Үстіміздегі жыл — жалынды көсемсөз орамдарынан көркем сөз кестелеген рухы мықты, эпикалық поэзия жанрының майталманы Жұбан Молдағалиевтың 90 жылдығы. «Бір ел –бір кітап» акциясы ауқымында Жеңістің 65 жылдығына орай ақиық ақынның «Мен — қазақпын» атты поэмасы ел оқырмандары талғамына ұсынылыпты.
Майдангер ақын өмірдің ащысы мен тұщысын мейілінше татқаны оның өмірдеректерінен әбден мәлім. Қазақстан Жазушылар одағын басқарған жылдары қазақ қаламгерлерінің елдік пен бірлікті жырлауына айырықша үлес қосқаны да әмбеге аян. Сонау мұз қарыған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында ұл-қыздарымыздың шашынан сүйреген аяусыз соққыны көзі көрген суреткер әрі ойшыл ақын «Мұндай сорақылықты көргенімше күні кешегі соғыста неге өліп кетпедім» деп жанұшыра сөз қатқанын да көзіқарақты ұрпақ ұмыта алған жоқ.
Жә, сонымен айтпағымыз, ақынның поэзиясындағы өршіл рух қаламгердің өзіне тән азаматтық бет-бейнесімен, тұтас болмысымен қосақабат өрілгендігінде дегіміз келеді. «Мен — қазақпын» поэмасы – сөзіміздің дәлелі.
ХХ ғасырдың 60-жылдары кешегі кеңестік жүйеге, соның ішінде қазақ жеріне өзінің «жылымық» деп аталатын кезеңін сыйлады. Қоғамдық, мемлекеттік ауқымда, соның ішінде саясатта, әділет пен мәдениетте құрсауға бөккен темір жүйенің мұздай қатқан тамырларына жылы қан жүгіре бастады. Еркін ойлау үдерісі қоғам, тұрмыс тіршілігіне там-тұмдап тарады.
Әдебиетте ұлтшыл, ұлтжанды деп айту қиямет-қайымға айналып, өз басын құрбандыққа тігумен бара-бар болған шақта, ұлт болу өз тегіңді, түп-тамырыңды танудың тағылымы екендігіне ұлт зиялыларының көкірек көздері жете түсті. «Мен — қазақпын» поэмасы ұрпақ жадын жаңғыртуда, болмысына биіктік дарытуда, еңсесінің ез болып езілмеуіне, мысқалдай деуіміз тым кемшін болар, тасқынды, асқаралы үлес қосты.
Кеңестік жүйеде жаппай бір тілге үйірсектік таныту, ұлттық сананы космополиттік санамен алмастыру кең етек жая бастағанда, өзінің тарихи ұлттық болмысынан баз кешу бүтіндей ұрпақты дертке айналдырғанда осынау поэма ойлы да сергек оқырманды дүр сілкіндірді.
Шынында да, қазірде қазақ жұртының айдай әлемге есімі елеулі болғаны табиғи, заңды әрі зор мақтаныш болғанымен, сол кезеңде ұлттық болмыстың теперіш көріп жатқандығы жасырын емес-ті. Туған тіл босағада ботакөзі боталаса, діні мен ділі аяқасты тапталса, болмысы бодан болса, қалайша «Мен — қазақпын» деп кеуде кере, еңсеңді тік ұстай алмақсың.
Сергелдеңге түскен халқымыздың талайлы тарихын ұлағатты да ұлы ақын Жұбан Молдағалиев жоғарыда аталған поэмасында туған тіл құдіретін шығармашылықпен пайдаланып, сан бояулы реңге бөлеп, өз оқырмандарын тәнті етті. Ұлттық болмыстың шоғын сексеуілдей жайнатты.
Тарихи тамырының тереңде екендігіне, сан қатпарлы тіршілікте бірде өрлеп, кейде өшіп қазіргі шаққа аман-сау жеткен өміршең халықтың ұлағатты өкілі болғандығымызға поэманы оқи отырып, рухтанамыз. Расында да, солай-ау деп тұла бойымыз толғанады. Мысал келтірелікші:
Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Ақын поэмада өз халқымыздың бойындағы өзіне тән қасиеттерін көркем тілмен кестелей білген. Атап айтқанда, ақын былайша толғайды. «Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда», «Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен», «Сайрай қалсам, тілімнен бал тамыздым», «Мінезім бар таулардың қатпарындай», «Шарықтсам, қыран боп шыңға шықтым». Мінеки, тағылымы мол тізбекті өлең жолдарын одан әрі жалғастыра беруге әбден болады.
Әрине, ақын өз уақытының перзенті. Ақын поэтикалық тілмен суреттеуде поэмада кеңестік дәуір шындығын көрсеткен де. Атап айтқанда, кешегі қазан төңкерісі, оның күн көсемі жайлы да сол кезеңге сай ой-пікірін ақындық тілмен жеткізеді. Алайда, бұны сол кезеңнің шындығы деп түсіністікпен қараймыз.
Әділі керек, ақын поэмасы жоғары леппен көмкерілген. Және де бір өлең шумағын ұсыналық.
Мен — қазақпын, бір биік белеспін мен,
Европа да, Азия да емеспін мен.
Аралықпын, жетінші материктей,
Бірақ барша адаммен телі өстім мен.
Қазірде тәуелсіз Қазақ елі әлемдегі Евразияда өзінің орнын ойып алған, көсегесі көгерген елге айналды. Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бірегей төрағасы болып тағайындалды. Елу төрт жылдан кейін ғана қайта айналып келе алатын осы қызмет иесі болып, төрден бой көрсетуі, шын мәнінде, еліміздің, халқымыздың жұлдызды шағы, шоқтай жанған шамшырақ сәті деп білеміз. Поэманы оқи отырып, бүгінгі Қазақ елі жайлы осындай ғажайыпқа кенелеміз.
Әлемге береке, бірлігімен, тыныштығы кемел қасиетімен көріне білген елімізді біздер мақтан тұтамыз. Әйгілі ақын Жұбан Молдағалиев сияқты поэмадағы өлең жолдарын іштей де, дауыстап та қайталап,оқи бергің келеді.
Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елім,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім, мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім!
Шыны сол, ақынның поэзиясы бүгінгі күнді меңзеп тұрғандай. Осы елде туып, оның ауасымен тыныстап, топырағын кешіп жүрудің өзі бізге берекелі бақыт сыйлағандай-ау. Білгеніміздің, сезінуіміздің өзі – зор ғанибет.