Аудиториямен байланыс әрбір лектор үшін аса маңызды мәселе болып табылады. Аудиторияны тұтастай бір деммен, шаршатпай сергек қалыпта ұстау ерекше қажыр – қайратты, қабілетті, белгілі бір жинақталған тәжірибені қажет етеді.
Осы бағытта студенттерге лекция өтуде сөз және сөйлеу шеберлігін жетілдіру және дамыту мәселелері айрықша орын алады.
Сөз лектор үшін басты байлық. Оны ұқыппен пайдалану, құлпырту, төл тіліміздің нәрі мен әрін лекция барысында орын – орнымен жұмсай білу – бүкіл тиімділікті арттырады. Лекцияның шынайылығына, жандылығына оң әсерін тигізері даусыз.
Жалпы алғанда, лекция, оның мәтіні әрдайым алдын – ала ой елегінен өтуі қажет. Бүгінгідей талап та, жауапкершілік те жылдам әрі күрт өзгеріп жатқан шақта бір жыл алдын немесе екі – үш жыл бұрын әзірленген лекция мәтіндерін студенттер алдында сыдырта оқып шығуға мүлдем болмайды.
Себебі, әр кездің өзіндік сөз тіркестері, сөздік орамдары және сөздік қорлары бар. Олардың кейбірін замана желі сөздік айналымнан алып тастайды. Сөз де, сөздер де, сөйлеу мәнері мен шеберлігі де үнемі өзгерісте, жетілуде, дамуда, жаңғыруда болады.
Лектор үшін сөз – негізгі қару. Сөз құдіретімен ол сабақты немесе лекцияны қызғылықты әрі мазмұнды өткізеді. Сөз тек қана сөйлеумен шектелмейді. Әрбір сөзді анық әрі нақты айту, әдеби тіл шеңберінде төл тіліміздің қасиетін тыңдарманның құлағына жеткізу, көкейіне ұялату – лектор шеберлігінің басты шарттарының бірі.
Осы орайда сөз бен сөйлем шеберлігіне айрықша мән берудегі мақсат – туған тілдің барлық қасиеті мен кереметін аудиторияға немесе студентке ойдағыдай жеткізе алмау жағдаяттары да кездеседі.
Атап айтқанда, белгілі бір сөздерді немесе сөйлемдерді, сөз орамдары мен сөз тіркестерін төл тілде жеткізе алмау. Сөйлеу барысында төл тілде емес, өзге тілдік элементтерді қосып айту, яғни тілдің шұбарлануына жол беру. Бұл жай әншейін жағдай секілді көрінуі мүмкін. Алайда лектордың сөз шеберлігі оның тілді құрметеуінде, қадірлеуінде. Абай айтпақшы, “Бөтен сөзбен былғанса, сөз сарасы, Ол ақынның білімсіз бейшарасы” деген ақындық тұжырымымен орайлас келіп, лектордың тілге деген селқостығы, енжарлығы, оның елдік, ұлттық рухының тым төмен тартқандығын аңғартады.
Бұдан өзге төл тіліміздегі жекелеген әріптерді айта алмау немесе оған мән бермеу де лектордың сөйлеу шеберлігіне елеулі сын болып табылады. Мәселен, қазірде ң әрпінің орнына н деп айту ауызекі сөйлеу дәстүріне сіңіп кеткен сыңайлы. Мәселен, жаңағы, жаңа сөздерін түк болмағандай жанағы, жана деп аяз қарыған қой құлағындай шұнтитып айтуды ерсі көрмеу жағдайлары да аз кездеспейді.
Сөз және сөйлеу шеберлігін сөз еткенде, халқымыздың қуатты да көркем мақал – мәтелдерін, ойлы да астарлы нақыл сөздерін естен шығару мүмкін емес. Естіден қалған есті сөздерді лекция барысында мейлінше мол, әрі там – тұмдап болса да пайдалану, лекцияның тиімділігін, мазмұнын байыта түседі. Әрине, асыл сөздерді тым мол, яки орынсыз пайдалану – пайымды сөздің қадырын қашырады.
Өйткені, төл сөзіміздегі тағылымы мол мақал – мәтелдерді оңды – солды қолдану, тақпақтап айта беру сөз және сөйлеу шеберлігі деп аталатын қасиетті атаумен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Студентерге лекция өтуде сөз және сөйлеу шеберлігін жетілдіру және дамытуда өз білімі мен біліктілігін әрдайым жүйелі түрде арттыру – басты міндеттердің бірі. Білім мен біліктілік ең алдымен өзбетінше ұдайы шығармашылық тұрғыдан іздену нәтижесінде ғана жүзеге асады. Бұл орайда тақырып ауқымында сөз болған мәселе төңірегінде арнайы әдеби оқу құралдарын игерумен біргелікте, өркениетті елдердегі, әлем елдерінің тарихында із қалдырған шешендер мен сөзді пір тұтқан ақыл – ой иелерінің тағылымды өмірі мен ғибраты мол қызметімен етене танысқан абзал.
Сондай–ақ, бүгінгі тәуелсіз еліміздегі белгілі қоғам, өнер қайраткерлерінің, телерадио жүргізушілерінің санмыңдаған көрермендер аудиториясы алдында өздерін дұрыс ұстап, сөз және сөйлеу мәнері шеберліктерін үйренгеннің ешбір артықшылығы жоқ. “Білмегенді – білу, үйренбегенді — үйрену” өсер ұрпақтың, өскелең елдің негізгі қағидасы болса керек.
Бір сөзбен айтқанда, сөз бен сөйлеу шеберлігін арттырамын деген лектордың басты міндеттерінің бірі – ілгері қарай ұмтылушылық, қажыр – қайратты мол жұмсау, аянбай тер төгу секілді түсініктерден тұрады. “Армандау — зиян емес” демекші, ұлы Абай айтқандай, “Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз!” демекші, әрекет болмаған жерде берекет те болмақ емес.
Дәл сол секілді, бүгінде сөз және сөйлеу шеберлігі жоғары тұлғаны өнеге тұтып, одан үйрену міндетін алға қойғанның ешбір айыбы жоқ. Осы бағытта биік деңгейдегі лектордың арнайы лекцияларына қатысып, тыңдау, тәжірибе жинақтау, үйрену, зерттеу, тағылым алу, сөз жоқ, сөз және сөйлеу шеберлігін арттырудың бірден – бір жолы. Тек ынта мен ықылас, ниет пен құлық жетіп жатса болғаны. Қоян – қолтық, күнделікті өзіңіздің жаныңызда жүретін сөз және сөйлеу шеберлігі ойдағыдай, талап деңгейіне толық сай келетін өз әріптесіңіздің тағылымды дәрістеріне жүйелі түрде қатысып тұруды бойға әдет ету дағдысы болса ғана жеткілікті.
Сөз және сөйлеу шеберлігі әрбір лекторда әртүрлі болады. Бұндай ерекшеліктің болуы заңды да. Барлық шешеннің бірдей, бір қалыптан шыққандай болуы мүмкін емес. Әрі ондай тәсілді бүгінгі педагогика мен психология қош көрмейді. Әрбір лектор — өз алдына тұлға. Бірі — халық тілімен айтқанда қарапайым сөйлейді. Екіншісі — сөйлеу шеберлігі мықты болғанымен, ой мен пікір, ұсыныстарын күрделі тілмен жеткізеді. Өйткені, оның өзіне ғана тән сөйлеу стилі, ерекшелігі соны қажет етеді.
Сайып келгенде, жай тілмен немесе күрделі сөйлеу мәнерімен ел – жұрт, студенттер арасында белгілі сый – құрметке ие болуға әрбір лектордың құқы бар.
Өзара пікірлесу, сұхбат нәтижесінде сөз және сөйлеу шеберлігін жетілдіру және оны дамыту тек қана ұзақ мерзімді уақытты талап ететіндігіне көз жеткіздік. Табиғи таланттың өзі де аялауды, күтіп – баптауды, үнемі жетілдіруді, ұдайы ізденісті қажет ететіндігін сезіндік. Сөз және сөйлеу шеберлігіне қол жеткіздім деу, қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, тек қана “Толыспаған Толстойлар мен шала Шекспирлерді” туындатады.
Сөз және сөйлеу шеберлігін жетілдіру мен дамытуда қол мен бет, түр мен пішін қимылы, ымы, тұлға қозғалысы бәрі – бәрі де өзіндік мәнге ие. Бұл орайда кейбір лекторға осындай әрекеттер ұнасымды болғанмен, кейбіріне мүлдем жараспауы мүмкін. Сол себепті, өзіңіз жөніндегі ой – пікірлерді өз әріптестеріңізден толық тыңдап алуды әдеттенген жөн. Өйткені, өзіңізге ұнамды болғанмен, өзгелерге ұнамсыз болып көрінетін қимыл — әрекеттердің өмірде аз кездеспейтіндігі әрбірімізге белгілі.
Сондықтан, тұлғалы лектор болуға ұмтылу – көзсіз бас июшілікті, біреулердің бойындағы қажетті қасиеттерді түгелдей көшіріп алуды керек етпейді. Оларды алған, игерген жөн. Бірақ бұл үрдісті сол қалпында сақтамай, ілгерілету, дамыту басты назарда болуға тиіс.
Студенттерге лекция өту өнер иесінің сахна төріне шыққанымен бірдей. Өйткені, бұл ұзақ та, ұдайы тер төгуді талап етеді. Тек бір ғана ерекшелігі – мұнда лектор әрі әртіс, әрі сабақтың көркемдік жетекшісі. Ол өз рөлін ойнап қана қоймай, көрермен орнында отырған студенттердің ойына ой, санасында саңылауы бар жас буынға күн сайын, тіпті аптасына бір рет білім шуағын дарытады. Әрі бұл үрдіс бірер жылмен шектелмейді. Кем дегенде 4 – 5 жылды қамтиды. Сол себепті, студент осы жылдар ішінде сана сәулесін жарқ еткізген лекторды ешқашан да ұмытпайды. Одан, тіпті, бүкіл өміріне азық боларлық күш – қуат алып, ғұмырының бағдаршамына айналдырады. Бұндай лекторлар елімізде, әрбір оқу орындарында, шынтуайтына келгенде, аз емес. Тек оларды елеп, ескеру қажет.
Сөз және сөйлеу шеберлігі – шешендік өнердің бір түрі. Бүгінде әрбір лекторды немесе сөз сөйлегендерді шешен дейді. Бұл сөз күнделікті өмірімізге дендеп енді де. Алайда, әрбір лектор немесе сөзге шығып сөз сөйлегендер шын мәнінде сөз кенін ақтарып, сөз нәрін бойына дарытқандар емес.
Шешендік өнердің шыңына жеткен төл халқымыздың Төле биі, Қаздауысты Қазыбегі мен Әйтеке биі еліміз бен елдігіміздің, адалдықтың белгісіндей есте қалған. Бүгінгі лектор өзіне қажетті деген тағылымды тұжырымдарын өздеріне өнеге тұтады. Бойларына қуат алады.
Жалпы алғанда, тілге деген құрмет студенттер алдында лекция оқыған оқытушының абыройы мен беделін арттырудағы бірден – бір көрсеткіш болып отыр. Егер де оқытушы туған тілдің бай да мол сөздік қорымен студенттерді мейілінше сусындатса, құлақ құрышын қандырса, әрине, білім беру бағдарламасына сай, ондай ұстаз еліміздің ұстынына, студентер тірегіне айналады. Ал тілі жұтаң, сөздік қоры аз, қыстырма сөздерді (анау ше, мынау ше дегендей), одағай сөздерді (ау, ей, ойпырмай дегендей) көп қолданса, тілдің де, дәрістің де берекесін кетіріп, көркін кемейтеді.
Былайша айтқанда, тәуелсіз елімізге тән әрбір лектор сөзін тыңдағанда студент қауымы төл тіліміздің айбыны мен қуатын, әсемдігі мен ешбір тілдерден бірде – бір мысқал кем еместігін сезініп өссе, онда лектор сөзінің сөйлеу шеберлігіне ешқашан да шүбә келтірмейді. Ондайстуденттің рухы, елдік еңсесі еш уақытта төмен тартпайды. Парасаты мен пайымы биік болады.
Лектор сахнада бір өзі ғана билік ететін өнер иесі іспеттес. Ол өзінің монологын, яғни жеке ойын, пікірін дәріс тақырыбы шеңберінде студенттерге жеткізеді. Аудитория үн қатпаса да, лектор баян еткен деректерге, оқиғаларға, жағдайларға, құбылыстарға ішкі жүрек қалауымен үн қатады.
Сол себепті, сөз және сөйлеу шеберлігі ауқымында әрбір сөз бейнелі, бедерлі, іс – қимылға, әрекетке тола болуы қажет. “Сөз – қару” деп халқымыз босқа айтпаған. Сөзбен жарастыруға да, бұзуға да болатындығы да баршаға аян.
Сөз және сөйлеу шеберлігі, бір сөзбен айтқанда, кең және ауқымды. Сөзді әспеттеп жеткізу, кей сөздерге екпін қоя айту, сөйлеу сәттеріндегі юмор, яки күлкілі жәйттерге мән беру, ойды сергіту, өнерлілік, талас – тартысқа бейімделу, өзін — өзі ұстай білу, өз пікірі мен өз ойын дәл айту, сауал беру, жауап қату, аудиториямен үнемі байланыста болу және тағы басқалары осы мәселенің көзге көрінер бірер қырлары ғана. Осылардың астарында, көзге көрінбес тұңғиығында тәжірибе, ұдайы ізденіс, тынымсыз еңбек деп аталатын қарапайым да, әрбірімізге жете түсінікті ұғымдар атауы жатыр.
Сөз және сөйлеу шеберлігін жетілдіруде лектордың дауысы, дауыс ырғағы, дауыс әуені де айрықша мәнге ие. Бірсыдырғы, бір мақаммен сөйлеу тыңдаушыларды, студенттерді жалықтырады. Сол себепті дыбыс ырғағы мен сөйлеу мәнерін алдын ала анықтап, айқындап алу керек. Бүкіл лекция бойында өрілетін дауыс ырғағы студенттер қуатына қуат қосса, сөздің өтімді, әсерлі болғаны. Ал дауыс ырғағына мән бермей, сабақтан өзге тақырыптар мен мәселелерді бейберекет лекция ауқымында пайдалану белгілі уақыттың ойдағыдай өтуіне кері әсерін тигізеді. Сол себепті кей жағдайда лектордың сағатына қайта – қайта қарай беруі секілді жәйттер оқытушының лекцияға тыңғылықты әзірленбей келгендігіне дәлел бола алады.
Шебер лектор өзіне тиесілі уақытты орынды пайдаланады. Өзгенің уақытын алмайды. Өйткені, ол өзгені құрметтеу өзіңді құрметтеуден басталатынын жақсы біледі. Мәселен, халқымыздың біртуар батыр перзенті Бауыржан Момышұлымен сонау студенттік шақта болған бір басқосуда “Мен отыз минут сөйлеймін” деп, қол сағатына қарап, аттай жарты сағат ауқымына ел – жұрт, әдебиет, әдеп туралы өз ойларын кесек – кесек өлшеп, пішіп айтқанына әлі күнге дейін тәнтімін. Уақытпен санасу, соған бейімделу, оның үдесінен шығу секілді жәйттер де лектордың сөйлеу шеберлігінің бір сыры болса керек.
Біздер, оқытушылар, студенттер алдында сөйлеу құқына иеміз. Оны тиімді де пайдалы өткізуге ұмтыламыз. Бұны оқытушылық ғұмырымыздың алтын діңгегіне айналдырдық десек те, артық айтқандық емес. Олай болса, осы бағытта қызмет етуге еш уақытта аянбау – басты парыз деп санауға болады.