Жастарды халық педагогикасы арқылы отбасылық өмірге дайындаудың өткен заманғы үлгілері

Кез келген халықтың бүкіл адамгершілік – рухани өмірі халық педагогикасында екендігін әрбір халық мойындайды. Осы заманғы тәрбиенің мәні – халықтардың ғасырлық, прогресшіл, адамгершілік дәстүрлерінің сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік туғызып отыр.

Отбасында физиологиялық, экономикалық рухани-психологиялық адамгершілік және эстетикалық қатынастар қабысып жатады. Ғылыми философиялық, психологиялық әдебиеттерде отбасы тәрбиесі жалпы тәрбиенің аса маңызды құрамды бөлігі екендігі айқындалған. Отбасы деген ұғым педагогика, психология, философия ғылымындағы арнайы категория. Тарихқа көз жіберсек, отбасы ұғымы көп ғасырлы халық мұрасымен байланысты. Тұтастай алғанда педагогикалық зерттеулердің негізінде отбасы тәрбиесі ұғымына әр қырынан анықтама берілген.

Отбасы күрделі қоғамдық құбылыс болып есептеледі. Қоғамдық ортаның шағын бір бөлігі ретінде балаға өмірге жолдама береді, көзқарасының, әдет-ғұрпының ірге тасын қалайды. Еліміздің өміршеңдігі отбасы жағдайымен тығыз байланысты.

Қоғамның дамуы әрбір адамның дамып, жетілуіне байланысты, яғни оның біліміне, саналылығына, қоғам үшін жан аямай, шексіз беріле қызмет істеуіне тікелей байланысты. Осындай игі қасиеттерді қоғамның болашақ мүшелері, болашақ ата-ана, балаларымыздың бойына жастайынан сіңіріп өсіріп, тәрбиелеуіміз керек. Бұл әлеуметтік, қоғамдық, бүкіл халықтық маңызы бар мәселені жоғары дәрежеде шешуде “отбасы” жетекші рөл атқарады.

Отбасы – адам баласы тарихи дамуының барысында қалыптасқан және үздіксіз дамып келген. Ол – алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау кезінде пайда болған әлеуметтік топ және шаруашылық негіздерінің бірі. Әрқашан қоғаммен, оның көп салалы қатынастарымен рухани байлығымен тығыз байланыста өмір сүрген. Сондықтан жоғарыдағы айтылған міндеттердің ішінде қазіргі кезде отбасы тәрбиесінің өзекті мәселесінің бірі отбасының адамгершілік тәрбиесі болып табылады.Отбасы тәрбие процесінде жеке бастың адамгершілік белгілері гуманизм сезімі, қайырымдылық, сезімталдық, парасаттылық, ұқыптылық, жауаптылық, тәртіптілік, кішіпейілділік, әдептілік, мейірімділік, еңбек сүйгіштілік т.б. қасиет-сапалар қалыптасады.

Отбасының ұйытқысы адамгершілікке негізделген – неке. Еркек пен әйел арасындағы жарасымды шынайы сүйіспеншілік парызды шынайы сезіммен ішкі жансарай байлығымен бағалау бала тәрбиесінде зор орын алады.Сондықтан отбасы некенің табиғи түрлі жалғасы ретінде ұрпақтар қатынастарында қамтиды.

Неке жұбайлар арасында да, ата-ана мен балалар арасында да азаматтық құқықтық, адамдық қатынастармен байланысты. Отбасы өзінің күні бүгінге дейін қоғамға мәлім тарихи формалар арқылы белгілі белгілі бір дәрежеде мемлекеттің тәрбиешісі, ұясы ролін атқарып келді. Себебі әр отбасының тәрбиелілігі азаматтың беделі, ол мемлекеттің тәрбиелілігінің айнасы. Отбасы қоғамдық мақсат негізінде өмір сүретін, адамның алғашқы адамгершілік әліппесін үйрететін адамгершілік мектебі болып есептеледі.

Халықтық педагогика отбасындағы тәрбиенің негізі болып саналады. Өйткені адамның жеке басының мінез-құлқын қалыптастыру, оның бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру көбіне үйде ата-ананың тікелей әсерімен жүзеге асады.От ертеден бері отбасы тұтқасы болып саналады. Ата-бабамыз қазақ халқының тұрмыс тіршілік сөзінде “менің үйім” деген ұғымның орнына “менің отбасым” сондай-ақ бір үйдің орнына “бір түтін” деп үй иесін “отағасы” деп атаған.

Бүкіл табиғатттың, бүкіл адамзат тіршілігінің барлығының түп тамыры – күн, су, ауа, от деген ұғымдармен анықталады. Осыған орай “отбасы” сөзінің алынуы табиғаттың, қоғамның бүкіл тіршіліктің даму заңдылығындағы “от” деген ұғыммен байланысты болған. Оттың үнемі маздап жанып, айналасына жылу, жарық берумен отбасының да бір-біріне деген оттай жалындаған ыстық сезімі, жылы мейірімі бірін-бірі бағалауы, қайырымдылығы, құрметі халықтық дәстүрдің негізіне алынған.

Сан ғасырлық тарих бетіне үңілсек, қазақтың ұлттық тәрбиесінен нәр алған талай әлемге әйгілі, елін қорғаған батырлар да, билер де, орақ тілді, от ауызды шешендер де, топ жарған жыршы, термеші тәрбиеленіп шыққанын білеміз. Сондай-ақ шығыс философтары мен ұлы ойшылдар өздерінің ой-пікірлерінде халықтық педагогиканың негізін қалаған, оның тәлім-тәрбиелік мәнін ашқан, ұлттық салт-дәстүрдің маңызын дәлелдеген.

Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағылымдарының мәдениет тарихын Орта Азия және Қазақстанның ұлы ойшылдарының еңбектерінен көруге болады. Олардан халықтардың бір-бірімен әдет-ғұрпы, салт-дәстүр тұрғысынан жақындағы ғасырлар қойнауынан орын алатындығын көреміз.

Тәрбие туралы ой-пікірлер VI ғасырдағы Орхон-Енисей жазуларынан басталып, орта ғасыр ғұламалары мен (әл – Фараби, Ж. Баласағұн, М. Қашқари, т.б.) Алтын Орда дәуірі оқымыстылары (С. Сари, Қ. Жалайыри т.б.) XIV – XV ғасырда өмір сүрген ақын, жыршылар (Асан Қайғы, Шалкиіз, Бұхар, Махамбет, Әсет т.б.), сондай-ақ ХІХ ғасырдың ІІ жартысында (Шоқан, Ыбырай, Абай), одан бертін келе ортамызға қайта оралған қазақтың ұлы зиялылары А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, С. Сейфуллин т.б. бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.

Әл-Фарабидің “Философиялық трактаттар” [1], “Эстетикалық трактаттар” [15] және т.б. шығармаларында адамзаттық игілікке, бақытқа, шаттық өмірге жету жолындағы ең негізгі компоненттер деп экономиканы, саясатты жанұяны және тәрбиені атаған. Бұдан бірнеше ғасыр бұрын айтылған бұл пікір біздің дәуірімізге де өз маңызын жоймай жеткен.

ІХ – ХІІІ ғасырларда өмір сүрген бүкіл Орта Азия халықтарына ортақ Жүсіп Баласағұн өзінің “Құтты білік” атты еңбегінде: “Ақыл қайда болса, ұлылыққа толады, білім кімде болса билікті болады” – деген екен [2].

Ыбырай Алтынсарин (1841 – 1889) тарихтағы зиялылар терең ойы мен ағартушылық педагогикалық асқан еңбегімен айрықша ерекшеленді. Ыбырай қазақ сахарасындағы ғылым мен білімнің алғашқы қоңырауын соққан ұлы ғалым-педагог. Дала ұрпақтарын оқу өнерге, мәдениетке, адамгершілікке тәрбиелеуде Алтынсарин аса бағалы қо-қазақ фольклорына ерекше назар аударды. Ол халық шығармашылығынан өз кітабы үшін ертегілерді, мақал-мәтелдердің тәрбиелік мақсатқа сай келетінін ғана таңдап алып шебер қолданды [3].

Абай (1845 — 1904) мұраты – қазақ елінің энциклопедиясы деп аталатын әлемдік тарих төрінен орын алды. Ғұлама ойдың иесі Абай адам тәрбиесінің ең өзекті мәселелерін шығармаларына арқау еткен. Абай адамның өсіп жетілуіндегі тәрбиенің рөліне ерекше тоқтала келе, өзінің 19-қара сөзінде “Адам баласы туа сала есті болмайды . Естіп көріп, ұстап, татып, естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарында болады. Естіген нәрсені есте сақтау, ғибрат алу ғана есті етеді”. – деп ақыл – естің тәрбиенің жемісі арқылы жетілетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді [4].

Отбасы өмірдің этикасын, ерлі – зайыптылардың бір – бірімен сыйласуы өмір сүруін ескерте келіп, күнделікті тіршілікте кездесетін қисындық атаулыны қол ұстаса отырып жеңе біліуге жастардың әзір болуын талап етеді. Ақын отбасын құру бақыты екі адамның тілек – мүддесінің бірлігі, жастар өз бақытының қожасы, мұны берік дәстүрге айналдыру олардың өз қолдарында деп түйді.

ХХ ғасырдың бас кезінен бастап, қазақ зиялылары өз ұлтының тағдырына ой жіберіп, барлық күш – қайрат, ақыл – ойларын халқын қалайда іргелі елдер қатарына қосу үшін жұмсады. .

Бүгінгі ортамызға қайта оралған А. Байтұрсынов (1873-1935), М. Жұмабаев (1893-1938), Ж. Айтмауытов (1889 — 1931), Ш. Құдайбергенов (1858 — 1931) сияқты зиялылардың мәдени рухани мұраларын жас ұрпаққа тәрбие, білім беруде кеңінен пайдалануға жол ашылды. Олар қазақтың қоғамдық, әлеуметтік, рухани, мәдени, әдеби өміріне белсене араласып, өздерінің шығармаларында және арнайы жазған еңбектерінде гуманистік, адамгершілік, демократтық, ағартушылық идеяларды уағыздап, халықтың дәстүрін жалғастырды.Мысалы, Шәкәрім Құдайбердиев оқу, өнер – білімді, адамгершілікті уағыздай отырып, талапты жастарға ақын кемеңгер Абайдың “Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық болуына” ұқсас, “Талап пен ақыл”, “Адамдық борышың”, “Ашу мен ынсап”, “Еріншек” өлеңдеріне жас ұрпақтың әуес болар қасиеттері мен азаматтық арына арқау болар сапаларын өткір өлең сөздерімен өрнектейді. Жағымсыз, жасанды қылықтарды сынға алады. Өміршең, дидактикалық мәні бар ақыл кеңестер береді [5].

Бұл күнде халық педагогикасының идеялары мен тәжірибесін жалпы тәрбиеде, соның ішінде отбасылық тәрбиеде барынша мол пайдалану мүмкіндігінің шексіздігі байқалады. Әр түрлі мерекелер, фольклорлық топтар, қолданбалы өнер, ұлттық киім, жалпы адамзаттық құндылықтардан шығатын еңбек дәстүрлері, адамгершілік мұраттары осы заманғы тәрбиенің мазмұны мен үдерісін байытады [6].

Бүгінгі таңдағы халық педагогикасы мен оқу жүйесінің ұлттық бағдарламасын қарап жатқан кезде, ең әуелі мектептерді басқарудың ғылыми негізде ұйымастырылуын жетілдірумен қоса, күллі әдіснамалық әдістерді де қайта қараудың мезгілі жеткен мәселе деуімізге болады. Ендеше, ұрпақ тәрбиесіндегі ең негізгі мәселелерді іріктеп алуымыз керек. Біздің ойымызша, мәселенің басты екі түрлі көріністері ерекше мән беруді талап етеді. Біріншісі – ешуақытта ғылыми жүйеленіп дамымаған халық педагогикасын өз негіздерінде жетілдіріп, оның физиологиялық кезеңдері – отбасын құруға дайындық және ұрық тазалығы, бойжеткен мен бозбала шақтың үндесе өркендеуін қамтамасыз ету. Екіншісі – болашақ ұрпақ тәрбиелеушілердің өздері тәрбиелі де, жан-жақты білімді болуын қатаң түрде талап еткен жөн. Қашанда тәрбиешінің шын мәніндегі білімдарлығы, оның айтар ойының тазалығы мен дұрыстығын сақтайды. Міне, сондықтан да жоғарыда ерекше бөліп аталынған екі түрлі мәселенің дұрыс жолға қойылуынан ұрпақ тәрбиесінің ғылыми негізделген жүйесі қалыптаспақ.

Жаңа жүйедегі халық педагогикасының негіздерін айқындайды. Кәмелеттік жасқа толған жастарымызға ең қажетті психологиялық мәдениет пен білім сапасын дұрыс игеруіне көмектеспесек, онда олардың дендерінің саулығы да, жарым-жартылы жарқышақтанған күй кешеді екен. Сайып келгенде бұдан шығатын қорытынды — жалпы сан алуан адам мәдениетінің анасы – психологиялық мәдениет екенін түсінеміз. Оны үзіліссіз ұрпақ тәрбиесінің ең бір негізгі тегершігі ретінде, адам тәрбиесінің алғашқы кезеңдерінен бастап-ақ, үнемі жетілдіре жүйелеумен қоса естен шығармаған дұрыс.

Отбасын құру – адам ғұмырындағы аса бір жауапты кезеңнің бірі. Ер жеткен жігіттер мен қыздар, бұл жауапкершілікті жақсы сезуіне тиісті. Сондықтан да, олар өздерінің дене тәрбиесінен бастап, мінез-құлықтары мен іс-әрекеттеріне дейін үнемі қадағалап тәрбиелеп, жетілдіріп отыруға тырысады. Мұндай мақсаттарды мұрат тұтқан жастар, өздерінң рухани жетілулерінің кідіртпей, барынша азаматтық бейнелерін қалптаструға ұмтылыс жасайды. Жалпы, қай халықтың болмасын, ғасырлар бойы қалыптастырған, ерлі-зайыптылар арасындағы заңдылықтары мен тұрмыс-салт дәстүрлері бар. Мұндай дәстүр мен тәсілге қазақ халқы да кедей емес. Тіпті оның қандас түркі халықтарынан да ерекшелінетін, өздеріне ғана тән әдет-ғұрыптары көп-ақ. Мәселен, бұрынғы қазақ салтына, оң жақтағы қыз бен жасы жеткен әжеге деген құрмет, айналасындағы адамдардың үлкені мен кішісіне де қалтқысыз орындалатын заңдай болған. Осындай қатынасқа орай ақ жаулықты әже де, бой жетіп отырған қыз да лайықты мінез-құлықтар көрсетуге тырысқан.

Жаңа шаңырақ көтерген жастарға, өмір өзінің бұлжытпай орындайтын талаптары мен міндеттерін жүктейді. Жалпы, кез келген отбасы негізінен үш түрлі мәселені дұрыс шешсе: рухани тәрбиені жетілдіру мен сақтау;денсаулық пен күш-қуатты шынықтыру;үй шаруашылығын дұрыс бағытта дамыту – деп шартты түрде жүктемеген, осы мәселелерді біртұтас қалпында шешу арқылы әр отбасы өзінің іргесін бекітіп, шаңырақтарын биіктете түседі. Шаңырағының астына осындай береке-бірлік ұялата білгенәйелер тек өз отбасында ғана емес, бүкіл айналасындағы адамдарға да сүйкімді көрінеді. Ал, шаңырақ астының береке бірлігі толып жатқан тәлім-тәрбиенің түрлерінен тұратыны белгілі. Мәселен, оларды жіктей айтып көрсек: әке тәрбиесі; жезде тәрбиесі; ене тәрбиесі; жеңге тәрбиесі – деп атап айтуға болады.

Кез келген халықтың жаңа буыны мен жас ұрпақтарының бастауы – шаңырақ көтеріп, отбасын құрудан басталатындығы табиғи шындық. Халық педагогикасының талабы бойынша отбасын құруға дайындық кезеңінде екі жастың өздері де сондай-ақ, олардың ата – аналары мен туған – туысқандары мынандай үш мәселеге ерекше көңіл бөлулері қажет:

1.Халқымыздың ғасырлар бойы сұрыпталған ата – баба дәстүрлері арқылы ұлттық генофондымызды сақтау.

2.Отбасын құруға саналы түрде дайындалу арқылы, ұрық тазалығының мәнін түсіну.

3.Ата — ана мен бала арасындағы сыйластық.

Жалпы адамзат қауымының әр кезеңдерінде пайдаланған, дәстүр – салттарының түрлері көп. Олар – бір ұлтқа тән халықтық дәстүр, өмірде жиі пайдаланатын туысқандық және отбасылық дәстүр – деп те жіктеле береді. Ендеше, жалпы дәстүр дегеніміз не? Түсіндірме сөздіктерде: — “Дәстүр дегеніміз – жалпы халық болып қабылдаған тәртіптің түрлері мен қоғамдық ережелердің жиынтығы”, — деп анықтама береді. Бүкіл ұлттық дәстүрлеріміздің темірқазығы тәрізді, қазақтың ежелден келе жатқан Ата салты – “Жеті атаға дейін қыз алыспау” – дәстүрінің орны бөлек. Халқымыз бұл дәстүрді сонау Фараби мен Қорқыт замандарынан немесе VIII – IX ғасырлардан қалыптастыра бастағаны белгілі. Мінеки, жұртымыздың бұл дәстүрді ұстанғанына он екі ғасырдай өтіпті. Сонда бұл дәстүрдің құндылығы неде? Бұл сауалға жауап беру үшін ең әуелі салыстырмалы түрде кешегі ХІХ ғасырдың басында ашылған, күллі адамзаттың мақтанышына айналған “дарвинизм” ілімін еске алуға тура келеді. Мұнан да анығырақ айтсақ, оның “табиғи сұрыптау” атты жаңалығы осынау ұлттық дәстүрімізбен, тікелей тамырлас екенін ашып айтқан жөн. Оның үстіне, бұл дәстүрдің басқа елдерде аса сирек кездесетіндігін еске ала отырып, тіпті өзімен туыстас түркі халықтарында да, “жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі” толық сақталынбайды.

Бүгінгі адам баласының ұрық тазалығы жайында түсінгі қалай дейтін заңды сауал бой көтереді. Олар отбасын құруға дайындық – дегенді тек материалдық жағын ескеретіндіктен арақ-шарап пен ішімдіктердің неше алуан жойқын түрлерінің мол болуын қарастырады. Адамзат баласы өз бойындағы улы заттардан арылмақ түгіл, ұрық безін мейлінше уландырып болады. Бұл мәселе ғылыми негізде қаралып, қоғамдық деңгейде сөз де елемейтіндігіне бәріміз де куәгерміз. Қазіргі дүниеге келіп жатқан нәрестелердің көбі ұрықтарында уланып туылатындықтарынан көпшілігі жарық дүниені көрмей-ақ өлі туып жатса, кейбірінің жандары шықпағанымен жарымжан сал күйінде тіршіліктерін бастайды. Ал, дұрыс туды дегендерінің өздері де, зейіндері әлсіз, зерделері таяз, мінез-құлықтарында аса ауыр кемшіліктері бар.

Ұрық тазалығын түсіну – адамзаттың мәйегін кірлетпеу ғана емес, сонымен қоса, оның тегіндегі бекзаттығын және тұқым қуалаумен туа пайда болатын қасиеттерді сақтау – деп ұққан дұрыс. Бүгінгі ғылым жетістіктерінің нәтижесіне қарасақ, адам баласына тән мінез-құлық негіздері және алуан түрлі қабілеттері, жігері, зердесі мен зейіні де іштен туатындықтан, ұрық тазалығының кіршіксіз таза болуын дәлелдеп жатуын өзі артық сияқты.

Ата – ана мен бала арасындағы сыйластықтың бүгінгі күйі қандай? Олардың арасындағы қайшылықтардың сыры неде? Сөз жоқ, бұл сауалдардың тамыры да тереңде жатыр. Халқымыздың өзі өмір сүрген ұзақ тарихында небір кезеңдерді бастарынан өткізіп, замана дауылдарының үскіріктеріне ұшыраған сәттері көп. Осы себептерінің салдарын іріктей жұптастыра қарастырсақ, төмендегідей – үш түрлі – мәселенің басы ашылады:

  1. Өз еркіндігі жоқ, басқа жұрттың боданы болып келген елдерде ғана қалыптасатын – топастана бастайтын тоғышар орта.
  2. Тағдыр тауқыметімен ата-баба дәстүрінен адасып, әр түрлі құмарлыққа бой алдырған, парасатсыз ата-аналардың жиілеуі.
  3. Ата дәстүрінің құндағында өспей, ана тілінің уызына қанбаған – жас ұрпақтың қылықтары.

Адам тәрбиесінде оның ішкі жан дүниесінің тәлімдерін жетілдіру қандай қажет болса, сыртқы тән қуатын нәрлендірер дәстүр-салттардың тағылымдары да сондай керек. Халық педагогикасы ғылыми пән ретінде отбасын құруға дайындық және ұрық тазалығы негіздерінің сипаттары: құда түсу, ұрын бару, қыз ұзату, жұбату, сыңсу, үйлену тойы, шашу, жар-жар, бет ашар – деп толып жатқан салт-дәстүрлердің сырларын ашады.

Резюме

В статье речь идет о том, как в прошлом казахский народ готовил молодежь к будущей семейной жизни.

Summary

This article deals with the Kazakh nation prepared the youth to the family life in the past.

Пайдаланыған әдебиеттер

  1. Әл- Фараби. Философиялық трактаттары. — Алматы, 1982.
  2. Әл- Фараби. Эстетикалық трактаттары. — Алматы,1983.
  3. Баласағұн Ж. Құтты білік. — Алматы, 1990.
  4. Алтынсарин Ы. Таңдамалы. — Алматы, 1980.
  5. Құнанбаев А. 19-ы қара сөзі. — Алматы, 1990.
  6. Құдайбердиев Ш. Шығармалары. — Алматы, 1991.