Қазақтың ұлттық Ренессансының басы Абай Құнанбаев, оны дамытқан әрі қалыптастырған ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері дейтін болсақ [1,5], оның пайда болу процесіне ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешкен кемел ақын Дулат Бабатайұлы бастаған «Зар заман» дәуірі әдебиеті өкілдерінің әсері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Дулат ақынның Абайға дейінгі поэзияда көркем ойлау жүйесінің жаңаша үлгісін тудырып, ұлттың әлеуметтік үнін, халқының азаттығын жырлауда замандастарынан даралық танытқаны туралы Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев, Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев т.б. сияқты көрнекті әдебиет зерттеушілері Кеңестік идеологияның екпіні басылмай тұрған кездің өзінде толымды пікірлерін жазды. Өткен заманның озығынан үйреніп, тозығынан жиренген, тарихтың тұнығынан қанып ішкен талғампаз Алаш қайраткерлері Семей жеріне туларын тіге отырып, сол өлкеде ұлы Абайдың алдындағы бүтіндей бір әдеби дәстүрдің бастауы болған, азаттықты аңсаған саф алтындай бағалы жырлар тудырған Дулат Бабатайұлының шығармашылығын мүлде білген жоқ десек қателескен болар едік. Оның кестелі көркем жырлары сол кезеңдегі азаттықты аңсаған көзі ашық зиялы қауымның айнымас темірқазығы болғандығы анық. Пікіріміздің дәлелі ретінде Дулат ақынның шығармашылығындағы идеялық жаңалықтар мен көркемдік ерекшеліктер турасында азырақ сөз қозғамақпыз.
Дулат ақын шығармашылығы біз «Зар заман әдебиеті» деп бөліп қарастырып жүрген әдеби ағымның көш басында тұр. Ол жасы жағынан да, әдебиетке келуі жағынан да осы ағымның өкілдері Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан, Нарманбет Орманбетұлы сияқты марғасқалардың алдында болып есептеледі. Сондықтан оны ең бірінші ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамын өз билігінен айырған Ресей патшалығының отарлаушыларына қарсы, қазақ даласындағы әлі де болса дербес хандық биліктің жойылуына қарсы алғаш үн көтерген, патша билеушілерінің шылауындағы аға сұлтан, ұлықтарды оңдырмай сынаған, сол дәстүрді қалыптастырушы жаңашыл ақын ретінде тануымыз қажет.
Әдебиеттегі дәстүрдің қалыптасуының бір парасы мазмұн мен пішінге байланысты. Кейде дәстүрді өлеңнің сыртқы пішініне сәйкестендіріп жалғастыратындар болса, көбіне ішкі мазмұнға байланысты да дәстүр жалғастығы жаңғырып жатады. Ал екеуі бірдей тонның ішкі бауындай үйлессе онда әдебиетте жаңа бір арна пайда болады. ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ішкі мазмұнына алғаш реформа жасаушылардың бірі ретінде Дулат ақынныңқазақ поэзиясына енгізген жаңалығы зерттеушілер тарапынан биік бағасын алып үлгерді. Ол сол жаңалықтары арқылы өзінің дәстүрін қалыптастырды. Академик Р.Сыздықова: «Дулат – жыраулық мектептен шығып, ақындық мектепті күшейткен суреткер», – дей келіп, «Дулаттың өлеңдері бұрынғы жырауларды былай қойғанда, тіпті кешегі Бұқар толғауларынан, одан қалды өзімен тұстас ақындардың туындыларынан мүлде өзгеше дүниелер» [2,3], – деп қорытындылайды.Міне, қазіргі алдыңғы қатарлы ғалымдарымыз осындай үлкен баға беріп отырған хас суреткердің туындыларындағы халықтық үлгілер, әлеуметтік үн, көркемдік шындық, көркемдік тәсіл, өлең құрылысындағы жаңалықтар өзінен кейінгі Абай Құнанбаев бастағанклассикалық поэзияны дамытушы буынға айнымас алтын қазық іспетті болды. Сөз жоқ, Дулат Бабатайұлы өзінің алдындағы дәстүрдің қайнарынан қанып ішкен, өзінен кейінгі ақындық дәстүрді дамытушыларға тыңнан түрен салып берген қайталанбас тұлға. Егер «жаңашылдық деп кешегі күннің тәжірибесі мен жемістерінен мән-мағынасы бай, дәрежесі жоғары заман талабына жауап беретін, бұрынғы-соңғының шеңберінен шығып, болашаққа кең жол ашатын аса маңызды ізденіс әрекеттерді айтатын болсақ», Дулат поэзиясы осы қалыптасқан қағидаға толығымен жауап бере алатыны анық. 1959 жылы қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференцияда баяндама жасаған ғалым М.Базарбаев: «Әрине, Абайда алуан түрлі жаңалықпен қатар, халық поэзиясынан алынған, онан үйренген жәйттар бар, бірақ ол көбіне тек суреттеу тәсілі ретінде, онда да мүлде басқаша контекске келеді. Мәселен, әлгі айтқан мүлде жаңаша жазылған «Көлеңке басын ұзартып» өлеңінде:
Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой.
Өкінді жолың бекінді,
Әуре болма оны қой! –
дейді.
Мұнда «адасқан күшік» дегені бұрыннан, қазақтың өлеңінде болсын, жай сөзінде болсын бар нәрсе. Бірақ тынымсыз, мазаң ойдың, жабырқау көңілдің суретін беруге алынуы – жаңалық» [3,47] ,– дейді.
Осы конференцияда «Дулат ақын мұрасынан» деген тақырыпта баяндама жасаған ғалым Х.Сүйіншәлиев ақын шығармалырының бірқатар идеялық жаңалықтарына тоқталғанымен, көркемдік жаңалықтарын толығымен ашып көрсете алған жоқ. Дегенмен біз тіл мен жаққа тұсау салған цензура заманында саф алтындай Дулат ақын шығармашылығына назар аудартуға жасқанбай қадам жасаған ардагер ғалымды орынсыз кінәлаудан аулақпыз.
Әдебиеттанушы ғалым С.Негимов: «Ақын ойының осы бір дәні Абайда былайша өсіп жалғастырылған:
Дулат:
Мөңіреп жұртқа ой қайтты
Бұзауы өлген сиырдай.
Адасқан күшік секілді
Ұлып жұртқа қайтқан ой.
Халықтың көркемдік-эстетикалық ойлау жүйесіне серпін қосқан, ұлт тілінің негізгі сөздік қорын сарқа пайдаланған санаткерлер осылайша бірін-бірі толықтырып, ойға ой үстеп, мысқалдап дамытады. Яғни, халықтың поэзиялық ой-өрісін, дүниетанымын тереңдеткен сұңғыла жыраудың даналық мәйегіндей мәнді қорытындылары мен тұрлаулы тұжырымдары Абайдың ақындық көрігінде құрыш болаттан құйылғандай жаңарып, толысып, қайта түлеген» [4,244], – дейді.
Сонымен М.Базарбаев айтқан «тынымсыз, мазаң ойдың, жабырқау көңілдің суретін беретін» жаңалық Абайға дейінгі поэзияда бар болып шықты, Абай тек сол жаңалықты дамытушы, дәстүрді жаңғыртушы ретінде өз биігінен көріне білген. Кез келген жаңалықты кемел ойдың биігіне көтеретін Абай поэзиясы бұл жаңалықты өзінше түрлендірген, кемелдендірген. Ойымыз дәйекті болуы үшінәдебиет сыншысы Т.Шапайдың мына бір пікіріне назар аударайық: «Абайдағы әлеуметтік сарынға бойлаңыз. Тақырыптарды шолыңыз, поэтикалық тіл кестесіне, түрлік, бейнелік үлгілерге, кейбір ырғақтық – интонациялық – әуендік құбылыстарға назар аударыңыз – Абай әлемін зерлеген Дулаттық өрнектерді жазбай танисыз».[4,266]
Жалпы Дулат шығармашылығын өз замандастарынан ерекшелендіріп тұратын жаңалығы – образ жасаудағы шеберлігі екендігі белгілі. Мәселен, Абай поэзиясындағы «Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» немесе «Жүрегім менің қырық жамау, қиянатшыл дүниеден», «кірлеген жүрек өзі үшін, тұра алмас әсте жуынбай» деген жолдардағы «жүректің саусағы», «қырық жамау жүрек», «кірлеген жүректің жуынуы» сияқты қиыннан қиыстырылған тіркестер Кеңес дәуірінде орыс ақындарының әсерінен туған жаңалықтар ретінде бағаланып келді, Пушкин, Лермонтов сияқты көркем ойдың көгіндегі жарық жұлдыздардың немесе орыс әдеби тілінің белгілі бір деңгейде ұлы ақынның шығармашылығына әсер еткенін жоққа шығаруға болмас, дегенмен Абайдың туғаннан құлағына сіңісті ана тілінде арда жырлар тудырған Дулат ақынның айшықты ойларында осындай қиыннан қиыстырылған образдардың барлығын неге ескермеуге тиіспіз? Дулаттағы «Әкеңнің айтқан аз сөзін, құтысына көңілдің, Төгіп алма, дәлдеп құй», «Күндіз күлкі бермеген, түнде ұйқы бермеген, көзінен төкті арманды» немесе « Кеудеме қайғы толған соң, тұнық жырмен жуынам» деген шумақтардағы «көңілдің құтысы», «көзінен арман төгу», «тұнық жырмен жуыну» сияқты түрленген көркемдік тәсілдер ақын поэзиясының даралығын айқындап тұр. Осы жолдарды оқи отырып, қазақ поэзиясының ұлы реформаторы Абай Құнанбаевқа үлгі болған жаңашыл тұлғаны алыстан іздеудің қажеті шамалы екендігіне тағы бір көз жеткіземіз. Осы ретте, «Жаңашылдық – әрқашан асқан шығармашылық ізденістің нәтижесі, ол өнер өрісін кеңейте түседі. Өнердің бұрын қол жеткен табысына, ұлы суреткерлердің тәжірибесіне сүйенбей шығармашылықта ілгерілеу мүмкін емес. Жаңашылдық пен дәстүрдің ұдайы ұштасып отыратыны да сондықтан» [5,156], – деген әдебиет теоретигі М.Базарбаевтың пікірін басты назарға аламыз.
Академик Қ.Жұмалиев Дулатты өзінен бұрынғы және замандас ақындармен салыстырғанда өзгешеліктері айқын тұратын ақын ретінде атай келіп, екі ерекшелігіне баса назар аударады. Бірінші ол Дулат сөздерінің логикалық жағы мығымдығына тоқталып, өлең сөйлемдерінің жолдары тек ұйқастары арқылы емес, логикалық ішкі мазмұнымен де нық байланысып жататынын айтады. Оны Абайға дейінгі ХІХ ғасырда өмір сүрген ақындардың ішінде қазақ поэзиясына жаңа түр кіргізген бірден-бір ақын ретінде атайды. Ғалым Дулаттың «Тырнақтай меңі болған соң» деген өлеңін мысалға келтіре отырып, қазақ өлеңіне а-а-а-б-а, в-в-в-(в)-а болып – келетін он тармақты шумақтан құралатын өлең құрылысын алғаш енгізген ақын ретінде ерекше бағалайды [4,164]. Ал дулаттанушы Қ.Өмірәлиев а-а-а-б, ә-ә-ә-б, в-в-в-б түрінде ұйқас құрайтын жеті-сегіз буынды өлең үлгісі ХІ ғасырдағы түркі ғұламасы Махмұт Қашғаридың «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігінде кездесетінін айта келіп дәл осы өлшем-үлгі ХІХ ғасырда Дулат Бабатайұлының«Атаны бала алдады» деп басталатын өлеңінде кездесетінін, одан әрі Абай Құнанбаевтың «Келдік талай жерге енді» деген өлеңінде жалғасын табатынын тілге тиек етеді [6,88]. Осы пікірлерді мысалға келтіре отырып Дулатты өлеңнің сыртқы пішініне жаңалық енгізуші ретінде танып, сонымен қатар орта ғасырда пайдаланылған өлең үлгісі мен әдеби дәстүрді жаңғыртушы тұлға ретінде танимыз.
Қ.Жұмалиев атап көрсеткен екінші ерекшелігі – ақынның тілі. Ол Дулат поэзиясында замандастарыменойға қатыссыз басы артық сөз кездеспейтінін, сөздерімағыналы, әрі көркем өлеңдерінде сөз, дыбыс ойнақылығы жиі ұшырайтынын айтады. Ақын поэзиясының бағалы жағы өзіне дейінгілер мен өзінен кейінгілерде кездеспейтін оригиналдық образдар мен жаңаша сөз тіркестері, инверсия мен эллипсис т.б. поэтикалық тілдердің түрлері мол кездесетінін атап көрсетеді. Нақты мысалдар келтіре отырып, Дулатты әдебиеттің дамуына, оның поэтикалық тілінің дамуына елеулі еңбек сіңірген ақын ретінде бағалайды [4,164]. Маңдайалды ғалымдардың пікіріне сүйене отырып, Дулат Бабатайұлының қазақ поэзиясының тілі мен өлеңнің түрін дамытушы, осы салаларға елеулі жаңалық енгізуші әрі дәстүр қалыптастырушы ақын ретінде танимыз.
Дулат ақынның тағы бір жаңалық енгізген саласы – поэма жанры. Оның шағын сюжетке құрылған «Еспембет» дастаны ілгерідегі ғалымдарымыздың зерттеуінде қазақ поэмасының алғашқы үлгісі ретінде дәлелденіп жүр. Өйткені бұл эпикалық шығармада ойшұбалаңқылығы, артық тіркестер, сол кезеңдегі кейбір жауынгерлік, батырлық жырлардағыдай көпірген көп сөзділік жоқ.Оқиғаны қысқа әрі нақты түрде баяндайды. Формасы жағынан қазіргі поэма деп жүрген жанрға өте жақын келеді. Ол жайында академик Қ.Жұмалиев: «Олақ ақындардай көп сөзділікке салынбай, поэмада суреттелетін көп оқиғаны аз жолға сыйғызып, көрсетейін деген образын, айтайын деген идеясын шебер түрде, ойдағыдай етіп бере білген» [4,155], – деп атап көрсетеді.
Жетім баладан ел қамын жейтін дулығалыбатырға айналғанға дейінгі Еспембеттің өмір жолын суреттеуге арналған поэманың бастан-аяқ айтылатын идеялық мазмұны соңғы түйінді екі жолға сыйғызылған. Мәселен,
Еспембеттей ер қайда,
Ер күтетін ел қайда? –
деген жолдар ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ең озық үлгілерінің бірі ретінде бағаланады. Өйткені Дулат заманына дейін тұтас көлемді туындының идеясын екі жолға ғана сыйдырған, айтайын деген ойға қатыссыз жолдар мен буын мен бунақ санын толтыруға арналған басы артық тармақтар өте сирек кездесетіншығарма туған жоқ болатын. «Еспембет» поэмасындағы шиеленіс пен тартыс, батырлардың ұрысы кезіндегі суреттеулер өте шебер сомдалып, бояуы қанық шешен тілмен кестеленген.
Сөзімізді түйіндесек,
Жыршының аты жыршы ма,
Әркімнен өлең жаттаса?
Сөз – жібек жіп, жыр – кесте,
Айшығы айқын көрінбес,
Өрнексіз қылып баттаса, –
деп өлеңге жоғары талап қоя білген, қазақ поэзиясының реформаторы Дулат Бабатайұлының жырлары қашанда келешек ұрпақтың рухани қажеттілігін өтей бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Тілешов Е. «Алаштың» жолы //«Алаш қозғалысы» жинағы, Алматы, 2008. 324 б.
- Сыздықова Р. Дулатты танып болдық па? // Қазақ әдебиеті, 1992, 25 желтоқсан.
- Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы: Қазақ ССР ғылым академиясы баспасы, 1961. 374б.
- Бабатайұлы Д. Шығармалары мен тағылымы. Алматы: Раритет, 2003. 288 б.
- Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Семей-Новосибирск: Талер-Пресс, 2006. 398 б.
- Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры және стилі. Алматы: Ғылым, 1983. 240 б.
«Алаштың» жолы – сонау қазақ хандығы құрылған шақтан бері қазақты қазақ етіп келе жатқан, оның жігерін жаныған, рухын асқақтатқан орасан оқиғалар мен киелі күрестердің ішіндегі ұлы жолы, дәстүрі кемел даңғылы, сарабдал соқпағы.
Ербол Тілешов