр болды. 609 жылы Ел қаған Шаньсиде көтерілісшілерден жеңіліс тапты. Осымен қатар осы кезде оғыз тайпасы да көтерілді. Шиеленіскен ішкі жағдайды пайдаланып Қытай императорының армиясы қағанат жеріне басып кірді. Жат жұрттық басшылар теріс айналып кетті, Ел қаған тұтқынға түсті. Түркілер құрған мемлекет өзінің сексен жылдық тарихында көп өзгерістерге түсті. Биліктің бәрін өз қолында ұстаған қаған жалпы халықпен байланысын үзіп, аз ғана аристократиялық топтың мүддесін қорғады. Соғыстар көбінде соларға ғана тиімді болды. Елдің негізгі бөлігі мал шаруашылығы өнімдерімен күнелтті. Түркілердің басым көпшілігін жорықтардан көрі асыл тастар мен жібек мата саудасы қызықтырды. Қол астындағы елдің мұң-мұқтажымен санасқан кейбір қағандар Қытайдың империялық үкіметіне сауда қатынасына кедергі жасамау жөнінде жиі-жиі өтініштер жасап тұрды. Бірақ қытай үкіметі шекарадағы сауданы саяси құрал ретінде қарап, неше құбылтып шектеп отырды. Бұдан негізінен шекараға жақын жерге орналасып, бейбіт сауда жүргізуге тырысқан қытай жер өңдеушілері мен түркі малшылары зардап шекті.
Осылайша ұлы қағанаттың шығыстағы саясаты сәтсіздікке ұшырап, бірінші Түркі қағанатының тарихы аяқталды.
Падаланылған әдебиеттер тізімі:
- Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах обитавших в древние времена. Т I. М-Л., 1950. 229 стр.
- Груссе Рене. Империя степей: История Центральной Азии. А., 2003, 109 стр.
- Алдабек Н.Ә. Орта ғасырлардағы Қытай тарихы. А., 2004, 44 б.
- История Китая. Под. ред. Меликсетов А.В. М., 2002. 165 стр.
- Очерки итсории Китая. Под. ред. Шан Юэ. М., 1959. 178 стр.
- Аманжолов К., Рахметов. Түркі халықтарының тарихы. А., 1996. 1-кітап. 86 б.