Бастауыш мектеп математикасынан сыныптан тыс жұмыстар жүргізудің психологиялық ерекшеліктері

Ұрпақ тәрбиесi барлық уақытта әр қоғамның көкейтестi мәселесi болып келген. Ал қоғам деңгейi қандай болса, мектептердегi бiлiм беру сапасы да соған лайық болмақ.Қоғамның алдына қойған мақсаттарына сәйкес бiлiм беру жүйесiнiң өзгеретiнi педагогикалық ғылымдар тарихынан белгiлi. Себебi қоғам – тапсырыс берушi, ал мектеп — осы тапсырысты жүзеге асырушы педагогикалық жүйе. Бұл мәселелер, ең алдымен оқушыға деген көзқарастың өзгеруiне алып келетiнi тұсiнiктi. Себебi оқыту үрдiсi тек шәкiрт үшiн ұйымдастырылып, қызмет етедi. Егер бала осы үрдiс барысында мақсатты iс-әрекет жасамаса, онда оқыту үрдiсiнiң нәтижелi болуы екi талай. Оқу үрдiсiнiң нәтижелiлiгi оқушы бойында қандай өзгерiстер болғандығы тұрғысынан, яғни оның қандай бiлiм мен дағдыларды игергенi, оның психологиялық дамуы, әдетi мен тәртiбiнде қандай iлгерi жылжу белгiлерiнiң болғаны, ғылыми-диалектикалық көзқарасының қандай дәрежеде қалыптас-қандығы т.б. тұрғысынан бағаланатыны да анық.

Оқушыны оқыту субъектiсi ретiнде қарастыра отырып қана математиканы оқытудың мақсаты мен мiндетiн нәтижелi iске асыруға болады. Сол себептен де Бабанский Ю.К.: “Оқыту мен тәрбиелеудiң барлық күрделi мiндеттерiнiң жүзеге асырылуы, оқушының қаншалықты мөлшерде өзiнiң оқу-тәрбиелiк қызметiнiң субъектiсi болуына байланысты”, — деп көрсеткен болатын [1, 25 — б.].

Оқыту үрдiсi екi жақты: мұғалiмнiң қызметi және оқушының қызметi. Бiр жағдайларда оқушы мұғалiмнiң қызмет объектiсi, ал оқу барысында субъект ретiнде болады. Сонымен қатар оқу-тәрбие процесiндегi оқушының атқаратын қызметi оның жан-жақты дамуының негiзi болып табылады.

Мұғалiм қызметiнiң басты мазмұны – оқушының өз қызметiн саналы және мақсатты түрде жүргiзуiне көмек көрсету. Оқушы мен мұғалiм қызметтерiнiң бiр арнаға тоғысуы, алға қойған мақсатқа жоғарғы көрсеткiшпен жетуге, оқу процесiн жетiлдiруге ықпал етедi. Сондықтан да педагогикалық процесс барысында мұғалiм-тәрбиешi басты рольге ие бола отырып, барлық уақытта оқушының қызмет субъектiсi болуына ықпал жасауы тиiс.

Шығыс ойшылдары Әбунасыр әл-Фараби (870-950жж), Әбуғали Ибн-Сина (980-1037 жж.) және т.б. балаларды тәрбиелеу барысында, олардың бiлiмiн қалыптастырудың әдiс-жолдарын қарастырған. Мысалы, Әл-Фараби өзiнiң “Философияны үйрену үшiн қажеттi шарттар” атты трактатында баланың iшкi сезiмдерiне әсер ете отырып, оқыту үрдiсiнде оларда қызығушылық пен ынта тудыру жөнiнде мынадай пiкiр айтты: “Рухани негiзi тұзу болса, оның тiлегi, қалауы дұрыс болады. Оқу-үйрену нәтижесiне шәкiрттiң ниетi әсер етедi. Көңiл қалауы болмақ”- дедi. Ал, Ибн-Сина: “… егер ұжымда бала тәрбиеленсе, онда ол жалықпайды, сабаққа ынтасы мен қызығушылығы пайда болып, басқалардан қалып қоймауға талпынады”-дейдi [2, 29 — б.].

Н.И.Морозованың пiкiрiнше: “Бала неғұрлым сәби болған сайын, ол өмiрден көп ештеңе көрiп-бiлмегендiктен, оның құбылыстарға қызығушылығы өте ауқымды және мүлде дайындықсыз болады. Соған сәйкес, оның өмiр құбылыстарынан алатын әсерi де өте шұғыл, жарқын әрi жан-жақты болып кете барады. Нәтижесiнде, бұл оның келешектегi бүкiл бiлiм жүйесiн қалыптастыруға түбегейлi негiз болып шығады” деген байлам жасаған [3].

Мақсатты әрекеттердi орындау нәрестелiк жаста-ақ байқалады. Мысалы, бала өзiнiң назарын аударып қызықтырған ойыншыққа қарап оны қолына алу үшiн еңбектеп келе жатқанда ойыншықты ұстап көру, аузына салу оның мақсаты болып табылады, ал оның әрекетi осыған бағытталады.

Абай бала мiнезiнiң қалыптасуы жөргектен басталатынын айта келiп, бұл жөнiнде “Жетiншi сөзiнде” былай дейдi: “Жас бала анадан туғанда екi түрлi мiнезбен туады: бiреуi – iшсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады… Бiреуi – бiлсем екен демекiлiк… Мұның бәрi – жан құмары, бiлсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген” — тұжырымнан жақсы байқалады. Абай бала психологиясының басты ерекшелiгi – бiлуге құштарлық деп есептейдi.

“Бiлiм-ғылым үйренбекке, талап қылушыларға әуелi бiлмек керек…” – деп ұлы Абай талаптың бiрiншi шартының мазмұнына тоқталады: “ғылымға алдымен берiк ынта-ынтықтық, бiлмегендi бiле беруге құмарлық, махаббат керек. Бiлмегенiңдi бiлген сайын сол құмарлық арта бередi, жүрегiң қанағаттанып, көңiл орнығып, сенiм арта бермек. Адамның көңiлi шын мейiрленсе, бiлiм-ғылымның өзi де адамға шын мейiрленiп, тезiрек қолға түседi[4].

Мектепке дейiнгi бала iс-әрекетiнiң негiзгi түрi ойын болып табылады. Осы iс-әрекетте 3-6 жасар бала өз әрекеттерiмен, сөзiмен, сезiмдерiмен өзiн айналадағы адамдардың өмiрiн, олардың еңбегiн, қамқорлықтарын, өзара қарым-қатынастарын бейнелейдi. Өздерiне әлi онша белгiлi емес, бiрақ үлкен адамдардың қызық өмiрiн белсендi түрде жаңғырта отырып, ол адамдардың әр түрлi қызметтерi туралы және олардың еңбек процесiндегi өзара қарым-қатынастары туралы өз бiлiмдерiн тереңдете түседi.

Баланың жетi жастан кейiнгi жетекшi iс-әрекетi оқу болып есептеледi. Мектеп оқушысы оқу үрдiсiнде табиғат әлемiмен және адамдардың өмiрiмен, оның бүгiнгi кұнымен және өткенiмен танысуын жалғастыра бередi. Оқу iс-әрекетi мен тәртiппен белгiленген iс-әрекетте мектеп оқушысы жануарлар мен өсiмдiктер әлемi өмiрiнiң заңдарын, тiл және мөлшер, кеңiстiк және уақыт заңдарын танып бiледi, басқа адамдарды, олардың еңбегiн, еңбек пен танымның субъектiсi ретiнде өзiн де танып бiледi.

Оқу материалдары бала психикасына зор талап қояды.Өйткенi ұғыну — өте күрделi әрекет. Ұғыну бiрнеше кезеңдерден тұрады. Мәселен, мұның бiрiншi кезеңiнде (таныстыру кезеңi) бала ненi, қалай оқу керектiгi жайлы мағлұмат алады. Бұдан кейiн ол ойындағысын тәжiрибеде орындап көредi. үшiншi кезеңде ұғынғанын сөзбен тұжырымдайды, төртiншi кезеңде бала ұғынған нәрсесiн ойына ұстап тұрады да, бесiншi кезеңде балада зат пен құбылыс туралы белгiлi ұғым қалыптасатын болады. Ақыл-ой амалдарын меңгеру арқылы бала шындықтағы заттардың байланыс қатынастарын ажыратады, бiр нәрсенi екiншiсiмен салыстыра дәлелдей алуға, олардың айырмашылық, ұқсастықтарын көре бiлуге үйренедi, мұндағы себеп пен нәтиженiң заңды байланысына түсiнедi. Мәселен, “от жақса, түтiн шығады” дегенде оттың жануының шығуына себеп болып тұрғандығын бала байқайды да, шындықтағы нәрселердiң бәрi де бiр-бiрiмен осындай байланысатындығын түсiнедi. Нәрседе себеппен қатар, нәтиже де болатындығына баланың түсiнiп, көзiнiң жетуi ұғыну деп аталады.

Бастауыш сынып оқушылары оқу материалдарының мәнiсiне тереңдеп бара бермейдi. Оларды жай жаттап алады да өз бетiнше пiкiр айтуға орашолақ келедi. Бұдан анализ, синтез процестерiнiң балада онша дамымағаны көрiнедi. Мұғалiм оқушы ойлауындағы анализге жеткiлiксiз көңiл бөлетiн болса, бала материалдың бiр-бiрiмен қиысып байланыспаған жеке жақтарын меңгередi де, осыдан ұғымның мәнiне толық түсiнбей қалады. Сондай-ақ, мұғалiм синтездеу тәсiлiн ойдағыдай пайдалана алмаса, жаңа материал бұрынғысымен дұрыс байланыспай қалады да, берiлген мағлұматматтың практикалық мәнi кеми түседi. Кейбiр мұғалiмдер баланың белсендi ойлау процесiн дамытудың орнына оның ес-қабiлетiн өсiруге ерекше мән бередi, бiрақ баланың есiн дамыту онша мәндi нәрсе емес деген қорытынды шықпайды. Балаға ойлаттырып, әр нәрсенi бiр-бiрiмен салыстырғызып, талдап жинақтатып, дәлелдеткiзiп үйретсе ғана олардың танымы мазмұнды болады.

Резюме

В статье рассмотрены вопросы психологической особенности внеклассной работы по математике в казахской начальной школе.

Статья предназначена учителям начальных классов, преподавателям вузов, студентам и научным работникам, а также широкому кругу читателей, интересующихся проблемами методики преподавания математики в начальных классах.

Summary

In the article considered issues of the psychological characteristics of extracurricular activities in mathematics in the Kazakh elementary school.

The article is intended of primary school teachers, for the professors of university, for students and researchers, as well as a wide range of readers interested in the problems of mathematics teaching methods in primary school.

Әдебиеттер

  1. Бабанский Ю.К. Выбор методов обучения в средней школе. -М.: Педагогика, 1982. -320с.
  2. Аль-Фараби. Философские тракты. -с.446.
  3. Морозова Н.Г. Формирование позновательных интересов у аномальных детей. -М.: Просвещение, 1969. -С.280.
  4. Абайдың қара сөздерi. 272-бет.