Тіл тілде мағыналары қарама – қарсы сөздер антонимдер деп аталады. Мысалы, жақсы – жаман, аласа – биік, ұзын – қысқа, ақ – қара т.б. Келтірілген мысалдардағы ақ және қара түс, рең атаулары. Неліктен бұл екі сөз бірі — біріне антоним, ал қалған реңк атаулары, мысалы, қызыл, сары, қоңыр, көк сөздері бір – біріне антоним бола алмайды. Шын мәнінде ақ, қара, қызыл, сары, көк, жасыл, күлгін – дегендер түстің әр түрлі реңін білдіретін сөздер. Сондықтан бұларды қатар мәндес сөздер деп қарауға болады. Психологияда түс ашықтығы, реңі және қанықтығы тұрғысынан алынып сипатталады. Адамның көзі ең алдымен жарықты айырады, содан кейін барып түсті айырады (А.И.Богословский. Основные закономерности зрительных ощущений. “Руководство по глазным болезням”, т. І, М., 1962) Сондықтан ақ түс түстердің ішіндегі ең жарығы, ал қара түс ең өңсіз түс деп танылады. Басқаша айтқанда, ақ, қара деген сөздер жарық – қараңнғы деген ұғымдармен тікелей байланысты. Түс атауларыының ішінде тек ақ пен қараның ғана антоним болу себебі осында(Ж.Мусин. Қазақ тіліндегі антонимдер сөздігі. А., 1984). Ал енді осы сөздердің тілімізде қолданылу дәрежесін оның сөз таптарына қатыстылығы туралы сөз етсек. Әрине, қара және ақ сөздері өзінің тура мағынасында ең алдымен сын есім ретінде, яғни түсті, реңді белгілеу мақсатында жұмсалады. Қара және ақ сөздерінің сын есім ретінде қолданылуы мынандай жағдайларда кездеседі.
- Тура мағынада. Оюлап кестеленетін түскиіз бірыңғай не шымқай ақ не шымқай қара болады. (С. Қасимов, Қазақстан қол өнері).
- Тұрақты тіркесте. Ауызына ақ ит кіріп, қара ит шығып, Елемеске тиісе бастап еді, қолыммен кес – кестеп сөйлетпей қойды. (С. Омаров, Қайырлы жаз).
ІІ. Ауыспалы мағына: арам, қара ниет, зұлым.
- Құп болады десті де, серт байласты, қатты – қатты айтысып уәделесті. Көңілінде қара жаз, ақ ниетпен. Тым жақсы дос болуға ыңғайласты. (Абай. Толық жинағы)
Алғыс, қарғыс.
ІІІ. Айтқаны болды, Әмір жүрді .
- Тоқал бұрынғы тоқал ма? Осы күнде сен ауған соң, есеге қолы жетіп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып отырғанын кім біліп отыр (М. Әуезов, Қараш — қараш)
- Ғылыми кеңес мүшелерінің көпшілігін өзім деген кісілерден жасап алса, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, жарты патша болып отырмай ма? (М. Дүйсенов “Гүлжан”).
ІҮ. Ақ, қараны таныды.
а) ақиқатты білді, шындықты ажыратты:
- Надандықтың белгісі – еш ақылға жарымас, Жайылып жүрген айуандай Ақ, қараны танымас (Ы. Алтынсарин таң. шығ.)
ә) Оң – солын таныды, жақсы – жаманды айырды.
- Көпшіл болған көкешім деп, көк өсиет айтқан анам.
Тәрбиелеп титтейімнен ақ, қараны танытқан анам (Ү. Кәрібаев таң. шығ)
Ү. Ақ сақал, қара сақал. Үлкен – кіші, түгел.
- Жақында, осыдан он шақты күн бұрын шыңғыстың бөктерінде, Тәкежан ауылына бар Ырғызбайдың Әзімбай, Шұбар бастаған ақ сақал, қара сақалы жиылып, басталасып аттанысыпты (М. Әуезов. таң. шығ.).
ҮІ. Ақ үстінен қараны таныды. Ақ-қарасын айырды, анығына жетті.
- Сонда Камар “Әйтеуір, ақ үстінен қара тани ма? – деген адам еді” деп, бір жағы жұртына шақандай қып, қанасын бөліп, мөлдіреген көзінің күнікті жасын тырс – тырс төгіп, өксіп отырып, мынаны айтты. (С. Торайғыров шығ.).
Тағы да айта кететін жәйт ақ пен қара сөздері үнемі антонимдік қатынасқа түсе бермейді. Мысалы:
- Бар еді әділ патша Шаншар атты,
Білсеңіз сол патшаның баласымын,
Көзінің ағы менен қарасын
(батырлар жыры)
- Екі ұл, бір баласы,
Көзінің ағы, қарасы,
Қызының аты Ақкенже,
Ақ алмастың сағасы
Келтірілген мысалдарда ақ, қара сөздері бір – біріне қарама – қарсы ұғымда емес, сүйікті перзенті, аяулысы деген мағынада жұмсалып тұр.
Соны мен бірге ақ, қара сөздері өзінің тура мағынасында, яғни түс, реңді білдіру мағынасында жұмсалумен бірге ауыс мағынада да жұмсала береді.
І. Тура мағынада
- Күркілдектің ашамай белді шолақ торысы, бір мүйізі сынық қара сиыры, торғай қомасаң тұрмайтын қырық жамау қараша үйі бар еді.(Б. Майлин. Азамат)
- Ақ киімді, денелі ақ сақалды,
Соқыр, мылқау танымас тірі жанды,
Үсті – басы ақ қырау түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
(Абай)
ІІ. Ауыс мағынада
- Жанға жақсылық ойламайтын, жүрегі қара наданнан сақта (Ш. Смаханұлы шығ.).
- Ақтарылған ақ майлы, көз алдымнан кетпейді,
Кеспеге жоқ қарасы. Сөзімнің жоқ наласы, Бұдан семіз өтпейді (А. Байғамин шығ.).
Мұнда ақ майлы, кеспеге жоқ қарысы сөздері өте семіз, майлы деген мағынасында жұмсалып тұр. Сонымен бірге, ақ дегем сөздің адал, таза, айыпсыз деген мағынада, ал қара деген сөздің айыпты, арам деген мағынада қолданылатыны бар. Осы орайда бұлар тағыда бір – біріне қарсы мағынада жұмсалып, антоним болады. Мысалы: Нысапсызға не керек, істің ақ пен қарасы (Абай).
Есім сөз тұлғасында ақ пен қара үнемі антонимдік қатынасқа түсе бермейді. Мысалы:
- Кеншілер қарасы да әжептеуір көрінеді (Т. Тоқтаров, қыран)
- Кітаптардың қарасы көбейіпті қалыңдап, өмрден көп аласы, жүрген шағы жалындап (А. Шамкенов. Жайлау)
- Бұлбұлдан шешен бір құс жоқ.
-бармақтай-ақ қарасы.
(С. Сейфулин шығ.)
Тілімізде қара сөзі етістік болып келген жағдайда бұл сөз ақ сөзімен антонимдік қатынасқа түсе алмайды, ал ақ сөзі есім сөз тұлғасында келгенде қара сөзімен антонимдік қатынасқа түсе алмайды. Мысалы: Қара сөзі етістіктің бұйрық райында келгенде, мысалы, сен бермен қара дегенде бұл сөз реңк, сапаны емес біреудің назарын өзіне қарату мақсатында қолданылып тұр. Немесе:
Ашып қара көзіңді,
Сөз иесі мен деймін.
Бола алмайсың сен сірә,
Меніменен тең деймін.
(Айтыс)
Мұнда бұл сөз етістіктің бұйрық райында келіп абайла, байқа деген мағынада жұмсалып тұр.
Ақ сөзі зат есім мағынасында жұмсалып та қара сөзімен антонимдік қатынасқа түспейді. Мысалы, Мал семірер, ақ пен ас көбейер, Адамзаттың
Көңілі өсіп, көтерілер (Абай). Мұнда ақ сөзі мал сүті, сүттен істелінетін тағамдар мағынасында жұмсалып тұр. Немесе қарғыс мәнінде, теріс бата беру мағынасында айтылуы мүмкін (баласын ақ қылу).
Ақ сөзі тек қара сөзімен антонимдік қатынасқа түспей кей жағдайларда басқа реңк атауларымен де антонимдік қарым – қатынасқа түсуі мүмкін. Мысалы, Қазан төңкерісінен кейін ақ әскерлер, ақтар, қызыл командирлер, қызыл әскер, қызылдар деген атаулар пайда болған. Осындағы ақтар мен қызылдар біріне-бірі қарама – қарсы болған әскерлер немесе саяси ұғым ретінде ұғынылады.
Енді осы ақ және қара сөздерінің өзбек тілінде қолданылу дәрежесі туралы бірер сөз айтсақ. Мысалы: Қора элларни оқортирмоқлиқ учун белни махкам боғлаб, ишлов кун бу кун (Хамза).
Мұнда “қора” сөзі оқымаған сауатсыз, ал “оқортирмоқ” сауатын ашу, оқыту мағынасында жұмсалып антоним болып тұр, немесе, оқ тангам қора кунимга ярар (мақал). Мұнда да ақ және қара сөзі ауыспалы мағынада жұмсалып тұр. Тағы да бір мысал, Рухонилар ғазавот хақида жар солмоқдалар. Йуқ, энди халқни чалғитиш қийин. У оқ билан қорани билиб олди (Ш. Тошматов “Эрк қуши”). Мұнда бұл сөздер жаман мен жақсыны оң-солын таниды деген мағынада айтылып тұр.
Қора сөзінің өзбек тілінде антоним болмайтын жағдайлар: Дилдорнинг ягона суянчиғи (бувиси) дунедан утди… бугун у кимсасизликдан зор – зор йиғлаб, мехрибон Мелиқул отани қора тортиб, излаб келди (Е. Шукуров. Қасос).
Бұл жерде қора сөзі пана тұтып, сүйеніп, сеніп келді деген мағынада жұмсалып пысықтауыш қызметінде жұмсалып тұр.
Қорыта келгенде қара және ақ сөздері қазақ тілінде де өзбек тілінде де өзінің лексика-семантикалық қолдану тұрғысынан өте кең пайдаланылады. Бұл сөздер контексте жеке тұрып, сонымен бірге фразеологиялық оралымның құрамында өзінің тура және ауыспалы мағыналарында қолданылады. Ақ, қара сөздері бір-бірімен антонимдік жұп құраумен бірге омонимдік қатар құрауға да қабілетті.