Тарихи роман-трилогиядағы арманшыл ақын тағдыры

Қазақ әдебиетінің тарихы өте бай. Қазірде тарихи роман жанрында жазылған көркем шығармалардың қатары да көбейген. Роман-трилогиялардың да саны едәуір. Басқаларын айтпағанда, жазушы Дихан Әбілевтің «Сұлтанмахмұт» роман-трилогиясы – қазақ әдебиетіндегі шоғыры биік айтулы туындылардың бірі.

Жазушының «Сұлтанмахмұт» роман-трилогиясының бірінші кітабы «Ақын арманы» деп аталады. Кітаптың анықтамасында жазылғандай, бұл кітап қазақтың белгілі ағартушы-демократ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмір жолын өзек еткен. Ақын бейнесі, оның өмір сүрген ортасы, іс-әрекеттері, қызметтері – роман-трилогияның басты желісі.

Роман-трилогия жалшы-шәкірт Сұлтанмахмұттың Баянауыл елінің мешіті тұсындағы Рахметолла қазіреттің үйінде, ат қора сыртында «Алпамыс батыр» эпосын оқып отырған сәттен басталады. Сұлтанмахмұт өзінің жалшы, кедей күйін сезінеді. Кіжінеді де. «Кедейшілікке өшпенділік» өлеңі қағаз бетіне түседі.

Бірақ, өлеңін қазірет жыртып тастайды. Өлеңге өш қазіреттің іс-әрекеті бәрібір Сұлтанмахмұтты дегенінен қайтармайды. Оның өлеңге деген құлшынысын Күлшира есімді жесір қызметші әйел қолдағанымен, қолынан келер қолғабысы болмайды. Сұлтанмахмұт өзінің жазған алғашқы өлеңдеріне күмәнмен қарайды. Өлеңін айтулы Мәшһүр Жүсіп Көпеевке бір көрсетіп алуды армандайды.

Роман-трилогияда кедейшілік өмір тауқыметі өте аянышты халде суреттеледі. Тіршілігі тас шайнағандай тақсыретпен өткен, қайыршылықпен бір түйін нанды тілеп, соны қаузаған тағдыр талайы жап-жас бала Сейтжаппар мен соқыр анасы Қалампырдың бейнесі арқылы тым ауыр бейнеленген. Зарланған, күңіренген ғұмыр, соған көндіккен тіршіліктің болмысы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласының қиын да, қатал тұрмысы жазушы қаламымен көркемдік тұрғыда көрсетілген.

Шынында да, қатал өмір, қиындықтар мен жетіспеушіліктер адам болмысын тым өзгертіп жіберетіндігін де көзіқарақты оқырман жақсы біледі дей аламыз. Қаламгер кемпірдің өлім аузында жатқан хал-ахуалы былайша суреттеледі: «Оның үстінде кедейлік, қайғы-қасірет, қайыршылық – бәрі жабылып ұсқынын әбден кетірген Қалампыр кемпірдің сау күніндегі күні адам шошырлық болатын.» [1, 13].

Сұлтанмахмұттың әкесі Шоқпыттың өмірге, уақыт тынысына деген өзіндік көзқарасы бар екендігін шығарманы оқи отырып көз жеткізе аламыз. «Шоқпыт (Шын есімі Әбубәкір болатын) тоны келте, қолы қысқа, қарақасқа кедей болса да, ешкімге сұқтықсыз, ешкімнің бақ-дәулетін, абыройын күндемейтін, өсек-өтірік дегенді білмейтін, момын адам. Бір сөзді, уәдесіне өлердей берік, Жаны адал, ары таза кедей. Бір арманы Сұлтанмахмұтты оқыту.» [1,21]. Жазушы бейнелеген Шоқпыттың портреті Махмұттың болашақта атпал азамат болып шығуына жоқтықтың қамытын кисе де, рухы биік әрі өр әкесінің оң ықпалы тигенін анық аңғарамыз.

Сұлтанмахмұттың өз сауатын ашып, молдалыққа үйретуді әкесі Шоқпыт қаншалықты арман етсе де, қолының қысқалығы кедергі болады. Бірақ қазірет Рахметолла зерек Сұлтанмахмұтты тегін оқытып беруді ашық айтады. Есесіне Шоқпыт оның зекеттен жиналған жүз елу қойын бағып беретін болады. Шоқпыт адал, қиянатсыз. Қорасы да кең. Сөйтіп, Шоқпыт үш қыс бойы қазіреттің қойын қарайлап қалады.

«Өлең, ән-күй – сайтанның ісі» деп білетін қазіреттің үйінде бір жағынан оқып, екінші жағынан сол үйдің жұмысын істеп жүрсе де, Сұлтанмахмұт өлең шығарумен әуестене береді. Қазіреттің бұрынғы әйелінен қалған он төрт жасар Сәлимашқа арнап өлең шығарады. Адалдықты, әділдікті өзінің азаматтық көзқарасы ретінде қалыптастырған Сұлтанмахмұт шынайы өмірде қазіреттен көрген екіжүзділіктен, бата бұзудан қатты жиіркенеді. Өйткені атастырылған Сәлимашты бай болғаны үшін басқа біреуге, өзімен бірге оқитын қожа Ахметжанның баласы Ахметоллаға емес, Керекудің көпесіне ұзатып жібереді. Сөйтіп, ақ бата да, куәлікке тартылған құдай да, Сәлимаш пен Ахметолланың жас махаббаты да қазіреттің ақша құдайға табынуы, оған құл болуының арқасында құрбандыққа шалынады. Сұлтанмахмұт алғаш рет өзіні-өзі сын көзімен қарап, Алла жолында қызмет етіп жүрген басты адамдардың бірі – қазіреттің іс-әрекетінен қатты шошынады.

Осынау оқиғаға негіз болған өлеңін де шығарады. Онда ақын Сұлтанмахмұт былайша толғанады. «Адамға азғырғанға ермейтұғын, әдәлетті жақтайтұғын; сүттей кіршіксіз ақтайтұғын; арын алтынға, абыройға сатпайтұғын; алмас қылышпен басын шапқалы тұрса да, қара қылды қақ жарған, туралықтан қайтпайтұғын, екі айтпайтұғын, нашар-момындарды қан қақсатпайтұғын жан бар ма екен? Бар болса кім? Молда шығар! Кедей, бай-қажы, төре – бәрі бір болар оған, – деп ойлаушы ем. Олай емес екен. Жас санам алданып жүр екен. Молда атаулы нашардың соры екен. Кедей болсаң жаназаңды да шығармайды Малың болса жем көрген аш күйкентайдай қиядан келіп қолыңа қонады. Айнуды, азғындықты алдымен молда бастайды. Сөзі оңды, ісі барып тұрған арам. Басқаға «Пәлен ет!» деп бұйырғанымен, өз басы өмірі істемейді. Осындай молданы өз көзіммен көрдім. Басқаға шариғатты суша ағызып, өзі бата бұзады. Ахметжанның баласына атастырып қойған қызы Сәлимашты ақшалы көпеске екінші рет сатты. Міне, саған жұртым, айну мен азғындық керек болса! Осыны істеп отырған Баянауылдың дін құдайы қазірет.» [1, 23-24].

Бозбала Сұлтанмахмұт 18 жасқа шыққанда, дін иесінің бойынан осындай керағар іс-әрекеттер мен мінез-құлықтарды байқап, тұла бойында қарсылық пиғыл оянады. Қазірет Рахметолланың діни іс-әрекеттерін, ғибадаттарын жазушы жан-жақты көрсеткен. Діни амал, әрекеттердің саналуан қырын да суреттеген. Намаз оқу, дәрет алу, дұға жасау, тұмар жазып беру – бәрі-бәрі де қаламгер назарынан тыс қалмаған.

Ал, Сұлтанмахмұт бұлардың бәрін де зейін сала орындауды өз бойына дарытқан-ды.

Әйтсе де, Сұлтанмахмұттың болмысындағы тазалықты жазушы оның жақын туысы, дәрігер Аббастың аузымен былайша өрнектейді: «Естуім бар жас көкірегің жалын атқан қазына көрінеді. Жүрегіңді тозаң баспасын шырағым. Әділеттің, шындықтың перзенті бол!» [1, 34].

Роман-трилогияда ислам дініне деген қаламгерлік көзқарас пен суреткерлік шеберлік объективті, шынайы бейнеленген. Дін иелерінің кейбірінің сауатсыздығын сынаумен бірге, өзгелердің дінге деген ізгі ынта-ықыласын ешбір боямасыз халде көрсеткен. Мысал келтірелік: «Шаңырағы биік, түндігі ашық кең үйде қазірет даусы мешіттегідей көтеріңкі, нақышты шықты. Кейде түйек-түйек желдіре шумақтап, кейде жай қоңыр баяулатып күңірентіп, алуан ырғақ қирағатын мүлде түрлентіп, жұртты өзіне ұйыта оқыған аяты әлден уақытта аяқталды-ау, әйтеуір.» [1, 37-38].

Роман-трилогияда кейіпкерлердің түрліше ситуацияларда өздерін мүлдем басқаша сипатта көрсете білетін психологиясы мен іс-әрекеттерін табиғи түрде көре алуымызға мүмкіндік беретін эпизодтар жеткілікті. Мәселен, Әбунүсіп болыс боларда Мүсіркеп бәйбішенің үш баласынан қатты қорқады. Себебі белгілі. Әбунүсіп өз байлығы деңгейінен қарағанда, олардан әлде қайда бақуатты. Бірақ өзіне мықты үрей келтірген үшеуі бірдей Петербургте орысша оқып, білім алып келген Әміреден, Теміршот пен Омардан өлердей қорқады. Олар – білімді, өнерлі, білікті маман иелері. Әмірені сондықтан да қызғаныштан, көре алмаушылықтан күн көрсетпей, жала жауып, елден кетіреді. Алтай асырады.

Теміршот Петербургтегі кадет корпусын бітіріп, полковник қызметін иемденіп, еліне адал қызмет ету ниетінде жүреді. Бірақ, арманына жете алмай кенеттен қайтыс болады. Кіші інісі Омар да о дүниеге аттанады. Сөйтіп, болыс Әбунүсіп өзінің ішкі алай-дүлей пиғылын көрсетпей, сыртқы сабырлы мінезбен, қайғыра білетін, жүрегі жылы жанның кейпін танытып, жаназаға келеді. Тірісінде сый-сияпат танытпаған Әбунүсіп қатты қайғырған, көкірегі қарс айрылған жанның бейнесінде көрінеді. Бірақ бұл сыртқы көрінісі еді. Сол кездің өзінде ол Көкшағырға деген ішкі кегін мықтап тізгіндеп ұстап тұрған-ды. Көкшағыр есті, сергек, ақыл иесі болатын. Оның әділдігін қызғанып әрі өзі туралы кесіп айтар сөздерін Әбунүсіп ешқашанда жадынан шығармаған-ды.

Мүсіркеп ананың көптің анасы екендігі оның сөзінен де байқалады. Ол – ақыл, парасат иесі. Көкірек көзі ашық жан. Сұлтанмахмұтқа өз балаларының жылдық асын берген тұста: «Менің жан азабымды бермесін, жасымды берсін», «Өсер жігіт есер күлкіге жасымас болар, қайта өршелене түсер болар!» деуі өмір көргендігін, көңілге тоқи білгендігін көрсетеді. Сондай-ақ, балалары – Теміршот пен Омарды жоқтауға келген соқыр жырау Ысқақбайдың көпті жылатқан жыр жолдарына да егіліп жыламайды. Бұл оның сабырлылығы еді. «Жылайтын уақыт табылар. Мынау сүйікті ел-жұртымды егілтпейін, оңаша жылайын да зарлайын» деуі – сөзіміздің дәлелі. [1, 43].

Дәстүрлі қазақ әніне замана талабына сай өркениет жемістерінің әсері тиген әндер де көркем туындыда көрініс береді. Ол – Ысқақбай жыраудың домбыраны шерте отырып, «Пароход» әнін орындауы дер едік. Бұл ән бұрынғы әндерден мүлде өзгешелігімен ерекшеленеді. Әнде сеңді бұзып-жарған параходтың ағысқа қарсы жүзген бағыты, пароходтың гудогі, суда тербеле қозғалғаны, адамдардың дабыры, баяулап пристанға тоқтағаны күй, әуен ырғағымен беріледі.

Роман-трилогияда Әбунүсіп болыс пен кедей Көкшағырдың арасындағы талас-тартыс Ысқақбай жырауға қатысты өрбиді. Ысқақбай жырау Әбунүсіп болысқа қатты ашынады. Өйткені, оның қыстан шығар жалғыз қойын Сарбас ауылнай алым-салық ретінде тартып алады. Ысқақбай жырау бұл жөнінде Әбунүсіп болысқа шағымданғанда, іс нәтижесіз аяқталады. Патшаның алым-салығын жинаған ауылнайға болыс кінә артпайтындығын айтады. Ал, шындығында, сол жалғыз қойды болыс Баянауылда оқып жүрген інісі Нүркеннің азығы үшін апарып берген-ді. Қыстан қиналып шыққан жырау Теміршот пен Омардың асында болыс Әбунүсіпті өлең жолдарымен тілгілейді. Бұған болыс кектенеді. Болыстың шашбауын көтерген Ораз поштабай жыраудың қолындағы домбырасын тартып алмақ болады. Жауырынына қамшы үйіреді және бірнеше рет тартып-тартып жібереді. Жырауға жаны ашып, арашаға түскен Көкшағыр қамшының өрімінен ұстап, оны поштабайдың өзіне жұмсайды. Әбунүсіп болысқа тығылған оны Көкшағыр аямай соғады. Ендігіде болыстың өзін де Көкшағыр қамшы астына алады. Жазушы роман-трилогияда «Көкшағыр алысқанын аямайтын нағыз арыстан сияқты. Аңның арыстаны емес, ар-намыстың арыстан азаматы боп көрінеді» деп суреттейді. [1, 46].

Абақтыға тоғытылған Көкшағырды қалайша босатуға болатынын ойлап, жас Сұлтанмахмұт қатты алаңдайды. Өзін кедей шәкірт, ел-жұрт көзіне еленбеген балаң жігіт екендігін сезініп қорланады. «Атақ – алыс, абырой – қашық. Қанат – жас, қадыр – аз» деп көңіл-күйі жасиды да. [1, 49].

Ал қазірет Рахметолланың үй қызметкері болған Күлшира атты жесір әйел Сұлтанмахмұттың ой-пікіріне мүлдем қарама-қарсы ой айтады. Ол былай дейді: «– Ойдан не өнеді, шырағым? Тамағыңды іш! Өзің жүдеусің? Іш, же! Мен айтайын саған, жастайыңнан ойшыл-уайымшыл болғаның жарамайды, шырағым. Таста ойды, таста! Шүкіршілік ет! Осында келгенде қаршадай бала едің, өндірдей жігіт боп өсіп қалдың. Құдай жеткізді деген со да. Молда боласың. Мал табасың. Әке-шешеңді асырайсың» дейді. Әрине, Күлшираның ойы адал әрі таза. Сұлтанмахмұт жігіт болып қалғанын мақтаныш етеді. Бірақ, Сұлтанмахмұттың ойы биік, талабы мен талғамы кең екендігін роман-трилогияны оқи отырып, көз жеткіземіз. Сұлтанмахмұттың ойы жеке бастың қамы ғана емес, елдік мүддемен жалғасып жатқан-ды.

Роман-трилогияда күрделі өмірдің терең иірімдері, психологиялық астарлары жазушы шеберлігімен, байқампаздығымен жан-жақты суреттелген. Мәселен, Маматай көпестің бейнесін алайық. Ол – сауданың адамы. Әбунүсіп болыс белді билермен, байлармен, қажы және өзге де өзінің сөзін сөйлейтіндермен Маматай көпестің үйіне келіп түскенде, саудагер көпес құшақ жая қарсы алады. Қабақ шыту деген әдетінде болмайды. Қанша күн жатса да, реніш білдірмейді. Себебі белгілі. Әбунүсіптің жанындағы бай-бағландар өздеріне керекті заттарды Маматай саудагердің дүкенінен сатып алады. Демек, сауданы қыздыратын Әбунүсіп және оның қарамағындағылар. Не үшін қабақ шыту керек? Теріс мінез көрсету – тұтынушылардан қараптан-қарап айырылу деген сөз.

Қазірет Рахметолла мен болыс Әбунүсіптің өзара қарым-қатынасы да есепке, жеке мүддеге құрылған. Керісінше болуы мүмкін емес. Бай және кедейлерге, яғни екіұдай қарама-қарсы қауымға бөлінген қоғамда, сондай-ақ өмірдің саналуан құйтырқылығына енді ене бастаған Сұлтанмахмұт үшін мұндай көріністер, өзінің тілімен айтқанда «Бояма өмір, алдамшы көрініс, жалған қошемет». Сұлтанмахмұттың азамат әрі тұлға ретінде қалыптасуы үдерісінде дүниеге деген бастапқы ой-пікірлерінің алғашқы шарпысуының баспалдақтары еді бұл. [1, 51].

Роман-трилогияда елді бірлікке, ынтымаққа шақырған Әлдекей қарияның аталы сөзі мен тағылымы бүгінде өзінің мәні мен маңызын жоғалтқан жоқ. Әбунүсіп болыстың жалғыз үйлі Көкшағырды жер аудартпақ болған іс-әрекетін айыптаған Әлдекей қарияның сөзінде данагөй халқымыздың аса үлкен ғибраты бар. Ол былай дейді: «Әкім шалқар теңіз есепті. Теңіз кемеге де кешу берер болар, қайыққа да есу берер болар. Дауылы шулап, толқыны тулар, қара бұлт қаптап, найзағай төсін жарып түсіп те жатар, теңіз соның бәріне төзер болар, әйтпесе оның несі теңіз?» [1, 53].

Әбунүсіп болыс Көкшағырды патшаның қаһарына ұшыраған бұзық деп кінәлайды. Ал, соқыр Ысқақбайдың аузындағы әнін, жүректегі жырын дүрелегені үшін Көкшағыр оны елдің сорына туған, қамысты көлдің қабаны деп, көңілдегі берік байламын жасырмай айтады.

Роман-трилогияның бірінші бөлімінде Сұлтанмахмұттың азамат әрі ақын болып қалыптаса бастаған сәттері Тамдыбұлақтағы аста, Мүсіркеп шешейдің үйінде, Ысқақбай жырау мен Әбунүсіп болыстың арасындағы жанжал, дарын иесін дүреден қорғаған Көкшағырдың батыл іс-әрекеттері мен кесек мінезі және өзіне қарата айтқан «Өмірлі бол! Өлең-өнерің өмірлі болсын, көк қанат бала тұйғын!» – деген толғаулы түйінмен аяқталады. [1, 60-61].

Сұлтанмахмұт ендігіде төрт жыл қазіреттің қолында алған діни біліміне, төңірегіне өзгеше көзбен, сыни көзқараспен қарай білуге бет алады. Жас ақын Сұлтанмахмұт елі мен жұртының биікте тұрғанын қалап, оған адал қызмет жасауды бойына дарыта бастаған-ды.

Жазушы Баян табиғатын суреттегенде оларды адам тағдырымен, ішкі психологиясымен үйлестіре суреттейді. Мәселен, тарихи көркем шығарманың бірінші кітабының екінші бөлімінде Ақбеттаудың табиғат көркіне көзі тоя қарайтындай суреттеледі. Ақ қайыңдар түнгі аспанның төрінде самсаған ақ жұлдыздар секілденеді. Көк тастарды жарып шыққан сары қарағайлар сымбатты. Әлдекей қария сияқты ұзақ жасағандары да бар. Сұлтанмахмұттың арманшыл көңілінен қанат қағып ұшқан ойлардың бір орамы қарағай да қайғырып заманға шуылдап жатқандай көркемдік тілмен өрнектеледі.

Кейбір қарағайлар атаулысы тіл біткендей қайғылы үнмен күбірлеп сөйлеген Мүсіркеп ана тәрізденеді. Жас шілік арманын ақын болашақта жердің тұлғасы болады деп ұлықтайды. Тау төбесінен төменге көз салғанда, Сұлтанмахмұт өзі туып өскен Торайғыр көлінің баурайындағы ыстық мекені болған Шоқпыт қыстауын көреді.

Әйтсе де, Сұлтанмахмұт өз үйіне келген соң қазіреттің үйінен қашып кеткенін, батасын алмай біржолата келгенін әкесі Шоқпытқа ашып айтады. Әкесімен бетпе-бет әңгімеде ақынның арман тағдыры шешіледі. Құдіреті күшті қазіреттің айтқаны заң болғанымен, оның сөзі мен ісі қабыспайтынын, Көкшағырды Әбунүсіпке жығып бергенін ашынған халде жеткізеді. Өлең-жырды жын-шайтанның, азғынның ісі деп білетінін де әкесінің қаперіне салады.

«Арман көп. Алдым қараңғы» деген Сұлтанмахмұттың күмәнді сөзін діни әрі пәндік білімдермен қаруланған Нұрғали молда сергек ойларымен сергітеді. Білімді болу үшін тек діни ұғымдармен шектеліп қалмай, тарихты, жағрафияны, жаратылысты жақсы білу қажеттігін ескертеді. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында медреселерде ендігіде діни білімдер мен уағыздарды насихаттап қана қоймай, жаратылыстану, тарих, химия, астрономия, математика пәндерін оқыту белең ала бастаған еді. Бұл оң үдеріс бертінде кеңестік жүйенің қасаң саясаты нәтижесінде ислам діні мен жаратылыстану ғылымдарының үйлесімді түрде дамуын күрт тоқтатуға мәжбүрледі. Дінді үзілді-кесілді өркениет дамуының қас жауы деп бағалау басымдыққа ие болды.

Роман-трилогияда Сұлтанмахмұттың балаң да бозбалалық шақтағы таза махаббаты да әсерлі суреттелген. Сұлтанмахмұт пен Гүлайман балалық шақта Мұхан молдада бірге оқығанымен, ендігіде уақыт өте келе, бірі жас жігітке, екіншісі бойжеткен қызға айналып үлгерген-ді. Жазушы Гүлайманды ақ торғындай үлбіреген жүзді, қарақат көзді, ақ білекті, нәзік саусақты, жұқа, қызыл ерінді бейнеде суреттейді. Сұлтанмахмұт Шериязданның үйінде жатқанда, ұстазы Нұрғалидан «Дала уәлайаты» деген газетті, Троицкіде сол жылы шыға бастаған «Айқап» журналын көріп оқиды. «Менің берерімнен де, осылардың берері көп, Махмұт! Оқы, таныс. Түсінбегенің болса сұра!» деп Нұрғали ұстаз жол көрсетеді. Отырықшы ел болудың артықшылығын да алғаш рет Сұлтанмахмұт осы жерде көкірегіне берік түйеді.

Роман-трилогияда Сұлтанмахмұттың білімге деген құштарлығы суреткерлік, авторлық баяндау арқылы берілген. Жас ақынның Гүлайманға деген ғашықтығынан гөрі оның білімге деген аңсары басымдау көрсетілген. Жастардың алтыбақан құрып, көңіл көтеруі, Абайдың «Татьянаға» әнінің шырқалуы да танымдық сипат тұрғысында әсер етеді. Сұлтанмахмұттың «Жан қалқам» әні де Гүлайманға арналған ғашықтық әні еді.

Көрнекті жазушы Дихан Әбілев тарихи-көркем туындыдағы басты кейіпкер тұлғасын сомдауда ауқымды іс-әрекеттер мен саналуан мінездер қатысы арқылы осынау міндет үдесінен ойдағыдай шыға білген.

Резюме

В статье рассматривается поэтический и общественно-гражданский путь известного поэта Султанмахмута Торайгырова.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Д. Әбілев. Сұлтанмахмұт. Роман-трилогия. 1-кітап. Жазушы. Алматы. 1980 ж.
  2. Ñåðғàçû Қàëèұëû. Қàçàқ ýòíîïåäàãîãèêàñûíûң òåîðèÿëûқ íåã³çäåð³ ìåí òàðèõû.-Àëìàòû.: Á³ë³ì, 2003æ.-258á.