Бастауыш мектеп — бұл оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін ерекше құнды, қайталанбайтын кезең. Сондықтан да бастауыш білім — үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Психологияда бастауыш мектеп оқушыларының жасы, көбінесе, білімді меңгерудің, зейінділіктің жасы деп саналса, педагогикада — бұл айналадағы өзге әлемді баланың өз бойына сіңіре бастау, қалыптастыру сияқты өмірлік маңызы бар функцияларды басымдылықпен игеру кезеңі болып табылады. Осы функцияларды табысты орындау кіші жастағы баланың танымдық қызығушылығының дамуына қолайлы жағдай жасайды.
Бастауыш сатыдағы оқушылардың дене, психикалық дамуында кейбір ерекшеліктер байқалады, олардың бұлшық еттерінің күші артады, сүйек жүйесі қалыптасу сатысында болады, мидың жарты шарының функциялары дамиды. Бала организмі мен жүйке жүйесінің дамуы негізінде, оның психикалық қызметінің (қабылдау, ес, қиял, ойлау, тіл, зейін, сезім т.б.) дамуы жетіле түседі. Психикалық қызметінің негізгі механизмі мидың үлкен жарты шарлар қабығының әрекеті болады. Оқушылардың осындай дене, психикалық дамуын, яғни жас ерекшеліктерін есепке алу — оқу жүйесіндегі негізгі принциптерінің бірі. Оқыту ісінде бұл принципті мұғалім әр уақытта басшылыққа алады. Балалардың жас ерекшеліктеріне сай оқу жоспарлары мен бағдарламалары жасалынады. Осылардың негізінде мектептегі оқу жұмыстарының мазмұны, түрлері мен әдістері оқушылардың жас ерекшеліктеріне, әрбір даму кезеңіне сай іс жүзіне асырылады .
Баланың әрбір даму кезеңіне сай жетекші іс-әрекет болады. Жетекші іс-әрекет бұл өсуші индивидтің мұқтаждарын қанағаттандыру мен таным немесе психикалық үдерістерін қалыптастыруға бағытталған іс-әрекеті. Мұндай іс-әрекет өзінің мақсатымен, мотивімен және орындалу тәсілдерімен сипатталады. Баланың дамуына іс-әрекеттің рөлі өте зор. Ол дамудың негізі. Іс-әрекеттің түрлері әр түрлі. Балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты іс-әрекеттің сапаларымен бірге олардың мазмұны, ұйымдастыру әдістері және мотивтері де өзгеріп отырады. Мұны әр түрлі іс-әрекеттерінің түрлерінен байқауға болады. Егер, мектепке дейінгі кезеңде баланың құмартып кірісетін негізгі әрекеті ойын болса, мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, оқушының жан-жақты, үйлесімді дамуының себепкері, негізгі әрекеті – оқу . Бастауыш сынып оқушыларына тән негізгі жетекші әрекеті – оқу әрекеті болғанымен, оқушылардың жан-жақты дамуына таным, өзара қарым-қатынас жасау, ойын, еңбек әрекеттерінің ықпалы да бар.
Оқу үдерісінде осы іс-әрекеттерді (таным, өзара қарым-қатынас жасау, ойын, еңбек) бір-бірімен байланыста, мақсатты ұйымдастыру керек. Себебі дұрыс ұйымдастарылған іс-әрекет дамудың негізі.
Оқыту үдерісі — білімді, біліктілік пен дағдыны меңгертетін, оқушылардың дүниетанымын, күш-қайратын, қабілеттерін тәрбиелеп дамытатын іс-әрекет барысы. Ол даму негізі, яғни, өзіне тән негізгі екі белгіні: ағзаның өзіндік дамуына жүйелі түрдегі көмекті және жеке бастың жан-жақты жетілуін түйістіреді.
Оқыту — мақсатты, таным үдерісі. Оқытудың басты мақсаты, әдіс тәсілдері, мазмұны мен міндеттері қоғам талабынан туындап, ұдайы өсіп жаңарады. Танымның ерекшелігі оқушыда білімге деген қызығушылығы біртіндеп арта түседі .
Оқыту үдерісі — мұғалімнің баламен үнемі рухани қарым-қатынаста, ынтымақтастық жағдайда болуын қажет етеді. Оқыту үдерісінде бала тек мұғалімнің әсерін қабылдаушы ғана емес, оның оқу іс-қимылы мен өзінің психикалық үдерістерін басқарушы, ұйымдастыра білуші (іс-әрекетін білуі, бағалауы, өзін-өзі басқаруы) оқытудағы субъект. Оқыту үдерісінде бала логикалық ойлау болмысының жалпы тәсілдерін қолдануға және дербес шығармашылық әрекет жасауға дағдыланады. Бұдан шығатын қорытынды: оқыту — баланың рухани жағынан жетілуін қамтамасыз ететін, бала дамуының алғы шарты. Демек, оқыту мен дамудың арасында тығыз байланыс туындап отырады.
Мектеп тәжірибесінде дамыта оқыту да қарастырылады. Дамыта оқытудың негізгі принциптерінде оқыту пайда болады. Мәселені оқыту дегеніміз, меңгерілетін білім және интеллектуалдық дағдының бастапқы кезеңнің қалыптасуы және оқыту үдерісінде өз еркімен тапсырма мен мәселені шешу жүйесі . Мұндай оқыту оқушының ақыл-ойының дамуына оң әсер етеді, жаңа заңдылықтармен, танымдық және практикалық мәселелерді шешу жолдарына бағыттайды.
Мектеп тәжірибесінде оқытудың қандай түрі қарастырылса да, олардың мақсаты бір — ол оқытудың нәтижелігін қамтамасыз ету. Оқытудың нәтижелігін анықтайтын негізгі факторлар — оқу мотивтері. Олар оқушыны оқуға талпындырады, оның тәртібін бағыттайды. Оқытудың тиімділігін анықтайтын факторлардың ішінде оқу мотиві бірінші орында. Оқушының оқуына әр түрлі мотивтер әсер етеді, олардың әрқайсысы басқалармен өзара байланыста әсер етеді.
Дидактикада оқу мотивтері деп — оқушыны оқуға, әрекет етуге және қандайда бір әрекет орындауға итермелейтін нақты себертер мен түрткілерді айтады .
Педагогикада мотив оқу әрекетінің негізгі компоненті, яғни оқушының оқу іс-әрекетін жүзеге асыру барысында басшылыққа алатын қозғаушысы адамның объективті мұқтаждығы мен ынтасын бейнелейтін әрекеттеріне ішкі талаптануы ынталандырманың әсерінең пайда болған іс-әрекеттің жеке баста негізделуі, яғни субъектілік сипаттағы қозғаушы құбылыс әрекетке итермелейтін субъектінің жеке қызығушылығы, нақты қажеттілігі .
Психологияда мотив — бұл әрекетке немесе мінез-құлыққа саналылықпен талаптану әрекетке қозғаушы психиялық құбылыс белгілі қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған әрекетке итермелейтін түрткі . Демек мұқтаждық пен ынта мотивацияның негізі болады.
Мотивация оқушылардың оқу нәтижелілігін анықтап, олардың
психологиялық жас ерекшеліктеріне байланысты сипатталы. Нақты сыныпта, нақты оқушыда оқу мотивациясын дамыту үшін, ең алдымен оқушының жасына сай мотивацияны дамытудың міндеттерін анықтау керек.
Бастауыш сынып оқушылардың мотивтері қажеттіліктің нақты бейнеленуі ретінде көрінеді. Мысалы, оқуға деген қажеттілікті қанағаттандыру, әке-шешені қуанту, мұғалімнің мадақтауын есту немесе пәнге қызығушылық түрткі болуы мүмкін . Осы жастағы оқушылардың мотивтерінің құрлысы күрделі болып, таным мотивтері оқу мотивтерінің жүйесінде негізгі орын алмайды. Олар оқушылардың 22 %-да ғана болады. Бастауыш сынып оқушылары үшін танымдық мотив негізінен оқу материалының тартылымдылығымен сипатталып, олардың білім деңгейіне, оқудағы жетістіктеріне, ақыл-ойының дамуына байланысты болады .
Бастауыш сынып оқушылардың білімді меңгерудегі мотивтері әр түрлі болуы мүмкін. Біреуі жақсы баға алғысы келеді, екіншісі — жазаланбауды ойлайды, үшіншісі — танымдық қызығушылықты басшылыққа алады. Осыған байланысты оқушылар бідімді бірдей меңгермейді және сабақтағы белсенділіктері әр түрлі болады. Осы мотивтердің біреуі негізгі болып, қалғандары қосымша мотив болады. Оқушының негізгі мотивін қалыптастыруда оның ынтасына сүйену керек. Оқушылардың ынтасы мұғалімнің оқу үдерісін тартымды етіп ұйымдастыруына, оларды қызықтыра алуына байланысты пайда болады. «Егер оқушыда оқуға ынтасы болмаса, біздің барлық ойларымыз, барлық ізденісіміз және құруларымыз күлге айналады» .
Мұғалімнің міндеті – оқушының негізгі оқу мотивін анықтап, онымен ары қарай жұмыс істеуде оған сүйену. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін мұғалім мотивтердің түрлерін біліп, мына кеңестерді есте ұстауы қажет: барлық оқушылардың арасында тұрақты стилді ұстап тұру; оқушылар қиындыққа тап болған жағдайда көңілдерін көтеру; оң қайта байланысты қолдау; оқу материалын әр түрлі әдістермен беру; оқушыларды табанды танымдық еңбекке үйрету; олардың табандылықтарын, еркін дамыту; қиын тапсырмаларды орындағанда марапаттау; мақсатты, міндетті, бағалау критерийлерін нақты анықтауға үйрету; жауапкершілікті қалыптастыру; өзіне-өзі талап қоюға үйрету; «бізде осыған уақытымыз жоқ!», «Осындай әлі болған емес!», «Бұл туралы сен айталмайсын!», «Бұл дұрыс емес?», «Маған сенуіне болады!» сияқты сөздерден алшақ болу.
А. Якобсон, А. Маркова, Г. Щукина, В.Ильин танымдық мотивтерді екі түрге бөледі, олар: оқу іс-әрекетінің мазмұны мен оны орындау үдерісіне байланысты мотив. Соңғысы мынадай түрлерге бөлінеді: кең мағыналы танымдық мотив, ол оқушылардың жаңа білімді игеруге бағдарланыуымен және білімге аса қызығуымен сипатталады; оқу-танымдық мотив, ол оқушылардың білім алу (білім алу әдістеріне қызығу) әдістеріне бағдарланады; өз бетімен білім алу мотиві және оқушылардың басқа адамдармен өзара әр түрлі әлеуметтік қатынасындағы әлеуметтік мотив: кең мағыналы әлеуметтік мотивтер (борыштылық сезім және оқуға жауапкершілік); тар мағыналы әлеуметтік мотив (беделі және басқа); әлеуметтік ынтымақтастық мотив (оқуда өзара қарым-қатынасқа ұмтылу және оны үнемі жетілдіре беру).
Л.А. Григорович, Т.Д. Марцинковская оқу мотивтерін екі үлкен категорияға бөледі. Біріншісі оқу әрекетінің мазмұны мен оны орындау үдерісімен байланысты, оған танымдық қызығушылық жатады; екіншісі оқушының қоршаған ортамен өзара қарым-қатысына байланысты (педагогикада).
М.В. Матюхина оқу мотивтерін екі категорияға бөледі: оқу үдерісінде туындайтын мотивтер — оқу, танымдық қызығушылық; оқу үдерісінің сыртындағы мотивтер — қарым-қатынас, баға т.б (психологияда).
Көріп отырғанымыздай біз зерттеп отырған тынымдық қызығушылық педагогика мен психологияда оқу әрекетінің мазмұнымен оны орындау әрекетімен байланысты, оқу үдерісінде туындайтын мотив түрі.
Танымдық қызығушылықты дамыту мәселелері жеткілікті дәрежеде зерттеліп келе жатқанымен, бұл ұғымның бір жүйеге түсірілген анықтамалары әлі қалыптаса қойған жоқ. Оның мәнін, таным әрекетіндегі рөлін, онымен байланысты ұғымдардың мағынасын түсіндіруде әр түрлі пікірлер айтылып келеді.
Таным теориясы (гносеология немесе эпистемиология) — айналадағы қоршаған дүниенің адам санасында бейнеленуін, танымның жалпы шарттары мен мүмкіндігін, білімнің жанасуын, қоғамдық тәжірибе негізінде іске асатын таным үдерісінің заңдылықтарын, оның негізгі түрлерін, әдістерін, жорамалдар мен теорияларды құру және дамытудың жолдарын зерттейтін психология ғылымының саласы. Білімнің қалыптасып дамуының жалпы шарттары философияның негізгі мәселесі — рухтың материяға, сананың болмысқа қатынасы тұрғысынан зерттелетін ілім — «таным теориясы» деп аталады .
Педагогикада таным — бұл қоршаған болмыстың, оның элементтерінің белсенді ақыл-ой және көңіл-күй іс-әрекеттері мен олардың нәтижесі, яғни білім, жалпыланған теория, заңдар мен ғылыми ұғымдардың санада бейнеленуі . Танымның мақсаты — жеке тұлғаның санасындағы объективтік шындықтың бейнелеу .
Қызығушылық — әр қырынан алып қарауға болатын күрделі ұғым. Қызығушылық — адамның затқа немесе шынайлық құбылысқа белсенді танымдық бағыттылығы, әдетте ол нысанды танымға немесе белгілі бір әрекетті меңгеруге оң сезімдік қатынастан көрінеді. Қызығушылық бұл зейіннің интенсификациясы ретінде анықталатын психикалық құбылыс (Н.Ф. Добрынин); белгілі нысанға сананың бағыттылығы (М.Ф. Беляев); ойлау, эмоционалды белсенділік және ерік сияқты бірнеше психикалық үдерістердің біріккен қоспасы (Л.А. Гордан, С.Л. Рубинштейн); адамның қоршаған әлемге, оның нысанына, құбылыстарына, үдерістеріне талғамды қатынасы (Г.И. Щукина); объектінің ағза үшін өмірлік маңызды және эмоционалды тартымдылық күшіне байланысты талғамды қатынасы (М.В. Матюхина); адам ерекше сезінетін қимылдың нақты себебі, субъектінің өз әрекетіне оң бағалық қатынасы адамның сезімге, ерікке, зейінге байланысты қажеттілігін қанағаттандыруда оның сыртқы жағдайларға таңдаулы қатынасы (Ю. Н. Тюфанов) ынтықтылық, алғырлық, тұрақтылық және білуге құмарлық тәрізді бөліктерден тұратын, белгілі бір нәрсеге зейін қою арқылы эмоция тудырып, жүзеге асатын жеке басқа тән ерекшелік (Қ. Қабділрашид) .
Қызығушылықтың негізі — адамның қажеттілігі. Қажеттілік адам өмірінің жеке жағдайларымен анықталады. Қызығушылықтың физиологиялық негізі — болжамды рефлекс.
Қызығушылықты оның мазмұны, кеңдігі, тұрақтылығы, күші және әрекеттілігі жағынан сипаттауға болады. Қызығушылықтың мазмұны — қызығушылыққа бағытталған нысандар. Тұлға жан-жақты даму үшін оның қызығушылығы кең болып, әр түрлі нысандарға бағытталуы тиіс. Қызығушылық оқу, ойын, еңбек үдерістерінде, адамның қоғамдық әрекетінде қалыптасып, оның өмір жағдайына, оқыту мен тәрбиеге байланысты ары қарай дамиды. Бала мектепке келген сәттен бастап қызығушылығы өзгере басталады. Олар ойын әрекетінен оқуға ауысады. Алғашқыда оқу жұмысының барлық түрлеріне қызығушылық туындап, келе-келе даралана түседі. Біртіндеп оқушының қызығушылығы әрекет үдерісінен мазмұнды әрекет қызығушылығына, фактілерге, алғашқы қарым-қатынасқа, себептерге, заңдылықтарға ауысады (сипаттаудан түсіндіруге). Жұмыстың шығармашылық жағына қызығушылығы артады.
Оқу әрекетінде оқушыларға неғұрлым көбірек бостандық пен өзбетімен әрекеттенуге жол берілсе, соғұрлым оған оқушылардың қызығушылығы арта түседі. Белгілі бір әрекеттің нәтижелігіне қызығушылықтың тәуелділігі де өзгереді: бастауыш сынып оқушысы әдетте өзі сәтті жүзеге асыра алатын, оңай әрекетке қызығады, кейін олардың қызығушылығы қиындықтарды жеңуге де бағытталады. Бастауыш сынып оқушылардың негізгі қызығушылығы оның өмірінің мазмұнымен, үйдегі, мектептегі әрекетімен анықталады .
Танымдық іс-әрекетке тәуелді, қызығумен мәндес, туындауы жағынан астарлас ұғымдар бар, олар: стимул, түрткі, қажеттілік және мотив. Кейде танымдық қызығушылыққа ұсынылатын анықтама осы ұғымдарға негізделіп берілуде. Сондықтан танымдық қызығушылық ұғымына берілген нақты анықтамалар жоқ.
Таным әрекеті қажеттілік арқылы жүзеге асады. Өзінің тіршілік және рухани қажеттігін өтеу үшін оқушы дүниені танып, білгісі келеді. Алайда ол өзі қажетті нәрсеге, мәселен, оқу пәніне қызығады. Кейіннен бұл нәрсе оқушы іс-әрекетінің мақсатына, қозғаушы күші — мотивіне айналуы мүмкін. Осыдан келіп кейбір ғалымдар қызығуды тек танымдық ғана емес, басқа да қажеттіліктердің көрініс беруіне апарып саяды. Енді біреудері танымдық қызығушылықты оқушыны өзіндік дербес іс-әрекетке жұмылдыратын мотив ретінде қарастырады.
Танымдық қызығушылық — әрқырлы құбылыс, сондықтан оқыту, тәрбиелеу және дамыту үдерісіне өзінің әр түрлі жақтарымен әсер ете алады.
Танымдық қызығушылық балалық әуесқойлықтан басталады, алайда ол тез арада жарқ етеді де, солайша кенеттен сөніп қалады. Терең білім беруді мұндай әуесқойлық негізінде ұйымдастыруға болмайды. Баланың әуестігін ояту үшін тартымды бастау, әсерлі сюжет, оқиғаның күтпеген арнаға түсуі, мәселелік жағдай сияқты тәсілдер қолдану керек. Оқушыда білуге әуестік пайда болып, ол құмарлыққа ұласады. Оқушы бұдан әрі жаңалықты қабылдап, білімі молайған сайын қуаныш сезіміне бөленеді. Білген үстіне білгісі келіп, құмарлық танымдық қызығушылыққа ауысады.
Оқушыда танымдық қызығушылықтың пайда болуы оның мінез-құлқынан және іс-әрекетінің сыртқы белгілерінен айқын аңғарылады. Ең алдымен оқушының пәнге көзқарасы айқындалып, сабаққа қатысы, сабақ үстіндегі таным белсенділігі артады. Оқушының сабақтан тыс уақытта өздігінен істейтін жұмысы жаңаша сипат алады. Ол оқулықтан білгеніне қанағаттанбай, ғылыми-көпшілік әдебиеттерге, мерзімді басылым, ақпарат құрал материалдырына зер салады. Қызығу күшейіп, шарықтау шегіне жеткенде оқушының тіршілік болмысы, мінез-құлқы, құндылық өлшемі жаңарып, айқын бағытқа ие болады. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды — алдына мақсат қойып, қызығумен ғана шектелмей, оны іс-әрекетінде жүзеге асыра білетін оқушыда ғана танымдық қызығушылық дамиды.
Зерттеушілер оқушылардың 20 %-дан 50 %-ға дейін мүлде танымдық қызығушылығы болмайтынын немесе танымдық қызығушылықтары болса да, олар кездейсоқ және көмескі болып келетінін айтады. Бірақ әр түрлі қызығушылықтың ішінде танымдық қызығушылық бар. Дұрыс дамып келе жатқан оқушыңың қызығушылығы әр түрлі болады: ол барлығын танып, сезініп, барлығын өзіне тексеруге тырысады. Бұл қызығушылықты оқушыны оқытып, тәрбиелеудің мықты стимулына айналдырып қолдану керек. Оқушылардың ашық нысандарға, заттың әдемі тартымдылығына әуестігін пайдалану керек. Формадан — мазмұнға, эмоциядан — логикаға жүрсе, оқушыны қызықтыруға мүмкіндік туады .
Танымдық іс-әрекетке қызығушылықты оятуда келесі қызметтердің маңызы зор: оқудағы жетістікті қамтамасыз ету; оқушылардың артта қалуының алдын алу; «қауіп-қатер балаларының» диагностикасы; үлгермеушілікті болдырмау; оқу материалының мазмұны (тарихи саралау, өмір тәжірибесінен мысалдар, мемлекет стандарт шегінен асу т.б.); білім берудің әр түрлі формалары мен әдістері, жаңа педагогикалық технологияларды қолдану; мұғалімнің оқушыларға қатынасы, балалар қауымының қоғамдық пікірі, ақыл-ой қабілеті мен жалпы оқу білігін дамыту .
Танымдық қызығушылықты қалыптастыру мен дамытуға бағытталған әр түрлі пікірлер мен модельдер бар. Оқу жұмысының жемісті болуы, ең алдымен, балада білімге деген қызығушылықтың нәтижесі болып табылады. Бала өзі оқуға талпынбаса, күшпен зорлап оқыту мүмкін емес. К.Д. Ушинский: «тек қана еріксіз көндіру күшімен алынған, барлық қызығушылықтан айрылған оқу… оқушыда оқуға деген ынтасын жояды, ал онсыз ол алысқа кете алмайды» деп жазған . Яғни оқуға қызығушылықтың төмендеуі бастауыш сынып оқушылардың психологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Оқуға қызығушылықтың төмендеу себептерінің бірі — оқу себебінің жеткіліктісіз қалыптасуында. Қызығуды туғызу үшін оқушыларға берілетін білімнің мақсаты мен қажетін түсіндіріп, оларға нақты оқу міндеттерін үйрету керек.
Оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың обьективтік негізі — бұл оқытудың жоғары деңгейі, оның ғылыми мазмұны және педагогикалық мақсатты бағытталған танымның белсенді және өзбетімен жұмысын ұйымдастыру болып табылады.
Танымдық қызығушылық әрекеттің пәндік мазмұны мен оқу үдерісінде оқушылардың арасында туындайтын қатынастар арқылы қалыптасады. Бұған білім жаңалығының факторын, оқуда проблемалық элементтерді қолдану, ғылым мен техниканың соңғы жетістіктеріндегі мәлеметтерді пайдалану, білім, білік және дағдының қоғамдық және жекелік маңыздылығын көрсету, шығармашылық сипаттағы өзіндік жұмыстарды, оқушылардың өзара оқытуын, өзара бақылауын ұйымдастыру және т.б. ықпал етеді .
Танымдық қызығу оқыту мен тәрбиелеу нәтижесінде қалыптасып дамиды. Оқушылардың таным қызығушылығы олардың білімінің деңгейі мен сапасына, ойлау іс-әрекеті мен әдіс-тәсілдерінің қалыптасуына байланысты. Педагогикалық әдебиеттерде танымдық қызығушылықты қалыптастырудың үш жағдайы жиі қарастырылады.
Біріншісі — оқытудың мазмұны, жаңалығы, ғылым мен техниканың соңғы табыстары, таңдандыратын тарихи деректер, ғылыми білімнің іс жүзінде қолданылуы, бұрыннан білетін мағлұматтың жаңа қырының ашылуы.
Екіншісі — оқушылардың таным әрекетін ұйымдастыру түрлерін, құралдарын және әдістерін жетілдіру. Бұған жататындар: сабақтың инновациялық түрлерін өткізу, оларда қолданылатын техникалық және көрнекі құралдардың тиімділігін арттыру; танымдық ойындар ұйымдастыру; проблемалық және интегративті ұстанымдарды жүзеге асыру; пәнаралық және пәнішілік байланыстарды тудыру; ғылымның өмірмен, өндіріспен, техника және экологиямен байланысын ашып көрсету; оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарын және өздігінен білім алуын тиімді ұйымдастыру; шығармашылық және зерттеу жұмыстарын белсенді қалыптастыру; білім тексеру мен бағалаудың алуан түрлерін ұтымды пайдалану арқылы оқытудағы кері байланысты жетілдіру.
Үшіншісі — мұғалім мен оқушы, оқушы мен оқушы арасында сыйластық, ізеттілік қарым-қатынасын орнатып, олардың біріне-бірінің жүрек жылуының болуын қамтамасыз ету. Оқушы өзі ұнатпайтын мұғалімнің пәніне ешқашан қызықпайды. Оқушылардың өзара сыйласа алмайтын, тәртіп жиі бұзылатын сабақтарға ынтасы төмен болады.
Қ. Қабділрашид танымдық қызығушылықтың үш сатысын көрнекі сызбанұсқалық үлгімен көрсетеді. Онда таным қызығушылықтың бірінші деңгейі стимул (әлсіз, орташа, күшті), екінші деңгейі — бірінші деңгейдегі сыртқы себеп әсерінен жеке бас белсенділігінің ішкі себебі — қажеттік (биологиялық, әлеуметтік) пайда болады. Қажеттілік аталған қажеттілітердің әрқайсысының туындауына түрткі болып табылады. Қажеттіліктің затиялығы субъектінің іс-әрекеті одан әрі дамыған сайын айқындала түсіп, түсінуге тиісті затия түрткі болады да бағыттау қызметін атқарады, яғни мотивке айналады. Стимуляция мотивацияға өтеді, мотивациядан тұрақты мотивацияға өтеді, тұрақты мотивациядан күшті мотивацияға өтеді. Ол өз кезегінде таным қызығушылығының үшінші деңгейі нағыз қызығуға айналады . Оның көрсеткен бұл моделі танымдық қызығушылықтың қалыптасуының үш деңгейін ғана көрсетеді.
Ю.Н. Тюфанов өзінің зерттеу жұмысында қызығушылықтың даму моделін цикл түрінде көрсетті: проблеммаөзбетімен жұмысжеңіске жетуқызығушылық. Қызығушылық өзінің танымдық негізіне байланысты жаңа проблеммамен кездеседі және т.б. Даму эпизодтық қызығушылықтан басталуы мүмкін. Бірнеше қайталанудан цикл тұрақтырақ қызығушылықпен аяқталады. Сонымен қызығушылықтың дамуы оның тұрақты формасына спираль бойынша жақындауы туралы айтуға болады. Бұл модельден танымдық қызығушылықтың дамуына негізінен оқушылардың өзбетімен жұмысы әсер ететінін байқау қиын емес.
Оқушылардың танымдық қызығушылығының нысанына оқу пәндерінің мазмұнына енетін ғылым негіздері, осы мазмұнды тануға бағытталған оқушылардың оқу әрекеті жатады. Г.И. Щукина оқушылардың танымдық белсенділігін, қызығушылықтың бағыттылығын және т.б. көрсеткіштерді ескере отырып, танымдық қызығушылықтың 3 деңгейін (қарапайым, орта, жоғары) бөліп көрсетеді.
Танымдық қызығушылықтың қарапайым деңгейі нақты фактілерге, білімдерге, суреттеуге, нысан бойынша әрекеттерге зейін қоюдан көрінеді.
Танымдық қызығушылықтың орта деңгейі тәуелділіктерге, себеп- салдар байланыстарына, оларды өзбетімен қарастыруға қызығушылығымен сипатталады.
Танымдық қызығушылықтың жоғары деңгей терең теориялық проблемаларға, білімді меңгеруде шығармашылық әрекетке қызығушылықтан көрінеді.
Сондықтан біз оқушылардың танымдық қызығушылығын математика пәнін оқуға оң мотивацияларын тәрбиелеумен, оқушының ашық эмоцианалды толқумен байланысты, белсенді танымдық әрекетке жұмылдыру арқылы дамытамыз.
Біз зерттеу жұмысымызда есептерді оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың бір жолы ретінде қарастырамыз. Өйткені практикалық мазмұнды есептерде танымдық қызығушылықтың дамуына қажетті жағдайлардың барлығы бар. Яғни, практикалық мазмұнды есепті шығару барысында оқушылардың танымдық әрекеті белсенділендіріледі, мотивтері тұрақты сипатқа ие болады, эмоциялары артып, пәнге қығушылығы артып, соның нәтижесінде олардың танымдық қызығушылығы дамиды.
«Есеп» және онымен байланысты ұғымдарды жалпы ғылыми деңгейде қарастыру оның таныс теориясындағы орнын анықтайды, ол барлық ғылыми бағыттардың қажетті және маңызды элементі болады. «Есеп» философиялық тұрғыда — таным теориясы, психологиялық тұрғыда — адам іс-әрекетінің бағыттылығы, педагогикалық тұрғыда — білім мен білікті қалыптастыру құралы, әдістемелік тұрғыда — іс-әрекетті ұйымдастыру, қалыптастыру және дамыту құралы .
Қазіргі математиканың бастауыш курсында қарастыратын есептердің мынандай үш жағы бар: математикалық мазмұны, формалық жағы және сөзбен мазмұндалуы.
Есептердің мазмұнын белгілі бір мақсатқа бағытталуы мүмкін. Бірқатар есептер есептеулермен, кейбірі өлшеу іс-әрекеттермен енді бірі математикалық теория элементтерін меңгеруімен және т.б. байланысты болып келеді.
Өмірде, өндірісте кездесетін практикалық есептер түріндегі толымсыз және артық шаманы есептеуге П.Я. Гальперин жіктеу жасады [99].
Есептерді олардың объектілерінің сипана қарай практикалық және математикалық деп екіге бөлуге болады . Қолданымына қарай есептер: жаттығу, бақылау, танымдық және шығармашылық деп бөлінеді. Тікелей теорияға қатынасына қарай стандарт және стандарт емес . Талаптарының сипатына қарай егер ізделінген шаманы табуға берілген (есептеуге), дәлелдеуге және түсіндіруге берілген, түрлендіруге немесе салуға берілген есептер деп бөлінеді немесе математикалық есептің класқа бөлінуі бойынша: 1-сынып — ізделіндіні табуға, 2-сынып — дәлелдеуге немесе түсіндіруге, 3-сынып — түрлендіруге немесе салуға. Есептеуге арналған есептерге: өрнек мәнін табу, функцияның мәнін есептеу, кесіндінің ұзындығын, фигураның ауданын табу, бұрыш шамасын анықтау есептері жатады.
Есептердің мазмұнын ескерсек, онда оларды деректі мазмұнды есептер және дерексіз мазмұнды есеп деп екіге бөлуге болады.
Дидактикалық мақсаттарына қарай: танымдық, машықтау, дамыту есептері деп бөлінеді. Ал ойлау түрінің басым болуына байланысты немесе математикалық есептің үш типі алгоритмдік, жартылай алгоритмдік, эвристикалық.
Егер мазмұнында берілген деректерге қарай, оларды экономикалық мазмұндағы, физикалық мазмұндағы, химиялық мазмұндағы, ұлттық мазмұндағы және т.б. есептер (практикалық есептер) деп атауға болады.
Есептерді жіктеудің түрлі тәсілдері болса да және мұндай жіктеме теория үшін де, практикалық жұмыстар үшін қажет болса да, барлық оқу және әдістемелік әдебиеттер де қазірге дейін бұл мәселе жөнінде бір жақты заңдылық жоқ.
«Танымдық есептер» термині психологияда неғұрлым терең мағынада қолданылады, ол таным үдерісі психологиялық ұғыммен сәйкестікте болады. Г.С. Костюк бойынша «жаңа объектіні түсіну — ол қандай да бір есепті, тіпті ол кішкене танымдық есепті шығару деген сөз» .
Танымдық есеп — шығарушы меңгерген білімді жетілдіру есебі. Кез-келген білімді өзінің құрамында кем дегенде екі компоненті — моделі бар қандай да бір модельденетін жүйенің идеалдық моделі ретінде көрсетуге болады. Таным есебінің пәні қызметін атқаратын білімді екі типтің — белгілі және белгісіз заттардың өзара байланысты құраушы-модельдерінің жүйесі ретінде көрсетіп беруге болады.
Таным есептерінің талабы белгісіз заттарға жатады, ал ол ізденінді заттар болады. Белгісіз заттардың барлығы немесе кейбіреуі ізделінді болады.
Танымдық есептер негізінен жартылай алгоритмдік есептерге жатады. Таным есептерін жаңа материалдар өтуде, оқытудың проблемалық және эвристикалық әдістерін қолдануда шығару керек. Бұл дидактика талаптарына сай келеді, сондықтан математиканы оқып-үйрену барысында кеңінен қолданылады .
Есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын ары қарай нәтижелі дамыту үшін оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін (зейінін, еске сақтауын, қиялын және ойлауын) арттыру керек.