Антонимдердің қазақ, өзбек және орыс тілдерінде топтастырылуы мен антономиялық жұп құрау ерекшеліктері

Қазіргі тіл білімінде антонимдердің жасалуында бірнеше мәселелер белгіленіп алынды Олар:

1). Антонимдердің бір негізді , әртүрлі мағыналы негізден

жасалу, жасалмау мәселесі;

2). Антонимдердің сөз тіркестері құрамында келуі;

3). Антонимдердің фразеологиялық оралымдардан жасалуы;

4). Контекстік және стилистикалық антонимдер мәселесі;

5). Болымды және болымсыз антонимдер мәселесі.

Антономия құбылысы лингвистиканың зерттеле түсуді қажет ететін саласы ретінде өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында қарала бастағаны белгілі. Антономия бойынша орыс тіл білімінде: Л.Ф. Максимов, Г. Лукина, Л.А. Вораксин, Л.А. Веденская, өзбек тіл білімінде: Р. Шукуров, орыс тілі мен өзбек тіліндегі антонимдерді салыстыра зерттеген, зерттеп жүрген А. Пардаев, қазақ тіл білімінде: Ж. Мусин, І. Кеңесбаев, Ә. Болғанбаев, Ғ. Қалиұлы т.б. ғалымдарды айтуға болады.

“Антонимдер интернационалдық қасиетке еге”(1) екендігін ескере отырып, біз жоғарыда аталған мәселелердің кейбіріне қазақ, өзбек және орыс тілдері негізінде көріп шығуды мақсат еттік. Ж. Мусин көрсеткендей, тіл материалдары мен фактілерін қарастырғанымызда антономия тек лексикалық құбылыс емес, сонымен бірге фразеология саласын да қамтуы байқалады, себебі фраземалар көбінесе сапалық бағалау қасиетіне ие. Сол себепті де көптеген идиомалар мен фразалар бір-біріне мағынасы жағынан қарама-қарсы болады.

Ә. Болғанбайұлы мен Ғ. Қалиұлы өздерінің “Қазіргі қазақ тілінің лексикалогиясы мен фразеологиясы” (3) атты еңбектерінде фразеологиялық антонимдердің негізінен екі жағдайда болуын айтады. Біріншісі, тіркестердің өз ішіндегі компоненттері басқа сөздермен ауыстыру арқылы жасалатын фразеологизмдер: аты шықты-аты өшті, ат ізін салмады-ат ізін құрытпады, ашық мінез-тұйық мінез т.б. Фразеологиялық антонимдердің екінші түріне құрамы жағынан басқа-басқа сөздерден болған фразеологизмдер кіреді: соры сорпадай қайнады-көзі ашылды (өзб. шури шурвадек қайнади-кузи очилди) шөлі қанды- қаны кепті. (өзб. косаси қонди-томағи қуриди) көңіл бөлді-мән бермеді. (өзб. кунгил оғдарди-ахамият бермади), таң атты-күн батты. (тонг отди-кун ботди), отпен кірді-күлмен шықты. (өзб.ут билан кириб-кул билан чиқди), ұйқысы қанды-көз ілмеді (өзб.ұйқиси қонди-көз илмади).

Өзбек тілі материалдарын қарастырғанымызда да осы жағдайды байқадық. Фразеологиялық антонимдердің бірінші түріне: ақлини йуқотмақ-ақлини тонимоқ. Мысалы, кейин ақл-у хушини йуқотиб, анави жоллодга эргашиб қочоверибди (С. Анорбаев, Оқсой). Бобоқұл ақлини тонибдики, мақсумларнинг молини боқарди. (С. Анорбаев.Оқсой).

Гапида турмақ-гапидан қайтмоқ:

“Ихтиер узингда, жигорим, -деди у йиғламсираган бир товуш билан-лекин уз сузингда турмаганинг учун хафаман” (Ойбек,Олтин водиданшабадалар).

“Ишмонманг, мархамат! Деди Кудрат гуе вожатий дорров ишона қоладигандай- гапида тұрмайди у ” (Х.Назир, Кукорол чироқлари). (4)

Жоғарыда қарастырылған антонимдердің екі түріне Р. Шукуровүшінші түрін қосады, яғни фразеологиялық антонимдердің барлық компоненттері бір сөздерден болады : эрга чикмоқ – эрдан чикмоқ. Мысалы, Шакархон еш жихатдан шу ердаги қизларинг энг каттаси, лекин эрга чиқмаган (И. Рахим).

…Сенга ким қуйибди! Мухаббатинг булса, эрданчиқармидинг ? (И. Рахим). Бундон нохақ сузларни айтишга қандай қилиб тилинг борди ! (Ш. Рашидов, Бурондан кучли)У онасининг авзойидан бирон алам утганлигини сезди – ю, лекин “Нима булди ?” – деб сурашга тили бормади. (Н. Назаров, Замон). (1)

Антономиялық фразеологизмдердің үшінші түріне тиісті мысалдарда (Тил боради – тил бормайди) антономия етістіктердің болымды және болымсыз формалары арқылы жасалғаны байқалады. Антонимдердің осылайша жасалуына байланысты ғалымдардың арасында әртүрлі пікірлер бар. Мысалы, кейбір ғылыми әдебиеттерде “бір сөздің формалары өзара бір – біріне қарама – қарсы айтылса да антонимдер қатарына жатпайды: оқыған – оқымаған, келген – келмеген, кірген — кірмеген” (5) деп есептелсе, басқа тілші ғалымдардың еңбектерінде бұған мүлдем кері пікірді кездестіруге болады: “феьлларнинг булишли формаси билан булишсиз формаси антонимнинг алохида бир типини ташкил қилади: берди-бермади, келди-келмади, уқиди-уқимади, езди-езмади” (6) немесе “…етістіктердің болымды және болымсыз формалары әрекетті ғана емес, әрекет арқылы предметтің белгісін білдіргенде, оларда антонимдік қасиет пайда болуы мүмкін”. (1) “Демек, етістіктің піскен – піспеген сияқты бір сападағы формалары сол тілде сөз есебінде синонимдерге ие болғанда, басқа тілге сөзбе–сөз аударылуы мүмкін болған жағдайларда олардың болымды – болымсыз формалары өзара антономиялық жұп құрауы мүмкін”– дейді Р. Шукуров.

Осы мәселелерді орыс тіліндегі материалдарды салыстырып шықсақ, орыс тілінде антонимдер структуралық жағынан екіге бөлініп қаралады: 1) әртүрлі негізді (лексикалық) антонимдер; 2) бір негізді (туынды) антонимдер . (7)

Әртүрлі негізді (разнокорневые) антонимдерге мысал : верх – низ (жоғары – төмен), день – ноч (күндіз — түн), лето — зима (жаз — қыс).

Бір негізді (однокорневые) антонимдерге мысал : правда – неправда (жалған — ақиқат), удача – неудача (сәтсіздік – сәттілік), культурный – некультурный (мәдениетті – мәдениетсіз).

Бір негізді антонимдердің фразеологиялық оралымдарда қолданылуы : выйти из троя – вступать в строй (сапқа тұру – саптан шығу). Әскери қабілеттіліктен қалу немесе жұмыс қабілетін жоғалту — әрекеттен қалу.

-Ты что, ослеп, что ли, или вчера пришел сюда ? – закричал он на Костьку, зная, что сверло неизбежно выйдет из строя, при таком оброшениий сним. (Н. Н. Осторвский, Как закалялас сталь).

Флагманский броненосец “Ослябя” утонул, другой флагманский корабль “Суворов” вышел из строя где – то путался в стороне. (Новиков – Прибой, Цусима).

Вступать в строй. Сапқа, қатарға тұру, жұмысқа қабілетті болу.

Броненосец, вступив снова в строй, перемистился уже в середину колонный, а свою почетное головное место уступил однотипному собрату “Бородино”. (Новиков – Прибой, Цусима). (8)

Жоғарыдағы мысалдарда выйти, вступать қазақ тіліне кіру – шығу, өзбек тіліне кириш — чиқиш деп аударылады. Орыс тіліндегі бұл сөздер бір негізді сөздер немесе туынды антонимдер дап қаралады. Қазақ, өзбек тілдеріндегі баламалары әр түрлі негізді түбірден жасалғандығы көрініп тұр.

Тілдердің типологиялық классификациясына назар салсақ, орыс тілі флектив тілдер қатарына кіреді. Флектив тілдерде ішкі флексия мен бірге сыртқы флексия да қолданылады. Бұл типтегі тілдерде сөздердің грамматикалық, лексикалық мағыналары ішкі флексия арқылы және басқа тәсілдер арқылы да беріледі : окно – окон, избегет – избежать, войти – выйти т. б .

Агглютинатив тілдерде аффикстер сөздердің түбіріне жалғанып, негізгі морфемалардан кейінгі орынды иеленсе , флектив тілдерде аффикстер : префикс, суффикс, инфикстерге бөлініп, сөз құрамында әр түрлі орында келеді. Екінші сөзбен айтқанда префикс, предлогтар сөздердің мағынасын өзгертуімен бірге оның түбірі мен айтылуын мүлдем өзгертіп жібереді. Агглютинатив тілдерге жататын қазақ және өзбек тілдерінде қосымша негізге емес, керісінше, түбір қомысшаға ықпал етіп, өзіне бағындырады, яғни қосымша үндесе байланысады да түбірдің дыбыс құрамының сапасы өзгермейді. (түркі тілдеріндегі ониқ – ноаниқ ; жанжал – бейжанжал сияқты кірме элементтерді есепке алмағанда). Қысқасы орыс, қазақ және өзбек тілдеріндегі лексикалық және фразеологиялық антонимдердің құрылысы мен құрылымын ажыратуда олардың типологиялық және морфологиялық классификациясын есепке ала отырып бөлген жөн деп есептейміз.

Сонымен бірге, фразеологиялық антонимдер бір сөйлемнің ішінде келіп, антонимдік жұп құрау, құрамау жағдайлары кездеседі.

Қазақ тілі материалдары негізінде :

Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. (айтқаны болады);

Бүкіл ояз бір Ермекбайдың қолында, оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс деп түсінетін бұлар. (Ғ. Мүстафин, Дауылдан кейін); (9)

Күле кіріп, күңіреніп шыққан достан мың сақын. (Шалкиіз);

Жер түбі Теке дегені қарға адым жермен тең екен. Дүние қандай кең еді, төңкеріс соның сеңі екен (Ж. Молдағалиев). (11)

Өзбек тілі материалдары негізінде :

Қора элларни оқартирмоқлиқ учун белини махкам боғлаб, ишлаб кун бу кун (Хамза).

Бұл мысалда қара сөзі оқымаған, сауатсыз деген мағынада, оқартирмоқ сауатын ашу, оқыту мағынасында айтылып антонимдік жұп құрап тұр.

Қораси учсин. Қарғыс, көзін жоғалтсын. Оқ подшонинг тахди куисин ! Қороси учсин (Ойбек, Қутлуг қон). (4)

Сиртим бутун булса хам, ичим тутун (А. Мухтор).

Оқ тангам қора кунумга ярар (Мақол). (4)

Ақ және қара сөздерінің антонимдік жұп құрамайтын жағдайлары :

Бар еді әділ патша Шаншар атты,

Білсеңіз сол патшаның баласымын,

Көзінің ағы мен қарасымын.

(батырлар жыры). (10)

Бұл мысалда ақ, қара сөздері бір – біріне қарама – қарсы мағынада емес, сүйікті, жалғыз перзенті деген мағынада айтылып тұр.

Өзбек тілінде де айтылатын “кузимнинг оқу — қороси” фразеологиялық оралымы біріне- бірі қарама – қарсы мағынада емес “жалғызым” деген мағынада істетіледі.

Орыс тілі материалдары негізінде :

Нет. Друзья мой, злые, дурные, жалкие друзья мой, это не так вам представилось : не они стоят слишком высоко, а вы стойте слишком низко (М. Л., Новые люди);

У тебя слабая воля … Если бы у тебя была сильная воля, ты бы хорошо учился (В. А. Каверин. Два капитана); (8)

Сонымен, жоғарыда келтірілген антонимдер тілдің барлық деңгейінде қолданылуға, оның көркемдік ерекшеліктерін арттыруда пікірді анық, дәл жеткізуде қазақ, орыс және өзбек тілдерінде көптеп қолданылады. Сонымен бірге, антонимдер тілдің лексикалық құрамындағы басқа сөздер сияқты әр түрлі болып, түрлі көріністерге ие болады.

Әдебиеттер:

  1. Р. Шукуров. Узбек тилидаги антонимлар. Т. 1977, 147 б.
  2. Ж. Мусин. Қазақ тілінің антонимдер сөздігі. А. 1984, 145 б.
  3. Ә. Блғанбайұлы, Ғ. Қалиұлы. Қазіргі қазақ тілі лекикологиясы мен фразеологиясы. А. 1997, 255 б.
  4. Ш. Рахматуллаев. Узбек тилининг изохли луғати. Т. 1978, 405 б.
  5. О. Азизов. Тилшуносликка кириш. Т. 1996, 172 б.
  6. У. Турсунов, Ж. Мухторов, Ш. Рахматуллоев. Хозирги узбек адаби тили. Т. 1992, 398 Б.
  7. М.И. Фомина. Современный русский язык. Лексикология. М. 1990,414 Б.
  8. Л.А. Войнова, В.П. Жуков, А.И. Молотков, А.И. Федоров. Фразеологический словарь русского языка. М. 1968, 543 б.
  9. А.Ы. Ысқақов редакциялығымен. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1-том. А. 1974, 695 б.
  1. А.Ы. Ысқақов редакциялығымен. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 6-том. А. 1982, 623 б.
  2. І. Кеңесбаев. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. А. 1981, 650 б.