Биология сабақтарындағы оқыту технологиясын тиімді қолдану

Сорос – Қазақстан қорының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» (СТО) бағдарламасының қазіргі таңдағы талаптарға сай жоғары білімді, әсіресе білгенін өмірде пайдалана білетін оқушыларды тәрбиелеу мақсатында алатын орны ерекше.

Сын тұрғысынан ойлау технологиясы дегеніміз – мұғалімнің бағыттауымен оқушылармен өз бетінше білімді игеруі, кейбір практикалық іскерліктерін қалыптастыруы.

Кейінгі кезде психология ғылымында дамытпалы оқыту концепциясы ұсынылып жүр. Ондай оқыту ұйымдастырудың маңызды шарты – оқытушы мен оқушы арасындағы біріккен іс-әрекетті ұйымдастыру.

Л.С.Выготскийдің пікірінше «қатаң ғылыми тұрғыдан қарағанда, басқа адамды тәрбиелеуге болмайды. Тәрбиелеу – оқушыны тәрбиелеу емес, оқушы өзі тәрбиеленетіндей етіп ұйымдастырылуы керек».

Осы тұрғыдан алғанда СТО-ның шын мәніндегі дамытпалы оқытуда оқытудың белсенді әдістері қолданылады.

Оқытудың белсенді әдістеріне: миға шабуыл, программалық оқыту, тренинг, дөңгелек үстел, интерактивті әдістер, мәселелік оқыту, сайыстар, эвристикалық әңгіме, пікірталас жатады.

Осындай әдістер оқушының белсенді іс-әрекетіне бағытталады. Іс-әрекеттің мәні мен нәтижесі іс-әрекет субъектісінің өзі болады, ал негізгі көрсеткіш оқытылатын адамның ойлай алу іскерлігін қалыптастыруға бағытталады.

СТО мен дамытпалы оқытудың 1) мақсаттары, 2) міндеттері, 3) әдістері, 4) алынатын нәтижелері бойынша жақын екендігін (әдіс иегерлерінің айтуынша) байқауға болады.

Енді екінші кезеңге өтсек (мағынасын, мәнін түсіну) оларды талдап топтастыру қажет. Маңыздылығы бойынша топтастыру нәтижесі:

І. Әдістердің түрлілігі.

ІІ. Белсенді практикалық іс-әрекетте болу.

ІІІ. Басқалармен қарым-қатынас жасай білу, басқаларды тыңдай білу.

ІV. Қажет болса, өз көзқарасыңды өзгерту.

  1. Топтық тұжырымға келе білу.

VІ. Топ алдына шығып «өз тұжырымыңды» айта білу, қорғай білу.

Соңғы (ІV- V- VІ) пунктер рефлексияға жатады.

Осының бәрі де:

  • Өздігінен білім ала білуін;
  • Сын тұрғысынан ойлау іскерлігін;
  • Кейбір әдістемелік тәсілдерді дағдыға айналдыруын қалыптастырады.

Сыни тұрғыдан ойлауды қолдана білетін адамға мына қасиеттер тән:

  1. Жоспарлауға дайын тұру.
  • Мен көптеген оқушылардың емтихан тапсырған кезде байқағаным, көп оқушылар алдарына тапсырма берілген бойда-ақ, қолдарына қаламдарын алып, жазуға кірісіп кетеді.
  • Олар ойланып болмастан, бірден жауаптарын жаза бастайды. Сондықтан да, олардың жауаптары айқын емес, ойлары тиянақты болмай, берілген сұрақтармен байланыстылығы аз болады.
  • Егер ауызша сұрақ қоятын болсақ, олар ойланбастан бірінші ойларына не келсе, соны айта салады. Ондай оқушылар өздерінің импульстерін ұстап, жауаптарының жоспарын құруға үйрену керек.
  • Жоспарлау – сын тұрғысынан ойлауға алғашқы да, ең маңызды бастама болып табылады.
  • Әрқашанда жаттығулар арқылы әркім өзінде жоспарлау әдетін дамытуға болады.
  1. Икемділік.
  • Шектеулі ойлайтын адам кез-келген жаңа идеяларға «мен осыларсыз – ақ жүре аламын» деген көзқараста болады. Тағы бір кең таралған көзқарас «Сынбай тұрғанда, жөндеме» деген жаңа идеяларға қарсы пікір болып табылады. Мұндай консервативті пікірлер жаңа идеяларды қабылдауға кедергі келтіреді.
  • Терең ойлай білетін адам жауап беруге асықпайды, көп ақпараттарды жинау арқылы, өзіне күрделі болып тұрған сұрақтарды шешуге тырсады.
  • Сын тұрғысынан ойлай білетін адам жаңаша ойлауға, айқын мәселені аяғына дейін шешуге дайын тұрады.
  1. Табындылық.
  • Қандай да бір мәселені шешуде кейбір адамдар оны шешуге ешқандай ойын қозғалтпайды, тіпті талпыныс жасамайды. Ал кейбірулері жұмысты бастағанымен, бірақ аяғына дейін жеткізбейді.
  • Ойлау – бұл адамнан табандылық пен төзімділікті талап ететін қажырлы еңбек. Бұл адамды физикалық еңбектен де артық қажытуы мүмкін, бірақ одан алатын қанағат сезімі орасан зор.
  1. Өз қатесін түзетуге дайын тұру.
  • Бұл бәріміз де қателесеміз. Ойлана білетін адамдар өзінің қателігін ақтаудың орнына, оны мойындап, сол қателігінен сабақ алады. Айналасындағылардың пікірлерін тыңдап, олар өзінің қай жерде қателескенін және қателігінің себебін іздейді. Ондай адамдар егер өздерінің ұстанған әрекет – стратегияларының тиімсіз екенін мойындаса, ойлау арқылы жаңа, нақты стратегияларды тыңдайды.
  1. Ұғыну.
  • Психологтар бұл қасиетті метатаным немесе метакогнитивті мониторинг деп атайды. Ол мақсатқа жету жолында өзіндік әрекеттерін бақылауға негізделеді. Сын тұрғысынан ойлайтын адамдар өзіндік ойлау процесін таным әдетіне дамытады.
  1. Компромисті шешімді іздеу.
  • Қазіргі заманда топтық әрекеттілік формасы кең таралған. Сын тұрғысынан ойлай білетін адамдар көпшілікті өзіне тарта білетін коммуникативті қабілеті жақсы дамуы қажет және кез-келген мәселені шеше білуі тиіс. Осы қасиетсіз кез-келген ойларыңызды шынайы нақты іске айналдыра алмайсыз.

Ақпараттың сыни қанықтылығының қағидалары:

  • Бірінші: Оқу материалында оқушыларды сыни тұрғыдан ойландыруға әкелетін фрагменттер болуы тиіс. Мысалы, оқу материалына мынадай сөзтіркестерін қосу керек. «Егер мына әдістің орнына басқа әдісті қолданғанда қалай болады?», «бұл сонымен қатар біруақытта осының салдарынан да болады (белгілі бір заң, жағдай, т.б.)», «бірақ, басқа жағынан қарағанда…» т.с.с.
  • Оқушылар оқулықта автордың берген көзқарасынан тәуелсіз өздерінің пікірлерін, ой талқылауларын ұсынады.
  • Екінші: Осындай берілген фрагменттерге оқушылар тек ойына бірінші келген пікірлерін айта салмай, ой талқылап, сыни тұрғыдан бағалап барып қана жауаптарын беруі тиіс.
  • Мұғалім бұл кезде соңғы рөлде қалып қоймайды, ол зерттеуші рөлінде, яғни оқушыларды жұмыла ізденуге, ой-қозғауға тартады.
  • Сыни қанықтылықтың талаптарын орындаған кезде ақпаратты берген кезде қанықтылығының шегінен аспауы керек, яғни ескермеген жағдайда «ақпараттың жоғалуына» әкеледі.

Мақсатқа қалай жетуге болады?

Мысалы: 8-класс. Биология.

Тақырыбы: Асқорыту мүшелері. Мүшелерде астың қорытылуы.

Білім, танып білу кезеңі: Асқорыту мүшелеріне нелер жатады? Қандай бөлімдері бар? Асқорыту процесі дегеніміз не?

Түсіну, ұғыну кезеңі: Өз ойларыңызды айтыңыздар, түсіндіріңіздер. Суреттер арқылы асқорыту процесінің қалай жүзеге асатынын түсіндіру. Кенеулі заттардың қалай ыдырайтынын тірек сызбалар арқылы көрсету.

Қолдану кезеңі: Дидактикалық кеспе суреттер арқылы тапсырмаларды орындау.

Анализ кезеңі: Асқорыту мүшелерінің ұқсастығы мен айырмашылығын салыстыра отырып, маңызына жеке-жеке тоқталу, негізгі ерекшеліктерін табу, дәлелдеу.

Синтез кезеңі: Асқорыту сөлдерінің химиялық құрамын, әсерін анықтау барысында практикалық жұмыстар жүргізу. Жұмыстардың нәтижесін талқылау, дәлелдеу, себебін түсіндіру.

Бағалау кезеңі: асқорыту процесінің адам өміріндегі маңызы неде? Жалпы өткен сабақ туралы пікірлерін.

Егер үңіле қарасақ, оқушының білім деңгейі талдаудан бастап, жинақтау, бағалауда жоғарылай береді. Егер білім түсіну, қолдану, берілген ұғымды ұғу, меңгеру болса, ол талдаудан бастап іздену, проблема шешу, жаңа хабар алу, жемісті әдіс арқылы жүзеге асыру. Өз еңбектерімен жаңа мәлімет алса, онда шығармашылық деңгейге көтеріледі. Бұл технологияның негізгі ерекшелігі және тиімділігі де осында.

Бірінші сатыда (оқушы деңгейі) мұғалім көмегімен оқушы алдындағы мақсатты шешеді, орындайды: оқушыға бұрынғы білім көмекке келуі мүмкін болса, екінші алгоритімдік сатыда (көмексіз, ақыл кеңессіз) оқушы мақсатқа өз бетінше жетеді. Ал мақсат айқын, ситуация түсініксіз болып, оны оқушы өздері шешсе, өз еңбектерімен жаңа мәлімет, білім алса, ол эвристикалық саты болмақ.

ІV саты ең жоғарғы шығармашылық саты. Мақсат нақты емес, жалпылама оқушы мақсатты айқындап, сол арқылы шешуге кіріседі, жаңа білім игеріліп, мәселе шешіледі.

Сын тұрғысынан ойлау стратегиясының биология сабақтарындағы ерекшелігі де, тиімділігі де мынада: бала білімін оқушы деңгейінен шығармашылық деңгейге жетелеуде сын тұрғысынан ойлау және жазуды дамытудың атқарар орны ерекше.

Биология сабақтарында сын тұрғысынан ойлау технологиясының әр түрлі дағдыларды дамыту кезеңдері білім беру сапасын жоғары деңгейге көтеретіні сөзсіз.

Резюме

В этой статье говорится об особенностьях, о различиях навыков активизации методов СТО технологий. Разные методы развития СТО технологий повышают качество образования на высокий уровень.

Summary

In this article, it is spoken about features, and dictinctions skills activizations of methodos TCPV technologies (thinking from critical point of view). Development methods of technologies TCPV increase quality of education on high level.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. «Высшее образования России» журнал 2001 №4 /11-13/
  2. Выготский Л.С. Педагогическое психология М-1991 /374-391/
  3. Беспалько. Слогаемое педагогическое технология. /12/
  4. Жумабаев М. Педагогика. Алматы «Ана тілі» 1992 /25-29/
  5. «Биология және салауаттану негізі» журналы 2005 №1 /17-19/
  6. «Жалпы биология мектепте оқыту» 2005 №46 /20-22/