Нәтижелі ой өрісі қазіргі кезде тек тұлғалық сапа статусын ғана емес, сонымен қатар сапаның кәсіптік мәнін де білдіреді. Қазіргі заманғы талаптарға сәйкес информатика мұғалімі өз бетінше қажет білімді толықтыруға, жаңартуға, құруға дайын және қабілетті болуымен қатар, қойылған тапсырманың шешімі шеңберінде өз әрекетін талдауға, оларды шешудің тиімді әдістерін табуға, эвристикалық ізденісті жүзеге асырып, есеп шығаруға көшуді логикалық тұрғыда негіздеуге дайын және қабілетті болуы тиіс.
Психологияда нәтижелі ойлау деп нәтижесі қандай да бір тапсырманың жаңа немесе жетілдірілген шешімін табу болып табылатын ойлау түсініледі. Нәтижелі ойлау өз нәтижесінің жоғары жаңашылдығымен, оны алу үдерісінің өзіндік ерекшелігімен және ойды дамытуға елеулі ықпал етуімен сипатталады. З.И. Калмыкова нәтижелі ойлау «жаңа білімге қол жеткізуге жалпы қабілет ретінде, оқуға деген интеллектуалды ойлау қабілеті ретінде де қарастырылады» деп есептейді [1]. Нәтижелі ойлау адам есептерді белгілі тәсілдерді тікелей қолдану арқылы оған формальды-логикалық талдау жасау негізінде шешуге тырыса отырып, осындай әрекеттердің тиімсіздігіне көз жеткізген кезде және оның мәселені шешуге мүмкіндік беретін жаңа білімге сұранысы туындаған жағдайда пайда болады.
З.И. Калмыкова ойлау мәселелерімен айналысатын белгілі ғалымдардың жұмыстарын талдау негізінде, сондай-ақ өзінің жеке зерттеуінде нәтижелі ойлаудың жеке тұлғалық қасиеттерін бес негізгі түрге бөлді. Бұл ой қызметінің тереңдігі, икемділігі, тұрақтылығы, түйсінділігі және өз бетінше болуы [1].
Нәтижелі ойлаудың әртүрлі сапаларының дамуына басым әсер ететін информатика бойынша есептер түрлері [3] жұмыста айқындалған.
Есептерді жүйе ретінде қарастыру сонымен қатар, есептерді шешу үдерісін қадағалау информатика бойынша дәстүрлі емес қалыптасқан есептерді екі типке бөлуге болатындығына меңзейді. Есептерді бөлу негізі нәтижені есептің белгілі немесе белгісіз құрауыштарына жатқызудан тұрады. Белгілі нәтижесі бар есептер қайта құрастырылатын есептерге (реконструкциялық есептер) жатады да, ал белгісіз нәтижесі барлар жобаланатын есептерге жатады. Қайта құрастыруға жататын есептердің жетіспейтін құраушыларын (бастапқы берілгендерді, амалдар тізбегін), олардың нәтижеге қол жеткізуге пайдаланылғандығын ескере отырып, қалпына келтіру қажет. Жобалау есептерінде дұрыс шешімге жету үшін есептің жетіспейтін құраушыларының қандай болу керектігін жобалау керек.
Есептер жүйесін қолдану мақсаттары нәтижелі ойдың әр сапасының жекелеп дамуынан, олардың біріге дамуынан, сондай-ақ, осылардын туындайтын информатика пәндік саласының материалдарының негізінде болашақ информатика мұғалімінің нәтижелі ойын дамытудан тұрады.
Есептер жүйесінің мазмұны информатиканы оқытудың мазмұнымен, яғни мамандық бойынша жоғары кәсіптік мемлекеттік білім беру стандартында көрсетілген тақырыптар тізімімен анықталады. Біздің зерттеуіміз болашақ информатика мұғалімінің жоғары оқу орнының бастапқы оқу кезеңіндегі ой-өрісін дамыту жөнінде мәселеге байланысты болғандықтан, есептер жүйесінің мазмұны негізінен, атап айтқанда «ЭЕМ-ді бағдарламамен қамтамасыз ету» оқу пәні бөлімдерінің негізгі мазмұнымен анықталады. Берілген пәннің негізгі бөлімдерін тізіп көрсетелік.
ЭЕМ-ді бағдарламамен қамтамасыз ету
Жүйелік бағдарламалық қамтамасыз ету;
- операциялық жүйелер;
- утилиттер;
- мұрағаттар;
- антивирустық бағдарламалар пакеті;
Қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз ету;
- мәтіндік процессорлар;
- кестелік процессорлар;
- графикалық процессорлар;
- мәліметтер қоры және МҚБЖ;
- ЭЕМ-да математикалық есептерді шешу үшін құрал-жабдық пакеттері;
Бағдарламалық қамтамасыз ету;
- бағдарламалау жүйесі және оның құраушылары жөнінде түсінік.
Есептер жүйесінде пән бөлімдерінің шеңберінде есептер берілуі қажет, және әрбір есеп көрсетілген бөлім шеңберінде бағдарламалық қамтамасыз етумен жұмыс істеудің қандай да бір біліктілігін дамытуға немесе қалыптастыруға бағыттала отырып, оның үстіне, оқушының нәтижелі ойлауының бір немесе бірнеше сапасының дамуына бағытталғаны жөн.
Негізгі оқыту әдісі ретінде мақсатқа сай таңдалынған есептер әдісі алынды. Оның мәні мынада:
- оқытушы әрекеті есептер жүйесін құрудан тұрады және жүйенің әрбір есебінің орындалуы алдыңғы есепті орындауға негізделген;
- оқушылардың әрекеті оқытушы қалыптастырған кейбір проблемалық жағдайды шешуден тұрады;
- оқытушы мен оқушының өзара әрекеттесуі оқытушының оқушы әрекетіне есепті шешу барысында араласа алатындығынан (егер бұл қажет болса) тұрады.
Жүйенің тапсырмаларын (есептерін) орындау тізбегі курс бөлімдерін оқыту логикасымен, сонымен қатар, есептер жүйесін пайдалану әдістемесімен анықталады.
Есептерді шешу үшін оқытудың ұйымдастыру формалары – бұл дәстүрлі жоғары оқу орнындағы оқыту формалары, атап айтқанда лабораториялық жұмыстар, есептерді шешу практикумы, оқушылармен фронтальды (жаппай) жұмыс, әр студентпен дербес түрде (индивидуалды) жұмыс, өзіндік жұмыс және т.б.
Информатика бойынша есептерді шешудің оқыту құралдары ретінде компьютерді және оған сәйкес бағдарламалық қамтамасыз етуді атап айтқан жөн.
Күтілетін оқыту нәтижелері есептер жүйесін пайдалану мақсаттарымен тікелей байланысты және оларды келесідей тұжырымдауға болады:
- сәйкес білім саласында икемділікті, білім мен біліктілікті қалыптастыру;
- студенттердің нәтижелі ойлауын дамыту.
Өзінің ойлау іс-қызметін түйсіну секілді нәтижелі ойлау қасиеттерінің дамуы туралы жеке атап айтқан жөн. Студенттердің 1R, 2R, 1Р, 2Р деп шартты белгіленген есептерді [3] шешуі ойлау іс-қызметінің дамуына өз үлесін қосады, дегенмен оны толығымен қамтамасыз етпейді.
1R типті тапсырмалар салмақтылық, тереңдік, тұрақтылық және өз бетінше ойлау сияқты ақыл-ой сапаларын дамытуды қамтамасыз етсе, 2P типті тапсырмалар ақыл-ойдың салмақтылығын, тереңдігін және өз еріктілігін дамытады, ал 1R және 2R типті тапсырмалар ақыл-ойдың салмақтылығына, тереңдігіне, икемділігіне және өз еріктілігіне ықпалын тигізеді.
Информатика бойынша есептерді ұсыну тізбегін құру кезінде осыны ескере отырып, есептерді шешу жағдайында материалды меңгерудің бес жеке кезеңін бөліп айтуға болады – бір кезең репродуктивті деңгей, үш кезең нәтижелі ойлаудың жеке сапаларын дамыту деңгейі және бір кезең ойлауды өз бетінше дамыту деңгейі болып табылады.
Тақырыпты меңгерудің басында репродуктивті есептер мен оларды шешу тәсілдері қарастырылады. Бұл студенттердің меңгерілетін тақырып бойынша жұмыстың базалық дағдыларын, сондай-ақ оқу материалының практикалық мәні туралы бастапқы ұғымды оларға қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне, мұндай есептер студенттердің репродуктивті ойлауын дамыту үшін тиімді, ал онсыз нәтижелі ойлауды дамыту мүмкін емес екендігі белгілі. Репродуктивті есептерді шешу оқу курсының жеке тақырыбын меңгерудің бірінші кезеңінің мазмұнын құрайды.
Содан кейін студенттер үшін үйреншікті қалыптасқан есептерді, нәтижелі ойлаудың жеке сапаларын дамытуға бағытталған есептерді пайдалану ұсынылады. Осындай есептерге, есептер жүйесін падаланудың екінші кезеңінде шешуі қарастырылған есептер жатады.
Екінші кезеңді өту нәтижесінде студенттер тақырып бойынша есептерді шешудің тәсілдерін меңгеріп, дәрістік сабақтарда алған білімдерін, нәтижелі ойлаудың қасиеттері – икемділік, тереңдік, тұрақтылық, түйсінділікті нақты бір деңгейге дейін дамытып бекітеді.
Есептер жүйесін қолданудың үшінші кезеңі – есептерді шешудің дәстүрлі тұжырымдары мен белгілі тәсілдерінен мәселені басқаша қоюға және дәстүрлі емес түрдегі тұжырымдамасы бар есептерде бастапқы берілгендерді ұсынуға өтуден тұратын кезеңі болып табылады, соның салдарынан осындай есептерге шешудің белгілі тәсілдерін қолдану мүмкін емес екендігін ұғыну іске асырылады. Осы кезеңнің шеңберінде студенттердің есептердің бөліктері туралы, есептерді шешу тәсілі оның қандай бөліктері шешушіге белгілі екендігіне орай қалайша өзгеретіндігі туралы түсінігін қалыптастыру қажет. Сабақтарда дәстүрлі және дәстүрлі емес түрде қойылған есептердің қойылуымен, оның шешімдерімен және есептердің өзгеруін салыстырып отырған жөн. Аталған кезеңді өту нәтижесінде студенттер осыған дейін меңгерілген тәсілдер мен амалдарды қолдану қашан да дұрыс бола бермейтіндігін, кейбір жағдайларда есептерді шешу үшін белгілі тәсілдер негізінде шешімдердің жаңа тәсілдерін құрастыру қажет екендігін меңгереді. Оның үстіне, осы кезеңде қолданылатын есептер типіне қарай нәтижелі ойлаудың жеке сапаларының дамуы туралы сөз қозғауға болады. Осы кезеңді жүзеге асыру қажеттілігі курстың бірнеше (үш-төрт) жаңа тақырыбын меңгеру кезінде туындайды да, қалған сабақтарда студенттердің есептер бөліктері туралы жақсы түсінігі қалыптасқан жағдайдағы дәстүрлі емес қойылған есептерді шешуге бірден төртінші кезеңге өтуге болады.
Төртінші кезеңнің аясында студенттердің нәтижелі ойлауының түрлі қасиеттерін дамытуға бағытталған дәстүрлі емес қалыптасқан есептер ғана қолданылады. Айта кетелік, бұл кезеңде ойлаудың жұп қасиеттерін бір уақытта дамытуды қамтамасыз ету үшін есептерді күрделендірген (біріктірген) дұрыс болады. Осы кезеңді өту нәтижесінде оқу материалын анағұрлым терең ұғыну, есептерді шешудің үйреншікті стереотиптерінен бас тарту, нәтижелі ойлаудың қасиеттері – ойдың түйсінділігі, икемділігі, тереңдігі, тұрақтылығының дамуы іске асырылады.
Соңғы, бесінші кезеңде, студенттерге меңгерілетін тақырып бойынша дәстүрлі емес түрде қойылған бірнеше есептерді өз беттерімен құру ұсынылады. Төртінші кезеңді өтудің нәтижесі студенттердің оқу материалын меңгерудің жаңа сапалы деңгейіне өтуі болып табылады, өйткені осындай есепті құру үшін олар тақырып бойынша теориялық материалдарды, есептерді шешу тәсілдерін еркін игеруі, сондай-ақ, өздері құрған есептерді шешу барысындағы мүмкін болатын қателіктерді болжай білуі керек. Есептерді өз бетімен құруды студенттерге тақырыпты меңгерудің ақырғы кезеңінде ұсыну керек, бұл үдерістің тақырып аясында нақты бір білім мен қабілеттердің де, ақылдың тереңдігі, саналылығы, икемділігі және тұрақтылығы дамуының жеткілікті деңгейінің де болуын талап ететіндігімен байланысты. Аталған кезеңде ойдың өзіндік дамуы жүреді де, сондай-ақ нәтижелі ойлаудың дамуы туралы сөз қозғауға болады [2].
Есептерді қолдану негізінде студенттердің нәтижелі ойлауын мақсатқа сай дамыту үшін есептердің қойылуы мен мазмұны ғана емес, сондай-ақ оны студенттерге ұсыну тізбегі де маңызды болып табылады. Курстың әрбір тақырыбын үйренуді зертханалық сабақ шеңберінде тізбектелген бірнеше кезеңдерге бөлу дұрыс болады.
Қорыта келгенде, әрбір кезеңді өту кезінде студенттер оқу дағдылары мен қабілеттерінің қалыптасуына ғана емес, нәтижелі ойлау қасиеттерінің дамуына да көмектесетін нақты типтегі есептерді шешіп отырады. Осындай кезең-кезеңмен материалды меңгеру курстың жеке тақырыбы аясында студенттердің ойын дамытуға мақсатты ықпал етуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді, оның үстіне, ойлауды дамыту үдерісі итерациялық сипатқа ие болады, өйткені кезеңдер өздерінің мазмұндарын оқу курсының әрбір тақырыбына сәйкес өзгерте отырып қайталанып отыратын болады.
- Калмыкова, З.И. Продуктивное мышление как основа обучаемости // Вопросы психологии – 1982- № 2 – с.74 -79
- Кирьякова И.В. Задачный подход в обучении основам программного
обеспечения для развития продуктивного мышления будущего учителя информатики. Дисс. … канд. пед. наук/ И.В Кирьякова. – Омск, 2007-150 с.
- Оспанбекова Н.Ж. Информатика есептерін шығару арқылы оқушылардың ойлау
тиімділігін арттыру // Жас ғалым. Тараз — 2009 ж. с. 39-42