Қазақ ғылыми тілі ХХ ғасырдың басында қалыптасқаны белгілі. Оған дәлел ретінде сол дәуірде жарық көрген Жүсіпбек Аймауытовтың психология саласына, Мағжан Жұмабаевтың тәрбиеге қатысты, Ахмет Байтұрсыновтың тіл білімі мен әдебиетке қатысты, Халел Досмұхамедұлының медицинаға арналған еңбектері мен әртүрлі ғылым саласына қатысты аудармаларды атауға болады. Аталған зиялылар осы еңбектерінде ғылым саласын қазақыландыруға ұмтылды. Яғни, ғылым көпшілікке түсінікті болса ғана ғылым болмақ деп түсінген қазақ оқымыстылары ХХ ғасырдың басында-ақ, нақтырақ айтсақ, 1924 жылы 12-17 маусым аралығында Орынборда арнайы съезд өткізіп, тіл мәселесіне, пән сөздерінің қазақша берілуіне қатты назар аударған болатын. Сол кезде пән сөздеріне (терминдерге) қатысты мынадай қаулы қабылданады: «Пән сөздері ең алдымен қазақ тілінде ізделінеді. Бүтін дүниедегі қауымға бірдей сөздердің қазақшасы табылса, ол пән сөзі әлгі көп ел алған сөзбен жарыстырыла қолданылсын, қайсысы оңды болады – оны өмір көрсетеді. Қазақ тілінен табылмаған пән сөздері түрік тілінен ізденсін, табылса, жатырқаусыз қазақ тілі заңына бағындырылып алынсын. Ал пән сөзі түркі жұртында да ұшыраспаса, Шығыс және Батыс тілдерінен алынып, ана тіліміздің заңына бас идіріп, бұрып пайдаланылсын» [1.25]. Яғни өз сөздерімен алсақ, сол кездегі қазақ зиялылары пән сөздері жон арқасы болып табылар тілдің «хат білетін, білмейтін – қайсысына болсын түсінікті болуын көздеді». Сөйтіп өздері қалам тартқан сала терминдерін барынша қазақыландыруға, болмаса баламасын өзге түркі тілдерінен не араб тілінен іздеуге тырысты. Ал тіптен баламасы жоқ болған күнде орыс не басқа тілге тән сөздерді қазақ тілінің заңдылықтарына бағындырды. Ақырында бірнеше ғылым саласы қазақша «сөйледі». Сондай саланың бірі – психология немесе Жүсіпбек Аймауытов сөзімен айтсақ, «жан жүйесі ғылымы».
Жүсіпбек Аймауытовтың психология саласы терминдерін қалыптастырудағы еңбегіне ерекше тоқталған осы ғылымды жан-жақты зерттеуші, белгілі ғалым Қ.Жарықбаев өзінің «Жүсіпбек Аймауытұлының психологиялық көзқарастары» атты көмекші құралында былай дейді: «Жүсіпбек Аймауытұлының жалпы психология мәселелері жөнінде айтқан түйін-тұжырымдарына қатысты маңызды мәселенің бірі – ғылымның төл атауларын жасау… Оны қазақтың ғылыми психологиясының негізін алғаш салған, сондай-ақ педагогикалық психология терминдерінің негізін қалаған тұңғыш ғұлама деуге толық құқығымыз бар. Әсем әуендей төгілген тілінің көркемдігін айтпағанның өзінде, оның ғылыми термин жасау шеберлігіне тәнті боласың. Мәселен, «Психология» кітабында ғана қазақша 100-ге жуық ғылыми атауларды іріктеп алып, олардың мән-мәнісін бажайлап түсіндіретініне қалайша қайран қалмайсың» [2. 57]. Шынымен де, Жүсіпбек Аймауытұлының аталған салаға қатысты жазған еңбектерінде («Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау») қолданған психологиялық терминдердің басым көпшілігі қазіргі қазақ психологиясынан орнықты орын алып отыр. Ғұлама ғалымның термин жасау тәжірибесіне тоқталсақ, мәселен, психолог мамандығын қазақша «жан тамыршысы», сангвиник деген темперамент атын «ыстық қанды», флегматикті «салқын қанды», холерикті – «қызбалы», «ұйытқымалы» деп нағыз төл тіліміздегі сөзбен өрнектегенін байқауға болады. Сонымен қатар адамның жеке қасиеттерін өз тіліміздегі жаңғалақ, желөкпе, сенделме, күйгелек, ұрдажық, орнықты, желігу, бояма, желікпе т.б. сөздермен береді.
Жалпы, қазақ тіліндегі психологиялық терминдердің қалыптасуының Жүсіпбек Аймауытұлына дейін де алғышарттары болған десек, қателеспейміз. Мәселен, Абай Құнанбайұлының шығармаларынан көптеген психологиялық атауларды кездестіруге болады. Атап айтар болсақ, мінез, қайрат, көңіл, сезім, құмарлық, талап, құлық, жан қуаттары, тән қуаттары т.б. Одан басқа Шәкәрім Құдайбердіұлының да шығармашылығынан психологиялық терминдерді көптеп кездестіруге болады: адамшылық, жан сыры, ой құмарлық, ынсап, тіршілік, рух, таза ақыл т.б. Алайда бұл атаулар таза ғылыми негізге салынбаған, тек аталған ақындардың өлең шумақтарында немесе қара сөзбен жазылған шығармаларында кездесетіндіктен, біз ғылыми психология негізін салушы Жүсіпбек Аймауытұлы деп сенімді түрде атай аламыз.
Термин (латынның «шек», «шекара» деген сөзі) деп ғылыми ұғымдарды дәл атау үшін арнайы жасалынған сөздер мен сөз тіркестерін атаймыз.
Әр ғылым саласының өз терминдері болады. Терминсіз ғылым салаларын меңгеру мүмкін емес. Ғылымды термин арқылы үйренеміз, термин арқылы оны басқа біреуге үйретеміз. Өйткені термин дегеніміз – ғылыми ұғымдар атауы.
Ғылыми ұғымдарды жүйе бар. Ендеше ғылыми терминдерде де жүйе болады. Белгілі бір ғылымды зерттеуші сол ғылымдағы ғылыми ұғымдарды ғылыми терминдер арқылы жүйелеп, түсіндіріп береді. Оның қыр-сырын айқындайды. Ол қағиданы берік ұстанған Жүсіпбек Аймауытұлы терминдердің жасалу жолдарына қатты мән берген. Ең алдымен, ғылыми терминдер жасау кезінде ана тілінің лексикалық қорын «сарқа пайдалануға» тырысқан. Оның қаламынан туған алдану (иллюзия), арман (идеал), амал (действие), әдет (привычка), белсенгіш (активность), жеткіншек (отрок), жігіттік (юношество), зеректік (способность), затшылдық (материализм), иман (убеждение), кішкене ми (мозжечок), қозғалыс (рефлекс), құрал (пособие), озат (талант), оңтай (прием), сіңіру (усвоение), талдар (волокно) т.б. көптеген пән сөздері осыған дәлел бола алады. Қ.Жарықбаев жоғарыда аталған еңбегінде ғалымның ғылыми терминдер жасау жөніндегі принциптерін былай топтастырады: «біріншіден, ғылыми атауларды сұрыптауда, шет жұрттан алынған ұғымдарды төл тілімізге барынша жақындатып, оған лайықты ат табу. Екіншіден, термин жасауда төл тіліміздің өзіне тән ішкі заңдылықтарын, яғни дыбыс жүйесіне қатысты өзекті жақтарын мықтап ескеру, үшіншіден, шетел тілдерінен (Еуропа, араб, парсы т.б.) терминдер алғанда аса сақтықпен қарап, бұларды ала қойған жағдайдың өзінде өз тіліміздің айтылуына қарай икемдеп қолдану. Төртіншіден, шетел тілдерінен алынған термин сөздерді қабылдауда орыс тілінің дәнекерлік рөл атқаратынын, яғни жалғастырушы болатынын әркез есте ұстау. Автор орыс ғұламаларының кейбір психологиялық терминдерді өз тілінің заңдылықтарына сәйкес өзгертіп алғанын еске сала келіп, ғылыми атауларды түзген кезде, оның түп-төркінін, шығу тегін, яғни этимологиясын тексеріп, осыған орай төл мағынасына жақындата қолданған жөн дейді» [2. 58].
Расында да, Жүсіпбек Аймауытұлының психологиялық еңбектерінің өн бойындағы термин сөздерге қарап, ғалым айтқан пікірдің шындық екеніне көз жеткіземіз. Жүсіпбек Аймауытұлы ғылыми терминдерді сұрыптауда сөзжасам мәселесін де жақсы пайдалана білген. Жалпы тіл білімінде термин жасаудың түрлі тәсілдері қолданылады. Ғалымдар бұндай тәсілдерді былай жіктейді:
- қолданыстағы дағдылы сөздердің мағынасы жағынан ұқсастығына қарай терминге айналуы;
- қолданыстағы сөздерге түрлі қосымшалар жалғау арқылы жаңа сөздер қалыптастыру, мәселен, магнит – магниттеу;
- қолданыстағы жеке сөздердің бірігуі арқылы жаңа сөз жасау;
- сөз тіркесті терминдердің қалыптасуы, яғни қолданыстағы синтаксистік формалардың көмегімен екі немесе одан да көп сөздердің тіркесуі арқылы жаңа сөз жасау;
- терминология мен жаңа терминдер жасау мәселесін қарастыру кезінде бір жағынан, ғылыми нақтылық, екінші жағынан сөздің қысқалығы талап етіледі. Сондықтан кейде шет тілдік терминдерге жүгінуге тура келеді. Оның екі жолы бар: а) терминді дайын күйінде қабылдау; ә) терминнің қабылдаушы тілге сөзбе-сөз аудармасы (калька тәсілі) [3, 4 б].
Жүсіпбек Аймауытұлы қолданған термин жасаудағы белсенді тәсілдердің бірі – осы ғалым айтқан бірінші жол, нақтырақ айтсақ, лексика-семантикалық тәсіл. Яғни тілімізде бұрыннан бар сөздер мағынасына қарай еш өзгеріссіз психология термині ретінде қолданыс тапты. Мәселен, әдет (привычка), зерде (рассудок), қайрат (воля), құрал (пособие), түйсік (восприятие) т.б. көптеген термин сөздер осындай тәсілмен жасалды. Яғни күнделікті тірліктегі ауыз екі сөйлеу тіліндегі бұндай сөздер басқа бағытта жұмсалып, ғылыми тілдің бір бөлшегі ретінде көрініс тапты.
Бұдан басқа психологиялық терминдер тіліміздегі бар сөздерден морфологиялық тәсіл арқылы сәйкесінше жаңа сөздер тудыру тәсілі арқылы жасалған. Мәселен, жұртшылық (үйірлесу), белсенгіш, затшылдық, қоздырғыш, мазмұндау, жасанды, көпшілдік, тітіркеніс, тәжірибехана т.б. сөздер грамматикалық мағынасына қарай термин жасау құралы болды.
Сондай-ақ, психологияда терминдер сөздердің бірігуі арқылы да жасалды. Атап айтар болсақ, Жүсіпбек Аймауытұлы физиология ғылымына қатысты палочка сөзі селеубас деп аударған болатын. Яғни, бұл сөз осы бірігу тәсілі арқылы қалыптасты.
Сонымен қатар қазақ ғылыми психология терминдері сөз тіркесі ретінде де қабылданған. Ондай терминдер қатарына алданған сезім (иллюзия), әдемілік сезімі (эстетические чувства), жұртшылық сезімі (стадный инстинкт), жан қуаттары (психологические процессы), жан тамыршысы (психолог), құрғақ даналық (рациональный), салқын қанды (флегматик), ұзыншақ ми (продолговатый мозг), ұлы ми (головной мозг), ыстық қанды (сангвиник) т.б. сөздер осы тәсілмен, яғни сөздердің тіркесуі арқылы жасалған.
Ал калька әдісі арқылы алынған терминдерге келер болсақ, өткен ғасыр басында олар да көптеп табылады. Мәселен, жігіттік (юношество), қызмет (деятельность), балалық (детство), т.б. терминдер.
Яғни, Жүсіпбек Аймауытұлы өз еңбектерінде психологиялық пән атауларын қалыптастыру кезінде қазақ тілі сөзжасамының барлық мүмкіндіктерін, шынымен де, «сарқа пайдаланған».
Белгілі терминолог ғалым Ш.Құрманбайұлы өзінің «Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері» атты еңбегінде терминге қойылатын негізгі талаптарды былай бөледі:
- терминнің бірмағыналылығы;
- термин мағынасының дәлдігі;
- терминнің қысқалығы немесе ықшамдылығы;
- терминнің тілдегі сөзжасам заңдылықтарына сәйкес келуі;
- терминнің туынды сөз жасауға қолайлы болуы;
- терминде эмоционалдылық пен экспрессиялықтың болмауы;
- эстетикалық талаптарға сай келуі [3. 11].
Ғалым жіктеген бұл талаптарға жеке-жеке тоқталар болсақ,
1) терминнің бірмағыналылығы – термин сөздің бір ғылымда бір ғана мағынаны білдіруі. Бұны терминдердің әр ғылым саласында түрлі мағына білдіруімен шатастыруға болмайды.
2) Термин мағынасының дәлдігі – термин сөз атауында өзі білдіретін ұғымның негізгі, басты белгілері өрнектелуі керек.
3) Терминнің қысқалығы немесе ықшамдылығы – қарапайым ұғымдармен салыстырғанда термин сөздердің қысқа әрі нұсқа болғандығы абзал. Сондықтан да шет тілінде бір ғана сөзбен берілетін атауды қазақ тіліне аударған кезде терминнің дәл мағынасын білдіретін барынша қысқа нұсқасын алған орынды. Үш немесе одан да көп сөзден тұратын сөз тіркесін термин ретінде қолдану қолайсыздық тудырары сөзсіз.
4) Терминнің тілдегі сөзжасам заңдылықтарына сәйкес келуі — әдеби тілдің бір тармағы ретінде термин сөздер де тілдің сөзжасам заңдылығына бағынуы керек. Яғни, белгілі бір сөзден термин қалыптастырғанда сол тілдегі қалыптасқан сөз тудырушы жұрнақтар қолданылуы керек.
5) Терминнің туынды сөз жасауға қолайлы болуы – бұл талапты Ш.Құрманбайұлы терминнің ықшам болуы керек деген талаппен байланыстырады. Яғни, термин сөз қаншалықты қысқа болса, оған жұрнақтарды үсті-үстіне жалғау арқылы соншалықты жаңа сөздер тудыруға болатынын алға тартады.
6) Терминде эмоционалдылық пен экспрессиялықтың болмауы – ғылым тілі нақтылықты қалайтындықтан, сол ғылым тілін жасаушы терминдердің де нақты, тура мағынада болғандығы жөн.
7) Эстетикалық талаптарға сай келуі – термин сөз айтуға жеңіл, естіген құлаққа жағымды болуы тиіс.
Терминология саласында терминге қойылатын осы талаптарды Жүсіпбек Аймауытұлы психологиялық терминдер қалыптастыру кезінде барынша сақтауға тырысқан. Яғни, Жүсіпбек Аймауытұлының сонау ХХ ғасырдың басында, ғылыми тіл енді қалыптасып келе жатқан кезеңде жасаған психологиялық терминдері бүгінгі күнгі талаптарға жауап бере алады. Оған айғақ – ғұлама ғалым қалыптастырған көптеген терминдердің қазіргі кезеңде де ғылыми термин ретінде төл тіліміздің психология ғылымы саласында кеңінен қолданыста жүргендігі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Ш.Құрманбайұлы, О.Жұбаева. Терминология мәселелері. 1-кітап. Астана, 2006-288б.
- Қ.Жарықбаев. Жүсіпбек Аймауытұлының психологиялық көзқарастары (студенттер мен мұғалімдерге арналған көмекші құрал). Алматы, 2000 – 76б.
- Құрманбайұлы Ш. Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері (Барлық сала мамандарына арналған әдістемелік құрал). Алматы, 2005 – 240б.