Кейбір сөздердің шығу төркіні

Сөздердің шығу төркінін сөз ету–тілдегі өзекті мәселелердің бірі. Кейбір сөздердің шығу төркіні жайлы әр түрлі пікір бар. Тіл тарихына көз жіберсек, бірсыпыра сөздердің этимологиясы туралы ғылыми жорамалдар ғана жасай аламыз. Баспасөзде жарияланған бірсыпыра болжамдарды айтып өтудің артықшылығы жоқ қой деп ойлаймыз.

Нарын – Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысындағы үлкен құм мен өзен. Нарын сөзі- қазақ даласына кең тараған атау. Бұл атау тек қазақ даласына ғана кең тарап қоймаған, сондай-ақ нарын атты өзен Қырғызстанда, Тува республикасында, Чита облысында Нарынқала, Нарынқұдық атаулары Наманган облысы мен Калмыкияда кездеседі. Бұл топонимнің монғол тілінен енгендігін айта отырып, ғалымдар оның этимологиясы төңірегінде бір пікірге келе бермейді. «Монғолша-қазақша сөздікте» «наран» — күн, күнгей ұғымын береді десе, ЭіМурзаев оны монғолдың «нарийн» — жіңішке, нәзік сөзінен шыққан деп түсіндіреді. Шынында да, Нарын сөзінің беретін мағынасы көп: 1) Жіңішке, нәзік; 2) жинақты, ұқыпты; 3) Шебер, қу, айлакер; 4) Сараң, қатты; Бұлардың арасында Нарын топониміне жақын келетіні – біріншісі, өйткені Нарын құмының көлемі Қарақұм, Қызылқұмдарға қарағанда кішкене, шағын және сусыған нәзік құм. Нарын сөзі күн, күнгей мағынасын береді деген пікірден гөрі аумақ, көлем, өлшемін беретін монғолдың «нарийн» сөзінен шыққан деген жорамал дұрыс.

( Ұлдай Ералиева, «Ана тілі». 2.ХІІ. 2012,4.01.2013).

Отар – Қаратөбе ауданындағы елді мекен. Бұл сөздің этимологиясын В.В.Радлов от+ар деп көрсетіп, қазақ, ноғай, қырым татарларының тілінде кездесетінін айтқан. Қырым татарларының тілінде кездесетінін айтқан. Қырым татарларының тілінде «әр түрлі жайылымға айдайтын қой табыны» ұғымын береді. Қырым татарлары мен ноғай тілінде бұл сөз «орыстың кіші деревниясы» деген мағынасы да бар.. Алайда бұл түсініктің жер атауына қатысы жоқ. В.В.Радлов көптеген түркі тілдерінеде от сөзінің бір мағынасы «шөп, өсімдік» екенін айтады. «Шөп, өсімдік» мағынасындағы бұл сөз қазақ, қырғыз, түрік, азербайжан, алтай, ұйғыр тілінде от түрінде, өзбек тілінде – ут тұлғасында кездеседі. Отар атауының түбірі от екендігін азербайжан тіліндегі отлаг – пастбище, выгон, түрік тіліндегі отлақ – пастбыще, выгон, түрік болады. Ә.Әбдірахманов сөздің этимологиясы В.В.Радлов айтқандай, от+ар жолымен емес, от+а+р жолымен жасалған деп көрсетеді. Өйткені зат есімнен кейін етістікті есімге айналдыратын –ар жұрнағы жалғанбайды. Демек, -а тұлғасы зат есімді етістікке айналдырып тұр да, оған есім тудыратын –р жұрнағы жалғанып тұр. Мұны осы жұрнақ жасалған басқа да топоним модельдермен салыстыруға болады. Мысалы Қайна – р. Осы сөздің қазақ тілінде ота-шөбін жұл, қырғыз тілінде – ото, өзбек тілінде – утамақ, алтай тілінде ото – жайылымда бағу ұғымын беруі біздің жоғарыдағы пікіріміздің дұрыстығын растайды. Э.В.Сервортиян түркі тілдеріндегі есімшенің –р, -ар, -ер, -ыр, -ир, -ур, -ұр жұранғы тарихи жағынан есім жасайтын осы тұлғалас жұрнақпен дамып шыққандығын айтады. Отар сөзі жоғарыдағыдай жолмен қалыптасқаннан кейін түркі тілдерінен монғол, бурят және орыс тілінде – отары (гурт баранов) болып айтылып, мағыналарының бір-біріне жуық болып келуі осы сөздің түркі тілдерінің ауысқандығын білдіреді. Сонымен, Отар топонимінің этимологиясы: түбірі – жалпы түркілік от (шөп мағынасы) +а (зат есімді етістікке айналдыратын көне жұрнақ) +р (етістікті зат есім айналдыратын жұрнақ).

Аңқаты – Сырым, Ақжайық аудандарын кесіп өтетін өзен атауы және елді мекен аты. Аңқаты атауын түркі тілдерінде кездесетін мына сияқты сөздер мен түбірлес әрі мағыналас деп қараймыз. Қырғыз тілінде- «аң» — шұңқыр, ор ; Якут тілінде – «аңхай» — жыра, жылға, сай, ор, т.б. Осы деректергк сүйенсек, якут тілінде фразеологиялық тіркес түрінде сақталған (аңқа-аңқасы кебу) дегендегі аңқа (аң – ауыз қуысы, саңлау, өңеш, жұтатын тесік) мағынасындағы түбірден шыққандығын көреміз. Ал сөз соңындағы – қа В. Котвичтің зерттеуінде, кішірейту, еркелету мағынасын беретін –қан, -кен, -ған, -ген жұрнақтарымен тығыз байланысты да, -ты зат есімнен қатыстық сын есімнен тудырушы қосымша деп көрсетілген.

Осыған орай екінші пікірді де келтіре кетуді жөн көрдік.

Б. Базылханның сөздігінде «Анга» — қуаң жер, жаңбыр сирек жауатын жер мағынасын білдіреді. Олай болса «аңқасы кебу» мен «қуаң жер» сөздері синонимдес болып келеді. Аңқаты топонимі – ХІІ ғасырға дейін, түркі даласында Шыңғыс әскері келгенге дейін қалыптасқан атау. «Итақ, мы переправились через реку Йаганды именно таким способом. После этого таким же образом переправились через реку Джам. Затем перешли через реки Джахыш, Узил, Эрдэн, Варыш, потом Анха, Вавна – большие реки», — деп жазды А. Фадлан өзінің күнделік қолжазбасында. Демек, осы деректерге сүйене отырып, Аңқаты атауы көне дәуірлерде, түркі-монғол тілдері туыстастығы кезеңінде қалыптасқан деп топшылаймыз.

Қотантал — Шыңғырлау ауданындағы елді мекен. Осы күрделі топонимінің бірінші сыңары – «қотан» туралы ғалымдар арасында түрлі пікірлер бар. Ә. Абдрахманов ол сөзді хатын қадын қадұн қайың тұлғасында келген сөздегі р>д>т>з>й дыбыс алмасуының сәйкес пайда болған қайың атауы деп топшыласа, Э.М. Мурзаев бұл сөздің шығу тегін Үнді-Иран тілдерінде жатқызады. Алайда ғалымдар бұл сөздің шығу төркінін монғол тіліндегі «қоршау»,»дөңгелене орналасу» мағынасы мен байланыстырады. Бұл сөз моңғол тілдерінде де,түркі тілдерінде де кездеседі. Мысалы,қазақ тілінде «алқа-қотан отыру» деген тіркес бар. Әдетте, дөңгелене отыруды қазақтар осылай атайды. Көне моңғол тілінде «хотан»-қала, киіз үйлер тобы, қала сыртындағы қорған мағынасын берсе, бурят тілінде «хотон» — мал қорасы және ауылдың топтана, дөңгелене қонуы ұғымында қолданылады. Осы салыстыруларға назар салатын болсақ, моңғол тіліндегі «хотан, хотон» сөзі мен қазақ тіліндегі «қотан» сөзінің алғашқы мағынасы «топтала, дөңгелене орналасу» болса керек. Бұл ұғымдар Э. Мурзаев ұсынып отырған куд, кат сөзімен де мағыналас болып келеді. Бекініс немес қорған дөңгелене салынады. Яғни орыс тіліндегі хутор (күтір) сөзі де осы кут кат сөзінің негізінде қалыптасқан деп есептейміз. Олай болса, «қотан» сөзі «тал» сөзімен бірігіп, «дөңгелене», «топталып өскен тал» ұғымын беріп тұр. Қотантал топонимін Шығыс Қазақстандағы Қотанқарағай атауымен салыстыру да олардың семантикалық ортақ модель деп қарауға негіз береді.

Жымпиты – Сырым ауданының орталығы, елді мекен. Бұл топонимнің құрамындағы сөздің жымпию етістігімен еш байланысы жоқ. Бұл атаудың көне түркі тіліндегі «чим» — қорған, бекініс мағынасын беретін сөзі мен қосымша арқылы жасалған деген Е. Қойшыбаевтың пікірінің негізі бар. Жым сөзі моңғол тілінде де бар. Б. Базылған сөздігінде оны «жым жолы» деп береді. Жымпиты топонимінің моңғолдық тегі туралы айтылған пікірге толық қосылуға болады: біріншіден, Өлеңті, Бұлдырты, Аңқаты, Қалдығайты, Жымпиты, Шідерті, топонимдері бір аймақ көлемінде орналасқан; екіншіден, бұл топонимдердің барлығының да моңғол тілінде баламалары бар; үшіншіден, бұл топонимдердің барлығына да –ды, -ты көне топоформанты жалғанып тұр. Осы дәлелдемелерді негізге ала отырып, Жымпиты топонимі де моңғол тілінен енген деп айта аламыз.

Сол сияқты Сайлаубек Қасымхановтың мақаласында белгілі ғалым Мұрат Аджидің пікірін келтіреді. Белгілі зерттеуші М. Аджи «Қсар», «Ксар» «Сар», «Царь» ежелгі Алтай түркілерінің атақ дәрежесі (титулы) «ең басты» «ұлы» деген мағына беретінін жазады. Сарыжайлау – үлкен, кең, ұлы жайлау; Сарыарқа – ұлы арқа, ұлы дала.Сарла – халық, ел, ұрпақ. Осыған байланысты «Сар үйсін, Сар дала, Сардар, Сарбаз» сөздерінің де өз мәнінде қолданылып тұрғанын байқауымызға болады.

Лағман тағамының шығу төркініне мән бере бермейміз. Біз лағманды ұйғыр халқының тағамы деп есептеп жүргенбіз. Бұл туралы «Ана тілі» (23. ХІ.12) газетінде мынадай мақала жарияланды. «Лағман» сөзі ұйғыр тілінде «Ләңмен» деп жазылады. Ол ет пен кеспеден жасалатын тағам. Ал еті ұсақ туралып, қуырылған етпен, сорпасыз кеспеден жасалған бұл тамақ өзбекше «лағмон» деп жазылып, «лағманә» деп айтылады. Әдетте «дұңған кеспесі» деп аталатын бұл тағам дұңған тілінде лен (суық) және мян (кеспе) деген екі сөзден құралып, лянмян болып айтылады. Ғалымдардың зерттеуіне жүгінсек, лағман қытай елінен алынған тағам көрінеді. Мәселен, Новогородскийдің деректерінде: «Ла мян» — да созу, тарту; мянь – ұн, кеспе, вермишель деген мағынаны білдіреді. Сонымен, қай-қайсымыз да сүйіп жейтін лағман тағамы қытайдан шыққандығын біліп жүрейік.

«Егемен Қазақстан газетінде (26.ХІІ.12) Эльтондағы – этноауыл» деген мақалада Эльтонда төрт мыңдай қандасымыз тұратыны, оның ішінде Смағұл Монтаев деген туысымыз қолдан сыбызғы, ысқырық жасаумен бірге халқымыздың салт-дәстүріне байланысты заттарды жинап, музей (мұражай) ұйымдастырғаны айтылған. Аталған мұражай киіз үйде орналасқан. Эльтон көлінің атауы қазақтың алтын нұр деген сөзінен алынған болса керек деген жорамал айтылады.

«Папа» грек пен латын тілінің сөзі, «мама» латынның «әйелдің емшегі» деген сөзі екен. Қазақ тілінің Ташкент говорында әйелдің емшегін осы күнге дейін «мәме» дейді.

«Кітап» сөзі араб сөзінен енген емес, көне түрік тілінде «бітіг» — жазуды оқу, «мектеп» — кітап оқитын үй деген мағынаны білдіреді деген пікірлер бар.

Резюме

В данной статье ведется этимологические анализы некоторых слов казахского языка. Были использованы некоторые этимологические материалы опубликованным печате.

Summary

In tһis article conducted etymologic analyses of some words of Kazakһ. Some etymologic materials were publisһet.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.«Лағман» сөзі ұйғыр тілінде «Ләңмен» деп жазылады. Ана тілі // 23. ХІ.12. – 4 б.

2.Эльтондағы – этноауыл. Егемен Қазақстан // 26.ХІІ.12. – 7б.