Қазақ тіліндегі модальдық категориясы күрделі де, ауқымды грамматикалық заңдылыққа жатады. Себебі “модальдық” термині аясында субьектінің белгілі – бір ақпаратты жеткізудегі немесе қабылдаудағы көзқарасы, коммуникативтік қатынас жасауда үнемі ілесе жүретін эмоция, кейбір хабардың айтылуында көрініс беретін экспрессивтік реңктер қаралады.
Тіл білімінде орныққан модальдық категориясының жасалуы да әр түрлі. Сөйлем аясындағы жасалуына назар аударсақ, кейбір етістік сөздер, зат есім, сын есім, одағай сөздер, фразеологизмдер аталмыш категорияның қалыптасуына негіз болар ішкі амал-тәсілдері болып табылады. Жеке сөздердің мағынасы, әсіресе, эмоциялы-экспрессивтік реңкі бар сөздер семантикалық ерекшелігіне қарай әр қилы бояу үстеп, субьектінің көңіл-күйінен хабардар етеді. Бұл туралы тіл білімінде М.Серғалиев (1, 16), М.Оразов (2, 95) еңбектерінде қамтылған.
Осындай қолданыстарға назар аударып, талдауға болады. Мысалы:
Айдынына аққу ұшып, қонса қаз,
Ән думанын бастайды екен көл сабаз
(И.Сапарбай).
Құрмалас сөйлем түрінде қалыптасқан өлең тармақтарынан тек жағымды, арманға толы, шаттанған көңіл тебіренісін аңғарасыз. Осы сөйлем құрылымына экспрессивтік реңк, эмоциялық түрленуді ”аққу”,”қаз” сөздері үстеген. Субьектінің логикалық қабылдауында ”аққу”,”қаз” сөздері сұлулық, тазалық ұғымдарымен астарлас жатады. Сондықтан,”аққу”,”қаз” сөздерін қолдануда үнемі жағымды реңк басым болады.
Бұдан зат есім сөздердің түбір күйінде модальдық категориясының жасалуына негіз болатынын байқаймыз.
Эмоциялық реңк үстейтін зат есімдер поэзиялық шығармаларда активтігімен көзге түседі. Мысалы:
Аңқылдап әлдеқайдан самал есер,
Мың сан гүл баһар ашып далада өсер
Жалт ойнап жаратқанның жанарында
Жарылқар жер жаханды қара нөсер
(И.Сапарбай).
Қолданыста әсем табиғаттың жанға жайлы шағы үйлесімділікпен суреттелген. Сөйлемдегі “самал”,”гүл”,”нөсер” сөздері арқылы субьектінің табиғатқа сүйсінуі сияқты мінездері ашыла түседі. Зат есімдерді қолдану арқылы ақынның немесе субьектінің күйініші мен сүйініші де шебер шендестіріледі. Мысалы:
Мезгілім –ай,
Мекендеген Ай қасын.
Қан қақсатып кетті сені қай жасын?
Бір тал гүлді отыратын иіскеп
Қайран, күім, хабар берші, қайдасың?
(И.Сапарбай).
Ақын эмоциясының құбылуын «ай», «жасын», «гүл» сөздерінің қолданысы ажырата көрсеткен. Эмоциялық-экспрессивтік реңк үстеген «ай» сөзі – арман, «жасын» сөзі — жабырқаған көңіл, «гүл» сөзі әдемі сәт сөздерімен астарласып, субьектінің құбылмалы эмоциялық қалпын жеткізуге тірек болады.
Кейбір зат есімдер синонимдік қатар түзе қолданылып, экспрессивтік бояуды күшейтіп, субьектінің күйзелісін нанымды суреттеуге мүмкіндік береді. Ойымызды төмендегі мысалдар дәлелдейді.
Бәрі өтірік,
Бәрі жалған,
Сағынып, өліп-талу сағым, арман
(И.Сапарбай).
«Өтірік», «жалған» лексикалық синонимдердің қатары контексте «сағым», «арман» сөздерімен мәндес сөздер ретінде теңестіріле қолданылып, ерекше дауыс ырғағымен дараланып, эмоцияның берілуіне негіз болған.
Экспрессивтік реңкті күшейту қызметін изафеттік сөз тіркестері де атқарады. Мысалы:
Кірпігіме асылған
Үміт шығын үзбедім
(И.Сапарбай).
Изафеттік құрылым негізінде қалыптасқан «үміт шығы» тіркесі «нәзік сезім», «нәзіктік», «сұлулық» сөздерінің мағынасымен астарлас. Осы қолданыстар арқылы субьектінің ішкі сезімі, арманы айшықталады. Мұндай изафеттік тіркестер экспрессивті бояуды күшейтіп, сөйлемнің көркемдігін даралай түседі, өйткені тіркестің екі сыңары да реңктік бояу қосады. Бұндай мысалдарды поэзиялық шығармалардан көп кездестіреміз. Демек, зат есімнен жасалатын кейбір изафеттік тіркестер — мәтінде белгілі бір реңкті әсірелеп, бояуын күшейте жеткізуге негіз болар негізгі амал-тәсіл. Бірыңғай зат есімдерден құралған изафеттік тіркестердің жоғарыда аталған қызметтерін мына мысалдардан да байқаймыз. Мысалы:
Күрең шай күн нұрымен бапталғандай,
Ақ білек ай нұрымен апталғандай
(И.Сапарбай).
Өлең тармақтарындағы «күн нұры», «ай нұры» тіркестері үнемі сұлулық сөздерінің баламасы ретінде алмастырылады. Бір ескеретіні, сөздің тура мағынасындағы семантикалық реңкі ауыспалы мағынада да сақталады. Экспрессивтік реңкті айқындауда суреткер көбіне табиғатқа қатысты қолданыстарды пайдаланады. Оның өзін кейде тура мағыналы сөздер арқылы айшықтаса, кейде ауыспалы мағыналы тіркестермен алмастырады. Мәселен, «ай нұры» қолданысындағы «нұр» сөзі екінші бір қолданыста астарлы ұқсату, ауыстыру әдісімен «саумал» сөзімен алмастырылған.
Түңдіктен саумал бүркіп ай көшеді,
Іргеден қоңыр самал жайлы еседі
(И.Сапарбай).
Талдай қарасақ, «нұрын бүркіп ай көшеді» қолданысы «саумал бүркіп» тіркесімен ауыстырылған. Сол арқылы табиғаттың әсем көрінісі бейнелі де, әсерлі суреттеліп, тіркестің экспрессивтік бояуы даралана түскен.
Эмоциялық-экспрессивтік реңк үстейтін зат есімдер қолданыстағы антонимдік жұп құрау белгілерін сақтайды және бастапқы, негізгі семантикалық өрісі қаз-қалпында болады. Осыған дейін талдаған сөйлемдерде «ай», «күн», «гүл», «нөсер», «нұр», «саумал» сөздері бастапқы мағыналарында да, ауыспалы, астарлы мағыналарында да жақсылық нышаны, қуаныш, шаттық символы ретінде көрінсе, «қайғы», «мұң», «өкініш» «көлеңке» сөздері адам логикасында қалыптасқан семантикалық белгісіне сәйкес, жағымсыз реңк үстейді. Демек, экспрессивтік реңк жеке сөз мағынасынан бастау алады, ал сөйлем аясында сол қолданыстың активтенуі жүзеге асады. Түбір күйінде экспрессивтік реңкі бар сөздердің сөйлем аясында варианттары пайда болады.
Көңіліңе түсті ме бір көлеңке?
Көңілді көгендемей көлеңкеге,
Екеуміз кетейікші сол өлкеге
(И.Сапарбай).
«Көлеңке» сөзі ауыспалы мағынада қолданылып, «уайым, кірбің» сөздерімен синонимдік қатар құрайды. Бұл сөздің әдеби тілімізде орныққаны соншалық, «уайым, кірбің» сөздердің орнына еркін қолданылып, көрсетілген негізгі сөздердің мағынасын контекстен тыс та бере алады. Яғни, бір сөз табынан екінші сөз табына ауысатын сөздердің қызметі қандай болса, экспрессивтік реңк үстейтін лексикалық синонимдер мен грамматикалық синонимдердің арақатынасы сондай болмақ.
Ал «өкпе», «нала» сөздерінің сөйлемге үстер реңкі тұрақты, яғни жағымсыз реңк.
Мысалы : Өкпе – налаң көбейіп кетті ме әлде
Күрмеуіне келмейтін күнге келте?
(И.Сапарбай).
Сол сияқты, «қырсық» зат есімінің де сөйлемге қосар реңкі тұрақты болады. Мысалы:
Қыр соңымнан қалмады қырсық ұдай…
(И.Сапарбай).
Осындай реңктік бояулар «мұң» сөзімен де жалғасады. Бұл сөзді мағынасына сәйкес «көңілсіз шақ» эмоциясын айқындауға қолданамыз.
Мысалы: Мұң тамады кірпігіңнен дір етіп ..
(И.Сапарбай).
«Мұң» сөзінің тура мағынасы да, ауыспалы мағынасы да көңілсіз сәттегі көріністі бейнелейді Демек, жеке тұрғандағы сөзге тән экспрессивтік реңк грамматикалық қолданыста да сол негізін сақтамақ.
Экспрессивтік реңк үстеуші зат есімдердің мағынасы сөйлем аясында үнемі ескеріледі. Яғни, сол зат есімдердің мағынасына қарай басқа сөздер іріктеліп, грамматикалық тіркесу мен мағыналық байланыстың қажеттігі айқындалады. Төмендегі мысалда экспрессивтік – эмоциялық шеңбер «мұң» сөзінің семантикасына сәйкес қалыптасып, мағыналық – грамматикалық байланыс орныққан.
Сыздатады, мұздатады жанымды,
Көкірегімнің көк сеңіндей көшкен мұң
(И.Сапарбай).
«Мұң» сөзінің семантикасы болымсыз реңктегі етістіктермен, сол реңкті тереңдетіп, сындық белгісін ажырата түсетін сын есімдермен толығып, эмоциялық шеңбердің құрылуына негіз болған.
Байқауымызша, эмоциялық – экспрессивтік реңк үстейтін негізгі тірек сөзден тұтас көңіл — күй реңктерінің семантикалық өрісі қалыптасады. Көрсетілген өлең жолдарында экспрессивтік реңк тудыратын негізгі тірек сөз «мұң» зат есімі, «сыздатады», «мұздатады» етістіктері эмоция шегін, ал сын есімдер экспрессивтік бояуды айқындау қызметін реттеген. Бұдан модальдық категориясының бір тармағы болып табылатын эмоциялық-экспрессивтік реңк үстейтін амалдардың өзіндік орны бар екенін аңғарамыз.
Осы мақалада зат есімдердің түбір күйінде эксперссивтік реңктің жасалуына негіз болатын грамматикалық тәсіл болып табылатынына көз жеткіздік. Басқа сөздермен бірлікте зат есімдер қажетті эмоцияны ашуға тірек болып, субьектінің ішкі үнімен астарлас сурет қалыптастырады.
Экспрессивтік бояу әр түрлі грамматикалық тәсілдердің функционалдық қызметінен яғни біріге, жұптаса қолдану нәтижесінде тереңірек айқындала түседі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Серғалиев М. Синтаксистік синонимдер Алматы, 1991.
- Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. Алматы, 1994.