ХХ ғасыр басында Түркістан өлкесіндегі жәдидтік білім беру жүйесінің кейбір мәселелері

ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында аяқталған ірі державалар арасындағы әлемді бөлісу процесі, әлемдік өркениеттің үлкен бір бөлігін құраған Тұран елі – Түркістан өлкесін де отар елге айналдырып тынды. Жаңа қосып алған жерлерінде патша үкіметі жаңа әкімшілік шараларын жүзеге асырды. Орыс үкіметінің Қазақстан мен Орта Азияда жүргізген отарлау саясатының империяның басқа отарлық аймақтарымен (мысалы, Польша, Балтық теңізінің жағалауы, Закавказье) салыстырғанда айтарлықтай ерекшелігі болды. Бұл ерекшелік – мұндағы саясаттың толық отаршылдық орнату сипатында болғандығы. Бұл өлкеде Сібір, Қырым, Еділ өңірі сияқты тұрғындарын толық орыстандыру мақсаты көзделді. Ол үшін өлке халқының тілін, салт-дәстүрін, діни сенімін, жалпы ерекше болмыс-бітімін қуғындау, тағылық және айуандықпен жазалау арқылы ұлт ретінде жойып, бүтін өлкені орыстандырып жіберу саясаты қолға алынды. Бұл мақсатта ең алдымен өлкеде қалыптасқан, ұлттық мүддеге сай құрылған халық ағарту мекемелерінің қызметін барынша шектеп, сол арқылы ұлттық мәдениеттің негізін шайқалту, рухани негізден айыру міндеті қойылды.

Зерттеулер орыс отарлауына дейін Түркістанда білім берудің негізгі түрі дәстүрлі мектептер мен медреселер болғандығын көрсетеді. Ресей патшалығының отарлауына дейін жергілікті халықтың сауаттылық деңгейі жоғары болған. Зерттеулер ХХ ғасырдың басында өлкеде 5892 мектеп пен 353 медресе болғандығын мәлімдейді [1, 16].

Осы жерде көңіл аударарлық жәйт – бұл білім беру орындарының басым бөлігі «заңнан тыс», яғни орыс отаршыл үкіметінің рұқсатынсыз ашылғандар еді. Бұл туралы тарихшы К.Рысбай: «1913 жылы кең-байтақ қазақ даласында не бары 157 орыс-қазақ мектебі бар еді, олардың көпшілігінде оқушылар саны 50-ден аспайтын. Оның есесіне, жер-жерде бастауыш діни оқу орындары «заңсыз» (нұсқау бойынша отарлық өкімет орындарының жазбаша рұқсаты талап етілетін) жұмыс істеді. Олардың саны дәл есептеуге келмейтін, өкіметтен жасырылатын. Толық емес мәліметтерге қарағанда, Сырдария облысының Шымкент оязындағы бір ғана Түркістан учаскесінде мыңнан астам осындай мектеп болған», [2, 160] — деп жазады.

Жергілікті тұрғындардың сауаттылығының деңгейі жоғары екендігін патша әкімшілігінің өзі де мойындаған. Оған Түркістан генерал-губернаторы П.И. Мищенконың 14 наурыз 1909 жылы Ресей Халық ағарту министріне жолдаған хаты дәлел бола алады. Ол осы хатта: «Түркістан бұратаналарында сауаттылықтың таралуы, әсіресе, оның негізгі үш облысы Сырдария, Ферғана, Самарқанда европалық Ресеймен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Көптеген бастауыш училищелердің (мектептер) және орта, жоғары оқу орындарының (медреселердің) тығыз жүйесі өлкенің кең аумағын тұтас қамтыған» деп жазды [3, 95].

Орыс отаршыл үкіметі жергілікті халықтың рухани өміріне ықпалы зор, ертеден қалыптасқан бұл білім беру орындарының қызметін барынша шектеп, оларды біртіндеп халық ағарту институты ретіндегі рөлінен айыруды міндет етіп қойды. Патша әкімшілігі ұлттық мектептердің қызметінен жастарды ұлттық рухта тәрбиелейді, ұлттық сана қалыптастырады деп қауіптеніп, олардың қызметін барынша шектеуге тырысты. Миссионер Ильминскийдің жүйесімен жақсы таныс Кауфман Орта Азия халықтарының діни істеріне қол сұқпай, жергілікті мұсылман мектептерінің маңызын төмендетудің өзіндік теориясын жасады.

Ол үшін дәстүрлі мектептерге балама ретінде отарлық әкімшілік қалалық және приход школдарын, Ташкент қаласында мұғалімдер семинариясын ашты. Бұл ашылған мектептердің өзі де тұрғын халықтың көзін ашып, санасын ояту мақсатында емес, отаршыл билік аппаратының аудармашы, хатшы сияқты кеңсе қызметкерлерін дайындау мақсатында ашылды. Алғашқы кезде орыс мектептеріне жергілікті ұлт өкілдерін тарту барынша шектелді. Мысалы, 1896 жылы Ташкенттегі ерлер және қыздар гимназияларында оқитын 307 ер баланың 10-ы, яғни 3%-ы, 177 қыздың 8-і, яғни 2%-ы ғана жергілікті ұлттың балалары болған. Ташкент мұғалімдер семинариясын 1879-1904 жылдары бітірген 415 адамның 65-і ғана жергілікті ұлт өкілдерінен болған екен [бұл да сонда, 94].

Халық ағарту министрлігі де империяның шеткері аймақтарындағы халықтарды орыстандыру ісі арнасына тартылып, оның 1870 жылғы 26 наурыздағы ережесіне сәйкес мұсылмандық оқу орындарында орыс тілін оқыту міндетті болып белгіленді. Ереже бойынша мұсылмандық мектептер мен медреселер ашуға орыс тілі пәнінің мұғалімдері болған жағдайда ғана рұқсат берілді. Онымен қоса мұсылмандық оқу орындарында балаларын оқытқысы келгендерден жергілікті білім беру саласының бастықтарынан рұқсат алу талап етілді. Ондай рұқсат үшін алым алынды. Рұқсат алудан бас тартып, балаларын мұсылмандық мектеп-медреселерге өз бетімен берген адамдарға айыппұл салынды [4, 22-23].

Отаршыл үкіметтің жергілікті халықтың рухани өміріне жасаған шабуылы азаттық күрес жетекшілерін бей-жай қалдырмады. ХІХ-ХХ ғасырлардағы орыс империяшыл үкіметінің өз отарындағы түркі-мұсылман халықтарына көрсетіп отырған озбырлығы бұл езгіні бірге басынан кешіріп отырған халықтардың азаттық жолындағы күресте бірігуіне алып келді. Оларды біріктіруші ортақ күш – мұсылмандық және түрікшілдік фактор, яғни діні бірлік, шығу тегі бірлік еді. ХХ ғасыр басында орыс отаршылдығында отырған түркі халықтарының саяси күрес тәжірибесі өлкеде жәдидшілдік, мұсылмандық, түрікшілдік сияқты азаттық күрес формаларын дүниеге әкелді.

Ресей империясы құрамындағы түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысы барысына ХІХ ғасырдың 80 жылдары татар интеллигенциялық буржуазиясының арасында пайда болған «жәдидшілдік» деп аталатын қоғамдық-саяси ағымның ықпалы зор болды.

Жәдидтік қозғалыс зерттеушілерінің бірі С.Тұмабаев бұл ағымның пайда болып, дамуы туралы мынадай тұжырымдар жасайды: «Ресей мұсылман ағартушылары мектепті реформалауды, бұқараны ағартуды халықты қараңғылық пен теңсіздіктен құтқару жолы деп түсінді. Алдыңғы қатардағы ұлттық интеллигенция орыс және еуропалық білім жүйесінің әсер етуімен діни қағидаттарды жаттату мен оларды түсіндіруді оқытудың негізі етіп алған ортағасырлық мектептерге қарсы шықты. Жәдидтер оқытудың жаңа, дыбыстық әдісін ұсынды («усули жәдид», қозғалыстың аты осыдан шыққан; «жәдид» — арабша «жаңа»), сонымен қатар, мектепте діннен басқа, ана тілі мен әдебиетін, математиканы, тарихты, жағрафияны және басқа да дүнияуи (светтік) ғылымдарды оқытуды талап етті. Бұның бәрі бірден дәстүрлі мектептің жақтаушылары – қадымшылардың («қадыми» сөзінен шыққан – «ескі», «көне») тарапынан қарсылық тудырды… антифеодалдық мәні бар жәдидтік қозғалыс, объективті тұрғыдан алғанда өмірге келген капитализмнің буржуазиялық-демократиялық ұмтылысын білдірді. Субъективті тұрғыдан алғанда халықты ағарту, оны әлемдік мәдени жетістіктерге жеткізу ұлттық сана-сезімді оятуға және оны дамытуға қызмет етті. Жәдидтер өз халқын білімді, құлдықтан, рухани дағдарыстан еркін халық ретінде көргісі келді» [5, 45].

Жәдидтіктер Түркістанда, Бұхара мен Хиуада қысқа мерзім ішінде оқу және жазуға үйренуге мүмкіндік беретін жаңа әдісті мектептер ашып, жергілікті халықтың балаларын оқытуға кірісті. Бұл мектептерде тарих, арифметика, география, ана тілі және басқа да зайырлы пәндер оқытылды. Мұндай мектептер Ташкент, Әулие-ата, Шымкент, Ферғана, Қоқан, Бішкек және Алматыда кең тараған. Жыл өткен сайын жәдидтік мектептер көбейіп, 1905 жылға дейін тек Түркістан өңірінде ғана жәдидтік мектептер саны 35-ке жеткен [6, 14].

Түркістандық, бұхарлық жәдидтер Ресей империясының шығыс аудандарынан, сондай-ақ Түркия, Ауғанстан, Үндістан сияқты шектес елдерден де ұдайы газет-журналдар алып отырды. Олар осы әдебиеттермен өлке халықтарын таныстырды. Бұл басылымдарда басылған мақалалар сол кездегі ғылым, философия, саяси экономика, халықаралық құқық хақында, қалалық өзін-өзі басқару, тағы басқалар туралы жалпы түсінік берді. Сөйтіп, түркістандық оқырмандардың қоғамның жаңалықтары мен жаңа құбылыстарын түсінуіне жол ашты.

Жаңа білім беру жүйесін енгізушілердің бұл әрекеттері отаршыл үкіметті шошындырып, үкіметтің жергілікті билік органдары жәдидшілдерге қарсы бақылау әрекеттерін күшейтті. Монархиялық үкіметтің өсіп келе жатқан жәдидтік қозғалыстың күш алып кетуінен қатты үрейленгенін полиция департаментінің 1900 жылы желтоқсан айында Жетісу облыстық әскери губернаторына жіберген мына бір нұсқау хатынан байқауға болады. Онда: «соңғы кезде татар әдебиеттерінде орыс мемлекетінің 14 миллионнан астам мұсылмандарының көп ғасырлық өмір салтын өзгеріске түсіретіндей барынша күшті ықпал байқалуда. Бұл ықпал Гаспринскийдің 1884 жылы жарияланған әліппесінен басталды… Орта Азиядағы оқиғалар, әсіресе Әндіжан көтерілісі бізге мұсылмандар арасындағы кез-келген қозғалысқа асқан сақтықпен, әрі қырағылықпен қарауды көрсетіп отыр. Сондықтан жаңа қозғалыс Түркия жағынан қаншалықты қолдау тауып отырғандығы, жәдидтік мектептердегі мұғалімдердің қай жерде, қандай білім алғандығы және т.б. жайлы бізді тез арада хабардар етіп отырыңыз» деген [7, 26].

Жәдидшілдердің беталысы ресми билік орындарымен бірге, кертартпа дін басылары мен олардың соңындағы молдалардың да ашуын шақырды. Себебі бұл қозғалыс бұрынғы дүмше молдалардың қоғам алдындағы беделін түсірумен бірге оларды бұрынғы билігі мен табысынан да айыратындығы белгілі болатын. Міне, сондықтан да осы жағдай жергілікті осы бір әлеуметтік топтың ресми билікпен бірге жәдидшілдерге қарсы күшке айналуына себеп болды. Тарихшы М.Қойгелдиев 1909 жылдың сәуір айында Троицк қаласының 122 мұсылман тұрғындарының осы қаладағы «Мұсылман қайырымдылық қоғамын», «Няжат» кітапханасын және «Приказчиктер қауымдастығын» жабу, сондай-ақ осы ұстанымдағы адамдарды жер аудару туралы ұсыныс жасағаны туралы дерек келтіреді [8, 219]. Жоғарғы билік орындарына жіберілген осы мазмұндас хаттарда сондай-ақ «усул-жадид» арқылы тәрбие мен білім алатын жастардың қарттарға құрметпен қарауды қойғаны, бұл бетімен олардың билікке де бағынудан қалатыны ескертілген.

Жалпы жәдидтік білім беру жүйесінің басында татар қайраткері Ысмағұл бек Гаспралы тұрса, осы саладағы Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін ерекше атауымыз керек. Ол өзінің оқу мен оқыту жайындағы ой-пікірлерін алғашында «Айқап» журналында, кейін өзі шығарған «Қазақ» газетінде кеңінен білдірді. Ол жазу үлгісін араб әліпбиі негізінде түзеп, қазақ ұлтының тілдік ерекшелігіне сәйкестірілген жазуды тұңғыш болып ұсынды. Сондықтан да, қазақ даласында И.Гаспралы қалыптастырған жәдидтік үлгіні жүзеге асырған А.Байтұрсынұлы деп білеміз. И.Гаспралы мен А.Байтұрсынұлының бастамасын Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, М.Дулатов, Ғ.Қараш, М.Сералин, М.Жұмабайұлы, Ж.Әбубәкір, М.Кәшімов сияқты зиялылар бірден дұрыс бағыт деп қабылдады.

ХХ ғасыр басында Ресей империясының отарлауы дін мен тілге ауыз салған тұста, тарихи қажеттілік дүниеге әкелген жаңа тұрпатты қоғамдық саяси әрі әлеуметтік күш — ұлт зиялыларынан құралды. Олар алғашында ана тілінде сауат ашып, сонан соң медреселерде оқып, өз ұлтының тарихы мен ұлттық ерекшелігін жете танып-білді, түркі тектес ғұламалар мен ойшылдар танымынан тағылым алып, кейіннен, орыс оқу орындарында тәрбиеленіп, білімін жетілдірді, яғни «шығыс» пен «батысты» тең игере отырып, елі үшін жанқиярлық еңбек етті. Осы тұста ойға түйер тұжырым – қазір де ұлтжанды, халқына жанашыр азамат өсіріп шығару үшін, алдымен ана тілінде сауат аштырып, ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсірудің маңызы зор екендігін естен шығармағанымыз абзал.

Резюме

Данная статья посвящена теме джадидского системы обучения. В статье рассматриваются некоторые аспекты системы обучения распространенная в Туркестанском крае в начале ХХ века, политика колониального правительства против местной системы народного образования и роль национальной элиты в формировании общественного сознания.

Summary

This article is devoted to the topic Jadid training system. This article discusses some aspects of the education system which disseminated in Turkestan at the early ХХ century, the policy of the colonial government against the local public education system and the role of national elites in formation of the public consciousness.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Рсымбетова Л. Ташкент қаласының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында қазақ интеллигенциясының қалыптасуындағы маңызы: тарих ғыл. Канд. … автореф. – Алматы, 2010. – 32 бет.
  2. Рысбай К. Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. – 368 бет.
  3. Хазретәлі Т. Түркістанның этносаяси үдерістеріндегі ұлттық элита қызметінің тарихы (ХХ ғ. Алғашқы ширегі): тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның қолжазбасы. – Семей, 2010. – 313 бет.
  4. Наушабаев Ж. Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы мен қызметі (ХХ ғасыр басындағы Жетісу және Сырдария облыстарының материалдары бойынша): тарих ғыл. Канд. … диссертацияның қолжазбасы. – Алматы, 2010. – 134 бет.
  5. Тұмабаев С.Т. Кеңестік кезеңнен кейінгі Орталық Азиядағы тарих ғылымы жәдидшілдік туралы // Отан тарихы. – 2005. — №3. – 45-бет.
  6. Вежихи Хекимоғлу. Түркия және Ресей мен КСРО да түрікшілдіктің даму тарихы. (1900-1930жж.басы): тарих ғыл.канд. … автореф. – Алматы. 2010. – 30 бет.
  7. Рүстемов С. Мұсылмандық қозғалыс һәм қазақ қоғамы // Қазақ тарихы. – 1996. — №4. – 25-29бб
  8. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: «Санат», 2008. – 392 б.