Білім берудің бірінші сатысында оқыту мен тәрбиелеу Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2010 жылға дейінгі Бағдарламасына сәйкес оқу әрекетіне деген ынта мен қажетті біліктілік, дағдылар қалыптастыруға бағытталған. Бұл біліктілік пен дағдыларға қарапайым түрде тілдік қарым-қатынасқа түсе алу, өзін-өзі шығармашылық түрде жүзеге асыра білу, мінез-құлық мәдениеті жатады. Ал бұлардың қалыптасуына этнориторикалық айтыстың ықпалы зор. Себебі, этнориторика – тілдік қарым-қатынас субъектілерінің ментальдық ерекшеліктерін есепке алатын сөйлеу әдебінің теориясы мен практикасы болса, ал айтыс қарым-қатынас жасаушылардың ұтымды байланысқа бейімділігін көрсетіп, кез келген жағдайға қарай жай және күрделі тілдік жанр негізінде тиімді дәлелдеу, сендіру, әсер ете білу арқылы этнориторикалық білім мен білікті жүзеге асырады. Этнориторикалық айтыстың көрнекілік жоспарын сыныптан тыс лингвистикалық сипаттағы мерекелік шараларда қолдануға болады.
Этнориторикалық айтыстың әдістемелік параметрлері
Жоспарланған нәтиже: шешендік өнер мүмкіндіктерін пайдалана отырып тиімді қарым-қатынас жасау.
Айтысқа қатысушылар: мектеп оқушыларының 3-4 сынып оқушылары.
Этнориторикалық айтыстың сапасын бағалайтын эксперттер: бастауыш сынып мұғалімдері, мектеп психологы.
Жұмыс жұппен жүргізіледі, айтысқа қатысушы оқушылар кезекпен жұптарды ауыстырып отырады.
Айтыстың сапасын тиімді бағалау: Оқушыларға тілді меңгертудің жолдарында берілгендей, тілдің ішкі құрылымдық жүйелеріне құрылған өлшемдерді зерттеушілер төмендегідей топтап көрсетеді:
- сөйлегенде тілдегі дыбыстардың дұрыс-анық айтылуы (фонетикалық-дикциялық норма);
- сөйлеу әуені, қарқыны: дауыс күші мен кідірістерді сақтау және дауыс тембрінің сақталуы (интонологиялық-просодиялық норма);
- екпіннің түсуін және түрлерін сақтау (акцептологиялық норма);
- сауатты, қатесіз жазу (орфографиялық норма);
- жазба мәтіндерінде тыныс белгілерін сақтау (пунктуациялық норма);
- әріп таңбаларын дұрыс, түсінікті етіп жазу (шрифтологиялық-каллиграфиялық норма);
- дұрыс айтып, сөздердің тізбегін табиғи заңдылықтарымен дыбыстау (орфоэпиялық норма),
- сөйлегенде сөз тұлғаларының түрленуін сақтау, жалғау, көмекші сөздерді дұрыс, өз орнында қолдану (морфологиялық норма);
- сөздерді өз мағынасына сәйкес қолдану, мағыналарын анық білу (семасиологиялық норма);
- сөйлемдерді, әсіресе, күрделі ойды білдіретін құрмалас сөйлемдерді дұрыс құрастыру (конструктивтік-синтаксистік норма);
- керекті сөзді сөздік құрамының ішінен іріктеп, оның әдеби нұсқасын қолдану, ретсіз енген баламасы бар кірме сөздерді, жергілікті тілге тән диалектілер мен жаргон сөздерді, т.б. қолданудан қашық болып, реттеп отыру (ономасиологиялық норма);
- тілдегі ауызекі, ресми іс-қағаздарды, публицистикалық, көркем-поэзиялық, ғылыми-көпшілік стильдердің әрқайсысының ерекшелігін, рет-ретімен сақтап отыру (функциональдық-стилистикалық норма);
- сөз саптаудағы жағдайларды ескеру (стильдік норма);
- сөйлеу мәдениетіне қатысты нормалардың, сөйлеу әдебінің сақталуы (этикеттік норма);
- тілдегі көркемдік құралдар, тіл байлығын, оның мүмкіндіктерін пайдалану: көркемдеу, айшықтау, дәлдеу, сөздерді іріктеу (образды-эстетикалық норма);
- сөйлеуде тілдің өз заңдылықтарына қатысты халықтың дәстүр-салттық ерекшеліктерін сақтау (коммуникативтік-этникалық норма);
- сөйлегенде ойдың көлемі, мазмұндық құрылымы, хабардың жеткізу жүйесін реттеу (информативтік-коммуникативтік, контекстік норма).
Ауызекі сөйлеу тілін жақсы меңгерген, оған жатыққан оқушы ойын жазбаша да дұрыс әрі жүйелі бере алады. Жоғарыда көрсетілген талаптарды ескеру арқылы айтысқа қатысушылар қарым-қатынасының тиімділігін бағалаймыз.
1-тапсырма
Сәлемдесу, өзін-өзі таныстыру.
Жоспарланған нәтиже: берілген жағдайда өзіндік стильді ұстана отырып бір-бірінің көңілінен шығу.
2-тапсырма
а) Өз көңіл-күйін, ішкі жан-дүниелік күйінің бейнесін кез келген әннің әуенімен (мұңылы, жылдам, созып айтылатын ән т.б.), не болмаса өлең жолымен білдіру.
б) Берілген өлең жолдарын үш жағдайда оқу:
- Ақынның рөлінде.
- Шаңғымен келе жатқан баланың орнында.
- Қуанышты күйде.
Жоспарланған нәтиже: 1) дауыс бұлшықет аппараттарын жаттықтыру, сөйлеу әуені, қарқыны: дауыс күші мен кідірістерді сақтау және дауыс тембрін сақтау.
2) жан-дүниелік құбылыстарын (ішкі сезімдерін) сыртқа шығара алу.
Білім өзектілігі: мәнерлеп сөйлей білу шеберлігі, сөйлеу кезіндегі тілдің жатықтығы және түрлі жағдайдан қисынды жол тауып, өз мүмкіндігін пайдалана алу.
3-тапсырма
Лексикалық ойын
«Т», «Е», «М» әріптері беріледі. Берілген әріптерге тез арада көп сөздер тауып, сол сөздерден сөйлемдер құрастыра білу.
Жоспарланған нәтиже: сөзбен-сөзді байланыстырып өзінің ойын, талабын, көңіл сезімдерін басқаға жеткізу.
Білім өзектілігі: оқушының ауызша ойын грамматикалық және стилистикалық жағынан дұрыс сөйлем құрап, жүйелі сөйлеуге үйрету.
4-тапсырма
Суреттерді жандандырайық.
Екі адамның, жануарлардың, табиғат құбылыстарының бейнеленген суреттеріне қарап бір-бірімен қарым-қатынас жасауын ойластырып, рөлдерге кіру (мысалдар — әдептілік, кішіпейілділік, адамгершілік, эмпатия білдіре білу т.б. тақырыптарында).
Жоспарланған нәтиже: оқушылардың ой-өрісін, білімін, дүниеге көзқарасын қалыптастыру, оқушылардың білім дағдыларын жетілдіру.
Білім өзектілігі: тілдің айналадағы ортаны, адамдарды танудың ғана емес, өзін-өзі танудың, өзін басқаға танытудың да құралы екендігін бала санасына орнықтыру негізінде оқушының қызығушылығын арттыру. Тіл арқылы жүзеге асатын әр түрлі әрекеттерде адам болмысының, психикасының, мінез-құлық қасиеттерінің көрінетінін ескеру.
5-тапсырма
Өтірік өлең айтысы.
Тақырыптар: «Қазақстан 30 жылдан кейін», «Мен Президент болғанда», «Бақытты балалық».
Жоспарланған нәтиже: қазақ тілін оқыту әдістемесінде берілген оймен сәйкес келеді: көркем сөздің баурап алатын күші ерлікке, Отанды сүюге, адамгершілікке тәрбиелейді. Ол үшін тілді, әсіресе оның байлығын, көркемдігі мен үнділігін, сан қырлы мағынасы мен өткірлігін үйрене білу, көптен-көп жаттыға білу қажет.
Білім өзектілігі: баланың шығармашылық қиялын өтірік өлең арқылы еркін, еш кедергісіз, терең дамыту: Адам қиялсыз өмір сүре алмайды, қиял шындық болмыспен ұштасып, адамды жаңа істерге, меңгерілмеген нәрселерді игеруге, ғылым мен техникадағы, өнер мен көркем әдебиеттегі жаңа белестерге ынталандырып отырады.
6-тапсырма
Би-шешендердің нақыл сөздерінің мәнін ашу арқылы басқаның ойын өз ойымен сабақтастыра отырып өзіндік ойларын қалыптастыру.
Жоспарланған нәтиже: халқымыздың шешендік өнер үлгілері, ауыз әдебиеті мұраларын, тапқырлық, шеберлік жүйелерін үйрету. «Халық нақыл сөздерінде орасан көркем сыр, эстетикалық ықпал жасайтын ерен күш бар. Халқымыздың бай мәдениеті, әдебиеті мақал-мәтелдер арқылы осы күнге дейін жеткізілген. Бірнеше ғасырлар бойы халық жадында сақталып келе жатқан мұраларда ұрпақтың көкейіне орнықтырып, керекті жерінде баланы тәрбиелеуде, тілдік қарым-қатынаста қолдануына кезек келді. Сондықтан қазақ халқының асыл қазынасы нақыл сөздерді қарым-қатынаста және баланы тәрбиелеу үшін қолдану алға қойылған міндетіміз» [1,86-90].
Білім өзектілігі:
а)ойлай білу, ойға тоқығанын салыстырып, ұқсастығымен айырмашылығын тауып, әр нәрсе туралы өзінің ойын айтып, бір пікір шығару.
б) ойға тоқығанды және оған деген өз көзқарасын жарыққа шығару (этнориторикалық сауаттылықты пайдалана отырып).
7-тапсырма
Мақал-мәтелдердің басын не аяғын қойып оның мән, мағынасын анықтау.
Жоспарланған нәтиже: өз тілінің әсемдігін, мәнерлілігін, сезіне білу.
Білім өзектілігі: сөз мәйегі — мақал-мәтелдермен қисынды қиюласқан ой-өрнектерімен сөздік қорларын байытып, оны орынды пайдалануға машықтандыру.
8-тапсырма
Жұмбақ айтыс (еркін тақырыпта).
Жоспарланған нәтиже: оқушылардың ойлау процессін дамытып, қалыптастыру.
Білім өзектілігі: адамның ойлау қызметін жаңарту мәселесі баланың тілдік қабілетін шыңдаумен тығыз байланысты. Психологтар адамның сөйлеген сөзінде оның ойлау жүйесі де көрінеді дейді (А.Давыдов, Л. Рубинштейн т.б.).
Әдебиеттер тізімі:
- Камиева Г.К., Самковская А.Б. Нақыл сөздердің бала тәрбиелеудегі алатын орыны// «Педагогикалық білімнің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның еңбектері. Ι том. – Шымкент, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университеті, 2006 ж. 348 б.