Қазіргі қазақ тілі лексикасын меңгеру үшін қазақ тілінің сөздік құрамындағы сөздерді зерттеп, олардың стильдік айырмашылығын білу керек. Ол үшін қазақ тілінің сөздіктерін пайдалана білу керек.
«Сөздік» деген ұғым бұрын бір ғана атау болған, қазір түрлі мәнді, кең мағыналы сөз. Сөздікті көне түрік тілдерінде лұғат деп атаған.
Сөздік – белгілі бір тілдің сөздік құрамындағы жалпы я белгілі бір саладағы жеке сөздердің алфавиттік тәртіппен тізіліп, жүйеге түскен құрал.
қазіргі таңда салыстырмалы, түсіндірме, академиялық, шет тілдік, екі тілдік, көп тілдік т.б. және фразеологиялық, терминологиялық, диалектологиялық, этимологиялық, энциклопедиялық, синонимдік сөздіктер т.б. болып бөлінеді.
Біздің зерттеу жұмысымыздың зерттеу нысаны болғандықтан осы сөздіктердің ішінен түсіндірме сөздіктерге тоқталғымыз келеді.
1.Түсіндірме сөздік. Түсіндірме сөздік туралы жоғарыда төқталып өткендіктен, соған қосымша төмендегі бір жайды ғана ескерткіміз келеді.
Түсіндірме сөздіктер адамзат тарихының әрқилы кезеңдерінде, әртүрлі мақсат- мүдделерге сай, алуан түрлі жүйе мен құрылымда жасалып келеді. Мәдениет үлгілері ертерек хатқа түсіп, жазба дәстүрі үздіксіз дамып келе жатқан елдерде бұл сала – халықтық білім мен біліктің шежіресі іспеттес.
Лексикографияның тарихында жанрлық жағынан өзгешеленетін түсіндірме сөздіктердің түрлері көп. Сөздік тұлға ретінде жеке сөзді, сөздің түбірін немесе қосымшаларды қарастыратын сөздіктер ерте кездерден бері жасалып келеді. Оларға мысал ретінде көне үнді, ескі қытай, орта ғасырлық араб, парсы, түркі елдерінің бірқатар сөздіктерін, латын жазулы Еуропа халықтарының алғашқы түсіндірме сөздіктерін келтіруге болады.
Тілдік даму барысында сөздердің бір тобы ескіріп, екінші бір тобы жаңадан пайда болып жатады. Соның нәтижесінде бір тілдің тарихындағы түрлі дәуір, кезеңдер аралығында тілдік өзгешеліктердің орын алары сөзсіз. Түсіндірме сөздіктердің кейбір арнаулы түрлері осындай өзгешеліктерді түсіндіру мақсатымен жасалады. Үнді жерінде жасалған сөздіктердің ішіндегі ғылымға белгілі ең ескі шығарма – «Нирукта» («Ригведадағы» ескірген сөздердің тарихи-этимологиялық сөздігі) осындай сөздіктердің қатарына жатады.
Ежелгі үнді грамматикасы мен сөздік түзу дәстүрінен сабақ алған орта ғасырлық араб лексикографиясында толық түсіндірме сөздіктер де, ескірген сөздер мен кірме сөздердің түсіндірме сөздіктері де болған. Мәселен, араб тіліндегі алғашқы түсіндірме сөздік болып саналатын «Китаб ул-Айн»-ның (ҮІІІ ғ.) авторы Халил ибн Ахмад ал-Фарахиди өз еңбегін санскритте жазылған ежелгі үнді сөздікшелерінің үлгісімен жасаған. Бұл сөздік түбірлер негізінде жасалған идеографиялық сөздік болып табылады. Қазіргі Еуропалық лексикография дәстүрінде идеографиялық сөздік сөздіктің ең үздік үлгі саналатынын ескерсек, ежелгі Шығыс сөздікшілерінің еңбегін жоғары бағалауға тура келеді [1,93].
Бұл сөздік әдетте ескірген сөздерді (архаизмдерді) де, жаңа сөздерді (неологизмдерді) де, фразеологияны да, мақал-мәтелдерді де қамтып, кейде жеке сөздің этимологиясынан да мәлімет береді. Сонымен қатар бұл сөздікте қазіргі тілдегі негізгі сөздермен бірге, туынды сөздер де қамтылады. Дегенмен, күні бүгінге дейін ешбір сөздік белгілі бір тілдің сөздік құрамын түгел қамтыған емес. Түгел қамту әзірге мүмкін де емес.
Түсіндірме сөздік екі түрлі жолмен жасалады. Бірінде – тілдегі сөздер алфавит тәртібімен реестр етіліп беріледі; екіншісінде – сөздік ұя жүйесімен жасалады. Мысалы, орыс тілінің академик В.И.Даль жасаған түсіндірме сөздігі ұя жүйесімен берілген [2]. Мұндай сөздіктің пайдалы жағы – кітаптың көлемін ықшамдайды, берілетін сөз саны азаяды, төркіндес сөздер топталады, сөз төркіні көрінеді. В.И.Дальдің сөздігінде 200 мыңнан астам сөз болса, Д.Н.Ушаковтың сөздігінде 85000 сөз бар [3], бірақ екеуі көлем жағынан қарайлас. Ал ұялы сөздіктен іздеген сөзді табу қиын. Сондықтан ұя жүйесімен жасау осы күнгі сөздіктерде кездеспейді деуге де болады.
Түсіндірме сөздік бір тілдің негізгі сөз байлығын қамти отырып, сол тілдің әдеби тілінің нормасын қалыптастырады. Сондықтан оны норматив сөздік деп те атайды.
Қазақ лексикографиясының тәжірибелік мәселелері ХІХ ғасырдан бері сөз болып келгенімен, оның теориясына қатысты ой-пікірлер ХХ ғасырдың ІІ-жартысынан бергі кезеңде ғана айтыла бастады. Бұл, әсіресе, бір тілді лексикографияға қатысты.
1953 жылы қазақ тілінің бір томдық түсіндірме сөздігінің инструкциясы түзілген болса, 1956 жылы Ғ.Ғ.Мұсабаевтың «Қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігі туралы» атты тезистері жарық көрді [4]. Ол ғалымның Баку қаласында болып өткен «Түркі тілдерінің түсіндірме сөздіктерін жасау мәселелері бойынша координациялық кеңесте» жасаған баяндамасының тезистері болатын.
Түсіндірме сөздіктің жекелеген мәселелеріне арналған мақалалардың біразы мерзімді ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтардың құрамында жарияланып отырды. Олардың қатарына Ш.Ш.Сарыбаевтың «Еліктеуіш сөздердің түсіндірме сөздікте берілу тәртібі» [5], Ә.Болғанбаевтың «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде синонимдерді қолдану тәжірибесінен» [6], Б.Сүлейменованың «Орыс тілінен енген сөздердің түсіндірме сөздікте берілуі жөнінде» [7] т.б. еңбектерін жатқызуға болады.
Лексикографияны теориялық тұрғыдан зерттеуді бастаудың қажеттілігі туралы мәселе күн тәртібіне сонау 1960 жылдары қойылған еді. Профессор К.Аханов өзінің «Қазақ лексикографиясы туралы ойлар» атты мақаласында бұл сала бойынша әлі күнге бір де бір диссертация не монографиялық еңбектің жазылмағанын айтқан болатын.
ХХ ғасырдың 70-жылдары Ш.Ш.Сарыбаев қазақ тіл білімі бойынша жүз елу диссертация қорғалғанымен, солардың ішінде лексикография мәселелерін зерттеуге арналған еңбектің болмай отырғандығын еске салған еді.
Қазақ тіл біліміндегі түсіндірме сөздіктің құрастырылу тарихына, өзіндік ерекшеліктеріне кеңірек тоқтала кеткіміз келеді:
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1-2 томдары) І.К.Кеңесбаевтың жалпы редакциялауымен 1959-1961 жылдары жарық көрген. І томы 8697 сөзді, ал ІІ томы 10890 сөздерді қамтыған, барлығы 18235 сөзді, 3371 фразеологизмді қамтыған. Сөйтіп, реестрдегі сөз санының шағындығына қарамай, бұл түсіндірме сөздіктің шығуы – қазақ халқының мәдени өсуінің көрсеткіші ретінде елеулі оқиға болды. Өйткені бұл сөздікке енген реестр сөздер – негізінен түбір сөздер, ол – бір. Екіншіден, сөздікке енген сөздер – құжаттамаға сүйене отырып, түбегейлі шешілуге тиіс сөздер. Үшіншіден, бұл сөздік қазіргі қазақ әдеби тілінің нормасын көрсететін анықтама болуды мақсат етеді. Сондықтан профессор I.К.Кеңесбаев осы сөздікке жазған алғы сөзінде: «Осы күнгі әдеби тілімізден орын тепкен, өмірде жиі кездесетін сөздердің лексикалық, семантикалық нормаларын көрсету — сөздіктің алдына қойылған негізгі мақсат болды» [8,3],- дейді.
Мұндай сөздіктер лексика-семантикалық норманы көрсетумен ғана шектелмейді, олар орфографиялық, орфоэпиялық нормаларды да қамтиды. Сөйлеу тілі мен қиын әдеби тіл нормаларын анықтайды да, оларды ажыратарлық көрсеткіш критерийін береді. Сөйтіп сөздіктің жауапты редакторы:«Халықтың кәрі тарихымен құрдас тілінен сол халықтың өмір тіршілігі, әдет-ғұрпы, шаруашылық жағдайы, өзге елдермен қарым-қатынасы, саяси, мәдени дәрежесі аңғарылатыны жұртқа мәлім»,- деп дұрыс көрсеткен. Осындай ерекшеліктер түсіндірме сөздіктен көрініс табуға тиіс. Түсіндірме сөздікке осындай талаптар қойылатын болса, оған төтеп берерлік сөздік те қолымызда бар. Екі томдық түсіндірме сөздіктің шыққанына 6 жыл өткен соң он томдық сөздік шығару жоспарланып, 1967 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының лексикографтары сөздік шығаруға кіріскен. 1974 — 1986 жылдар арасында сөздік он том болып жарық көрді. Оның жалпы редакциясын басқарған профессор А.Ысқақов. Бұл «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» [9] 100000-нан астам сөз бен сөз тіркестерін қамтыған сөздік түркі тілді елдер арасындағы бірінші қомақты еңбек болып саналады.
Сөздіктің «Кіріспесінде» А.Ысқақов: «Түсіндірме сөздіктің ондай төтенше орны мен маңызы, бір жағынан, халқымыздың рухани өмірі мен мәдени тұрмысында атқаратын қоғамдық қызметіне қатысты болса, екінші жағынан, қазақ тіл білімінің теориялық және практикалық мұқтаждарын өтеуіне байланысты. Өйткені, түсіндірме сөздік тұтасымен алып қарағанда, қазақ тілінің әрі толық сөздігі, әрі түсіндірме сөздігі есебінде жасалатындықтан және танылуға, қабылдануға тиісті болғандықтан, әрине, ол, біріншіден, тіліміздегі сөздерді түгел қамтуды, екіншіден, сол сөздердің бәрінің мағыналарын толық ашып, дұрыс түсінік беруді, үшіншіден, оларға әдебиет нұсқаларынан тыңғылықты мысалдар келтіріп, әрі қонымды, әрі нанымды етіп көрсетуді мақсат тұтады» — деп тоқталады [9,3].
«Қазақ тілінің сөздігі» Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов [10]. Бұл сөздікте негізінен қазіргі әдеби тілдің нормасына тән, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында жиі жұмсалатын сөздер мен сөз тіркестері берілген. Сонымен қатар бұл сөздікте оқулықтар мен оқу құралдарында, ғылыми-көпшілік әдебиетте, баспасөз беттерінде жиі қолданылатын терминдер мен атаулар, кейбір жаңа сөздер де қамтылған. Сөздікте тіліміздегі омонимдер мен омоформалар жеке атау сөз ретінде алынған.
Соңғы жылдары 15 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздік» шыңарыла бастады. Қазіргі таңда осы сөздіктің 3 томы ғана жарық көрді.
Әдебиеттер тізімі
- 1. Ахвледиани В.Г. Арабское языкознание средних веков//История лингвистических учений. Средневековой Восток./Сб.научн.тр. –Л.,1981.-С.53-95.
- Даль В.И. Толковый словарь.-М., Гослитиздат, 1935.
3.Толковый словарь русского языка /под ред.проф.Д.Н.Ушакова/-М.ОГИЗ, 1935.
- 4. Мұсабаев Г.Ғ. Қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігі туралы//Каз ССР ҒА Хаб., филология және өнер. Сер. 1956.3-шығуы.
- Сарыбаев Ш.Ш.Еліктеуіш сөздердің түсіндірме сөздікте берілу тәртібі. //Каз ССР ҒА Хаб., филология және өнер. Сер. 1960.1 (14) шығуы.
- Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде синонимдерді қолдану тәжірибесінен //Каз ССР ҒА Хаб., филология және өнер. Сер. 1962.3-шығуы.
7.Сүлейменова Б. Орыс тілінен енген сөздердің түсіндірме сөздікте берілуі жөнінде //Каз ССр ҒА Хаб., филология және өнер. Сер. 1962.2-шығуы.
8.Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. — Алматы: Ғылым, Т.I :А-К, 1959; Т.II Қ-Я, 1961.
9.Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. –Алматы:Ғылым. Т.1-10. 1974-1986.
- Қазақ тілінің сөздігі.- Алматы: Дайк-Пресс, 1999. -776.