Қазіргі таңда ҚР-да білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес жоғарғы оқу орындарындағы оқыту мен тәрбиелеу маңызы түбегейлі өзгеріп, бірінші кезекке бұрынғыдай студентті пәндік білім, білік және дағдылардың белгілі бір жиынтығымен қаруландыру емес, студенттің оқу-танымдық іс-әрекетін дұрыс және тиімді ұйымдастырып, жаңа технологияларды пайдалана отырып жеке бас тұлғасын қалыптастыру мақсаты алға қойылып отыр. Қазіргі педагогикалық және психологиялық әдебиеттерде студенттердің танымдық іс-әрекетін сабақ уақытында, сабақтан тыс уақытта және отбасы арасында қалыптастыру мәселелері көптеп зерттелуде.
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі саясатындағы мақсаттың бірі – жан-жақты, білімді, шығармашылық қабілетті, танымдық іс-әрекеті мен белсенділігі жоғары жеке тұлғаны қалыптастыру. Білім беру мен оқыту теориясының әдіснамалық негізі — таным теориясы және студент тұлғасын жан-жақты және үйлесімді қалыптастыру туралы ілімі болып табылады. Ендеше жоғары оқу орындарында студенттердің танымдық белсенділігін қалыптастыруды арнайы ұйымдастыру оқу үрдісін жетілдірудің негізгі шарты болып саналады. [3]
Психология мен педагогика саласындағы ғалымдардың, мамандардың назарын аударып отырған мәселелердің бірі – жастардың жеке тұлғасының дамуы. Жеке тұлғаның дамуына студенттердің оқу-танымдық белсенділігін арттыру, қазіргі заман талабына сай оны оқу үрдісінде жетілдіру болып есептеледі. Белсенділік оқушының әрекеті және пәнімен қосылғандағы дәрежесін айқындайды. Студенттер алған білімдерін өмірде, тәжірибеде нәтижелі пайдалана алу керек және олардың танымдық іс-әрекеттер ұстанымдарына негізделіп қалыптасқаны жөн. Танымдық іс-әрекеттер оқыту үрдісінде қалыптасып, тұлғалардың бірлесе жұмыс жасау нәтижесінде одан әрі дамиды.
Студенттердің танымдық іс-әрекеті оқу үрдісіне негізделе отырып дамиды. Яғни бұл іс-әрекеттер қарым-қатынас арқылы қалыптасады. Олардың ішінде ең маңыздысы — оқытушы мен студент арасындағы қарым-қатынас. Яғни студенттердің танымдық іс-әрекетінің дамуы оқытушының оқытуына да байланысты болып келеді екен. Дидактар бұны педагогикалық жағдай, оқу-тәрбие үрдісі жағынан қарастырған.
Пән бойынша өтілетін материалдарды игеруге қатысты танымдық іс-әрекеттерді нақты жағдайда түрік тілі курсын негізге ала отырып қарастырып көрейік. Әр түрлі мамандықтағы студенттерге түрік тілін үйретуде қолданылатын басты оқыту формаларын төмендегідей жинақтауға болады.
- дәріске байланысты әдебиеттер мен қажетті оқу құралдарын өз бетінше оқып талдау, ой елегінен өткізу;
- арнайы жаттығулар мен тапсырмаларды орындау;
- оқу-әдістемелік құралдармен жұмыс жасау;
- рефераттарды дайындап талдау;
- өзіндік жұмыстарды дайындау;
- ғылыми бағыттағы жұмыстарға қатысу, ғылыми зерттеулер жүргізу.
Оқытушы осы аталып өтілген факторлардың барлығын ой елегінен өткізіп, әр қайсысының тиімді пайдалану жолдарын білуі шарт. Осы оқыту формалары мен әдістерін дұрыс таңдау арқылы ғана пәнді жақсы игеруге болады, танымдық іс-әрекет пен қызығушылықты, пәнге деген құштарлықты арттыруға, студенттердің сабақтан тыс уақытта өзіндік жұмыстарын емін-еркін орындауына, әдебиеттерді тиімді пайдалануына септігін тигізеді. Жоғарыда аталған факторлардың ішінде студенттердің танымдықіс-әрекетінің қалыптасуна жазу жаттығуларын орындаудың қалай әсер ететіндігін байқап көрелік.
Жазу үйрету сабағы студенттерге білім берумен қатар, олардың ой-өрісінің, ақыл-парасатының, ес, зейіннің дұрыс қалыптасуын қамтамасыз етеді. Жазба жұмыстар студенттердің ойлау қабілетін арттырып, ойын сауатты да жүйелі беруге тәрбиелейді. Студенттерді жазба жұмыстарына дағдыландыру ісі бірінші класта әліппеден басталса, кейінгі кластар мен жоғарғы курстарда әдебиеттік оқу мен грамматикамен ұштастырылады. Ойын түрікше дұрыс жеткізе біліп, сауатты жазуға студенттерді үйрету үшін әрбір оқытушы орфография мен грамматиканы тығыз байланыста оқыту қажет. [1]
Студенттердің танымдық белсенділіктерінің деңгейлеріне тоқталатын болсақ, оның ең жоғары деңгейі танымдық міндеттерді өз бетінше қоюмен, тапсырмалардың шешімін табуда неғұрлым тиімді жолдарын болжаумен және өз бетінше айқындаумен, өздігінен бағалаумен сипатталады. Ал орташа деңгей жоғары деңгейдің кейбір элементтерінің оқытушының көмегімен орындалатынымен сипатталады, мұнда оқытушы танымдық тапсырма беріп, оның шешілуін бақылауы немесе студентке шешу тәсілдерін көрсетуі тиіс. Төменгі деңгейде студентке белгілі бір әрекеттің үлгісі болғанда, оларды орындау тәсілдері туралы көмек болғанда ғана танымдық әрекетін ынталандыруға, белгілі тәсілдерге бағдарлануда көрініс табады. [5]
Зерттеуші ғалымдар оқудағы танымдық белсенділікті қалыптастыру мәселелерін тәжірибеде шешудің түрлі жолдарын бөліп көрсеткен. Олар төмендегіше сипатталады:
- оқу үрдісіне қатысушылардың екі жақты сипаты әсері негізінде оқытушы мен студенттің бірлескен әрекеті арқылы (Т.Сабыров, Н.Хмель Е.Галант т.б);
- танымдық іс-әрекеттің дербестігін қалыптастыратын өзіндік жұмысты ұйымдастыру мен оқу міндеттерін іріктеп шешу арқылы (Б.Есипов, Б.Айтмамбетова, Т.Сабыров, т.б.);
- танымдық іс-әрекеттің тәсілдерін қалыптастыру арқылы (Н.Меньшинская, П.Пидкасистый, т.б.);
- оқытудағы әдістемелік білімдер элементтерін енгізу арқылы (М.Құдайқұлов, И.Лернер, Б.Коротяев);
- іс-әрекеттің бағдарланушылық негізін құрайтын жалпылама білімдерді енгізу арқылы (П.Гальперин, Н.Талызина);
- оқу іс-әрекетін өздігінше бақылауды дамыту арқылы (Л.Рувинский, А.Қазмағамбетов).
Оқыту үрдісінде студенттің танымдық белсенділігін қалыптастыру үшін білімдер мен әрекет тәсілдерін алуды қажеттендіруді қалыптастыратын шарттарды, өзін-өзі бейімдеу шарттарын, мәселелерді шешудің түрлі нысандарын ұйымдастыру дағдыларын дамытудың шарттарын қамтамасыз етуі тиіс.
Студенттердің танымдық белсенділігін арттырудың негізгі факторларына олардың өз мүмкіндігін сезінуі, студенттердің өз таңдауымен жұмыс істеуі, оқу үрдісінде баланың өз әрекетінен қанағаттануы; оларға оқытушы тарапынан қойылатын талап пен қабілеттедрінің сәйкес болуы; оқытушының өзіндік жұмысты ұйымдастыра алуы, т.б. жатады.
К.Ушинский танымдық әрекет мәселесіне мән беріп, «өз бетінше жұмыс – оқытуды жетістікке жеткізудің бірден-бір жолы» деп есептеді. Ол педагогикалық ғылымда алғаш рет студенттердің өзіндік жұмысына философиялық және психологиялық-педагогикалық талдау жасаған. Өзіндік жұмыстың студенттердің танымдық іс-әрекетін қалыптастырудағы, дамытудағы орны ерекше. Өзіндік жұмыс арқылы студенттер сыныпта алған білімдерін сынақ-тәжірибеден өткізіп, барлығын жинақтап, қорытындылап, тұжырым жасайды.
Өзіндік жұмыстың студенттердің оқып-тоқуындағы жалпы маңыздылығы мынада:
- өзіндік жұмыс студенттердің шығармашылық ой-пікірлерін және зерттеу жұмыс тарының негізін бекітуін қамтамасыз етеді;
- сыныпта алған білімдерін толығырақ тереңдетумен бірге теория жағынан берілген әдіс-құралдар мен материалдарды оқып-талдау қабілеттілігін қалыптастырады;
- студенттердің белсенділік, шығармашылық бағытта ой-өрісінің дамуын бақылауға мүмкіндік береді;
- студенттердің қарастыратын (материалға) тақырыпқа байланыстыжеке ой-пікірлері мен зерттеулерін айқындап жетілдіреді.
Сонымен өзіндік жұмыстың негізгі мақсаты – студенттердің танымдық іс-әрекетін қалыптастыру, оқуға, болашақ мамандықтарына деген құлшынысын арттыру, шығармашылық біліктілігі мен қызығуын дамыту болып табылады екен.
Танымдық іс-әрекет оқу-үрдісінің дамыта оқыту негізінде жүзеге асады. Дамыта оқыту – дәстүрлік білім беруге қарама-қарсы әдіс. Дәстүрлік оқыту оқытушының жеке түсіндіруі, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беруі, студенттердің үлгі бойынша жаттығу жұмыстарын орындауы, яғни дайын білім алуға негізделсе, дамыта оқыту студенттерге өз бетінше сұрақ қоя білуге және олардың пікірталастарымен, көзқарастарымен санасатын, жалпы ақылдаса, пікірлесе отырып шешім қабылдауға, жалпы ойлауын, танымын дамытуға негізделген (бағытталған) оқыту түрі.
Түрік тілін дамыта оқытуда динамикалық өзгеру ұстанымы бойынша тілді үйренушілерге берілетін жаттығу, тапсырма т.б. түрлері бірсарынды болмай, үнемі дамып, оның мән-мағынасы, маңызы артып, жетіліп отыруы керек. Сол кезде студенттердің білім алуға қызығуы мен ынтасы артып, құлшынысы оянады. Бұл ұстаным бойынша барлық жұмыстар сан жағынан да, сапа жағынан да үнемі өзгеріп, даму үстінде болуы керек.
Адам дүние тануында, өз қажеттілігін өтеу мақсатымен қабылдайды, оны ой елегінен өткізіп ойланады. Бұл процесс қабылдаудың, ойлаудың немесе түсінудің жемісі ғана емес, адамның ортамен санасының арасындағы процестерді жүзеге асыруға бағытталған іс-әрекет нәтижесі. Ендеше барлық таным процестері (түсіну, қабылдау, ойлау, ес) танымдық іс-әрекеттер құрамындағы әрекет, іс-тәсілдер арқылы жүзеге асырылып отырады.
Танымдық іс-әрекет оқу-тәрбие үрдісінің барлық саласында көрініс табады. Қазіргі тәрбие, оқытудың ең көкейкесті мәселелерінің біріне танымдық қызығуды жатқызамыз. Танымдық әрекет – шәкірттің білімге деген өте белсенді ақыл-ой әрекеті. Танымдық әрекет танымдық қажеттіліктен, мақсат, танымдық уәж және әрекетті орындаудың тәсіл-амалдарынан тұрады. Танымдық әрекеттің негізінде студенттерде танымдық қызығу, танымдық ізденімпаздық қалыптасады. [2]
И.Гербарт танымдық ізденімпаздықты дамыту – оқытудың негізгі міндеттерінің бірі деген пікірде болды. Ол оқу материалы жеңіл болмауы керек, баланың психикалық іс-әрекеті нәтижесіне сәйкес бірте-бірте күрделендіру идеясын ұсынды.
Әр ұлттың тілін, дінін, мәдениетін, әдебиетін білу, тану белгілі танымдық іс-әрекеттер арқылы орындалып, біріккен танымдық іс-әрекет жүйесін құрайды. [4]
Түрлі мамандықтағы студенттерге түрік тілін оқытудың методикасын төмендегідей етіп жіктеуге болады:
- Оқытушы бірінші сынып студенттерін түрікше сөйлеуге үйретуі қажет. Студенттердің сөздік қорын молайта отырып, сөйлем құрай білу, ойын түрікше жеткізе алатындай дәрежеге дейін білім беру керек. Сабақтың теориялық жағына емес, оқытушы практикалық эжағына көп көңіл бөлгені жөн.
- Студенттерді сауатты жазуға дағдыландыру үшін студенттермен түрлі жазбаша жұмыстарды: диктант, шығарма, СӨЖ алып отыруға міндетті. Ондай жазбаша жұмыстарды аларда оқытушы студенттердің білім дәрежесін есінен шығармауы абзал. Жазба жұмыстары шақталып берілуімен қатар, оның тәбиелік, білімдік мөлшері де оқытушының назарынан тыс қалмауға тиіс.
- Студенттерге түрік сөздерін дұрыс айтуға үйретуді тиімді ұйымдастыру үшін түрлі орфоэпиялық жаттығу жұмыстарымен қатар, орыс немесе қазақ топтарында орыс, қазақ және түрік дыбыстарының айтылу ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде көрсету өте пайдалы.
- Төменгі курстардан бастап түрік тілінен студенттердің сөздік дәптерлері болуы керек. Жаңа сабақта түсініксіз сөздерді сөздік дәптеріне жазып, келесі сабақта ол сөздердің мағыналарын айттырып, сөйлем құратып отыру сөздерді өте жақсы ұғынудың кепілі.
- Түрік тілін қазақ және орыс студенттеріне оқытатын адам үш тілді бірдей білсе өте оңды. Кейбір қиын грамматикалық ережелер мен сөз тіркестерін, жеке сөздерді түсіндіргенде студенттердің ана тіліне сүйену, студенттердің сабақты жақсы түсінуіне көмегін тигізеді. әрбір сабақ сайын қазақша және орысша сөйлемдерді түрікшеге аударту түрік тілін үйренуде жақсы нәтижелерге жеткізеді.
- Сабақта көрнекі құралдар пайдалану – студенттерге сабақты өте жақсы ұғынуға көмектеседі. Оқытушының жалаң әңгімесіне қарағанда көрнекі құрал студент санасына тікелей әсер етіп, ойлау, қабылдау, байымдау қабілеттерін арттырады. Сондықтан түрік тілі пәнінің мұғалімі әрбір сабағын көрнекі құралдар: таблицалар, схема, суреттер арқылы өткізу өте бағалы.
- Түрік тілінен тиянақты білім беру үшін сыныптан тыс жұмыстарды (сыныптан тыс әдебиеттік шығармалар оқу, үйірмелер, шет елдердің студенттерімен хат арқылы қарым- қатынас, түрлі ойындар, кино, тағы басқалары) дұрыс жолға қоюдың маңызы зор. Егер студенттердің сыныптан тыс жұмыстары белгілі бір жүйемен істелетін болса, онда білім дәрежелері де жоғары болмақ. Оқытушы әдістеменің осы бір мәнді бөлігін есінен шығармауы тиіс.
- Оқытушы сабақтың практикалық жағына көбірек көңіл бөле отырып, студендттерді граммадтикадлық ережелермен де таныстыруға міндетті. Егер грамматикалық ереже студент ұғымына қиын, шұбалаңқы болып келсе, оқытушы оны студенттерге қысқаша да түсінікті етіп айтып беруге хақылы. Студенттер ереженің мағынасын түсінсе болды, кітаптан аудармай жаттауға міндетті емес.
- Сабақ барысында оқытушы студенттерді кітаппен жұмыс істей білуге дағдыландыруы керек. Оқулықтар программаға сәйкес жасалғандықтан, студенттердің түрік тілінен жүйелі білім алуына көмектеседі. Ондағы түрлі жаттығулар олардың білім дәрежесін арттырумен бірге, ізгілікке, адамгершілікке, еңбек сүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелейді.
Сонымен адам дүние тануында, өз қажеттілігін өтеу мақсатымен қабылдайды, оны ой елегінен өткізіп ойланады. Бұл процесс қабылдаудың, ойлаудың немесе түсінудің жемісі ғана емес, адамның ортамен санасының арасындағы процестерді жүзеге асыруға бағытталған іс-әрекет нәтижесі. Ендеше барлық таным процестері (түсіну, қабылдау, ойлау, ес) танымдық іс-әрекеттер құрамындағы әрекет, іс-тәсілдер арқылы жүзеге асырылып отырады.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Ә. Садуақасов. С. Көбеев мұралары. Алматы, 1991. 127-128б.
- Салпынова Қ. Танымдық қызығуды дамыту. Қазақстан мектебі. № 4, 2007. 42-43б.
- Абуханова А. Танымдық белсенділікті қалыптастырудың педагогикалық ерекшеліктері. Қазақстан мектебі. № 2, 2007. 44-45б.
- Әмірова Б. Біріккен оқу іс-әрекетіндегі ұлттық таптаурындардың танымдық рөлі. Ұлт тағылымы. № 3, 2001. 39-43б.
- Рысбаев Е, Ильясов С. Танымдық белсенділікті дамыту — өзекті мәселе. Қазақсатан мектебі. № 2. 2007. 66-67б.