Ж. Қасымбаевтың кейінгі кездердегі ғылыми ізденістері есімдері мен қызметтері империялық қыспақ заманында көлеңкеге ығыстырылып, көмескі сипатталған хандар мен белді шыңғыс тұқымдарына, батырлар мен белді көшпелі қауым өкілдеріне арналды. Осы бағытта Ж. Қасымбаевтың ғылыми еңбектері Қазақстан тарихы ғылымындағы жүйелі зерттеу ғана емес, сонымен бірге Отан тарихындағы ерекше құбылыс деуге болады.
Ж. Қасымбаевтың қаламынан туған қазақтың хандары мен сұлтандары туралы ғылыми-зерттеу еңбектерінің арасында оның ХVІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақ хандарының мемлекеттік қайраткерлерінің тарихи бейнелерін жасауға арналған төрт томдық жинағының [1] ғылыми құндылығы ерекше екенін атап өткіміз келеді.
Ғалымның осы бағыттағы зерттеу еңбектер топтамасының алғашқы бөлімі «Государственные деятели казахских ханств (ХVІІІ век)» деген атаумен 1999 жылы басылып шыққан. Автор бұл еңбегінде кейінгі феодалдық дәуірдегі Әбілқайыр, Барақ, Абылай, Нұралы, Ералы және басқа қазақ хандары мен көрнекті сұлтандарының өмірі мен қызметіне тарихи баға беруді мақсат еткен. Бұған дейін жарық көрмеген, ғылыми айналымға енгізілмеген Москва, Барнаул, Новосібір, Алматы, Омбы, Орынбор және т.б. қалаларда сақталған мұрағаттық материалдар негізінде аталған хандар мен сұлтандардың қазақ халқы тарихындағы орны нақтыланған.
Автор төрт бөлімнен тұратын іргелі еңбектің бірінші томында Қазақстанның Ресейге қосыла бастау кезеңін, ХVІІІ ғасырдың 30–40 жылдарындағы оқиғаларға, Әбілқайыр хан өмірінің соңғы жылдарына, Барақ сұлтанның өмірі мен оның ғұмырындағы қасіретті оқиғаларға, қазақ халқы тарихында ерекше орны бар Абылай ханның өмірі мен қызметіне, Нұрмұхамед-Әлі Бахадұрханның (Нұралының) Хиуа билігімен қарым-қатынасына, Ер-мұхамед-Әлі ханның (Ералының) көрнекті дипломат және мемлекет қайраткері ретіндегі қызметіне, сонымен бірге Есім ханның (1794–1797 жылдар) қазақ тарихындағы орнына [2] жан-жақты талдау жасаған.
Ж. Қасымбаев көптомдықтарының екінші томы Айшуақ ханның (1719–1810) көшпелі ел қоғамымен және көрші мемлекеттермен қарым-қатынасын талдауға арналған [3].
Тың тарихи деректер мен мұрағаттық материалдар негізінде жазылған бұл еңбектің басты ерекшелігі – автор Айшуақ ханның өмірі мен қызметін үш кезеңге жүйелей отырып қарастырады. Ж. Қасымбаев 1740–1771 жылдар аралығына топтастырған алғашқы кезеңде, әсіресе ХVІІІ ғасырдың 50- жылдарында Айшуақ ханның ойраттарға қарсы белсенді жүргізген күресі сипатталып, болашақ билеушінің жалынды жауынгер-сардар ретіндегі қалыптасу дәуірі көрсетіледі. Бұл кезеңде Айшуақтың әкесі Әбілқайыр қайтыс болып, билікке оның ағасы Нұралының сайлануы Кіші жүздің ішіндегі қарама-қайшылық пен бақталастықты күшейтіп, Арал жағалауының оңтүстік-батысындағы кейбір рулар хандық билікке Әбілқайыр әулетінің қарсыласы–Қайып ханның ұлы Батыр сұлтанды ұсынып жатқан еді.
Мұндай жағдайда Айшуақ немқұрайлы қарап отыра алмай, Нұралының оң қолына айналады. Кіші жүздің жаңа билеушісі де өз інісіне арқа сүйеп, оған аса жауапты тапсырмалар беріп, ел басқару ісіне үйрете бастайды. Өз кезегінде Айшуақ сұлтан да рулық бірлестіктерді басқаруға шыңдалып, Еділ бойы қалмақтарымен жүргізілген қақтығыстарда өзінің әскери-жауынгерлік шеберлігін шыңдайды.
Ж. Қасымбаев ХVІІІ ғасырдың 70–90 жылдары Айшуақ хан өміріндегі әскери және саяси билікті орнықтырудағы екінші кезең екенін өте орынды көрсеткен. Ғалым бұл кезеңдегі Айшуақтың қол жеткізген аса маңызды жетістіктері ретінде оның аса ірі құрамдағы Еділ бойы қалмақтарын бірте-бірте ығыстыра отырып, жеңіп, оларды өздерінің «атақоныстарына» – 1755–1758 жылдары Цин империясы қырып-жойған Жоңғарияға қарай кері шегіндірудегі қызметін атап өтеді.
Алайда, патшалық Ресейдің отарлық саясатының күшеюі салдарынан 1786 жылы патша үкіметі Нұралыны хандық биліктен айырып, Айшуақ өз ағасы үшін ерлікпен күрес жүргізіп, патша түрмесіне, Оралдағы түрме қақпасына қамалуы оның өмірі мен қызметіне елеулі өзгерістер әкеледі.
Автор Айшуақ хан өміріндегі үшінші кезең ретінде талдау жасаған 1897–1805 жылдар аралығында Айшуақ Кіші жүздің билеушісіне айналғанымен, әр түрлі жағдайларға байланысты Ресейге тәуелді болып қалады, ел басқару ісінде Орынбор губернаторлары Н.Н. Бахметьев пен Г.С. Волконскийге үнемі мойынсұнып отыруға тиіс болады. Жантөренің патша үкіметі тарапынан алғаш рет құрылған Хандық кеңеске қарсы іс-әрекеттер жүргізуіне байланысты бұл мекеменің қызметтік өкілеттілігі барынша қысқартылды. Айшуақтың өзіне қарасты көптеген аймақтарға, Жайық пен Ембінің жағалауларына казактар қоныстандырылып, отарлаушылық саясаттың күшеюіне, Орынбор және Новоилецск линияларының құрылысы одан әрі жалғастырылып, оған қоса тағы да жаңа отаршылдық бекеттерінің салынуына деген қарсылығына патша әкімшілігітарапынанжеткілікті көңіл бөлінбеген күйінде қала берді [3, 7–8-б.].
Сонымен бірге Ж. Қасымбаевтың көптомдық еңбектерінің үшінші томы Жантөре ханның (1759–1809) өмірі мен қызметіне [4], ал төртінші томы Жәңгір ханның өмірі мен қызметіне [5] арналған.
Ж. Қасымбаевтың жоғарыда аталған төрт томдық еңбегі әлі баспа беттерін көре қоймаған тың мұрағаттық деректер негізінде жазылған, қазақ халқының өткен ғасырлардағы тарихын кеңінен қамтыған іргелі еңбектер болып табылады.
Ж. Қасымбаевтың қазақ хандары мен сұлтандары туралы зерттеулері қатарында зерттеушінің Абылай ханның өмірі мен қызметі туралы еңбектері ерекше орын алады. Автордың ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегі жайындағы мұрағаттық жаңа мәліметтер негізінде жазылған Абылай хан және оның қазақ мемлекетін құру жөніндегі қызметі мәселелеріне арналған зерттеуі алғашқы кезде Қазақстан Республикасы Ғылым министрлігі – Ғылым академиясы ғалымдарының 1998 жылғы 4 шілдеде өткізілген Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылына арналған Ғылыми сессиясының материалдарының «Отан тарихының тағылымдары және Қазақстан қоғамының қайта жаңғыруы» атты жинағында жарияланса [6], кейінірек бұл мақала ғылыми-педагогикалық «Ар» журналының 2001 жылғы № 1 нөмірінде қайта жарық көрді [7].
Автор бұл мақаласын белгілі зерттеуші А.И. Левшиннің [8] Абылай хан туралы пікірімен бастайды. Орыстың осынау аса көрнекті ғалымы өзініңСанкт-Петерборда 1832 жылы жарық көрген «Описание киргиз-кайсацких или киргиз-казачьих орд и степей» атты еңбегінде Абылай хан жайында: «Превосходя своих современных владельцев киргизских летами, хитростию и опытностию, известный умом, сильный числом подвластного ему народа и славный в ордах сношениями своими с императрицею российскою и китайским богдыханом, на самом деле был властитель совершенно независимый», – деген болатын [6, 103-б.]. Одан әрі Ж. Қасымбаев Ресей империясының сыртқы саясаты мұрағатының және Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты материалдары, Ш. Уәлихановтың «Абылай» атты еңбегі, Р.Б. Сүлейменов пен В.А. Моисеевтің ХVІІІ ғасырдағы Қазақстан тарихына арналған еңбегі (Алматы, 1995) және «Тарихи жырлар. Абылай хан» жинағы (Алматы, 1995) негізінде Абылай ханның бұған дейін белгісіз болып келген тарихи бейнесі жайындағы өзінің ғылыми тұжырымдарын ортаға салады.
Ж. Қасымбаевтың бұл еңбегінде Абылай ханның орыс патшайымыІІ Екатеринаға жолдаған, өзіне тұтас қазақ халқын басқаратын хандық биліктің мұра болып қалғаны жөнінде құлағдар ету мақсатында жазылған хаттарындағы, Абылайдың ұлыстарында 1776 жылғы 5 наурызда болып қайтқан капитан Бреховтың Орынбор губернаторы міндетін атқарушыМ.П. Мансуровқа жолдаған, Абылайдың іс жүзінде 1771 жылдан бастап-ақ бүкіл үш жүз қазақтарының ханы болып отырғаны туралы хатындағы қызықты деректер молынан келтірілген. Патша өкіметінің сыртқы істер жөніндегі алқасы үшін арнайы әзірленген, кейіннен ІІ Екатерина тарапынан бекітілген тәжірибелі дипломат Н. Паниннің Абылай ханның қазақтың тұтас үш жүзіне билік жүргізіп отырғаны жайындағы баяндамасы, Абылай ханға мұндай шексіз өкілеттілік пен билікті бермеу қажеттігіне Н. Паниннің патшайымды сендірмек болған әрекеті, алайда, ІІ Екатерина бұл ұсынысты қолдамай, Абылайды бүкіл қазақ ұлысының ханы деп тану туралы шешім қабылдауы және т.б. деректер зерттеушінің осы еңбегінің тарихи құндылығын артыра түседі. [7, 16-18-бб.]. Сондай-ақ, автор ұлы ханның Қытай мен Ресей арасында орнықты саясат ұстанып, осынау қос мемлекет ортасындағы қазақ халқы мен қазақ даласының мүддесін ешқашан ұмытпағанына нақты мысалдар келтіреді.
Абылай ханның көз жұмар алдында өзінің барлық замандастарын, уәзірлері мен қызметшілерін, үш жүздің өкілдерін жинап, қазақ халқының бірлігін сақтау қажеттігін өсиет етіп қалдырғаны, бұл жөнінде халық аузында:
Сізде бір адамға ерік беріп,
Тұрыңыз әрне десе қабыл көріп.
Осындай ынтымақпен тұрсаңыздар,
Еш дұшпан жеңе алмайды сырттан келіп,–
деген тарихи жыр жолдарының қалғаны жөніндегі дерекпен түйінделген Ж..Қасымбаевтың бұл еңбегі Абылай хан жайындағы белгісіз болып келген тарихи шындыққа жол ашатыны сөзсіз [6, 103-107-бб.].
Әбілқайыр ханның бастамасымен Кіші жүз қазақтарын патшалық Ресей қарамағына алуды сұрап, орыс патшайымы Анна Иоанновнаға жасалған ұсыныстың құқықтық және тарихи негіздемесі мен патша билігінің ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы әскери-саяси қысымының салдарынан қазақ даласында хандық биліктің жойылу себептері жайындағы зерттеулерінде [9] Ж.. Қасымбаев жоғарыда айтылған, патшалық Ресей мен қазақ хандығы арасындағы қарым-қатынас мәселесін одан әрі тереңдете зерттейді. Әбілқайырдың орыс патшайымына қазақтарды өзінің қол астына алу туралы жасаған өтінішінің құқықтық және тарихи негізі бар ма деген сауалға жауап іздейді, бұл сұраққа көптеген деректер мен мәліметтерді алға тарта отырып, жауап береді.
Автор бұл еңбектерінде ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында, Тәуке хан дүниеден өткеннен кейін қазақ феодалдық мемлекетінің үш хандыққа бөлінуіне байланысты (Кіші жүзді – Әбілқайыр хан, Орта жүзді – Тәукенің ұлы Семеке және Күшік хандар, ал Ұлы жүзді – Жолбарыс хан биледі, оның ішінде Түркістанды да өзіне қаратқан Семекенің өкілеттілігі бәрінен де жоғары болды) қалыптасқан жағдайға талдау жасайды. Ж. Қасымбаевтың тұжырымы бойынша Әбілқайырдың патшалық Ресейге жолдаған ұсынысы оның өз атынан жасалғандықтан бұл өтініштің Кіші жүз қазақтары үшін ғана құқықтық күші бар еді. Онда да бұл ұсыныс ханның қол астындағы Кіші жүз қазақтарын билеген 29 ағаманнан қолдау тапқанын ескерсек, жоғарыдағы тұжырымның дұрыстығына көз жеткізе түсеміз.
Оған қоса зерттеуші бұған дейін жарық көрген кейбір құжат жинақтарында, атап айтқанда, 1961 жылы басылған «ХVІ–ХVІІІ ғасырлардағы қазақ-орыс қарым-қатынастары» атты еңбектің 1-томының 35-бетінде орыс патшайымының Кіші жүз қазақтарын Ресей боданына алу туралы шешімге 1730 жылғы 8 қыркүйекте қол қойғаны туралы мәліметтің жаңсақ екенін айтады. Ғалымның мұрағат қойнауынан алынған деректері бойынша іс жүзінде патшайым Анна Иоанновна мұндай грамотаға 1731 жылғы 19 ақпанда қол қойған. Сондай-ақ, орыс патшайымына жолдаған хатында Әбілқайырдың өзі тікелей билеген Кіші жүзбен шектеліп қалмай, өзін сонымен бірге Орта жүз қазақтарының да ханы деп жазуын зерттеуші оның билікқұмарлығы деп түсіндіреді [10].
Осы тақырыпқа арналған тағы бір еңбегінде Ж. Қасымбаев осы ойын одан әрі дамытып, Әбілқайыр ханның орыс патшайымына жолдаған хаты бүкіл қазақ халқының атынан толық өкілеттілікке ие болу үшін патшалық Ресейдің қол астына кіру жайындағы бұл мәселе сол кездегі дала парламенті – Құрылтайда қаралып, талқыланып, мақұлданған соң ғана қабылдануы тиіс еді деген пікір айтады. Дегенмен зерттеушінің ойынша, көрші жатқан ойраттардың қазақ даласына деген жаугершілік көзқарасы мен толассыз шабуылы, Кіші жүз ханын амалдың жоқтығынан осындай әрекетке баруға итермеледі. Бірақ Әбілқайыр орыс бодандығына толық мойынсынып қоя салған жоқ. Ол Ореынбордың алғашқы губернаторы Н.И. Неплюевке жолдаған мәлімдемесінің бірінде: «Орыстар бізге қалмақтар мен башқұрттарға жасағандарын істегісі келеді, бірақ ауыр қысымның астында өмір сүргенше бізге өлген артық», – деп ашу-ызаға толы ойын ашық айтып салады [11].
Ж. Қасымбаев – «Батырлар, билер, хандар – еліміздің мақтанышы. Халқымыздың бостандығы үшін жанын да, қанын да аямаған мұндай тарихи тұлғалардың атын жаңа құжаттарға сүйеніп, тереңдете зерттеу, көп тілді республика қауымына паш ету –парызымыз», – деген тұжырымын үнемі тұрақты ғылыми ұстанымы ретінде берік сақтады десек, ақиқаттан алшақ кетпегендік болар еді [12].
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Касымбаев Ж. Государственные деятели казахских ханств (ХVІІІ в.).-Алматы: Білім, 1999. -288с.; соныкі: Государственные деятели казахских ханств ХVІІІ-первой поливины ХІХ в. Т.2: Хан Айшуак (1719-1810). Личность во взаимодействии с номадным обществом и сопредельными странами-Алматы: Жеті жарғы, 2001. -255с.; соныкі: Государственные деятели казахских ханств ХVІІІ-первой поливины ХІХ в. Т.3: Хан Жанторе (1759-1809)-Алматы: Білім, 2001. -364 с.; соныкі: Государственные деятели казахских ханств ХVІІІ-первой поливины ХІХ в. Т.4: Жангир Хан (1801-1845)-Алматы: Наш Мир, 2001. -352 с.
2 Касымбаев Ж. Государственные деятели казахских ханств (ХVІІІ в.). -Алматы: Білім, 1999. С. 193-202.
3 Касымбаев Ж. Государственные деятели Казахских ханств ХVІІІ-первой половины ХІХ вв. Т.2: Хан Айшуак (1719-1810). Личность во взаимодействии с номадным обществом и сопредельными странами-Алматы: Жеті жарғы, 2001. -255с.
4 Касымбаев Ж. Государственные деятели Казахских ханств ХVІІІ-первой четверти ХІХ вв. Т.3: Хан Жанторе (1759-1809). Личность во взаимодействии с номадным обществом и сопредельными странами-Алматы: Білім , 2001. -364 с.
5 Касымбаев Ж. Государственные деятели Казахских ханств ХVІІІ-первой половины ХІХ в. Т.4: Жангир Хан (1801-1845). Личность во взаимодействии с номадным обществом и сопредельными регионами-Алматы: Наш Мир, 2001. -352 с.
6 Касымбаев Ж. Абылай-хан и проблемы казахской государственности (последняя четверть ХVІІІ в. по новым архивным данным).-Отан тарихының тағылымдары және Қазақстан қоғамының қайта жаңғыруы. Қазақстан Республикасы Ғылым министрлігі-Ғылым академиясы ғалымдарының Халық бірлігі және ұлттық тарих жылына арналған Ғылыми сессиясының материалдары-Алматы: 1998. -103-107 бб.
7 Касымбаев Ж. Абылай хан и проблемы казахской государственности // Ғылыми-педагогикалық «Ар» журналы, 2001. -№ 1. -16-18 бб.
8 Левшин А.И. Описание киргиз-кайсацких или киргиз-казачьих орд и степей. -Алматы: Санат, 1996. -254 с.
9 Касымбаев Ж. Политика Абулхаир хана в принятии Младшим жузом Российкого подданства в 30-х годах ХVІІІ в. // Ізденіс-Поиск, 1997.-№5.
10 Касымбаев Ж. О правовой и исторической обоснованности обращения
хана Абулхаира к императрице Анне Иоанновне в принятии Младшем жузом Российского подданства // Вопросы изучения истории и культурного наследия Казахстана-Алматы: 1998. С. 23-28.
11 Касымбаев Ж. К проблеме трансформации института ханской влас -ти в условиях нарастания военно-политического натиска царизма (ХVІІІ-ХІХ вв.). -Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздік жолында: тарих және қазіргі заман. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары-Семей: 2001. -15-18 бб.
12 Қасымбаев Ж. Отан тарихы-өмір көріністерінде // Қазақ тарихы, 1998.-№ 3. -27 б.