Түркітану ғылымы Сібір мен Моңғолиядағы көне түркі руникалық мұраларын тауып зерттеуден басталды. Зерттеу объектісі – руникалық жазбалар.
Руна жазуы ескерткіштерін алғаш рет 1721-1722 жылдары Сібірден Д.Г.Мессершмидт және Ф.И.Страленберг экспедициясы тапты. Орыс ғалымы Н.Я.Ядринцев 1889 жылы Солтүстік Моңғолия жерінен, Орхон өзені бойынан Білге қаған мен Күлтегінге арналған ескерткіштерді ағайынды Д.А. және Е.А.Клеменцтер 1897 жылы Селенга өзені бойынан Шығыс Түрік қағанатының қағандары Елтеріске, Білгеге кеңесші болған далагөй қария Тоныкөктің құрметіне қойылған ескерткішті табады.
Руна жазуы әліпбиінің сырын 1893 жылы дат ғалымы Копенгаген университетінің салыстырмалы тіл білімі кафедрасының профессоры Вильгельм Томсен (1842-1927) ашқан еді. Осы В.Томсен құпиясын ашқан әліпбиді пайдалана отырып, В.В.Радлов (1837-1918) Орхон ескерткіштерінің мазмұнын 1894 жылы орыс тілінде жариялады [10]. Ал Томсеннің өзі жасаған аударма неміс тілінде 1895 жылы жарыққа шыққан.
Содан бері көне руна жазуларын әр қырынан зерттеу жұмысы үздіксіз жүргізіліп келеді.
Руна жазуының VIII-IX ғасырларда қағазға жазылған нұсқаларын Шығыс Түркістанның XV ғасырдың бас кезінде ұйымдастырылған археографиялық экспедициялар тапты. Көне түріктер тіліндегі қолжазбалар мен жеке басылымдардың неміс зерттеушілері А.Грюнведель мен А.Лекок тапқан үлкен жинағы Берлинде, неміс Ғылым Академиясында В.В.Радлов, С.Е.Малов, А.А.Дьяков, Д.А.Клеменц т.б. жинаған олжалар Петербургтағы азиаттық мұражайда, сэр А.Стейн тапқан қолжазбалар Париж ұлттық кітапханасында, біршама жақсы сақталған парақтар Стокгольм этнографиялық мұражайында және Анкарадағы этнографиялық мұражайда, жапон ғалымы С.Отали бастаған экспедиция тапқан олжалар Киотада сақтаулы тұр.
Әрине қандай да болмасын бір халықтың тарихы мен оның мәдениетін зерттеп білу үшін алдымен сол халықтың тілін білу шарт. Бірақ өкінішке орай, сол кездегі зерттеулер түркі халықтарының тілінде жазылмаған. 1893 жылы П.М.Мелиоранский Орхон жазбалары жайында жеке зерттеулерге бірінші болып түркі ханы Елтеріс немесе Құтлұғ династиясы кезіндегі тарихи, географиялық, этнографиялық жағдайларға және VII-VIII ғасырлардағы түркілердің ішкі тарихи ахуалына терең шолу жасайды [11].
Көшпенділердің жазу мәдениетінің тарихы сонау VII ғасырдың сына (руна) жазуынан бастау алатынын әлем тарихшылары бүгінде амалсыз мойындап отыр.
Орхон-Енисей жазбаларының мазмұны мен мағынасына қарап көшпенді халықтың өмірі үнемі дүрбелең жағдайда өткеніне көз жеткізсек те мәдениеті төмен болмаған. Бұл жазбалар өздерін түркіміз деп есептеген, VI ғасырда Қытай шекарасынан сонау Иран мен Византияға дейін созылып жатқан кең далаға өз билігін жүргізген жауынгер халықтың елшісі.
Орхон жазбалары түркілердің 630 жылдан бастап 680 жылға дейін жарты ғасыр бойы Қытай билеушісінің қол астында болғанын және жаңа хандардың билігінен құтылып аз уақыт болса да өздерінің батыстағы тегі бір туыстарын өзіне бағындырғанын баян етеді.
Жазбалардың Қытай қожалығының тұсында мәдениетті елдердегі сияқты аристократия өздерінің ежелгі артықшылықтарын сақтап қалу үшін қарапайым халыққа қарағанда жат жұрттың езгісіне көніп, өз халқының салт-дәстүріне опасыздық еткендері аңғарылады.
XIX ғасырдың аяғы XX ғасыр басында орхондық түркі жазба деректері тұтас бір тарихи-лингвистикалық зерттеулерді дүниеге әкелді. Солардың ішінде Күлтегін және Тоныкөк жазбасын зерттеген Ф.Хрит, Г.Е.Грумм-Гржимайло Түркі қағандарынан Ильтеріс – Құтлық қаған, Мочжо – Қапаған қаған, ал Могильян – Білге қаған екенін дәлелдеді.
И.Маркварт орхондық түркілерде қолданылған жыл санау жүйесінің дұрыс пайдаланылу жолын ұсынды. Ол түркілердің жыл санауында ондықтар бірліктердің алдында тұратынын (мысалы, бір отыз, дәлірек айтсақ, жиырмадан артық бір (немесе бірліктер ондықтардың алдында келетінін)) дәлелдейді. Бір қырық деген басқалар ойлағандай 41 емес, 31. Сөйтіп И.Маркварт бұрынғы дұрыс зерттелмеген хронологиялық қарама-қайшылық пен тиянақсыздықтың бәрін ығыстырып, бүкіл түркі тарихына қатысты оқиғалар қатаң хронологиялық тәртіппен белгіленді. И.Маркварт Иенчу өзенін – Сырдария, ал, Темір қақпа Байсит тауларындағы өткел-асу екенін деректермен дәлелдеп берді. Ал ғалым В.Мелиоранский түркі қағандығының көрші мемлекеттермен қарым-қатынасын зерттеп, көптеген мақалалар жазды. Ол бұрынғы Орхон жазулары туралы шыққан ғылыми еңбектерге өзгертулер енгізуді және бұл өзгертулерді қытай, араб деректерінде берілген фактілерге сүйене отырып дәлелдеді.
Әрине, қандай да бір халықтың тарихы мен оның мәдени өмірін зерттеп білу үшін алдымен сол халықтың тілін білу шарт. Бірақ, өкінішке орай, сол кездегі зерттеулер түркі халқының тілінде жазылмаған болатын. Түріктің көне заманнан қалған бірден-бір даңқты жазба туындысы – Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіші.