Қазақстандағы оралмандар мәселесі және олардың тарихи Отанға бейімделу үдерісі

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан президенті Н.Ә.Назарбаев «Алыстағы ағайынға ақ тілек» деген айдармен, тарихи зобалаңдардың зардабынан төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды жер бетіндегі жалғыз ортақ Отанымыз Қазақстанға шақырды/1/. Міне соның нәтижесінде 1990 жылдардан бастап әлемнің түпкір-түкпірінен тарихи тағдырмен шет елдергеауа көшкен қазақ диаспорасы тарихи Отанына оралуда. Қазіргі таңда да сол шеттен қоныс аударғысы келетін отандастардың саны көбеймесе азайып отырған жоқ.

Бұл саясат заңдық тұрғыдан алғаш рет Қазақстан Республикасының 1992 жыл 26 маусымындағы «Қазақстан Республикасыныңазаматтығы туралы», «Иммиграция туралы», 1997 жылы 13 желтоқсанындағы «Тұрғындардың миграциясы туралы» заңдарында бекітілді. Алғашқы кезде миграциялық қатынастарды реттеу саласындағы заңдық актілердің дамуында келеңсіздіктердің орын алғаны және ол заңдардың мемлекет пен оралмандар мүддесін қорғай алмағаны белгілі. Себебі ол заңдар уақыт талабынан, обьективті жағдайлардан, асығыс қабылданғаны баршаға аян. Нәтижесінде ол заңдарға оралмандардың тарихи отанына оралуына жағдай жасаған және интеграциялық процестерді жетілдіргенбірталай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Тәуелсіздік жылдарында көші-қон мәселесінің жолға қойылуына байланысты Қазақстан тағдыр тәлкегіменшетелге шашырап кеткен қандастарымызды еліне оралтуға жағдай жасап, мемлекетіміз бұл бағытта ерекше үдерісті саясатты жүзеге асырды. 1991 жылдан бері бүгінгі есеп бойынша елімізге 1 млн.-ға жуық этникалық қандастарымыз келген. Бұлардың 790 мыңы Көші-қон комитетінің тізіміне еніп, тіркеуден өтіп, оралман мәртебесін алды. Ал қалған 200 мыңдайы өз күшімен көшіп келгендер. 2010 жылғы қаңтардың 1-індегі мәліметтер бойынша, Қазақстанда 201 мың 309 оралмандар отбасы немесе 789 мың 339 этникалық қазақтар өмір сүріп жатыр. Отанына оралған этникалық қазақтардың барлығы Қазақстан Республикасы заңнамасында қарастырылған мемлекеттік көмектерге ие болған дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев/2/.

Ал 2012 жылдың маусымында Қазақстан президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «Қазақстандағы оралмандар, босқындар мен азаматтығы жоқ тұлғалар» жөніндегісараптамалық есептегі мәліметтерінде: «1991 жылдан 2011 жылдың 1 қазанына дейін тарихи Отанына 221,3 мың отбасы немесе 860,4 мың этникалық қазақ елге оралды. Олардың 127,7 мың отбасы көші-қон квотасы бойынша, 94,2 мыңы өз бетімен квотадан тыс қоныстанған», — деп көрсетеді/3/. Бірақ біздіңше бұл да нақты көрсеткіш емес. Себебі, бір ғана Ташкент облысы Шыршық қаласы, Ангрен, Ахангаран және Қыбрай аудандарынан, «Түркістан»елді аумағынан қоныс аударып, Оңтүстік Қазақстан аумағына шоғырланған қазақтардың өзі шамамен 300-400 отбасы екендігін болжаймыз.

Бүгінде елге оралған қандастарымыз Қазақстан халқының шамамен 10 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш әрине еліміздің қазіргі таңдағы күрделі демографиялық ахуалына да өң әсерін тигізетіндігі сөзсіз. Сондай-ақ олар ондаған жылдар бойы бөгде ортада отырғаннан кейін сол жергілікті ортаның мәдениет элементтерін сіңдіруі де заңдылық. Бірақ тарихи Отанынан жүздеген, ондаған жылдар бойы сырт жүрсе де, өзінің ұлттық мәдениетін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып атадан балаға мирас етіп, этномәдени мұраларының қалпын бұзбай келе жатқан ұлттық нақыштағы дәстүріміз, өнеріміз қазақ мәдениетінің кейбір ұмыт бола бастаған тұстарын толықтырып, жандандыруда. Сондықтан дәстүрлі мәдениетіміздің жұрнағын таратушы қандастарымыздың ұлттық мұраларының сақталуы мен өзгерісін, тарихи Отанға қоныстану үдерісіндегі жергілікті ортаға бейімделу мәселелерін, олардың еліміздің саяси, әлеуметтік, мәдени дамуындағы ролін зерттеудің маңызы зор. Олай болса, басқа халықтар әлемінде өмір сүрген қазақ диаспорасының ұлттық болмысын, мәдени мұраларын зерттеу арқылы ұлттық идеяны қалыптастырып, қазақ халқының біртұтастығын қамтамасыз ете аламыз.

Егер «оралман» терминіне тоқталатын болсақ, дүниежүзілік практикада бұл термин белгісіз және басқа елдерде қолданылмаған. Қазақстандық тәжрибеде бұл термин «отандастар», «репатрианттар» деген терминдердің баламасы ретінде қолданыла бастады. Жалпы басқа елдердегі этникалық азшылықты құрайтын қандастарымызды «диасрора» деп атаймыз. Ал шегаралық межелеу кезінде көрші Қытай, Монғолия, Ресей, Өзбекстан жерінде қалып қойған этникалық қандастарымызды О.Нечипоренконың терминімен «ирридент» деп атауымызға болады/4/. Сонымен оралмандар – Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін басқа елдерде тұрақты тұрып жатқан және Қазақстанға тұрақты өмір сүру мақсатында келген шетелдік, азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдері.

Миграция және демография агенттігінің мәліметтері бойыншадүниежүзіндегі қазақ ұлтының өкілдері шамамен 13 млн. адамды құрайды. Этникалық қазақтардың үштен бірі әртүрлі жағдайларға байланысты Қазақстан тысқары жерлерде өмір сүріп жатыр. Олардың шамамен 2 миллионы тарихи отанына қайтуға дайын. Қазақстан диаспораларыәлемнің 40 еліндетіркелген. Біздің қандастарымыздың көпшілігі Қытайда — 1,3 млн., Өзбекстанда — 1 млн., Ресейде – шамамен 900 мың адам өмір сүріп жатыр.

Тарихи Отанға қоныс аударушылардың ішінде саны жағынан бірінші орында – Өзбекстаннан келген оралмандар болса (60,5%), екінші орында – Монғолияан келгендер (13,3%), үшінші орында – Қытайдан (10,3%), төртінші орында – Түркіменстаннан (7,8%) және бесінші орында – Ресейденкелген қазақтар құрайды/5/.

Қазіргі кезде Қазақстанның барлық өңірлері мен облыстарында оралмандар тұрып жатыр. Олардың басым бөлігі, яғни 121131 Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады. Бұл көрсеткіш шамамен Қазақстанда тұрып жатқан барлық оралмандардың 26 пайызын құрайды. Екінші орында оралмандар саны бойынша Маңғыстау облысын бөліп көрсетуге болады. Мұнда оралмандардың 61737 немесе 13 пайызы тіркелген. Алматы және Жамбыл облыстарында 60770 және 49365 оралман орналасқан. Оралмандар аз көшіп келген аймаққа Батыс Қазақстан, Атырау облыстары және Алматы мен Астана қалалары жатады/6/.

Мұндай қоныстандыру жағдайы әр түрлі факторлармен айқындалады. Айта кетсек, квота нақты өңірлік бөлініске бағытталған, сондықтан да ол оралмандардың өмір сүру шекарасын шектейді. 1990 жылдары квота көбінесе Солтүстік Қазақстанға бағытталған болатын. Оралмандардың ең басты өзекті мәселенің бірі жергілікті Қазақстан тұрғындарының оларға деген көзқарасы болып табылады. «Әлеуметтік Технологиялар орталығы» деп аталатын тәуелсіз аналитикалық құрылымның зерттеулері бойынша оралмандарға деген сыни көзқарас төмендегідей:

Жергілікті тұрғындардың оралманарға қатысты пікірлері

Аймақтар жақсы шыдамда немқұрайлы нашар
Солтүстік 28,8 34,6 24,2 5,6
Оңтүстік 42,5 19,7 15,4 7,4
Батыс 46,4 13,7 23,6 4,8
Шығыс 26,6 18,4 24,6 17,2
Орталық 31,0 28,4 29,0 10,6
Алматы 28,2 33,4 18,1 16,1
Қазақстан 34,0 25,0 22,5 10,1

Кестеден көргеніміздей оралмандар үшін ең қолайлы аймақ – батыс және оңтүстік өңірлер болып отыр. Бұл жерде атап айтар бір жағдай Батыс және Оңтүстік Қазақстан облысына қоныстанушы оралмандар негізінен Өзбекстан Республикасынан келушілер. Олар кезінде тарихи-географиялық шегараныың дұрыс межеленбеуінен басқа мемлекеттің территориясында қалып қойған қандастарымыз. Және шығу тегі жағынан ру-тайпалық, туысқандық байланыстары тығыз дамып жатқан бауырларымыз.

Жергілікті респонденттердің оралмандарға мінездеме беріп қандай сипаттама біліретіндігіне де көңіл аудара кету өте маңызды. Аталған зерттеулер көрсеткендей оралмандардың әлеуметтік статусына респонденттер түрліше ой білдірген.

Жергілікті тұрғындардың оралмандары сипаттауы

Сипаттамалар %
Олар өз отанының шынайы патриоттары 11,8
Олар қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін ұстанушылар 13,7
Олар жағдайын жақсартқысы келгендер 25
Олар республиканың толық құқылы азаматтығын алған аамдар 8,3
Олар тек мемлекеттің көмек күтетін адамдар 14,8
Олар Қазақстанда үміті ақталмағандар 5,7
Олар экономикалық және әлеуметтік-мәдени тұрғыдан адаптация ете алмайтындар 4,8

Кестеден көріп отырғанымыздай қазақстанықтардыңтөрттен бір бөлігінің қоғамдық санасында сырттан келген қазақ ағайындардың «жағдайын жақсартқысы келгенер» қатарына жатқызғаны көңлге кірбің оятары ақиқат. Бұндай пікірді өзгерту үшін жергілікті халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі көрініп тұрғандай.

Қазіргі таңда әлемде тұратын қазақтардың 7-8 пайызы ғана елімізге көшіп келді. Көштің басы болған соң оларды жоспарлы түрде қалай орналастырды, қоныстандырды деген мәселе маңызды. Олардың ішінде шетелден келіп жатқан оралмандарды нақты қандай территорияға қоныстандыру керектігіне байланысты мемлекеттік концепция жоқтың қасы. Тек геостратегия және мемлекеттің қауіпсіздігі үшін солтүстік аймаққа қоныстандыру бағыты ғана тұрақталған. Қазақтану саясатын жүргізу біздің мемлекетіміздің негізгі мақсаты болып табылуы қажет. Оралмандарды қоныстандыруда төмендегі негізгі бағыттарды қамтуы тиіс:

  1. Солтүстік Қазақстанға сырттан келген репатрианттарды орналастырудың қажжеттілігі;
  2. Қоныстанып жатқан қазақ-репатрианттарын республикамыздыңшекаралас аймақтарына қоныстандыру;
  3. Оралмандардың жүзіне, рулық-тайпа, туысқандық қатынасына сәйкес қоныстандыру;
  4. Репатрианттарды Қазақстан территориясындағы қолайлы өнеркәсібі дамыған қала немесе қалашықтарға қоныстандыру;
  5. Отандастарымызды демографиялық азаюшылыққа ұшыраған территорияларға қоныстандыру;
  6. Оралмандарды Қазақстандағы кен орындары бар жерлерге орналастыру.

Қоныстандыру туралы мемлекеттің нақты стратегиясы мен бағдарламасының болмауының нәтижесінде көптеген оралмандар зардап шекті. Материалдық және моральдық тұрғыда қиыншылықтарға ұшырады. Мемлекеттік көші-қон саясатының немқұрайлы жүргізілу салдары бүгінгі күні үлкен мәселеге айналып отыр.

Қазіргі таңда репатриант қазақтардың тарихи отанына оралуы халқымыздың сан жағынан өсуіне әсер етіп, демографиялық жағдайды жақсарта түсуде. Егеменді еліне оралып, азаматы атану, ата-жұот топырағын түлету, елін көркейту оралмандардың басты арманы. Шетелден этникалық қазақтарың иммиграциясы халық санының артуына және жалпы сандағы байырғы халық үлесінің артуына септігін тигізері анық. Сонымен қатар қай жерге қоныс ауарса да сол этникалық топ басқа ұлт өкілерімен тығыз қарым-қатынасқа бара отырып, рухани және материалдық құндылықтармен алмасаы, басқа ортаның кейбір этникалық мәдениет ерекшеліктерін қабылдайды. Олай болса, тарихи Отанына оралған қандастарымыздың өзіндік мәдени ерекшеліктеріне үрке қарамай, олардың мәдени өзгерістеріне де түсіністікпен қарауымыз керек. Ал кей жағдайда оларың бір тобы қаймағы бұзылмаған халқымыздың ұмытыла бастаған тамаша қасиеттерін тірілтуге, өткеннің өнегесінен үйретуге баулыйтын қоғам қайраткерлері, ақын жыршылары, кәсіпкерлері де оқ емес. Сондықтан, елге оралған отандастарымызды бауырмалдылықпен қарсы алып, олардың өз елінде өгейсімей, ортамыздан орын тауып, елге сіңісті болып кетуіне жағдай жасауымыз қажет.

Резюме

Рассмотрены положения оралманов являющихся одним из важнейших проблем современной политики департамента миграций Республики Казахстан. Обсуждены проблемы приезда расположения оралманов их социально-экономические проблемы и взгляды местных жителей к оралманам.

Summary

The positions considered of repatriates, which is one of the most important problems of modern politics of the Department the migration of Republic Kazakhstan. The problems discussed of arrival, the locations of repatriates, their socio-economic problems and the views of local residents to repatriates.

Пайдаланған әдебиеттер

1.Назарбаев Н.Ә. Құшағымыз бауырларға айқара ашық.//Дүниеүзі қазақтарының құрылтайы. Алматы, 1993.-8 б.

2.http://www.inform.kz/kaz/article/2258590

3.Б.К.Қалшабаева, А.С.Сейсенбаева. Алматы облысындағы оралмандар: саны және тарихи отанға бейімделу үдерісі.//ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. №1, 2013. 107-б.

  1. Политика возвращения и интеграции оралманов в Казахстане.
  2. Б.К.Қалшабаева, А.С.Сейсенбаева. Алматы облысындағы оралмандар: саны және тарихи отанға бейімделу үдерісі.//ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. №1, 2013. 110-б.

6.Исаева А.И., Жайлыбаев Д.Ж. Оралмандарды қоныстандыру мен орналастырудың этникалық ерекшеліктері мен басым бағыттары. //ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. №2, 2013. 120-б.