Қазақтың рухани дүниелеріне зер сала қарағанда, олардың кейбір зертеушілердің айтқанындай “аттың жалы, түйенің қомында туған” мәдениет үлгілері емес, керісінше үлкен тарихты, нақты халықтың дүниетанымын айна-қатесіз суреттейтін кемел өрнек екеніне көзіңіз жетеді.
Міне, осы мыңдаған жылдар бойы сахара төсінде дүбірлі дәурен сүрген бабаларымыздан қалған қисапсыз рухани мұраның үлкен бір саласы – Сыр бойының күйшілік дәстүрі.
Сыр бойындағы қазақтың байтақ шахарлары ежелден береке мен байлықтың ордасы еді. Үнді, Қытай, Иран, Ауғанстан, Шын-Машын тіпті алыстағы Мысыр елінен тартылған керуендер осы қалаларда дамылдар еді, әкелген мүлкін осы жерде саудалар еді. Керуенмен ілесіп келген алыс елдің әнші-күйшілері әмірлердің сарайларында, ауқаттылардың үйіндегі дәм үстінде өнерін риясыз төгетін болған.
“Ырыс-жұғыс, өнер-ауыс”, деген осы. Жер иесі көшпелі қазақ өзіне ұнаған өрнекті, өнерді жатсынбай алатын, жақсыны танығыш халық қой. Міне, кенересінен асып-төгілген сахараның бұл мәдениеті шығыстың кемел мәдениетімен осылайша ұштасқан еді.
Сыр бойы — ән мен күйдің отаны, түбір бір түркі әулетінің қастерлі қонысы. Заманында отыздан астам сәулетті қалалар мен көрікті кенттер бой көтерген бұл өңірде түбірі бір түркінің баба өнері тел тоғысқан. Байырғы рухани мұралардың ішінде күйшілік өнердің алатын орны ерекше.
Қазақ халқының көшпелі өмір салтына, тұрмыс-тіршілігіне, тұтынған салт санасына орай бір-біріне мүлдем ұқсамайтын әлденеше күй мектептері қалыптасқан.
Сыр күйшілерінің туындылары сол өлке жұртшылығының арасында ғана белгілі болып, сақталып келген. Сыр бойы күйлері былайғы тыңдарман мен оқырмандарға таныс емес, ғылыми айналымға да енген жоқ. Бүгінгі күнге көптеген күйшілердің есімі елеусіз жетті. Ол күйшілер Шал Мырза, Домақ Тәппет, Асан Көнек, Төремұрат, Бекпенбет, Әкімгерей, Төлеген, Әлшекей, Досжан, Нартай, Жаңаберген, Мұзарап, Шыналы, Исламбек сияқты күйші-сазгерлер.
Сыр бойы күйлерін орындап, бізге жеткізуші аға буын ұрпақ Нәби, Қобылаш, Балқашпай, Зайыр, Әбдіқадыр, Дүйсенбі, Жұмалы, Қаппар, Нұржаубай, Исламбектерге қатысты деректердің құндылығы жоғары. Сырдың күрең топырағындағы өміршең өнердің бірі – күй. Күй шежіресі қадым замандардың қойнауынан бастау алады.
Ғасырлардан дәстүрлі сабақтастығын тапқан күйшілік өнер Сыр бойында тамырын тереңге тартты. Өмірге көптеген күйші сазгерлер легі келді.
Тек аттарын атай бастағанның өзінде сыр күйшілері есімінен көз сүрінеді. Әйткенмен, өлкенің күйшілері есімдерінің туған топырағындағы елеусіз, ескерусіз қалуы қынжылтады. Төңірегінде теңдесі жоқ күй-қазына тарихы әлі күнге дейін жабулы қазан қалпында.
Сасықбай бақсы, Дайрабай қобызшы, Жақайым, Жарықбас бақсы, Әлім Әйтім күйші, Құрманай, Төремұрат, Домақ Тәппет, Қоңырат Әлшекей, Жақайым Аймағанбет, Кенжеғұл, Теңізбай, Айсүгір, Төренияз, Нышан Әз, Шал Мырза, Қазанғап, Бекпенбет, Асан Көнек, Татыран Қожбан, Арынғазы, Үсен Төре, Құрақтың Досжаны, Жалдыбай, Қожагелді, Ізеке, Ахмет, Әби, Жақас. Бұл күйшілер алпысыншы жылдарға дейін өмір сүрген. Одан кейін де небір күйшілер болды. Атап айтсақ: Жалғасбай, Төлеп, Ақжол, Әлібек, Дәулетбай, Молдағали, Әділдә, Бейсенәлі, Әбдіғали, әкелі-балалы Науан мен Мергенбай, Жұмалы, Қали, Жексенбай, Мәлік, Әбдіхалық, Мінсізбай, Ерекең, Мырзажан, Мұзарап күні кешкге дейін Нәби Жәлімбетов, Төлеген Қаржанов, Зарлық Кенжеғұлов, Шыналы Шопанов, Ысқақ Тоқтықов, Қобылаш Жаймұратов, Дүйсен Дастанов, Рақыш, Төлеген, Балқашбай, Ақмырза, Исламбек Ысқақов, Әбдіқадыр Әбдіқалықов, Рахмет Мәзқожаев. Бұлардың соңы Қаппар Жармағанбетов, Ізбасар Ілиясов, Жұмабай Жақыпов, Нұрмағанбет Әлиев, Шәкі Оспанов, Тілеуберген Төребеков, Қараман Ізмаханов, Орақ Баубеков, Кеңес Раев, Мүлкаман Қалауов, Мұрат Сыдықов, Бәден Айсынов, Гүлнар Ысқақова, Рыскүл Жүнісова сияқты күй өкілдеріне ұласты.
Сыр күйі — өзінен бұрынғы кемел дәстүрлердің ең озық үлгілерін бойына сіңіріп барып дүниеге келген өнер. Әйткенмен, өлкенің күйшілері есімдерінің туған топырағындағы елеусіз, ескерусіз қалуы қынжылтады.
Сыр бойындағы байырғы күйшілік, әншілік сал-серілік ғылымда әлі түрен түспеген тың дүние. Сырдың күрең топырағы сан рет түледі, сан мәрте өнері жаңарды. Тарих дүрбелеңдерінің кейбір тұстарында өлке өнерінің бір түрі ілгері басып, бірі кейін тартты. Сыр бойы күйінің бүгінгі таңдағы ақуалы сын көтерерлік дәрежеде дамуының да өз заңдылықтары жоқ емес. Бұл өлкенің өзіне тән тарыдай шашылып жүрген белгісіз ән-күйлері нағыз жанашыр жинаушысы мен зерттеушісін күтіп жатқан ен-таңбасыз дүниелер. Сыр бойы ән-күй мұраларының жиналып-сұрыпталуына байланысты есімін ерекше атайтын адам – Мардан Байділдаев, Қорқыт сарындарының ең соңғы буын орындаушысы бақсы Смайыл Шәменов (1883-1979) еді. Ол – Алаша Есақай, Қаратамыр Адасқан абыздардың шәкірті. Ел арасында “Нышан Әз” деген лақап аты кең жайылған кісі.
Мардан Байділдаев – сыр бойының інжу-маржандарын молынан жинаған бірегей ғалым. Ол, ұлттық ғылым академиясынан арнайы Сыр бойына байланысты экспедиция ұйымдастырды. Кешенді жинау жұмысымен Сырға келіп, ел аралады. Көзі тірілердің әуезін үнтаспаға жазып қалдырды. Бұл 1962-1964 жылдардың аралығы. Сөйтіп қымбат қазына, көне күйлер соңғы буын орындаушыларына, архив сөрелеріне көшті. Әйтсе де бір өкініштісі, М.Байділдаев пен З.Жанұзақовалардың қолымен жинаған Сыр өңірінің көл-көсір күй мұралары күні бүгінге дейін қатталған архив қоржындарында. Ешқайсысы қап қоржынынан ұзап, жарыққа шыққан жоқ. Тас қабырғалы архив қоржындарының Сырдың ән-күйін тұтқын еткеніне қазір қырық жылдан астам уақыт өтті. Аттары аңызға айналған Сырдың өрен жүйріктері – Рахмет Мәзхожаев, Үбісұлтан Аипов, Әбілдә Жүргенбаев, Рүстембек Жиенбаев, Құтбай Дүрбаев, Төлеген Қаражанов, Исламбек Ысқақов сияқты сұңғылаларымыздың орындауында жазылған ән-күйлер бар. Оған қоса сәйгүлік сазгерлер Әлшекей, Қазанғап, Досжан, Жалдыбай, Жалғасбай, Молдағали, Мұзарап тағы-тағылардың мұралары сақтаулы.
Сыр бойы күйшілерінің шығармашылығы – музыкатану саласындағы тың арна. Дәулескер күйшілердің ел арасында аты аталып қалатыны болмаса, олар жөнінде көп жазылмаған. Кейде ілуде біреудің түсіп, қаламына ілініп қалатыны бар. Сондағы олардың бар айтары: “Шал мырза, Қазанғаптардың шығармашылығы Батыс Қазақстан өңірінің домбыра дәстүріне жақын. Ал, Әлшекей Досжандардың шығармашылығы Қаратау өңірінің домбырашыларымен астарлас, Сүгірге жақын” – дейді. Сыр бойының күй мұрасы – қазақ домбырашылық өнеріндегі орны бөлек тың арна. Ұмыт болу қаупі төнген заманда қайта түлеген Сыр күйінің қазақ әлеуметінің әлі талай кәдесіне жарары сөзсіз.