Қарағанады облысының даму тарихына үңілер болсақ, қадау -қадау іргелі істердің куәсі боласын. Аймақтың шапшаң игерілуіне бірден-бір себепкер болған оның мол табиғи байлықтары еді. Сонау жиырмасыншы-отызыншы жылдарда А.А.Гапеев, Н.Г.Кассин, Н.И.Наковник, М.П.Русаков, Қ.И.Сәтбаев тәрізді есімдері бүгінде кеңінен танымал геологтар Орталық Қазақстан аймағының кен байлықтарын зерттеді. Жиырмасыншы жылдардың басында-ақ Қоңырат, Жезқазған, Семізбұғы, Өспен және басқа жерлерде түсті металдардың мол қорының бары анықталған. Соғысқа дейінгі кезең ішінде жаңадан ашылған көмір және түсті металл кен орындарының негізінде Орталық Қазақстанда Қарсақбай, Балқаш мыс қорыту зауыттары салынды. Жезқазған, Қоңырат рудниктері, Қарағанды көмір бассейні игерілді.
Еліміздің экономикасындағы Орталық Қазақстанның алатын орны ерекше екендігі сол кезде-ақ белгілі болған. Аймақтың индустриялық даму қарқынын жеделдетуге ерекше көңіл бөле отырып, КСРО Халық шаруашылығы Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 1929 жылғы 28 қарашада «Республиканың «Қазақ көмір құрылысы» тресіне қарасты көмір кәсіпорындарын салу ісін мемлекеттік басқару туралы» ережені бекітті. Трест басқарушысы болып еліміздің көмір өнеркәсібі саласынын ірі мамандарының бірі К.О.Горбачев тағайындалды.
1931 жылғы қәңтарда «Қарағандыкөмір» тресі құрылды. Ол осы өңірге шахта салу мен оларды пайдалану ісін жеделдете түсті.
Қарағанды көмір бассейнін ашу ісін одан әрі жандандыра түсу мақсатында Халық комиссарлары Кеңесінің жанындағы Еңбек және Қорғаныс Кеңесі 1931 жылғы 21 қаңтарда «Қарағанды тас көмір кен орнын дамыту жоспары туралы» қаулы қабылдады. Сол 1931 жылы Карағанды аумағында жаңадан 16 шахта салу көзделді.
Деректер Карағанды өңіріңің аз ғана уақыт ішінде адам нанғысыз қарқынмен дамығандығын көрсетеді. Айталық, 1931 жылды´ басында Қарағанды кенішінде 5600 жұмысшы мен қызметші болса, 1935 жылдың қаңтарында олардың саны 22 мыңнан асқан. Шамалы уақыт ішінде жұмысшы поселкесінің орнына 70 мыңға жуық адамы бар қала орнады. Атап айтқанда, 1934 жылы ақпанда кеншілердің жұмысшы поселкесі Қарағанды қала дәрежесін алды. Қазіргі Қарағандының Жаңа қала деп аталып жүрген орталығын салу сол кезде қолға алынған.
1932 жылғы 10 наурызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Президиумының Орталық және Солтүстігіндегі бірнеше облыстың басын біріктіріп, орталығы Петропавл қаласы болып жалғыз облыс құрылған. Ол болашағы зор ірі өндіріс орнының құрметіне Қарағанды облысы деп аталған.
1936 жылғы 29 шілдедегі БОАҚ Президиумының қаулысы бойынша жалғыз облыс Карағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлінді. Қарағанды қаласы–Қарағанды облысының орталығы болды.
Өндіріс ошақтары онсыз да дамудың даңғыл жолына түссе, қала атанғанына небары екі жылдан сәл асқан Қарағандының облыс орталығы мәртебесін иеленуі халық ағарту, денсаулық сақтау салалары тәрізді, өңірдің мәдени өміріне де осылайша тың серпіліс келді. Қарағанды қаласы шын мәнісінде іргелі өнер ошағына айнала бастады. Бір кездегі шағын көлемде қалалық газетретінде жарық көрген басылымдар облыстық газеттерге айналды. Бір сөзбен айтқанда Қарағанды қаласының жаңадан құрылған Қарағанды облысының орталығы болуы оның ендігі күнде бір бағытта ғана емес, жан-жақты, түрлі салада дамып, одан ері өсіп өркендеуіне мүмкіндік берді.
Осылайша бүгінгі Қарағанды облысының тарихы әріден басталса да оның қарыштай дамып, өркендеуінің, қалыптасуының бастау көзі 1936 жылы өз алдына жеке облыс атанып, отау тігуінен кейін болды. Біздің облыс алпыс бес жыл ішінде қай жағынан болмасын қарыштай дамыған. Жаңа елді мекендер бой көтерген. Қарағандымен қанаттас Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск қалалары бой түзеген.
Қазіргі уақытта облыс 428 мың шаршы километр жерді алып жатыр, бұл республикадағы ең үлкен аймақ. әкімшілік-аумақтық құрылым өзгертілгеннен кейін бұл аймақта 9 селолық аудан мен 11 қала, 39 жұмысшы поселкесі мен 171 селолық округі бар. Халық саны 1 миллион 700 мың адам, яғни республика халқының 10 процентін құрайды. Бұл көрсеткіш жағдайынан біздің облыс Оңтүстік Қазақстан облысынан кейін екінші орын алады.
Облыстың шаруашылық кешендерінің салалық бөлінісі мынадай: Қарағанды-Теміртау өнеркәсіпті аймағына (Абай, Саран, Шахтинск қалаларын қосқанда) көмір, қара металлургия, химия және мұнай химиясы өнеркәсібі, металл өңдеу және машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, көлік, байланыс, тамақ және ұқсату өнеркәсіптері, электр энергиясы, ағаш өңдеу және құрылыс материалдары өнеркәсібі, қызмет көрсету саласының кәсіпорындары шоғырланған.
Жезқазған аймағында тау-кен өнеркәсібі, түсті металлургия басымдау дамыған. Мұнда темір, марганец, алтын, күміс, мырыш, басқа да сирек металдар өндіріледі.
Облыс экономикасын дамытудағы жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі — инвестициялық бағдарлама жасап, инвесторлар іздестіру. Бүгінде біздің аймақта 67 бірлескен және шетелдік кәсіпорындар жұмыс істейді. Облыс экономикасына «Испат-Кармет», «Қазақмыс», «Қарағанды-Пауэр», «Накоста» сияқты кәсіпорындар елеулі үлес қосты.
Облыстың негізінен индустриялды сипатына қарамастан барлық меншік түріндегі 6 мыңнан астам кәсіпорын ауыл шаруашылығы құрылымдары. Қарағанды облысы өзін-өзі ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерімен толықтай қамтамасыз етеді.
Облыста сүт өндейтін 16, ет өндейтін 50-ге тарта кәсіпорын және 200 миницех жұмыс істейді.
Қарағандыда экономиканың нақты секторы дамып келеді. Облыстың 137 өнеркәсіп кәсіпорны «Миттал Стил Теміртау» АҚ-мен және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-мен импортты алмастырушы өнімдерді жеткізіп берудің 17 миллиард теңгелік келісім-шарттарын жасасты.
Қарағанды облысы бүгінде жаңа астанамыздың құылысына да белсене аралысуда. Астана кәсіпорындарымен мердігерлік жұмыстар және қурылыс материалдармен қамтамасыз ету бойынша 3 миллиардтан астам теңгенің келісім-шарттары жасалған. Облыста шағын бизнес өркендеп келеді. 2005 жылында кәсіпкерлер 19 миллиард теңгенің өнімдерін өндіріп, жұмыстары мен қызметтерін атқаруда.
Қарағанды облысында құрылыстар көбейіп, жақсарып, тазарып, көріктене, жаңа заман талабына сай бола түсуде.