Математиканы оқытуда пәнаралық байланыстарды жүзеге асырудың мүмкіндіктері

Жас жеткіншектердің дүниеге көзқарасын қалыптастыра отырып, ғылым негіздері бойынша терең де, берік білімдермен және оларды практикада қолдана білудің тілін және дағдыларымен қаруландыру бастауыш мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған зор міндет болып табылады. Мұғалім сабақта әдіс тәсілдерді пайдалана отырып, балалардың ұсыныс пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отыруы қажет.Әдіс тәсіл көмегімен өткізген әрбір сабақ оқушылардың ойлауына және қиялына негізделіп келеді, баланың тереңде жатқан ойын дамытып, оларды сөйлеуге үйретеді. Түрлі әдістемелік тәсілдер пайдалану арқылы қабілеті әр түрлі балалардың ортасынан қабілеті жоғары баланы іздеп, онымен жұмыс жасау , оны жан-жақты танытуды ойлап, оқушылардың білім дегейін бақылап отыру –әрбір мұғалімнің негізгі міндеті.

Пәнаралық байланыстар қоршаған әлемдегі болып жатқан құбылыстар мен процестердің өзара байланысын бейнелей отырып, олардың материалдық білігін аша түседі, сөйтіп оқытудың ғылыми деңгейін көтереді. Бұл оқушыларды алғырлыққа баулиды, олардың жүйелі түрде ойлау қабілетін дамытады әрі әртүрлі пәндерден алған білімдерін жалпылап, оны қолдана білу біліктілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай интеллектуалдық қабілеттері болмаса, адам еңбекке шығармашылықпен қарай алмайды, әртүрлі пәндік саладан алған білімді синтездеуді қажет ететін қазіргі құбылмалы өмірдің күрделі мәселелерін шеше алмайды.

Шығармашылық тұлға, яғни жас дарын жасының ерекшелігіне, қызығуына қарамастан өзгелерден даралығымен , табандылығымен, шұғыл шешімділігімен, өз күшіне деген сенімділігімен, сезім ұшқырлығымен, өз бетімен жұмыс істеуге деген құштарлығымен, асқан шабытымен ерекшеленеді.

Пәнаралық байланыстар мәселесі төңірегінде зерттеулер олардың мынадай ерекшеліктерін ашып көрсетеді:

–пән аралық байланыстар мектептегі ғылым негіздерін терең және жан-жақты меңгерудің дидактикалық шарты және құралы болып табылады;

–оқу-тәрбие процесінде пәнаралық байланысты жүзеге асыру білімді жалпылауға, жүйелеуге, тиянақтауға, ең ақырында бір тұтас ғылыми дүние танымды қалыптастыруға жағдай туғызады;

–әртүрлі пәнаралық байланыстар оқушылардың іс-әрекеті арқасында нақты ұйымдастырушылық, қалыптастырушылық сипат алады;

–пәнаралық байланыстар материалды игерудегі сабақтастықты көздейді, соның нәтижесінде оқу уақытын үнемдеуге септігін тигізеді.

Қазіргі кезде білім мазмұнын жаңарту жағдайында және бастауыш мектепте белгілі бір деңгейде аяқталған білім ауқымын берудің қажеттілігіне байланысты оқу пәндерінің мазмүны қайта құрылып, жаңартылып, жетілдірілуде. Осыған байланысты пән бағдарламалары жаңартылды. Бағдарламалардың өзгеруіне және оларға жаңа оқу материалдарының енгізілуіне орай, пәнаралық байланыстарды жүзеге асырудың мүмкіндіктері де кеңейе түсті, өйткені, мектеп курсындағы пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру мүмкін болатын оқу материалының мазмұны мен көлемі осы бағдарламалармен анықталады.

Мәселен, 4-сыныпта бағыт ұғымы қалыптастырыла бастайды да 7-сынып геометриясында бұл ұғым әрі қарай дамытылады. Бағыт туралы алғашқы ұғымды пайдаланып, оқушылар 7-сынып физикасындағы күш ұғымын векторлық шама ретінде қарастыруды, бір түзудің бойында бір жаққа қарай немесе қарама-қарсы бағытталған екі күштің қосындысын табуды үйрене бастайды. Физикалық мазмұнды есептер математикалық ұғымды қалыптастыруда, әртүрлі амалдардың қолданылу мәнін түсіндіруде, сол сияқты кейбір мәселелер бойынша теориялық қорытынды жасауда ерекше роль атқарады. Сонымен қатар мұндай есептер оқушылардың тіл байлығын дамытып, білім қорын кеңейтеді. Физикалық мазмұнды есептер әсіресе оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыта отырып, шамалар арасындағы байланыстарды, заңдылықтар мен тәуелділіктерді анықтай білу , дұрыс ой қорытындысын жасай білу, жағынан оқушылардың біліктері мен дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Вектор ұғымының геометрия оқулығындағы сипаттамасы оның физикалық түсіндірмесінен бұрын беріледі, сондықтан оқушылар геометрияда да, физикада да вектор деп аталатын , ұзындығы мен бағыты арқылы анықталатын шамамен танысады.

Математика сабақтарында физик мазмұнды есептерді шығару физика пәнін оқып үйрету барысында есеп мағынасын өз бетінше дұрыс жолдай білуге үйретеді. Физикалық мазмұнды есептерді шығару үшін оқушылардың есеп текстін мұқият оқып шыққаны жөн.Сонымен қатар олардың есеп шартын талдау әдістерін білуі, есептің мазмұнын қысқаша түрде жаза білулері үлкен роль атқарады.

Оқушыларды есеп шартын қысқаша түрде жазуға үйрету үшін дайын түрдегі үлгілерді пайдалануға болады. Мұнда текстегі берілген шамалар және бағандарға бөліп жазылады. 2-сынып оқулығында берілген мына есептерді қысқаша түрде жазайық.

  1. Мотоциклші 95 км/сағ жылдамдықпен, ал велосипедші одан 76км/сағ кем жылдамдықпен жүріп келеді. Мотоциклшінің жылдамдығынан нешеге артық?

Есеп мәтіндік қысқаша жазу үлгісі:

Жылдамдық

Мотоциклші– 95км/сағ

Велосипедші – 95км/сағ-76км/сағ

Есептің шартын осылайша қысқаша түрде жазу оқушылардың есеп мәтіндегі берілген сан мәліметтердің мағынасын дұрыс түсіне білуіне көмектеседі. Мәтіннен сан мәліметтерді бөліп алу және оларды рационал түрде жазу есепте берілген белгілі шамалар мен белгісіз шаманы көрнекі түрде анықтауға мүмкіндік береді. Сол сияқты қысқаша түрде жазу есептің шарты мен ізделінетін шаманы бөліп көрсетіп, берілген шамаларды бір-бірімен салыстыра отырып, олардың арасындағы байланысты анықтауды, яғни есеп мағынасын талдау жұмысын жеңілдетеді. Математика мен физиканың пәнаралық байланысын нығайтуға мүмкіндік беретін математикалық ұғымдардың бірі-шек. Мәселен,мектеп физикасындағы лездік жылдамдық,үдеу,ток күші,токтың тығыздығы,т.с.с бірқатар ұғымдар шекке көшу арқылы анықталады. Әрине, мұндай физикалық ұғымдарды қалыптастырып, дамыту үшін қолданылатын математикалық аппарат жан-жақты меңгерілуі тиіс. Бұл тұрғыда, шекке көшудегі аталған мысалдар математика мен физика пәндерінің өзара байланысын күшейте түседі.

Математиканы оқытуда пәнаралық байланыстарды жүзеге асыруда геометрия элементтерін оқытып үйретудің басты және аса маңызды нәтижесі-фигуралардыбір-бірінен ажырату және оларды тани білу іс-әрекетін меңгеру.Ол оқу процесінде, әсіресе, геометриялық мазмұнды жаттығулар мен материалдарды қарастыру барысында жүзеге асырылады.

Бірінші топтың жаттығулары фигуралардың бірнеше қасиеттерден тұратын сипаттамалық белгілерін еске түсіреді және оларды айтып шығады, әрі қарай сол қасиеттер фигураға тән екенін біртіндеп тағайындап, тексеруден өткізеді, сонан әрбір фигураны қарастырып отырған ұғымға тиісті немесе тиісті емес екендігі жайында қорытынды жасайды. Екінші топтың жаттығулары геометриялық фигуралардың бейнелерін еске түсіруді көздейді .

Үшінші толптың жаттығулары сызу дағдыларын қалыптастыруға және тиянақтай түсуге арналады. Сонда әр түрлі жағдайларда геометриялық фигураларды салудың ерекшеліктері пысықталады .

Төртінші топтың жаттығулары оқушылардың геометриялық шамалар, оларды өлшеу және есептеп шығару жайындағы білімдерін бір жүйеге келтіреді және қортындылайды.

Геометриялық шамалар жайындағы, әсіресе “ұзындық” пен “аудан” туралы оқушылар білімдері әр алуан мақсатта қолданылатын материалдың қатарына жатады. Сондықтан олар жайындағы түсініктің дұрыс қалыптасуына және сәйкес ұғымдарды практикалық мақсатта қолдануға оқушыларды жеткілікті машықтандыруға курста қолайлы жағдайлар жасалған. Оның ең негізгісі–фигура параметрі мен ауданын оқытып үйрету әдістемесіндегі бірізділік. Алдымен ұзындылық және аудан сияқты шамалардың бола алатын оқушылар практикалық жұмыстар нәтижесінде (кескінділерді, әр түрлі жазық фигураларды салыстыру) түсінеді, сонан кейін шаманың өлшем бірлігі (1см, 1см2) енгізіледі, әрі қарай оқушылар шаманы өлшеудің негізгі тәсілін игереді, ең соңында шаманың басқа да өлшем бірліктерінің арасындағы қатыстар тағайындалады.

Жаратылыстану-математика цикліндегі пәндер арасындағы осындай байланыстар кездейсоқ сипат алмас үшін осы пәндердің, оның ішінде математика мен физиканың оқу бағдарламаларына салыстырмалы түрде талдау жүргізіледі. Сонымен қатар оқулықтар мен ғылыми әдістемелік әдебиеттер зерделенуде. Бұл қазіргі заманғы ғылымдар, әсіресе жаратылыстану-математика ғылымдары өзінің зерленуінде пәнаралық тәсілді талап ететін кешенді де синтездік ғылымдар болып табылатынын көрсетеді. Олар бірімен-бірі тығыз байланысты, сол себепті мектептің оқу пәндері де бірінен-бірі алшақ бола алмайды. Сондықтан да осы пәндегі ортақ мәселелерді, жалпы ғылыми ұғымдарды синхронды түрде, үйлестіре оқытуға көңіл бөлу қажет. Себебі, тек білімді игеру ғана емес, сол білімнің дүниенің жалпы бейнесіндегі үлесі де маңызды. Ал мұның біртұтас ғылыми дүниетанымды қалыптастыру үшін және бүгінгі таңда күрделі болып отырған әлеуметтік, экономикалық, экологиялық мәселелерді ұғыну үшін маңызы зор.

Әдебиеттер

  1. З.Байжанова, Э.Көшеров Математика курсындағы физикалық мазмұнды есептер және оларды шығару әдістемесі. А.1985ж.
  2. С.Е.Шәкілікова, Қ.Ж.Ағанина , М.О. Кенжебаева және т.б. 5-11сыныптарға арналған оқу бағдарламалары.А: 2000ж.
  3. А.Е.Әбілқасымова,А.Қ.Көбесов, Д.Рахымбек, Ә.С.Кемеш Математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі.А. 1998ж.