Валюта дегеніміз мемлекетпен қабылданған заңдық төлем құралы болып табылатын және айналымда жүретін банкноттар, қазына билеттері және монеталар түріндегі ақша белгілері болып табылады.
Қазақстан Республикасының валютасына:
- айналымдағы, сондай-ақ, айналымнан алынған немесе алынғалы жатқан, бірақ ауыстырылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің банкілік билеттері түріндегі теңгелер;
- Қазақстан Республикасындағы банктер мен несиелік мекемелердің шоттарындағы теңгелік қаражаттар;
- Қазақстан Республикасының валютасындағы бағалы қағаздар – төлемдік құжаттар, қорларға қатысты құндылықтар және басқа да борыштық міндеттемелер жатады.
Шетел валютасы – бұл шет мемлекеттердің валютасы. Оған жататындар:
- шет мемлекеттің төлемдік құралы болып табылатын және айналымда жүретін банкноттар, қазына билеттері және монеталар түріндегі ақша белгілері, сондай-ақ, айналымнан алынған немесе алынғалы жатқан, бірақ, ауыстырылатын ақша белгілері;
- шет мемлекеттің ақша бірлігінде, халықаралық ақша және есептесу бірлігінде шоттарға салынған қаражаттары.
Валюталық құндылықтарға:
- шетел валютасы;
- шетел валютасындағы бағалы қағаздар – шетел валютасындағы төлемдік құжаттар (чек, вексель, аккредетив), қорларға қатысты құндылықтар (акция, облигация), және тағы да басқа борыштық міндеттемелер;
- бағалы металдар – кез келген түр мен күйдегі алтын, күміс, платина және платиналық тон металдары;
- табиғи бағалы тастар – шикізат түріндегі немесе өңделген алмаз, рубин, изумруд, сапфир және александрит, сондай-ақ маржан жатады.
Валюталық операциялар.
Қазақстан Республикасының аумағындағы күші бар заңдарға сәйкес барлық валюталық операциялар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы немесе валюталық операциялар жүргізуге Ұлттық Банктің лицензиясын алған банктер және өзге де несиелік мекемелер арқылы іске асырылуы керек.
Валюталық операциялар дегеніміз:
- бұл валюталық құндылықтарға меншік құқығы мен басқа да құқықтардың ауысуымен байланысты, сонымен бірге, төлем құралы ретінде шетел валютасын және шетел валютасындағы төлемқұжаттарын пайдаланумен байланысты операциялар;
- Қазақстан Республикасына валюталық құндылықтарды әкелу және аудару, Қазақстан Республикасынан валюталық құндылықтардыалып шығужәне аудару;
- халықаралық ақша аударуды іске асыру.
Қазақстан Республикасының 1996 жылы 24 желтоқсанда шыққан «Қазақстан Республикасындағы валюталық реттеу туралы» заңына сәйкес, шетел валютасымен және шетел валютасындағы бағалы қағаздармен жасалатын барлық операциялар ағымдағы валюталық операциялар және капиталдың қозғалысымен байланысты валюталық операциялар деп бөлінеді.
Ағымдағы валюталық операцияларға мыналар жатады:
- товардың импорты мен экспорты, қызметтер, жұмыстар үшін есептесуді іске асыру үшін, сондай-ақ, экспортық-импорттық операцияларды 180 күннен аспайтын мерзімге несиелеумен байланысты есептесуді іске асыру үщін Қазақстан Республикасынан және Республикаға шетел валютасын аудару;
- 180 күннен аспайтын мерзімге қаржылық несие беру және алу;
- капитал қозғалысымен байланысты салымдар, инвестициялар, несиелер және басқа да операциялар бойынша проценттерді, дивиденттерді және тағыы да басқа табыстарды Қазақстан Республикасынан және Республикадан аудару;
- Қазақстан Республикасынан және Республикадан саудалық емес сипаттағы іске асырылатын аударымдар:жалақыны, пенсияны, алиментті, мұраны және тағы да басқа.
Капиталдың қозғалысымен байланысты валюталық операцияларға мыналар жатады:
- тікелей инвестициялар, яғни, табыс табу және кәсіпорынды басқаруға қатысу құқығын алу мақсатымен кәсіпорынның жарғылық қорына қаражат салу;
- портфельді инвестициялар, яғни, бағалы қағаздар сатып алу;
- ғимаратқа меншік құқығы үшін төленетін аударымдар;
- товардың экспорты мен импорты үшін, қызмет, жұмыстар үшін төлемақы төлеуді 180 күннен астам мерзімге кейінге қалдыруды беру және алу;
- 180 күннен астам мерзімге қаржылық несие беру және алу;
- ағымдағы деп саналмайтын басқа да валюталық операциялар.
Валюталық заңдар бойынша резиденттер ағымдағы операцияларды шектеусіз жүзеге асырады, ал капиталдың қозғалысымен байланысты операцияларды Ұлттық Банктің бекіткен тәртібі бойынша арнайы рұқсатпен ғана жүргізеді.
Резидент еместер:өкілді банктерде шетел валютасында және Қазақстан Республикасы валютасында шот аша алады; кедендік ережелерді сақтай отырып Республика аумағына шектеусіз мөлшерде валюта аударуға, жіберуге және кіргізуге құқылы; Ұлттық Банк бекіткен тәртіппен Қазақстан валютасына шетел валютасын сатуға және сатып алуға құқылы; бұрын Қазақстан Республикасында сатып алынған немесе заңды түрде республика аумағына әкелінген валюталық құндылықтарды кеден тәртібін сақтай отырып Қазақстан Республикасынан шығаруға құқылы.
Барлық валюталық операциялар өзара тығыз байланысты, сол себепті, шетел валютасындағы барлық операциялардынақты классификациялау қиын. Тіпті, операциялар валюталық операциялардың бірнеше негізгі түріне жатуы мүмкін. Валюталық операциялардың негізгі түрлері:
- клиенттердің валюталық шоттарын ашу және жүргізу. Атаулы операциялар:
- заңды тұлғаларға, жеке тұлғаларға валюталық шоттар ашу;
- шоттағы қалдықтар бойынша процнтер төлеу;
- кез келген уақыт аралығында шот архивін рәсімдеу;
- клиенттердің валюталык шоттарындағы қаражаттарына қатысты тапсырмалары бойынша операцияларды орындау;
- экспорттық-импорттық операциялардың орындауына бақылауды құрайды.
- 2. банктің саудалық емес операциялары. Банктер саудалық емес сипаттағы төмендегідей операцияларды атқара алады:
- қолма-қол шетел валютасын жән ешетел валютасындағы төлем құжаттарын сату және сатып алу;
- шетел валютасының және шетел валютасындағы төлем құжаттарының инкассосы;
- банк клиенттерінің пластикалық карточкаларын шығару және оларға қызмет көрсету,
- шетел банктерінің жол чектері үшін ақы төлеу;
- ақшалай аккредитивке ақы төлеу және ұқсас аккредитивтер ұсыну.
- 3. Шетел бантерімен корреспонденттік қатынастар орнату. Бұл операциялар банктің халықаралық есептесуді жүргізу үшін қажетті шарты. Қандай да бір шетелдік банкпен корреспонденттік қатынасты орнату туралы шешімді қабылдау клиенттердің экспорттық-импорттық операцияларына қызмет көрсетудің қажеттілігіне негізделуі керек. Халықаралық есептесуді жүзеге асыру мақсатында банк шетел банктерінде және өзінде «Ностро» және «Лоро» корреспонденттік шоттарын ашады. «Ностро» шоты – банктің корреспондент-банкте ашқан ағымдағы шоты. «Лоро» шоты – корреспонденттік-банктің атына басқа банкте ашылған ағымдағы шоты.
- 4. Конверсиялық операциялар. Конверсиялық операциялар дегеніміз қолма-қол және қолма-қол емес шетел валютасын Қазақстан Республикасының теңгесіне қарсы сату және сатып алу мәмлелер.
Есептік күн ішіндегі шетел валютасын сату және сатып алу операцияларының айналымы деп бір есептік күн ішінде сатылған жән есатып алынған шетел валютасының мөлшерін айтады.
Өнімді дереу тапсыру жөніндегі мәмле – мәмлені жасаған күннен екі банкілік жұмыс күніне қалып отырып іске асырылатын конверсиялық операциялар. «Today» типіндегі мәмле мәмле жасалған күні валютаны тапсырумен түсіндірілетін конверсиялық операциялар. «Tomorrow» типіндегі мәмле валютаны мәмле жасалған күннен кейінгі келесі банкілік жұмыс күнінде тапсыруды көздейтін операция. «Spot» типіндегі мәмле мәмле жасалған күннен кейін екінші банкілік жұмыс күнінде валютаны тапсыруды белгілейтін конверсиялық операция.
Жедел мәмле дегеніміз валюта тапсыру уақыты мәмлені жасаған күннен екі күннен астам банкілік жұмыс күніне қалып отыратын конверсиялық операциялар. Жедел мәмлелер «Форвард», «Своп» операциялары арқылы жүгізе асырылады.
«Форвард» операциясы – мәмле болашақта жасалады деп, дәл қазіргі уақытта бір валютаны келесі біреуіне келіскен курспен ауыстырып сатып алу жөнінде жасалатын контракт. Форвард операциясының түрлері:
- «аутрайтпен»жасалатын мәмлелер – валютаны белгіленген уақытта тапсыру шартымен жасалатын мәмле.
- «опционмен» жасалатын мәмлелер – валютаны тапсыру уақыты нақты көзделмейді
«Своп» мәмлесі қолма-қол спот мәмлесі шартымен валютаны сату және сатып алуды және дәл сол валютаны форвард курсы бойынша сатып алу және сатуды көздейтін валюталық операция.
- Товар экспорты мен импорты және қызмет көрсетумен байланысты халықаралық есептесу жөніндегі операциялар. Сыртқы саудада құжаттық аккредитив, құжаттық инкассо және банкілік аударым сияқты есептесу формалары қолданылады.
6.Банктің валюталық қаржыларды тартуы және орналастыруы жөніндегі операциялары. Бұл операциялардың мынадай түрлері бар:
- депозиттер тарту;
- несие беру;
- банкаралық рынокта несиелер орналастыру.
Валюталық қатынастар субъектілері.
Ұлттық және шетел валюталарымен жүргізілетін операцияларды іске асыратын субъектілерді анықтау үшін валюталық реттеу жүйесінің «резидент» және «резидент емес» секілді негізгі ұғымдарға анықтама беру қажет.
«Резидент» ұғымы азаматтар мен ұйымдардың төмендегідей санаттарын қамтиды:
- Қазақстан Республикасын тұрақты мекендейтін, уақытша республикадан тыс жерлерде тұратын тұлғалар;
- Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес құрылған, Қазақстанда орналасқан заңды тұлғалар;
- Заңды тұлға болып табылмайтын, Қазақстан Республикасының заңдарына сейкес құрылған, Қазақстан Республикасында орналасқан кәсіпорындар мен ұйымдар;
- Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерде орналасқан дипломатиялық және басқа да ресми өкілдіктері;
- Резиденттердің Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерде орналасқан филиалдары мен өкілдіктері.
«Резидент еместерге» жататындар:
- тұрақты мекен-жайы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан, сонымен бірге, Қазақстан Республикасында уақытша тұрып жатқан жеке тұлғалар;
- шет мемлекеттердің заңдарына сейкес құрылған, Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлерде орналасқан заңды тұлғалар;
- Заңды тұлға болып табылмайтын, шет мемлекеттердің заңдарына сейкес құрылған, Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлерде орналасқан кәсіпорындар мен ұйымдар;
- Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан шетелдік дипломатиялық және басқа да ресми өкілдіктер, сонымен бірге, халықаралық ұйымдар, олардың филиалдары мен өкілдіктері;
- Резидент еместердің Қазақстан Республикасында орналасқан филиалдары мен өкілдіктері.
Валюталық реттеу органдары.
Директивалық валюталық реттеу органдарына валюта айналымы саласында құқықтық актілер шығаруға өкілеттігі бар мемлекеттік органдар жатады. Олар, бәрінен бұрын, Парламент, Президент, Үкімет, Қаржы Министрлігі, Ұлттық Банк. Жанама реттеу органдары: банктер және валюталық биржалар.
Парламент заң шығару міндетін іске асыратын жоғарғы өкілетті орган болып табылады. Ол валюталық қатынастарды реттеуге қатысты заңдар шығаруға құқылы. Палаталардың бірлескен мәжілісінде Парламент Республиканың Ұлттық Банкінің Төрағасын тағайындауға келісім береді.
Республика Президенті ұлттық валютаның қызмет ету тәртібін, мерзімін және шарттарын анықтайды, республиканың мемлекеттік қаржылық бағдарламаларын бекітеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық Банкке қатысты өкілеттігі:
- Парламент келісімімен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің Төрағасын қызметке тағайындайды, оны қызметінен босатады;
- Ұлттық Банкінің Төрағасының ұсынысы бойынша Ұлттық Банкінің Төрағасының орынбасарларын қызметке тағайындайды және босатады;
- кварталына кемінде бір мәрте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жұмысы туралы Ұлттық Банк Төрағасының есебін тыңдайды.
Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жүргізеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілеттігі:
- мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын анықтайды, оны іске асырудың стратегиялық және тактикалық шараларын белгілейді;
- республиканың қаржылық жүйесін нығайту жөніндегі шараларды анықтайды және оларды іске асырады; мемлекеттік валюталық, қаржылық және материалдық ресурстарды қалыптастыру және пайдалану барысындазаңдылықты сақтауға мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етеді;
- сыртқы экономикалық саясатты іске асыру жөніндегі шараларды анықтайды; сыртқы сауданы дамыту жөнінде шаралар қабылдайды; халықаралық қаржылық ұйымдармен қызметтестікті жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Қаржы Министрлігі Қазақстан Республикасының біртұтас мемлекеттік қаржы саясатын жасау және іске асыруды бағыттап және бақылап отыратын атқарушы орган болып табылады.
Министрліктің валюталық реттеу саласындағы біртұтас мемлекеттік қаржылық саясатты іске асыру жөніндегі негізгі міндеттері:
- мемлекеттік қаржыларды басқару;
- мемлекеттің қаржылық және бюджеттік саясатын жүргізу;
- шетел капиталын басым бағыттарда қолдану саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу;
- мемлекеттік сыртқы заемдарды және гранттарды, мемлекет кепілдік берген мемлекеттік емес сыртқы заемдарды пайдаланудың тиімділігінің мониторингін жүргізу және оны бақылау.
Осы міндеттерге сәйкес Қаржы Министрлігі төмендегідей қызметтер атқарады:
- ұлттық валютаны тұрақтандыру мақсатында ақша айналымын нығайту жөніндегі шараларды анықтауға қатысу;
- мемлекеттің қаржылық ресурстарын басқаруға қатысу;
- қаржы рыноктарының инфраструктурасын қалыптастыру және олардың қызметін реттеу жөнінде ұсыныстар даярлайды;
- мемлекеттік қарыздық міндеттемелерді шығаруды, орналастыруды және өтеудііске асырады, жергілікті заемдарды шығару шарттарын тіркейді, мемлекеттің ішкі қарыздарының есебін жүргізеді, мемлекеттік бағалы қағаздарды тіркеуді жүзеге асырады;
- құнды металдармен сауда-саттық операцияларын, сондай-ақ, Үкіметтің резервтегі құнды металдары мен бағалы тастарының есебін жүргізеді.
Министрлік Ұлттық Банкпен бірлесіп мемлекеттің сыртқы қарыздарының шегін анықтайды, сондай-ақ, шетел валютасында несие алғаны үшін есептесу тәртібін жасайды.
Валюталық реттеудің негізгі органы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылады. Ұлттық Банк, сонымен қатар, әрі директивалық орган ретінде, әрі жанама реттеу органы ретінде де бола алады және тиісінше, валюталық мәселелер бойынша нормативтік актілер шығарады және өзіндік валюталық операцияларын іске асырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқа елдердің орталық банктерімен қатынастарда, халықаралық банктерде және тағы да басқа қаржылық-несиелік ұйымдарда Қазақстанның мүддесін білдіреді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңдары негізінде және оларды орындаумақсатында өзінің өкілеттігіне жататын сұрақтар бойынша Үлттық Банк Берген лицензия негізінде банкілік операциялардың жеке түрлерін іске асыратын ұйымдар мен барлық банктерге міндетті құқықтық актілер шығарады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің негізгі міндеті баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады.
Валюталық реттеу саласында Ұлттық Банк шетел валютасы және шетел валютасындағы құнды қағаздардың Қазақстан Республикасындағы айналым тәртібі мен аясын анықтайды, валюталық операцияларды жүргізу тәртібін бекітеді
Ұлттық Банк халықаралық есептесуді ұйымдастырады, шет елдермен валюта-қаржылық және несие-есептік қатынастарды жетілдіреді, шет елдерден несие тарту мәселелерін шешудің жолдарын ұсынады, шет елдік және халықаралық ұйымдардан мемлекеттік шарттарға сәйкес, шетел валютасындағы ақша қаражаттарын тартады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің аса маңызды міндеттерінің бірі — Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының шет ел валюталарымен салыстырғандағы курсын реттеп отыру.
Валюталық реттеуде, сонымен қатар, қазіргі уақытта Қаржы мекемелері мен ұйымдарды реттеу мен қадалау жөніндегі Агенттігі жұмыс атқаруда. Оның құзыретіне негізінен банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлері бойынша қызмет көрсететін ұйымдарға лицензия беру, олардың қызметіне бақылау жасап, реттеп отыру жатқызылады.