Еліміздің тәуелсіздігін алуға негіз қалаған, тарихи ерекшелігі аса маңызды құжат – 1990 жылдың 25 қазанында республика Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация болып табылады. Декларацияда Қазақстанның ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы мен мәдениеті, мемлекеттік-құқықтық аумағы, тағы басқалар Қазақстанның меншігі болып табылатындығы қамтылды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері көрсетілді. Республиканың халықаралық қатынастарды дербес құратыны мәлімделді.
Мемлекеттілікке ие болудың арқасында Қазақстан экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуда атап айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, дүниежүзілік қауымдастыққа кеңінен танымал болды. Оған ЕҚЫҰ-на Қазақстанның 2010 жылғы төрағалығы дәлел. Бұл – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық зор беленінің ерен табысы, еліміздегі ұлан-ғайыр оң өзгерістердің, біздегі демократияның айшықты нәтижесі. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі мемлекеттің ірі жетістігі.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, республика халықының 99,5 пайызы сауатты. Әлемдегі 117 елдің ішінде сауаты жағынан 14-орынды иеленіп отыр. Халықтың 30 пайызы білім және ғылымға қатысы бар салада жұмыс істейді. Бұған Жамбыл облысының да үлесі бар екені айтпаса да түсінікті. Өңірде республикалық деңгейде танымал М.Х.Дулати ат.Тараз мемлекеттік университеті және т.б. іргелі оқу орындары бар.
Білім мен ғылым қоғамның экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. USAID-тің Қазақстанда шағын бизнесті дамыту жөніндегі жоба директоры Грэг Хемпфил өз баяндамасында елімізде адам капиталының, яғни кадр мәселесінің тапшылығы байқалатынын айтып өтті. Оның айтуынша, бизнеске жаңа, озық технологияны енгізу жағынан Қазақстан 86-орында. Жоғары оқу орындарының менеджменті жөнінде 96-орынды қанағат тұтуда, білім беру сапасы тұғырында 85-орынды місе тұтуға тура келеді. Оның айтуынша, кәсіпкерлердің білімі, жаңа технологияны меңгеруі оны іске қосу сапасы мүлде төмен.
АҚШ-та мемлекет бюджетінің 70 пайызын, Жапон елінде 78 пайызын, Италияда 73 пайызын кіші (орта және шағын) бизнес құрайды екен. Қазақстанда кіші бизнестің үлесі 20 пайызға жетер-жетпес. БҰҰ-ның дерегі бойынша, әлем елдерінің бюджет қоржынына түсетін қаржының 70-80 пайызын орта және кіші бизнес құрылымдарынан құйылады екен.
Бүгінде Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық саяси салада даму байқалуда. Оған дәлел индустриалды-инновациялық серпінді жобалар десек қателеспейміз.
Осыған орай Израильдің Президенті Шимон Перестің «Қазақстанның экономикалық өсу қарқыны таңданарлық және ол сонысымен тек өңірде ғана емес, әлемде де ерекшеленеді. Қазақстан ұлтралық және конфессиялық келісім елінің өте жақсы моделі болып табылады», деген еді. БҰҰ-ның экс-бас хатшысы Кофи Аннан, «Қазақстан тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық салада, сондай-ақ ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде үлкен табыстарға қол жеткізді. Қазақстан өңірлік жанжалдарды шешудің бастамашысы болуға және ядролық қарусыздану үшін батыл әрекеттер жасауға қабілетті болып шықты. Қазақстанның іс-тәжірибесі ұлтаралық және конфессияаралық сан алуандыққа кесір ретінде емес, игілік ретінде қарау керек екендігін көрсетеді. Республика көптеген басқа елдерге үлгі бола алады» деді.
Бұған дәлел Тараз қаласындағы «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының жүргізген сауалнамасының нәтижесін келтіруге болады. «Қазақстандағы этносаралық татулықтың басты негізі неде?» — деп сұрағанымызда, респонденттердің 32,0 ℅-ы Елбасы Н.Назарбаевтың салихалы саясаты деген. Бұдан түсінгеніміз сауалнамаға қатысқан тұрғындардың әрбір үшіншісі еліміздегі этностар арасындағы татулықты Елбасымен байланыстыратындығы. 27,4℅-ы қазақ халқының төзімділігі мен кеңпейілділігі десе 11,0℅-ы әртүрлі этностар арасындағы өзара түсіністік деген ойда. 10,3℅-ы барлық этностардың еш кедергісіз салт-дәстүрлерін сақтаулары деген көзқараста. Яғни еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы өз деңгейінде жұмыс істеп жатқандығын айтуда. Сауалнамаға қатысқандардың 9,6℅-ы Қазақстандағы экономикалық жағдайдың жақсаруы деп жауап берген.
АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі Уильям Перри «Қазақстанның азиялық өңірдегі рөлі баға жеткісіз, бұл оның географиялық жағдайының ерекшелігіне және табиғи ресурстардың үлкен қорына ие болуына байланысты. Қазақстан дүниежүзілік аренада және осы өңірде өзекті позициялардың бірін иеленеді», деген пікірде.
«Мұра» қоры» зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкер (АҚШ) Ариелб Коэннің пайымдауынша «Қазақстан өзінің мемлекеттік құрылысы, сондай-ақ саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын күрделі ішкі және сыртқы жағдайларда жүзеге асыруда. Өзінің Жолдауында Президент Н.Назарбаев Қазақстанның қайдан келгеніне және қайда бара жатқанына әсерлі түрде баға берді. Оның алға қойған мақсаттары да, Тянь-Шаньның қарлы шыңдары сияқты биік. Әңгіме зайырлы, төзімді және көпұлтты мемлекет құруда батыстық демократиялық құндылықтар мен шығыстық дәстүр ұсынылып отырғансинтездеу туралы. Сондай-ақ экономиканы әртарапты дамыту мен мұнай өндірудің күрт өсуі жағдайында мұнайға тәуелділіктен арылу жөнінде күш-жігер жұмсау туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы, білім беру саласындағы жаңа бастамалар туралы болып отыр».
Гонконг ғылым және технология университетінің саяси ғылымдар докторы Хо Вай Ипа «Қазақстан Н,Назарбаевтың басшылығымен шын мәніндегі егеменді мемлекеттің саясатын паш етуде, ол дамудың кеңестік те, сондай-ақ батыстық та модельдерін енжарлықпен қабылдай салып отырған жоқ. Керісінше, бұрынғы КСРО-ның көптеген басқа елдерімен салыстырғанда, Қазақстан қоғамды саяси, діни немесе қандай да бір басқа шығандауларға ұрындырмай, тәуелсіздік алған кезден бастап дамудың өзіндік жолымен келе жатыр» деген екен.
Бұл пікірлердің қаншалықты салмақты ой тудыратыны барлығымызға белгілі. Сондай-ақ тәуелсіздігін алғанына 20 жыл болып отырған Қазақстан сияқты мемлекет бүгінде төрткүл дүниеге танымал, халықаралық беделі жоғары екендігін түсінуге болады.
Сөзімді қорытындылай келе, тәуелсіздік ұғымы біздің жастарымыз-дың бойына ұлттық мақтаныш пен патриотизмді тудыруы қажет. Тәуелсіздік ұлттық идеядан жаңарған ұлттық идеологияға айналуы тиіс.
Әдебиеттер
- Жамбылов Д. Саясаттану. Алматы «Жеті жарғы» 2003 ж
- Байділдинов Л.Ә. «Теориялық саясаттану», Алматы 2005ж.
- Балғымбаев А. «Саясаттану», Алматы 2003ж.
- Таубаева М.Е., Төлебекова С.К. Саясаттану пәнінен әдістемелік көмекші оқу құралы. Шымкент ОҚМУ 2003.