Қасиетті қазақ жерін жаяу аралап шыққан кез келген адамның төрткүл дүниені түгел шарлағандай әсер алатыны ақиқат. Ата-бабамыз ұрпағына ұлағат еткен осы аяулы атамекенімізде Жер-анаға тән қандай да жағрапиялық ерекшелік, қандай да ауа райы климатының құбылысы жоқ десеңізші!
Жер ұйығы – Жетісудың, ақбас шың Алатаудың, асқақ Алтайдың, шежірелі Маңғыстаудың, қазыналы Қаратаудың, қарағайлы Қарқаралының, кербез сұлу Көкшетаудың, бағаналы Баянауылдың баламасыз тамаша табиғаты тәжірибелі жаһанкездердің өзін де таңдай қаға тамсандырып келеді, таңдандыра бермек.
Соның бірі – Солтүстік жартышарда сақталған самалды Сарыарқаның салиқалы жазығындағы қоғалы көл, қоқиқаздардың құт мекені – Қорғалжын қорығы. Бүгінде Ақмола облысының Қорғалжын, Егіндікөл, Қарағанды облысының Нұра аудандарының аумағында орналасқан бұл мемлекеттік қорықтың көлемі 258963 гектарды құрап отыр. Оның 197919 гектарын су айдыны алып жатыр.
Тарихты дүбірлеткен көнедегі ер түріктер тұлпарлары тұяғының ізі қалған шежірелі Қорғалжын өңірінде талай буын көшпенділер қас батырларының есімін әйгілейтін ескерткіштер сақталған. Атақты Тоқтамыс хан ат суарған Тоқтамыс көлі, Абылайхан шатыр тіккен Абылай көлі, Кенесары қона жатқан Сұлтанкелді көлі соған дәлел болса керек. Өткен ғасырдың бірінші жартысында бұл өңірде ірілі-ұсақты 130-дан астам көлдердің айдыны кемерінен асып жатар еді. Адам қолымен жасалған қиянаттың кесірінен оның біразы суалып, біразының күйі кетіп, көлшікке айналды.
Қазір Қорғалжын қорығының аумағында 60-қа жуық тұщы және тұзды көлдер бар. Тұщы көлдер қатарына Сұлтанкелді, Есей, Қоқай, Асаубалық жатса, тұзды көлдер қатарына атақты Теңіз көлі кіреді. Қорғалжын қорығының атын әлемге жайған құс падишасы – қоқиқаздарды сонау Африкадан бұл өңірге магниттей тартып жатқан құдірет те осы – Теңіз көлі. Оның құрамындағы тұздың мөлшері теңіз суының тұздылығынан 5-6 есе асып түседі.
Теңіз – көне көл. Мұнда мекен ететін құстар да көнеден келе жатыр. Бұл – алқызыл қоқиқаздардың солтүстіктегі жалғыз мекені. Олар мұнда Теңіз-Қорғалжын ойпатын Тетис көлі басып жатқан палегон дәуірінен бері өмір сүріп келеді. Жыл құстары үшін Теңіз көлі – таптырмайтын құт мекен.
Теңіз көлі бір мезгілде 15 миллион құсты жем қорымен толық қамтамасыз ете алады. Бұл жерде құс падишалары – бұйра бірқазандар мен алқызыл қоқиқаздар ұя салады.
Табиғат құдіретінде шек бар ма?! Жыл сайын ұя басып, ұрпақ жалғастыру үшін сонау Африкадан Теңіз көліне дейін мыңдаған шақырым қашықтықты артта қалдырып, қанаттары талып, 50-60 мыңға тарта қоқиқаз Қорғалжын қорығына ұшып келеді. Ал әлемдегі барлық бұйра бірқазанның 20 пайыздан астамы осы жерге келіп, ұя салады. Ғалымдардың есебі бойынша, Қызыл кітапқа кірген ақбас үйректің, қарабас өгізшағалалардың және далалық қырандардың 10-15 пайыздан астамы осы қорықта ғана жұмыртқа басады екен.
Қорғалжын қорығында сүтқоректі жануарлардың 41 түрі, оның 8-і халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген, құстардың – 321 түрі, оның 39-ы Қазақстанның Қызыл кітабына, 22-сі халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген, балықтардың – 14 түрі, жәндіктердің 700-ден астам түрлері мекендейді.
Сондай-ақ мұнда өсетін өсімдіктердің 418 түрі тіркелген.
Міне осындай тұмса табиғат тұнығы, құс жолының құт мекені – Қорғалжын көлдерінің айдынын қасірет құрсаулады. Тың және тыңайған жерлерді игеру желігімен жан-жақтан жиналған келімсектер өңірде алаңсыз өрген киіктерді қынадай қырып, Теңіздің аққу-қаздарын топ-топтап атып, көлдегі балығын жарылғыш карбидпен жусатты. Жергілікті халық ата-баба қорымын, туған табиғатын қорғау мақсатында “төрімізге шығып, киізімізді тілген” келімсектермен талай-талай қақтығыстарға да барды. Бірақ күш тең емес еді. Келім-сектердің артында “қолтығына су бүріккен” үлкен империя тұрды.
Күн тәртібінде Теңіз, Қорғалжын көлдерін сақтап қалу мәселесі күннен-күнге өткір қойыла бастады. Сөйтіп, 1957 жылдың наурыз айында бұл өңір аңшылық заказнигі болып жарияланды. Ол да жетіскен шаруа емес еді. Енді бұл көлдердің фаунасы мен флорасы заңды түрде рұқсат қағаздары бар “аңшылар” мен “балықшылардың” майдан алаңына айналды.
Қазақстан ғалымдары мен зиялылары дабыл қағуын тоқтатпады. Осының нәтижесінде 1958 жылы мамыр айында Көн өзенінің оң жағасында бар болғаны 15 мың гектар жерді қамтыған Қорғалжын мемлекеттік қорығы құрылды. Алайда, бұл қорғалатын аймаққа ғажайып көлдердің үштен бірі де енген жоқ. Ол, ол ма, “ұлы жүгеріші” атанған Никита Хрущевтің аярлығымен болашақта Ресейге қосу үшін құрылған Тың өлкесі (“Целинный край”) 1961 жылы Қорғалжын қорығын ыдыратып, оған бөлінген жердің жартысынан астамын жыртып тастады. 1962 жылы механикаландырылған орман шаруашылығына айналған Қорғалжын қорық-шаруашылығы бір-біріне мүлде кереғар функцияларға ие болды. Ол бір мезгілде әрі табиғат байлығын қорғап, әрі аңшылық-балықшылықпен айналысуға тиіс еді.
Тек 1968 жылдың сәуірінде республика Ғылым академиясының ұсынысымен Қазақ ССР Министерлер Кеңесі жалпы көлемі 177200 гектар, оның ішінде 147600 гектар су айдыны бар толыққанды Қорғалжын мемлекеттік қорығын құру туралы №124 қаулысын шығарды. 1974 жылы қазан айында халықаралық Рамсар конвенциясы бойынша Қорғалжын қорығы “А” категориясына жататын әлемдік маңызы бар сирек кездесетін сулы-батпақты аймақ ретінде тіркелді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар ішінде Елбасының тікелей назар аударуының нәтижесінде Қорғалжын мемлекеттік қорығының халықаралық дәрежедегі жаңа шежіресі басталды. 1998 жылы Көкшетауда Қоршаған ортаны және табиғи байлықтарын қорғау министрлігі мен Германияның табиғат қорғау одағы (NABU) “Адам және биосфера” атты конференция өткізді. Онда Қорғалжын қорығында экологиялық туризм бастамасын жүзеге асыру мәселесі қойылды. NABU тарапынан бұл мақсатқа қаржылай грант бөлінді. 2000 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында өткізілген форумда қорық дүниежүзілік “Тірі көлдер” жүйесіне 19-шы болып енгізілді. 2002 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік табиғи мұралар қатарына қосуға өтініш беріліп, 2007 жылы Теңіз-Қорғалжын көлдері ІВА (халықаралық маңызы бар негізгі орнитологиялық аймақ) дәрежесіне ие болды.
258963 гектар жерді алып жатқан Қорғалжын қорығы – Қазақстандағы ірі табиғи аймақ. Оның территориясы Швейцариядан да үлкен. Бүгінде осы табиғат тамашасы, құс әлемінің құтты қонысы – Қорғалжын қорығының басына үйірілген қасірет бұлты да қалың.
Оның ең бастысы, Теңіз-Қорғалжын айдын көлдерінің сусындайтын жалғыз нәрі – Нұра өзенінің тартылуы. Әлімсақтан келе жатқан есеп бойынша, Қорғалжын қорығы аумағындағы көлдердің қалыпты жағдайы сақталуы үшін жыл сайын Нұра өзенінен бұл көлдерге 1 миллиард текше метр су келуі керек. Ал қазір Нұра өзенінің өн бойын жағалай қонған су пайдаланушылар бұл меженің 10 пайызын ғана босатып отыр.
Кезінде қорық көлдеріндегі қажетті су мөлшерін реттеп отыру мақсатымен Абылай және Табиақ су бөгеттері салынған болатын. Осыдан бірер жыл бұрын сол бөгеттердің бірін тасқын су шайып кетті. Сол су бөгетін қалпына келтіруге облыстық биліктің мойыны жар бермей жүр. Оны қалпына келтіруге аса көп күш пен қаржы да (40-50 миллион теңге шамасында) қажет емес.
Бұлтартпас бір шындық, Нұра өзенінен құйылатын су осылай азая беретін болса, әлемде сирек кездесетін бұл көлдерді ешқандай да қолдан жасалған су бөгеттері құтқарып қала алмайды. Мамандардың айтуы бойынша, қорық көлдеріне жыл сайын 700 миллион текше метр су құйылуы қажет. Бұлай болмаған жағдайда, Теңіз-Қорғалжын көлдері суала бастайды. Теңіз көлінің аумағында тұз басқан үлкен сортаң жер пайда болады. Одан ұшқан тұз аймақты үлкен экологиялық апатқа ұрындыруы мүмкін. Оның үстіне Қорғалжын қорығының тәуелсіз мемлекетіміздің мақтанышы, экономикамыздың даму локомотиві болып саналатын ғажайып елорда – Астана қаласынан бар болғаны 164 шақырым ғана қашықтықта орналасқанын да естен шығармауымыз керек.
Туған табиғатымыздың тұнық күйінде сақталуына орасан кесапат келтіріп отырған тағы бір кесел – еліміздің экология-экономикалық дамуының қоршаған ортаға барынша зиянды техногендік бағыттағы құрылым сипаты. Басқаша айтсақ, экономикалық дамудың техногендік түрі – табиғат ресурстарын тез және орны толмайтындай ойсырата пайдалану, жер қойнауындағы қазба байлықтарын қарақшылықпен игеру, топырақ, орман, су қорларын рәсуа ету, қоршаған ортаны газ, түтін және басқа да өнеркәсіптік зиянды қалдықтармен ластау болып табылады.
Міне, осындай техногендік кесапаттардың зардабы Нұра өзені мен Теңіз-Қорғалжын көлдеріне де орны толмас зиян әкелуде. Осыдан біраз жыл бұрын мамандар Нұра өзеніне Теміртау қаласының өндірістік аймақтарынан шыққан сынап қалдықтарының қосылып кеткендігі туралы дабыл қаққан болатын. Қазір ғалымдардың зерттеу дерегі бойынша, Теңіз-Қорғалжын аймағындағы көлдердің суындағы сынап мөлшері қалыпты межеден екі-үш есе асып кеткен. Бұрын өндірістік сынап қалдықтарын Нұра өзенінің бойындағы Самарқант және Ынтымақ су қоймаларының түбінде өскен сал ұстап қалатын. 2004 жылы болған қатты су тасқыны кезінде өзен суына қосылған сынап қорық көлдеріне дейін жеткен.
Әрине, Үкімет тарапынан бұл проблемаларды шешу мақсатындағы жұмыстар да жүргізілмей отырған жоқ. Екі жылдан бері Бүкіләлемдік банктің қаржысымен Теміртау қаласында Нұра өзенін тазалау жөніндегі жоба жұмыс істеп келеді. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су қорлары жөніндегі комитеті бақылау жасайды. Жоба ластанған су көздерін сынаптан тазартумен қатар, Ынтымақ су қоймасын, су бөгеттерін толық қалпына келтіру, Қорғалжын қорығындағы көлдерді қорғау жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды көздейді. Алайда, қазіргі күнге дейін белгіленген жоба да, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі игі мақсат та дер кезінде тиімді атқарылып жатқан жоқ.
Қорыта айтқанда, Қорғалжын қорығын қорғау, Рамсар Конвенциясымен халықаралық “А” дәрежесіндегі әлемдік маңызы бар сулы-батпақты аймақ тізіміне енген қоқиқаздың құт мекенін болашақ ұрпақ игілігіне жеткізу – бүгінгі қоғам алдында тұрған парыз. Бұл мақсат мемлекеттің тікелей араласуымен ғана нәтижелі болмақ.
Сондықтан Үкімет Қорғалжын қорығын сақтап қалу мәселесін ұлттық және мемлекеттік маңызы бар экологиялық шұғыл міндет ретінде күн тәртібіне қойып, жүйелі де кешенді шаралар тізімін жасауы қажет.
“Жығылғанға жұдырық” дегендей, 2006 жылдың соңында Қорғалжын қорығының болашағына қауіп төндірген тағы бір суық хабар сумаң етті: “Теңіз көлінің табанынан мол мұнай қоры табылыпты. Оны зерттеу және игеру құқығына Оңтүстік Кореяның бір фирмасы ие болыпты”. Бұл қауесетті қорғалжындықтардың көпшілігі қуана қабылдады. Оған негіз де жоқ емес. Қорғалжын өңірі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан артта қалған (“деприсивті”) аудандардың қатарына жатады. Ешқандай өндіріс ошағы жоқ. Жұмыс орындарының болмауынан тұрғындар, әсіресе жастар арасында көші-қон жағдайы жоғары болып отыр. Ал Теңіз мұнайы игеріле бастаса, бұл өңірдің экономикасы өрге басады. “Жел болмаса, шөп басы қимылдамайды” дегендей, тұрғындардың мұнай туралы “қауесетті” қуана қабылдауының сыры да осында.
Бірақ “таяқтың екі басы” бар екені де белгілі. Шын мәнінде Теңіз табанынан мол мұнай қоры табылып, ол игеріле бастаса, туған жеріміздегі табиғаттың тағы бір ғажайыбы Қорғалжын қорығының болашағына нүкте қойылады деген сөз. Тағы бір айта кететін мәселе, Теңіз көлінің мұнайы туралы “Америка ашудың” да қажеті жоқ. Бұл өңірде мұнай қоры бар екендігін Кеңес өкіметі өткен ғасырларда-ақ анықтап, зерттеп, мемлекеттік құпия ретінде жасырын ұстаған. Соңғы жылдары Қазақстанның мемлекеттік құпиялары көлденең көк аттылардың “ұстаған уысында, жұмған жұдырығында” кетіп жатқандықтан, шетелдік фирмалардың оған қызығушылық танытуы да ғажап емес.
Көңілімізді күпті қылған осы мәселе бойынша қоршаған ортаны қорғау мәселесімен айналысатын кейбір мамандармен пікірлескен едік. Олардың бұл мәселедегі пікірі мынаған саяды: “Сіздің сұрағыңыздың жаны бар. Бұрынғы Кеңес өкіметінің кезінде де біз ол жерде мұнай барын білетінбіз. Бірақ, ол қоғамдық назардан тыс болатын. Қазір Қорғалжын ауданындағы Теңіз көліне барлау жұмыстары жасалып жатыр. Алдымен осы жұмыстардың қорытындылары шығарылып, содан кейін экологиялық сараптама жасау керек. Қорғалжын мен Наурызым қорықтары біріккен Сарыарқа номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның табиғи мұралары тізіміне үміткер. Егер, Қорғалжын қорығы осы аталған тізімге ілінетін болса, мұнда ешқандай пайдалы қазбаларды игеруге, оның ішінде мұнай өндіру жұмыстарына жол берілмейді. Өйткені, ол үшін әлем жауапты”.
Табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтап, оны келер ұрпақ игілігіне қалдыру – қоғамның да, бүгінгі биліктің де болашақ алдындағы тарихи парызы. Оның үстіне Қазақстан экономикасы бүгінде шикізаттық бағытқа тәуелділіктен арылып, инновациялық-технологиялық үрдістерге бет бұрды.
Ендеше, қасиетті жеріміздің құт қойнауындағы ұрпақ игілігін тақырлай бермей, қазіргісін де қанағат қылар уақыт жетті. Сондықтан Үкімет Қорғалжын қорығын қорғау мәселесіне мемлекеттік жауапкершілік тұрғысынан қарауға міндетті.
Биыл Қорғалжын мемлекеттік қорығының құрылғанына 50 жыл толғалы тұр. Оның содан бергі жетістіктері ұжымның табанды еңбектерінің жемісі деп білеміз. Осы уақыт ішінде ғылыми қызметкерлердің 35 түрлі еңбектері жарық көріп, 1958 жылдан бастап қорғалатын аймақтарға байланысты әртүрлі салада 351 ғылыми жұмыс жарияланды. 1970-1980 жылдары “Қорғалжын көлдерінің құстары” атты монография жарыққа шықты.
Теңіз-Қорғалжын көлдері батыс мамандарының да қызығушылығын туғызып отыр. Әсіресе, Германия, Финляндия, Англия, Голландия, АҚШ орнитологтары ғылыми зерттеулер жүргізуде. 1998-2004 жылдары неміс орнитолог мамандары қорық қызметкерлерімен бірлесе отырып, суда жүзетін құстардың санын анықтау, мониторинг жасау мақсаттарында жүйелі жұмыс жүргізді.
2004 жылдың екінші жартысында Қазақстанның сулы-батпақты жерлерінің биологиялық алуан түрлілігін сақтау мақсатындағы табиғи ортаны қорғауды тиімді басқару мәселесіне арналған ірі оқиға болды. Яғни, Ғаламдық экологиялық қордың қолдауы арқасында Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйелерін мекендейтін сирек кездесетін су құстарын және олар өмір сүретін жерлерді сақтау жөніндегі жоба іске асырыла бастады. Ол “Қазақстанның БҰҰ Даму бағдарламасы ҒЭҚ жобасы (БҰҰДБ: KAZ/00G37/A/ІG/99, №00013215 “Әлемдік маңызға ие құнды сулы-батпақты жерлерді қоныс аударатын құстардың мекендейтін орны ретінде кешенді сақтау” деп аталады.
2005 жылы БҰҰДБ жобасының арқасында түрлі ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының бастамасымен мемлекеттік қорықтың аумағында 10 жылдан аса уақыттан бері қолға алынбаған кешенді гидрологиялық және биологиялық-далалық зерттеулер жүргізілді. Осының нәтижесінде Қорғалжын маңындағы кейбір жерлердің қорықтың аумағына енбеуі себебінен, сол жерлерді мекендейтін биотүрліліктің толық қамтылмайтыны және де олардың тиісті деңгейде қорғалуының қамтамасыз етілмейтіні анықталды. Бұл жөнінде ерекше қорғалатын табиғи аймақтарды кеңейту жөнінде ұсыныстар жасалды.
Қорғалжын мемлекеттік қорығын қорғаудың 2011 жылға дейінгі басқару жобасы бар. Ол Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің бұйрығымен бекітілген. Осының негізінде қорықтың материалдық базасын нығайтуға қомақты көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, мұндағы әкімшілік ғимаратындағы бұрынғы Табиғи мұражай күрделі жөндеуден өтіп, орнына қазіргі заман үлгісімен арнайы орталық салынды. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті Үкіметтен 118 миллион теңге бөлінуіне ықпал етті.
Жобаның қаржысы есебінен қорық қызметкерлерін оқыту шаралары ұйымдастырылды. Мамандар Алматы, Минск, Мәскеу, Астана қалаларында оқу курстарынан өтті. Қорық өкілдері Ресей, Германия, АҚШ, Үндістан, Австрия елдерінде болып, кәсіби мамандар ретінде тәжірибе алмасты.
Қорғалжын депрессивті ауданға жатады. Жұмыс орындары жетіспейді, мұның әсері, әсіресе, жастарға ауыр тигендіктен, олар бұл өңірден жаппай қоныс аударуда. Бұл мақсатта жобаның ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін зерттеуде біршама тиімді көмек болары анық. Аталған құжатпен әрі қарай жұмыс жасау бізге, бірінші кезекте – мемлекеттік қорықтың және тұтас аудан көлемінің биотүрлілігін зерттеуге, сонымен қатар қорыққа күзет қызметінің, ғылымның, экологиялық салауаттандыру жағынан материалдық базасын нығайту бойынша нақты жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді.
Біз “Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы” ҚР Заңының 50-53-баптарына сәйкес жобаның әрі қарай да мемлекеттік қорықтың қазіргі кездегі аумағын кеңейту жөніндегі техникалық-экономикалық негіздеулерді дайындау бойынша жұмысы жалғасын табады деп сенеміз. Сонымен бірге аумақтық және географиялық орналасуын ескере отырып, біз биосфералық резерватты Қорғалжын ауданының барлық шекарасы бойынша құру қажет деп есептейміз. Бұл шара биотүрлілікті сенімді түрде қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауданның барлық аумағы бірегей болып табылады. Бірақ та қорыққа шектес аумақтарды мекендейтін жануарлар да қамқорлыққа зәру. Іс жүзінде балық кәсіпкершілігі де толықтай бақыланбайды.
Біздің пікірімізше, мемлекеттік табиғи резерват жасау үшін ғылыми негізде жұмыстар жүргізу қажет. Ал егер резерват құрылса, оның аумағындағы жануарлар әлемін лайықты қорғау қамтамасыз етілер еді. Қорықтың жаңа статусы экологиялық туризмді белсенді түрде дамытуға мүмкіндік береді және жергілікті тұрғындарды қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін болады.