Жаттығу әдісінің практикалық маңызы өте зор, сол себепті ол практикалық сабақтарда кеңінен қолданылады.
М.Р.Львовтың әдістемелік-анықтамалығына сүйенер болсақ: «Жаттығуды орындау барысында алынған білімдер түрлі жағдайлар мен түрліше байланыстарда бірнеше рет және вариацияланып қолданылады. Жаттығудың орындалу үдерісі барысында үйренуші әрдайым ізденіс үстінде болады, алдына қойылған міндеттер мен мәселелерді шешудің өзіне таныс жолдарына сүйене отырып, жаңа жолдар табуға ұмтылысын қалыптастырады»[1]. Жаттығу оқу материалын меңгертуді ұйымдастырғанда, оқу үдерісінде қолданылатын әдістемелік жүйенің құрылымдық бірлігн құрайды [2]. Әсіресе теориялық пәндерді оқытуда жаттығу әдісін қолдану студенттердің теориялық білімдерін бекітіп, тіл құбылыстарын терең бақылауына, ол туралы байыпты тұжырымдар жасауына итермелейді. Жаттығудың түрлері өте көп. Қазақ әдістемесінде ол әсіресе қазақ тілін оқытуға қатысты көбірек қарастырылды. «Қазақ диалектологиясын» оқытуға қатысты жаттығу теориясы мен әдістемесі арнайы зерттелмеген.
«Қазақ диалектологиясын» оқытуда жұмсалатын жаттығуларды қолданудағы басты мақсат – студенттердің тіл туралы ғылыми ұғым-түсініктерін қалыптастырып, тіл құбылыстарына терең талдау жасау арқылы теориялық пайымдаулар, зерттеулер жасауына тірек болуы тиіс. Жаттығуларды орындау барысында студенттер мынадай ғылыми ізденімдік-зерттеу міндеттерін шеше алуы керек:
– қазақ тіліндегі диалектілер мен говорлардың өзге тіл құбылыстарынан ерекшелігін бақылап, ажыратады;
–диалектілердің қандай да бір қасиетін анықтау үшін оған талдау жүргізеді;
– диалектілерді талдау арқылы оларды ортақ белгілері мен ерекшеліктеріне қарай топтастырады;
– диалектілерді ерекшеліктеріне қарай әдеби тілдегі нұсқасымен және өзге аймақтағы нұсқасымен салыстырады, олардың әдеби тілдегі орны мен рөлін анықтайды;
– белгілі бір аймаққа тән фонетикалық, лексикалық, грамматикалық бірліктердің табиғатын, сөйленістегі қолданысын таниды;
– диалектілергі фонетикалық, лексикалық, грамматикалық талдау жасап, оны ұлт, тіл тарихымен, қазіргі қазақ тілінің практикалық курстарымен байланыстырады;
– диалектілердің түрлі жазба ескерткіштердегі, шығармалардағы қолданысына талдау жасап, баға береді;
– диалектілердің жасалу моделін анықтайды;
– диалектілердің таралымдық шегін анықтайды;
–диалектілерге оппозициялық, трансформациялық талдау жасап, оның тілдік-стильдік табиғатына баға береді т.б.
Сайып келгенде, диалектілерді талдап, оны бақылау, бағалау студенттердің тілдік талғамы мен стильдік қабілетін ұштап, сөз қолдану өнеріне баулиды. Сол себепті жаттығу әдісін жүзеге асырудың жолдарын нақтылап, жүйелеп алу орынды.
Қазақ әдістемесінде тілді оқытуға қатысты Н.Ж.Құрманованың еңбектерінде жаттығудың көптеген түрлері көрсетіледі. Ол жаттығуларды 1) мақсатына қарай (тілдік, сөйлеу, рецептивтік, репродуктивтік, аспектілік, кеенді, оқу, табиғи-коммуникативтік, жаттықтыру, бақылау жаттығулары); оқу материалының табиғатына қарай (диалогтық тілдегі, монологтық тілдегі жаттығулар); орындалу тәсіліне қарай (ауызша, жазбаша, бір тілдік, екі тілдік, механикалық, шығармашылық, үйде орындалатын, индивидуалдық, екі-екіден, топтық жаттығулар); сөйлеу түріне қарай (айтылым, айту-тыңдау, оқылым, жазылым жаттығулары); сөйлеу формасына қарай (ауызекі сөйлеу тілі, жазбаша тіл жаттығулары); тілдің аспектілеріне қарай (фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік) бөледі [3]. Сондай-ақ, алдыңғы озық тәжірибелерге сүйене отырып, сөз тіркесін дамыта оқытуда қолданылатын келесі 17 жаттығудың түрлерін саралап көрсетеді: аспектілік жаттығулар, қостілдік жаттығулар, бір тілдік жаттығулар, үй жаттығулары, сынып жаттығулары, қатысымдық жаттығулар, кешенді жаттығулар, бақылау жаттығулары, механикалық жаттығулар, жазба жаттығулар, тілдік жаттығулар, орнына қойғызу жаттығулары, мәтіндік жаттығулар, трансформациялық жаттығулар, ауызша жаттығулар, оқу жаттығулары, жаттықтыру жаттығулары [3, 89].
Тілдің нақты салаларын оқытуға арналған әдістемелік еңбектерде жаттығулардың тілдің аспектілеріне қарай түрлері кеңінен қолданылатынын көруге болады. Мысалы, А.Жапбаров стилистиканы оқытуда жаттығудың келесі түрлерін ұсынады: стильдік-лексикалық, стильдік-морфологиялық, стильдік-синаксистік жаттығулар [4].
Оған дейінгі қазақ тілін оқытуға арналған әдістемелік зерттеулерде де негізінен осындай аспектілік жаттығулар басым қолданылғанын көруге болады. Мысалы, Х.Арғынов «Қазақ тілі методикасы» атты зерттеу еңбегінде негізінен тілдің аспектілеріне ерекше назар аударады, осыған байланысты мақсатына қарай негізінен оқу, аспектілік, тілдік, бақылау, репродуктивтік т.б. жаттығудың түрлеріне ерекше назар аудартады. Оны мына пайымдауларынан байқауға болады: «…арнаулы жаттығудан ортақ мүшені таптыру керек, немесе оқушыларға ортақ сөйлем мүшесін ұсынып, соны құрамына келтіріп, салалас сөйлемдер құратқан жөн. Солардың негізінде құрмаластың әр компонентінде бір сөздің қайта-қайта қайталанбауы сөйлеуші мен жазушының стиліне өң беретіні түсіндіріледі… Салаластан берілетін жоғарыда аталынған дағдылар сол мазмұндағы жаттығу жұмыстарын орындату арқылы оқушылардың бойына қалыптастырылады» [5].
Ғалым Т.А.Ильина: «Жаттығу-білімді бекітудің және іскерлік пен дағдыларды қалыптастырудың, сондай-ақ оқушылардың ойлау қабілетін дамытудың негізгі методы»–деп көрсетсе [6], ғалым-әдіскер А.Әбілқаев: «Қазақ тілі бойынша жаттығу деп грамматиканың теориялық курсынан алған білімін бекіту мақсатымен немесе сөйлеу, мәнерлеп оқу, дұрыс жазу дағдыларын меңгеру мақсатымен оқушының белгілі бір түрдегі оқу тапсырмасын орындауын айтады [7]. Ал педагогика ғылымдарының докторы, профессор С.Рахметова: «…оқушылар жаттығу процесінде үздіксіз анализ-синтез жасайды, бір тұлғаны екінші тұлғамен салыстырады, абстракциялайды, жалпылайды, жаттығу арқылы білімін жүйелейді»,–дей отырып, жаттығуға қойылатын талаптарды саралап береді [8].
«Қазақ диалектологиясы» пәнін меңгертіп, модульдік технологияны жүзеге асыруға септігін тигізетін келесі жаттығудың түрлерін топтап көрсетуге болады:
- Оқыту жаттығулары.
- Мәтіндік жаттығулар.
- Рефлексиялық жаттығулар.
- Оқыту жаттығуларын өз ішінде бірнеше түрге жіктеуге болады: аспектілік, лингвистикалық эксперимент, кешенді жаттығу. Оқыту жаттығулар қазақ тіл білімі диалектологиясының теориялық негіздерін танытуға, диалектілерді жан-жақты әрі нақты зерттеп-білуге, студенттердің диалектология туралы ғылыми-теориялық ұғым-түсініктерін қалыптастыруға бағытталып, соған басшылық жасайды. Мұнда студент жаттығуда орындау барысында «өздік танымдық әрекетін ұйымдастыру, іздеп-зерттеу арқылы» диалектология туралы түсініктерін санасында ретке, жүйеге келтіреді. Нәтижесінде студент ғылыми, тілдік ұғымдарды басқаруға, оларды практикада қолдануға, ол туралы өзіндік баға беруге дағдыланады. Оқыту жаттығуларын орындауда студент ұқсастықтар мен айырмашылықтарды, байланыстар мен қатынастарды, қасиет-сапаларды ажыратады, заңдылықтарды анықтайды, теорияны меңгереді. Бұл жаттығулар студенттердің кейінгі орындайтын жаттығуларының алғышарты болып есептеледі. Сондықтан бұл жаттығуларды барынша ұтымды қолданған жөн.
Оқыту жаттығуларының ішінде аспектілік жаттығулардың мақсаты – диалектілерге қатысты тілдегі жекелеген құбылыстарды талдау, салыстыру, бақылау, тану. Үлгісі:
1-жаттығу. Фонетикалық варианттарда қолданылып жүрген сөздерді еске түсіріңіз. Мына сөздердің қандай варианттары бар.
Залым, жаутаңдау, асылы, бәйге, ары, риза.
2-жаттығу. А/ ы, е/і, ы/і, ү/ө дыбыстарының алмасуы, олардың таралу шегі туралы түсінік беріңіз.
3-жаттығу. 1. Диалектологиялық сөздікті пайдалана отырып, сызбада көрсетілген үлгі бойынша синтетикалық тәсіл арқылы жасалған диалект сөздерді теріп жазыңыздар.
- Диалект сөз жасаудың 4 түрінде сөз түрлендіруші, сөз тудырушы деп неге бөлінбеген, себебін түсіндіріңіз.
Диалект сөз жасаудың жолдары | Синтетикалық тәсіл арқылы сөз жасау | ||
1. | Әдеби негіз+әдеби қосымша=диалект сөз
|
Сөз түрлендіруші | Сөз тудырушы |
2 | Диалектілік негіз + әдеби қосымша = диалект сөз | ||
3 | Әдеби негіз + диалектілік қосымша = диалект сөз | ||
4 | Диалектілік негіз + диалектілік қосымша = диалект сөз | ||
Әсіресе, соңғы үшінші жаттығудың студенттердің диалект сөздердің жасалуы туралы түсініктерін қалыптастыруда тиімділігі ерекше. Онда ғалым Ш.Сарыбаевтың диалект сөздердің жасалу моделі берілген.
Жаттығудың мақсаты – синтетикалық тәсіл арқылы жасау жолдарын меңгерту, диалектологиялық сөздікпен жұмыс жасауға үйрету.
Жаттығудың міндеті – сөздікпен жұмыс жасай алу, говорлардағы синтетикалық сөз тудыру жолдарын білу, теориялық біліктілігі болу.
Жаттығудың тиімділігі – диалектілік негіз, диалектілік қосымша, әдеби негіз, әдеби қосымша, олар арқылы диалект сөздің жасалуы т.б. мәселелерді меңгереді, ғылыми әдебиеттермен жұмыс жасауға дағдыланады, сөздің этимологиясын анықтауға үйренеді.
Жаттығудың нәтижесі – ғылыми әдебиеттермен, сөздіктермен жұмыс істеуге төселеді, әдеби сөз бен диалект сөздің аражігін ажырата алады, оны практикада қолданудың қаншалық қажеттігіне өзіндік пікір қалыптастырады.
Мұндай аспектілік жаттығулардың міндеті – диалектілерге қатысты нақты тұжырымдар жасап, ұғым-түсініктерін жүйелеуі тиіс. Нәтижесі – студент тілдегі диалектілерге қатысты жекелеген құбылыстарды танып, ажыратып, зерттеп, біліп қана қоймай, ол туралы ғылыми пайымдау, тұжырым жасайды. Сондай-ақ, оны тану-зерттеу барысында ғылыми ойлаудың талдау-жинақтау, топтастыру, салыстыру жүйелеу әдістерін меңгереді.
Лингвистикалық экспериментке негізделген оқыту жаттығулардың мақсаты – тілдегі диалектілерді өзге тіл бірліктерден ажырату, оның тілдік-стильдік ерекшелігін анықтау. Үлгісі:
4-жаттығу. Үстеу, есімдіктерді тауып, жалпыхалықтық тілмен салыстырыңыз.
Түймебай байлаудан босаған аяқ-қолын бауырына алып, бір демдей қыбырсыз қалды. Адайы болсын, табыны болсын өзбастан осы түрікмендермен аралас қой (Түрікм. Конгур.). Мінгенім дайым менің көк дөнен-ді, Жегені көк дөненнің көк өлеңді (Орын.,Ад.). Мына орды шыммен толтырмасақ, бәрібір алып кетеді. Әзіргіміз әупірім – тәңірім ғана. Құлыншағым менің. Кімнің баласы дейсің бұл. Бірәзір ойнап келші. Екеуінің зілсіз уәждескені дәйім қызық көрінетін маған. Базбір күндері отыра қап көкеме хат жазғым келетін. – Ал, балам, хош енді,-дейтін. Дейтін де, құнжыңдай жөнелетін. Әсте артына қарайламайтын. Өзі де от басында бірпәс отыра алмайды.Жорта қасарысып тұрғанымды сезе қояды (Қ.Н.). Сіз ерепан көп жүре бермеңіз, шаршап қаларсыз (Шығ.Қаз.,Күрш.). Мұқым бір тайпа елді шақырып той істеді (Монғ.қаз.). Ол жұмысқа шалт кісі (Түрікм.). Көп сөйлеу чыли жақсы емес (Жамб.,Мойын.). Сондай ма алыс жерге кетерсің ба? (Маң.). Не зат болып қалды, неге шақырып жатыр (Гур.). Ол әзір бірқайда да істемейді (Гур.). Еміл Шүйде осы екеуін-ақ ала ма оқуға (Сем.,Ақс.). Осы қазір жадырап жігіт сауалына сылдырай күліп жауап берсе, келесі мәурітте піскен шиедей сөлді ернін езе тістелеп дірілдей толқып, өз ойына өзі көміледі (Д.Досжанов).
Лингвистикалық жаттығуларды қолданудың басты шарты – оны өзге тілдік құбылыстармен бірлікте, қатар алу керек. Әдеби тілде диалектілер әдеби нормадағы сөзбен оппозициялық бір қатарда алынғанда ғана тілдік-стильдік сапасы жағынан танылады. Осы мақсатта мынадай лингвистикалық жаттығу жұмысын ұсынуға болады: студенттерге көркем шығармадан диалектілер араласқан мәтін беріледі де оны әдеби нұсқамен ауыстыруға тапсырма беріледі. Бұл арада сөздік әдісі де қолданылады. Диалектілердің әдеби нұсқасын студенттер сөздік арқылы тауып, алмастырады. Нәтижесінде студенттерден қандай айырмашылықты байқағандарын және оның автор стиліне қалай әсер еткені туралы өзіндік пікірлері сұралады. Келесі жаттығу тұтас мәтіндегі әдеби нұсқаны керісінше диалектілермен ауыстырып, оның шығарма ситліне қалай әсер еткенін бақыап, пайымдау жасау тапсырылады. Лингвистикалық эксперимент тапсырмаларының міндеті – тіл бірліктерінің арасындағы айқын айырмашылықтарды байқап, олардың тілге, сөзге, стильге, әдеби тілге әсерін нақтылау. Нәтижесі – студент тіл бірліктерін талғаммен, сұрыптап қолдануға, диалектілер мен әдеби сөз қолданыстарын ажыратуға және тіл бірліктерін шығармашылықпен, еркін, сыни тұрғыдан жұмсауға дағдыланады.
Кешенді жаттығулардың мақсаты диалектілердің, тіл құбылысының жекелеген құбылыстарын алдыңғы білімдерімен байланыстырып, тұтастықта біріктіру. Үлгісі:
5-жаттығу. Дауыстылардың алмасуындағы лабиалдану, делабиалдану процесіне түсінік бере отырып, жаттығуды орындаңыз. Лабиалдану, делабиалдану процесінің таралу шегі туралы түсіндіріңіз.
Чәтбен батыр Қытай чекарасындағы қырғыздарға — Бұғы, Саяққа барып аралап қайтып кеген соң, елдері: батыр не көрдің дегенде, басқасын қоя тұрайын, бір сонын әңгіме айтайын депті.
Жолда кетіп бара йатып, бір таудың басына отырдық. Асты чыңырау зау тас. Сонда бір қарала бала бүркіт, анасы сары бүркүт ұчып жүр екен. Бала бүркүт аспаннан заулап келе йатса, үлкен бүркүт тосып алат. Ең соңғұ жолы тосқанына қарамай, қарала бүркүт құйұлұп түседі де, жоқ болады. Біраздан соң артынан сары бүркүт құйұлұп түсүп ол да жоқ болат. Бұ не, біліп келчі деп кісі жібереді. Барған кісілер бір чошқаны көрдүк, оны бала бүркүт ыстайды. Бірақ чошқа оның ішін жарып өлтүрөді. Мен бұл баладан қағанда не болам дегендей сары бүркүт те өзін өзі тасқа соғып, ол да өлөді. Осыны естіп, баласын алты ай ідеп табамай батырдан сұрап отұрған бір кісі: «Құс та баладан айырылып не болам деп өлді. Мен алты ай бойұ іздеп жүрүп таба алмадым. Баладан айырылып, мен не күн көрөйүн» деп өзүн өзү жарып өлтүрген екен. Чәтбен: «Мен осұнұ көрдүм»,- деген екен.(Эксп.матер.).
Төрт қыбыласы түгел қыбыладан соғатын бір суық жел бар-ау! Басы былақ болмаса аяғы былақ көл болмас. От басында көзіңді жымып отыра бересің ба? (Жүнісов. Қарақ.).
Бұл жаттығуларды орындаудағы студенттің міндеті – пәнаралық, тақырыпаралық байланыстарды тауып, ұғымдарға басшылық жасау арқылы оны тұтас контексте тану. Нәтижесінде студент жекелей таныған тіл құүбылыстарына қатысты ғылыми-теориялық ұғым-түсініктерін жинақтайды, топтастырады, санасында ретке келтіреді. Тілдегі құбылыстардың бір-біріне әсерін тұтас контексте алып қарастыруға дағдыланады.
- Мәтіндік жаттығулардың мақсаты оқыту жаттығуларынан өзгешелігі жекелеген аспектілерді талдау емес, оларды тұтас мәтін контексінде алып тануға итермелеу. Үлгісі:
7-жаттығу. Сөздіктерді пайдалана отырып, төмендегі мәтінге талдау жасаңыз:
а) мәтіннен фонетикалық ерекшеліктерді анықтаңыз, оның қай говорға тән ерекшелік екеніне тоқталыңыз;
ә) грамматикалық ерекшеліктерге тоқталыңыз, оның қай говорға тән айырым белгі екендігін көрсетіңіз.
б) лексикалық ерекшеліктерді тауып сипаттаңыз.
в) жергілікті ерекшеліктерді тарихи жағынан сипаттаңыз.
- -Доқтырға қаралып, дәрі-дәрмек алып ішсеңіз, сақайып кетерсіз-деді Нұрбек, бұл сөзінің бәлендей әсері болмайтынын сезсе де. Ол мұндайды кұтпесе керек, екі қолын төбесіне қойып, ақбеезерде-көкбезер болды. Мал деген не тәйірі, бүгін менің қорамда жатқанда ғана менікі!, ал ертең басқа біреу айдап әкетсінші, орнында самбыл да қалмайды. Малға жауапты боп жүрген бас дарғамды шақырып алып, үзын есебін сұрасам, ол тіпті көбейтіп жіберді. Бостандық пен еркіндікке қаталап жүргенде, дәмін бір рет таттық та, сол тоймаған, қанбаған қалпымызда ернімізді жалап, тамсанып қала бердік. Малдың басына өзі бата жасап, бүкіл ру-туған, зәузатына бағыштап шалады да, пәкізелеп сойып, тазалап қоржынға салып алады (Қ.Жұмаділов).
Әдетте мәтіндік жаттығулар мәтінге дейінгі, мәтіндік, мәтіннен соң орындалатын тапсырмалар арқылы жүзеге асырылады. Тұтас мәтін ретінде көркем шығармадан, көне ескерткіштерден немесе әдеби тұрғыдан қате құрылған аймақтық газет мәтіндерінен үзінділер алынады. Бұл жаттығуларда назар тек диалектілерге аударылмайды, оның фонетикасы, лексикасы, грамматикасы, сөзжасамы тұтас алынып, оның шығармаға әсері, тіл бірліктері тарихи категория ретінде қарастырылады. Міндеті – диалектілерді, тіл құбылыстарын жеке-дара танып қана қоймай, оны тұтастықта қарастыру, баға беру. Бұл жаттығулардың нәтижесінде студент – диалектілердің сөйлеудегі қолданысын меңгереді, практикалық маңызы бар дағдыларды алады. Ол – диалектілерді орнымен қолдану, диалектілерді көркем шығармада стильдік мақсатта қолдану, яғни уәжді түрде жұмсау, диалектілерді маңғынасын контекст арқылы ажырату, диалектілер арқылы адамға сипаттама беріп, оның портретін айқындау т.б. Мәтінді жаттығуларды орындауды келесі мәтін түрлері қолданылады:
– видео-мәтін;
– аудио-мәтін;
– жазба мәтін;
– ауызша мәтін т.б.
Бұл мәтін түрлерін аймақтық радио-теледидардан, баспасөзден немесе екеуара сөйлескен адамдардың сөздерін үнтаспаға басып алып қолдануға болады және ол бойынша мынадай тапсырма түрлері ұсынылады:
– нақты бір диалектінің мағынасын ажырату;
– оны әдеби тілдегі нұсқамен алмастыру;
– кейіпкердің сөзіне қарап, оның қай облыс өкілі екенін анықтау;
– кейіпкердің диалектіні қолданудағы мақсатын анықтап, баға беру;
– мәтінде қанша диалект сөз қолданылғанын тыңдап айту және тыңдап жазу, теру;
– мәтін бойынша аудиоклоуз тест орындау;
– мәтін бойынша серіктесіне түрлі тапсырмаларды орындауға ұсыну т.б.
- Рефлексиялық жаттығулар студенттің білімді сыни тұрғыдан қабылдауын қалыптастыруды көздейді. Міндеті – тапсырма ойландыратындай болып, студент оның дұрыс-бұрысығына өзінің білім-тәжірибесіне сүйене отырып баға бере алуы тиіс. Нәтижесінде студент өзінің біліміне сын көзбен қарап, қатесін анықтап, өзіне баға беруге үйренеді. Рефлексиялық жаттығулар проблемалық ситуацияға ұқсайды да, белгілі бір тапсырмаларды орындауда студент ойланып-толғану, іздену жолынан өтеді.
Рефлексиялық жаттығудың шарттары студенттің өзіне қарап қойылады да, ойланып-толғануға құрылады. «Қалай ойлайсыз?», «Келісесіз бе?», «Жоққа шығаруға бола ма?», «Қарсы қандай пікір айтар едіңіз?» деген сияқты ой алысуға, пікір алысуға құрылады. Рефлексиялық үлгідегі сұрақ-жауаптарды әр модульдің соңында беріп отырған да тиімді болып табылады.
Әр модуль соңында беріліп отыратын студенттің өзін-өзі бағалау парағында қойылып отыратын сұрақтар да осындай рефлексиялық мақсатты көздейді. Өзін-өзі бағалау парағының үлгісі:
- Бүгінгі сабақтан нені меңгердім, нені түсіндім…
- Есімде жақсы сақталғаны…
- Бүгінгі сабақта жете түсінбеген мәселелерім…
Бұл сұрақтарға жауап беру арқылы студенттер өздерінің осал және арты тұстарын анықтаса, оқытушы оқу үдерісін коррекциялау, толықтыру, жетілдіру мүмкіндігін алады.
Сонымен, студенттің оқытушымен өздік жұмысын жүргізу барысында оқытушының басшылығымен орындалатын жұмыстарды студенттің ұтымды игеруіне мүмкіндік тудыра отырып, жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік туады.
Резюме
В данной исследовательской работы анализируются виды упражнений обучения диалектологие
Summary
In this research work the types of exercises of educating of dialectology are analysed.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Львов М.Р. Словарь-справочник по методике русского языка. – М.: Просвещение, 1988. –240с.
- Азимов Э.Г., Щукин А.И. Словарь методических терминов. –Санкт-Петербург: Златоуст, 1999. –375 с.
- Құрманова Н. Қазақ тілін дамыта оқыту технологиясы. – Астана, 2007. – 140б.
- Жапбаров А. Қазақ тілі стилистикасын оқыту методикасының негіздері. –Алматы, 1991, –160б.
- Арғынов Х. Қазақ тілі методикасы. Синтаксис. Пунктуация. –Алматы , «Мектеп» баспасы, 1974. –300б.
- Ильина Т.А. Педагогика. –Алматы: Мектеп, 1984.–488 б.
- Әбілқаев А. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. –Алматы: Санат, 1995. –117 б.
- Рахметова С. Бастауыш класс оқушыларының тілін дамытудың ғылыми әдістемелік негіздері: филол. ғыл. докт. … дисс. – Алматы, 1994. – 434 б.