- Бастауыш мектептерде компьютерлік технологияны қолданудың негізгі жолдарына баға бере отырып, «Жас балаларға компьютердің қанша қажеті бар?» деген сұрақты айналып өту еш мүмкін емес.
Осы мәселе бойынша пікірлер алуан түрлі. Бірқатар педагогтер кіші сыныптардағы компьютер тек балалардың назарын басқаға аударады деп санайды. Ал екіншілері компьютерді тұрақты пайдалану бара-бара оқушылардың, егер компьютер қастарында болмаса, екі санды қоса алмайтын, қарапайым мәтінді оқи алмайтын жағдайға жеткізеді деп негізі бар қауіп білдіреді. Компьютер мектептегі лингафон кабинеттері немесе сыныптағы теледидар сияқты дүниелер, сондықтан да білім беру мен оқу үрдісіне айтарлықтай зияны жоқ деген пікірлер де бар. Компьютерлерді мектептің оқыту мазмұнына енгізуге қарсы салмақты аргументтің бірі — ақпараттық технологияның екпіндеп дамуы мектеп бағдарламасының үнемі жаңартылып отырғанына қарамастан, оның созылмалы аурудай артта қалуына әкеп соқтырады деп санайды.
Мына бір қауіп пен алаңдаушылыққа да назар аударған жөн: тек компьютермен қарым-қатынаста болған балалар гуманитарлық қызмет түрлеріне аса қажет сезімталдық пен мейірбандылықты жоғалтып алып, дәлдік пен қырағылыққа ғана құрылған қарым-қатынасқа бас ұрулары әбден мүмкін.
Біз мектептің ақпараттық ғасырға бейімделуден басқа жолы жоқ, ал есептегіш техникалармен танысу соның бір ғана бөлігі деушілерге толық қосыламыз. А.Ершова және басқа авторлардың еңбектерінде көрсетілгеніндей, информатиканың мынадай: процедура, функция, рекурсия, тармақталу, цикл, мәліметтер құрылымы деген сияқты негізгі ұғымдарды меңгеруі операциялық деп аталатын қазіргі ойлау стилін қалыптастыруға ықпал етеді. Осының өзі-ақ оқу пәні ретінде информатиканы мектепке енгізудің алғышарттарын жасады. Сонымен қатар, оқытылатындардың жас кезеңі жөніндегі мәселелер де көтерілді.
- Ойлау стилі балаларда кіші сыныптарда басталатыны белгілі. Бұл балалардың ойлау қабілетіне ықпал ететін іргелі бірқатар математикалық ұғымдарды бастауыш мектепте меңгертумен түсіндіріледі. Базалық сапа ретінде қарастырылуы тиіс оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыруды сөз етсек, информатиканың негізгі ұғымдарының артықшылығына тағы да көз жеткіземіз. Информатиканың негізгі ұғымдарын ерте бастан оқытудың қажеттігін мынадан-ақ көруге болады: білім берудің алғашқы кезеңінде информатиканың әдістерін меңгерген оқушы мектептің қалған сатыларындағы білім алуда (атап айтқанда, түрлі пәндердегі сабақтарда) адам қызметінің түрлі салаларында компьютерді пайдалану дағдысын меңгереді.
С.Пейперт, Ю.Первиннің еңбектеріндегі «информатика курсы» түсінігі аясында «Информатика» деп аталатын пән жайында емес, мектептің барлық пәндеріне кіріп кеткен информатика ұғымдары мен тұжырымды құрылымдары, әдіс-тәсілдері жайында айтылатындығын байқау қиынға соқпайды. Ю.Первин және оның әріптестерінің жеткіншектерге ерте жастан информатикадан дәріс беру жөніндегі тұжырымдарын қорыта келіп, мынадай пайымдаулар жасауға болады.
Біріншіден, жалпы білім берудің информатиканы оқытудағы басты мақсаты ойлаудың операциялық стилін қалыптастыру болса, ол орындалды.
Екіншіден, бастауыш мектепте информатика курсын өткізу көптеген пәндер бойынша мектептің оқу бағдарламасын айтарлықтаи өзгертуге алып келеді. Бұл жерде мынаны ұққан жөн: «информатика» мектеп пәндерінің бірде-бірін алмастыра, мектеп пәндері жалпы жүйесіндегі оқулықтарының бірде-біреуінің рөлін атқара, мектептегі гуманитарлық және жаратылыстану пәндерінің ара қатынасын қайта бөліске сала алмайды. Ол тек қана мектепте оқытылатын әрбір пәнге жаңа, әрі жетілдірілген сипат беріп, мұғалімнің қолына кілт ұстатады. Осы кілтті дұрыс пайдалана білген мұғалім оқушыларының алдында өз пәнінің мәнін терең әрі тиімді түрде аша түседі.
- Информатиканы ерте жастан оқытудың мүмкіндігі мен мақсаткерлігі әлемдік эксперимент, зерттеу нәтижелерімен де нақтылана түседі. Осыны назарға алған В.Буциктің зерттеулерінде ерте жас кезеңіндегі оқушыларға компьютерлік сауаттың алғашқы элементтерін беріп қана қою жеткіліксіз, оларға компьютер негізінен бастауыш білім және түбірлі түсініктер, іс-әрекет әдіс-тәсілдері жөнінде нақты сауат беру жайы айтылады. Атап айтқанда, В.Буцик кіші мектеп жасындағыларға бастауыш компьютерлік сауат берудің мынадай әдістемесін ұсынады: бірінші және төртінші сынып аралығында сызбалық және мәтіндік редакторлардың көмектері арқылы орындалатын тапсырмаларды біртіндеп күрделендіріп беру, яғни, ақпаратты өңдеу (компьютер сурет салады, есептейді, жазады); ақпаратты сақтау (компьютер суретті, сандарды, мәтінді есте ұстайды); ақпаратты беру (адамнан компьютерге, компьютерден адамға) салаларынан компьютердің мүмкіндіктері жөнінде түсінік пен сауат қалыптастыру.
Сонымен қатар Е.Смирнов та өзінің тұжырымдамасына мынадай негіздерді енгізе отырып, әдістемелік жүйе ұсынады.
- Бастауыш сыныптарда компьютерді қолданудағы басты мақсат дүниетанымдық және жалпы мәденилік сипатта болуы, баланың тулғасы мен ойлауын дамытуға бағытталуы тиіс.
- Оқытудың мазмұны мен әдістемесі оқушылардың теориялық ойлауын дамытуы қажет. Дәстүрлік әдістеме эмпирикалық ойлауды ғана дамытуға бағытталған.
- Оқыту үрдісі өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын компьютердің екі қызметін: өлшеу аспабы және пәндік әлемге ықпал етуші пәндік әлемнің белсенді элементі ретінде пәндік және компьютерлік әлем женіндегі білім қалыптастыруды үйлестіруі қажет.
Е.Смирнов пікірінің В.Буцик пайымынан айырмашылығы мынаны аңдатады: «информатика» шеңбері аясында барлық пәндерді оқыта отырып, соңында информатиканы белек курс ретінде бөліп алу қажеттігін дәлелдейді. Тәжірибелік тұрғыдан Қарағанда, кіші мектеп жасындағыларға түрлі пәндерді оқытуда компьютерді оқыту құралы ретінде қосалқы көмек үшін қолданудың мүмкіндіктері қарастырылғаны жөн.
Қазіргі уақытта кіші мектеп жасындағыларды оқыту үшін компьютерді пайдалану жөнінде бірнеше бағытты айтуға болады:
— информатика элементтерін оқыту;
— нақты пәнді оқытуда әдістемелік жүйені түбегейлі өзгеріске ұшыратуға соқтырмай, ЭЕМ-сын бесаспап оқу құралы ретінде пайдалану;
— кіші мектеп жасындағыларда компьютерлік сауаттың жекелеме элементтерін ғана емес, информатиканың бастауыш білімін, іс-әрекетіндегі әдіс-тәсілдері жөніндегі негізгі түсініктерді қалыптастыру (компьютер құрал емес, оқытылу арқылы меңгерілетін пән).