Көрнекті қоғам қайраткері, ғалым-педагог, жазушы-публицист Мәлік Ғабдуллиннің бүкіл ғылыми шығармашылық қызметі негізінен қазақтың дәстүрлі ауыз әдебиетін зерттеуге арналған.
Мәлік Ғабдуллин 1916 жылдың 15 қарашасында Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Қойсалған деген мекенде дүниеге келген. 1935 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген.
М.Ғабдуллин дарынды очеркші, жалынды публицист ретінде қазақ әдебиетіне өте зор үлес қосты. Сондай-ақ туған әдебиеттің тарихы мен сынына, оқу-тәрбие жұмыстарына қатысты еңбектері де елеулі.
1938 жылдан бастап қазақ фольклорының мәселелерін терең зерттеген ғалым. 1947 жылы “Қобыланды батыр” жырын ғылыми зерттеудің проблемалары” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. “Қазақ халқының ауыз әдебиеті” деген (1958) монографиясында халқымыздың лиро-эпосы, батырлық жырлары, ертегі-аңыздары, тұрмыс-салт өлеңдері, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, айтыс өнері туралы ғылыми таладулар мен терең қорытындылар жасады.
“Қобыланды батыр” жыры Мәлік Ғабдуллиннің негізгі тақырыбы болды. Бұл оған отыз жыл бойы әлденеше рет оралды. 1972 жылы “Қазақ халқының батырлық жыры” монографиясын жариялады. Мұнда жырдың айтушылары, зерттеушілері жөнінде кеңінен тоқталып, ертеден мәлім болған нұсқаларды салыстырады. Жырдың идеялық сарыны, көркемдік тәсілдері, композициялық құрылымы, ондағы эволюциялық өзгерістер, даму сатылары жан-жақты сөз болады.
Монографияда “Алпамыс”, “Ер Тарғын”, “Қамбар батыр”, жырлары да жеке тарау көлемінде берілген
Мәлік Ғабдуллин 1959 жылы докторлық диссертациясын қорғап, сол жылы профессор ғылыми атағын алады. КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі (1959), Кеңес Одағының Батыры (1943), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961), Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты (1972).
Мәлік Ғабдуллиннің “Қазақ халқының ауыз әдебиеті” атты оқулық-монографиясының ғылыми мәні ерекше зор. Ғалымның қазақ фольклоры саласында ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеу жұмыстары осында жинақталған. Оқулықта фольклордың және оның жанрларының анықтамасы, ерекшелігі, идеялық, көркемдік сипаты түсіндіріледі. Оқулық “Ауыз әдебиеті туралы түсінік” деген кіріспе тараумен басталады. Батыс, орыс фольклорында “мифтік теория”, “ауысып алу теориясы”, “тарихи мектеп” деген әр түрлі теориялар, ағымдар болған. Ғалым бұлар жайында да қысқаша түсінік береді.
Ауыз әдебиетінің жазба әдебиеттен айырмашылығы, көп варианттылығы, тұрақты тіркестердің қайталанып отыратындығы және ақын, жыршы, әнші туралы жан-жақты талдау жасаған.
Оқулықтың бірінші тарауы “Тұрмыс-салтқа байланысты туған шығармалар” деп аталған. Олар:
Төрт түлік мал, еңбек кәсіп жайындағы.
Үйлену салтына байланысты.
Діни ұғымға байланысты.
Көңіл-күйін білдіретін өлеңдер.
Бірінші топқа аңшылық жайындағы өлеңдер де қосылады. Наурыз жырлары да осы тақырыппен қарастырылады. Үйлену салтына байланысты туған өлеңдерді жар-жар, той бастар, сыңсу, жұбату, беташар деп атайды, ал діни ұғымдарға байланысты өлеңдер бәдік, арбау, жалбарыну, бақсы сарыны деп жіктейді.
Төртінші топқа жатқызылған қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтау өлеңдері “Мұң-шер өлеңдері” деп аталады
Ұлы ғалым Мәлік Ғабдуллин мақал-мәтел, жұмбақтар жайында да үлкен ойлар айтқан. Бұлар фольклордың ұсақ жанры десек те, қамтитын тақырыбы, мәселесі жағынан ауқымды да жан-жақты туындылар. Автор мақал-мәтел, жұмбақтардың жиналу, жариялану , зерттелу тарихына айрықша тоқталған.
М.Әуезов, Ө.Тұрманжанов, т.б. еңбегін айрықша атайды. Мақал мен мәтелдің ұқсастығын, айырмашылығын айта келіп, бұларға ғылыми анықтама береді.
Ғалым ұстазымыз қазақ ертегілерін мазмұнына, тақырыбына қарай ішкі жанрларға жіктейді:
Қиял-ғажайып ертегілері.
Хайуанаттар жайындағы ертегілер.
Тұрмыс-салт ертегілері
Аңыз-әңгімелер.
М.Ғабдуллин Алдар көсе, Жиренше, Асан қайғы, Қожанасырдың тарихта қашан болғаны, нақты өмірбаяны белгісіз тұлғалар жөніндегі аңыздардың да өмірдің өзінен алынғанын, оқиғаларының нанымды екенін тілге тиек етеді.
Батырлар жыры бұл ғалымның бүкіл ғылыми қызметінде айрықша зерттеген қастерлі тақырыбы. “ “Батырлар жыры” жинақтарының (үш томдық) жалпы редакциясын басқарды.
Сондай –ақ, М.Ғабдуллин айтыс өлеңдерін мазмұнына, тақырыбына қарай екі топқа бөледі : біріншісі – халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрып салтына байланысты туған айтыстар. екіншісі – ақындар айтысы. Алғашқы топқа жататындар жар-жар, бәдік айтысы, “Қыз бен жігіт айтысы”, “Жұмбақ айтысы” және “Діни айтыс” .Айтысты зертеушілердің бәрі де, оның ішінде осы оқулық авторы да тұрмыс-салт айтыстарын ерте заманда пайда болған көне түрге жатқызады. Бұл кейіннен айтыстың күрделі түрлерінің, мысалы, ақындар айтысының туып, қалыптасуына себеп болды дегенді айтады. Соңғы ақындар айтысын сүре айтыс, түре айтыс деп екіге бөледі.
Мәлік Ғабдуллин әдебиет зерттеушісі, сыншы, педагог: “Абай романы совет әдебиетінің зор табысы” “Қарағанды қазақ әдебиетінде”, “Қазақ совет поэзиясындағы әйел образы”, “Қазақ әдебиетінің оқулықтарын жазу туралы” т.б. байсалды мақалалары құнды зерттеу еңбектер.
Ғалымның “Мұхтар Әуезовке хат” деп аталған мақаласы да осы заманғы поэзияның көкейкесті проблемаларына арналған.
Қазақтың ұлы ғалымы Мәлік Ғабдуллин ағамыз әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология және журналистика факультетінің студенттеріне ұзақ жыл қазақ халқының ауыз әдебиетінен сабақ берді.
Біздің құрметті ұстазымыз, профессор Сұлтанғали Садырбаевпен екеуі бірлесіп,оқу бағдарламасына арналған “Қазақ халық әдебиеті ( фольклоры) ” программасын жазды. Қазір сол терең бағдарлама негізінде, біздің студенттер қазақ халық әдебиетінен білім алады.
Мәлік Ғабдуллиннің жетекшілігімен филология, педагогика, психология ғылымдары саласында көптеген кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды, ғылыми еңбектер жазылып, жарық көрді.
Қазақстан үкіметі көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Мәлік Ғабдуллиннің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен оның есімі Алматы және Көкшетау қалаларындағы көшелерге, мектептер мен кітапханаларға берілді. Көкшетауда және ол туған жері Қойсалған ауылында асқан білімпаз ағамыздың музей-үйі мен ескерткіші бар