Қашан да әлемдік кеңістіктегі өнер — ұлт болмысының айырықша белгілерін көрсете білетін, оның салт-дәстүрі мен салт-санасын, әдет-ғұрпы мен ерекше жаратылысын айқындайтын күшке ие екендігі белгілі. Ал, өнердің өзі әлемдік кеңістікке өздігінен келген дүние емес. Оның өзіндік қалыптасуы мен даму тарихы бар. Қандай өнер болмасын оның көркемдік, әсемдік, сұлулық, таңғажайып жақсылық пен ізгілікке баулыйтын жаратылысы болады. Сондай өнердің бірі бейнелеу өнері. Сол бейнелеу өнерінің ұлттық кәсіби деңгейі, яғни қазақ суретшілерінің шығармаларында қазақи болмыс пен шынайылықтың болуы ол, сыни қөзқарастардың өз деңгейінде қалыптасқандығына байланысты. Өйткені сын тұрғысынан қарау кез келген ғылым саласының өсіп өркендеуіне мол үлесін қосады. Бұл мәселе қазақтың ұлттық бейнелеу өнерінде кенже қалған, оны қолға алып дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.
Ұлттық құндылықтар төңірегінде сөз қозғағанда әр уақытта адамнан үлкен жауапкершілік пен терең философиялық ойды талап етеді, солай болуыда тиіс. Неге? Өйткені ұлттық құндылақтар кез келген ұлттың басты болмысы мен ерекшелігін көрсетеді. Ал сол ұлттық құндылақтарымызды әлемге, болашақ ұрпаққа қалай насихаттаймыз және қалай сақтап қаламыз, қай өнер арқылы? Бұл сұрақтарға әр мамандық иесі өз саласы бойынша шешімін іздестіруі тиіс және оны көпшілік қауымға ұсынуы қажет. Бұл мәселелер төңірегінде бейнелеу өнері маманы ретінде өзімізше зерттеу жүргіздік.
Бейнелеу өнеріндегі шынайы сомдалған көркем туындылар жанды кұбылысқа айналып, жаңа ғасырмен үндесуде. Бір ұлттың көркем туындысы екінші ұлттың рухани қазынасы бола алмайды. Сондықтан, бүгінгі көкейтесті проблема ұлттық өнердің болмысын жоғалтпау болып табылады. Ұлттық өнер — мемлекеттік мәселе. Бүгінде суретшілер мен өнертанушыларды толғантатын мәселе Қазақстан бейнелеу өнерінің болашағын игеруде әлемдік өнерге үн қосуда байсалды сын, байыпты зерттеуге мән беруіміз керек. Әр саланың өзіндік зерттеушілері мен ғалымдары болатындай қазақ бейнелеу өнерінің Қ. Ералин, Қ. Әмірғазин, С. Аманжолов сынды т.б. көптеген зертеуші ғалымдары бейнелеу өнерінің ғылыми деңгейін көтеріп, өз үлестерін қосуда. Дегенмен қазақ бейнелеу өнерін зерттеп зерделеп жүрген ғалымдардың басқа ғылым зерттеушілерімен салыстырғанда үлес салмағы әлде қайда төмен. Қазақтың кәсіби бейнелеу өнерінің өсуімен қатар оны зерттеуші және сынға алушы ғалымдарының саны мен сапасы да өсіп отыруы қажет, сонда ғана бейнелеу өнерінің ғылыми бағыты мен кәсіби бағыты қатар өз деңгейінде алға жылжиды.
Әлемдік мәдени кеңістікке қол жеткізу үшін эстетикалық талғамы мол, ұлттық мазмұндық мәні бар классикалық көркем шығарма тудыруға назар аударуымыз қажет. Қай заманда болса да бейнелеу өнерінің беделі түспеуі керек. Кезінде КСРО Көркемсурет академиясының корреспондент мүшесі, өнертану ғылымының докторы, профессор Виктор Владимирович Ванслов бейнелеу өнерінің ақиқатын айту керек деп тегін айтпаған [1].
Бүгінгі күнде бейнелеу өнерінде болып жатқан барлық құбылыстар мен өзгерістерге, шығармаларды жоғары эстетикалық талғамда бағалай білу мәселелері қозғалғанда, шынайы шындық пен ақиқат айнасы өткір де, нақты қойылуы қажет. Сұранысқа ие, көркемдік, ұлттық нақышта шынайылықпен орындалған түпкі философиялық ойының мәні мол шығармалардың өресін өрістетуге ат салысу біздің төл міндетіміз. Әрбір шығармалардағы ұлттық бояу мен ойдың жоғалуына жол бермеуіміз және де ұлттық өнерге қарама-қайшы ішкі жан дүниемізді бойлап алған, көркем ойға көлеңке түсірген талғамы жат көзқарасты жоюымыз қажет. Қазіргі біздің көп суретшілеріміз Европалық ойлау үлгісінде өздерінің әр қилы туындыларын жасауда. Ал ол туындылардағы түпкі ой әр адамның өзіндік танымы мен ойлау қабілетіне, қөз қарасына, өзіндік түсінігіне қарай анықталады. Сонда мәдениетіміздің бір бөлігі саналатын бейнелеу өнерінің туындыларын әр адам өз түсінігі бойына қыбылдап, оның түпкі ойын өзінің қарым-қабілетіне қарай әрқалай ұғынатын болса біздің бейнелеу өнерінің шынайылығы мен сюжеттік, композициялық, мазмұны мен формасының қайда қалғаны. Яғни бейнелеу өнерінің басты ерекшеліктерінің бірі адам санасында түрлі ойлау үдерістерін дамытып, сансыз жүректерді бір мәнді ойды, бір күшті сезімде бірге соғуға мәжбүр ететін қасиеттерінің жоғалып бара жатқандығын көруге болады. Ол қалай жоғалып бара жатыр? Бұл сұраққа жауап іздейтін болсақ қазіргі көп суретшілер модернистік бағыт құралдарын шамадан тыс қолдану арқылы туындыларындағы бейнелер австрактілі, яғни шынайы бейнеленген кез келген адам түсінетін бейнелердің жоғалып бара жатқандығы. Адам түсініп болмайтын түрлі формадағы шым-шытырық көркем туындылар, шынайы бейнелеу өнерінің мәні мен сәнін, мазмұны мен формасын бұза бастады. Кез келген нәрсенің табиғатына тән пропорциялық өлшем бірлігі бар екендігін ұмытпауымыз керек. Егер әр бір суретші еш бір заңдылыққа бағынбайтын, форма мен мазмұн, заңдылық ұғымынан жат көркем туындыларды өмірге әкелетін болса, бейнелеу өнерінің ғылыми негізі, оның ғылыми сала ретіндегі теориялары, оның композициялық, преспективалық, прапорция, гармониялық т.б. заңдылақтарының қайда қалғаны. Қазіргі көп суретшілердің туындыларына қарайтын болсақ туындыда адам бейнесі болатын болса оның мойыны, қолы немесе белін созғаны сонша суретшінің түпкі философиялық ойын таба алмай ойланасың. Әдетте суретке қарап ондағы бейнелерге, сюжеттік мазмұнға, философиялық мәнге ие дүниелерге ойланушы емес пе едік. Мұндай бағыттағы туындылар қазақ елінің ұлттық мақтанышы бола алмайтындығы белгілі. Ол туындыларда азғантай болсада ұлттық болмыс пен сарынның сезіле қояры екі талай. Сондықтанда әуелі ұлттық өнеріміздің бағытын айқындап алуымыз қажет, содан кейін ғана өзге бағыттарда шығармалар жазсақ болар деп ойлаймын.
Сын әр уақытта болған, бұдан кейін де бола береді. Мәселен, алғашқы бейнелеу өнерінің қазақ жерінде кәсіби деңгейде қалыптаса бастағанынан оған сын тұрғысынан қараған, оның мазмұны мен композициялық құрылымына, мән-мағынасына сыни көзқарастарын білдірген ақын жазушыларымыз болды. Солардың бірі Ахмет Байтұрсынов еді. Ол Н.Хлудовтың қазақ тұрмыс-тіршілігін, оның психологиясын, мінез-құлқын жете білмейтінін айтып, оның шығармаларына үлкен ескертулер жасаған еді:
— қазақтар мен қазақ әйелдерінің жартылай жалаңаш бейнеленуі. Әдетте, қазақ әйелдері ешқашан жартылай жалаңаш күйде жұмыс істемейді,ал ер кісілер аса сирек жағдайда ғана жартылайжалаңаштанады;
— қазақ қыздарын үнемі бас киімсіз, шаштарын дудыратып бейнелеуі. Әдетте, қазақ қыздары жалаңбас жүрмейді. Олар тек жекелеген жағдайда, өз шашының сұлулығын көрсеткісі келгенде ғана жалаңбас жүрген, ал мұндайда олардың шашы дудырап емес, қайта керісінше әдеміленіп таралып, ғажайып бұрым етіп өріледі;
— қазақ қыздары мен келіншектерін жалаңаяқ бейнелеуі. Әдетте, қазақтың жасы ұлғайған ер кісілері мен әйелдері ешқашан жалаңаяқ жүрмейді. Балалардың 12-13 жасқа дейін жалаңаяқ, ал 4-5 жасқа ғана жалаңаш жүруі ұшырасады;
— жапа жалғыз үйді бейнелеуі. Әдетте, қазақтар ауыл-ауыл болып өмір сүреді: бұл дәл осылай болуын қалағандықтан емес, шаруашылық қажеттігі тудырған жағдаят;
— адамдар, заттар мен оқиғаларды жекелей алғанда дұрыс бейнелейді, ал өмірлік, тұрмыстық тұтастығы тұрғысынан айтарлықтай кемшіліктер бар.
Бұл сындар Ресейден жер аударылып келген орыс суретшісінің туындыларына айтылған. Шынында орыстың суретшісі қазақ халқының психологиясын, әдет- ғұрпын, салт-санасын, салт-дәстүрін қайдан ұқсын. Соның салдарынан туындыларындағы мән-мазмұн мен бейнеленген адамдардың қазақ халқының болмысын ашып бере алмайтын дүниелер көзге түсе бастады. Бірақ бұл кемшіліктерді қазақтың тұғыш кәсіби суретшісі Ә.Қастеев сол орыстың суретшісі Н. Хлудовтан бейнелеу өнерінің қыр сыры мен кәсіби шеберлігін шыңдап өмірге қазақы мазмұн мен формаға толы көркем туындыларды әкеле бастады. Қастеевтің қай суретін алмайық онда қазақы бейнелерге толы, қазақтың ұлттық болмысын паш етіп тұрады.
Демек біз де, қазіргі жас суретші буында, бірінші кезекте ұлттық құндылықтарымызды естен шығармағанымыз жөн. Әрбір туындымызда ұлттық леп сезіліп тұрса, әлем бізді солай қабылдаса қазақ халқы үшін содан асқан бақыт бар ма екен дегім келеді. Әрине қазіргі қоғам жаңашылдықты, өзгешелікті, қайталанбас бейнедегі суреттерді талап етеді. Солай екен деп ұлттық құндылықтарымызды бейнелеу өнері арқылы әлемге таныту керектігін жадымызда сақтайық. Ұлттық өнерімізді өз деңгейінде таныта алғанымыздан кейін ғана басқа бағыттарда ізденуімізге болады деп ойлаймыз.
Мәселен, суретші Ерболат Төлепбаев реализмнен нәр алып, өнердегі жаңашылдық қазақ сюрреализімі мен абстракциясын тудыруда әлемдік өнерде қазақ рухын бір көтеріп тастады. Өзінің жазу өнерінің жанға ұқсамас жаңашылдығымен көрермендерін ойға қалдырған суретшіЕ. Төлепбаев қазақ бейнелеу өнерінде батыл ізденістерімен бірегей тұлғаға айналды. Оның дәлелі Третьяков галереясында жеке шығармашылық көрме ұйымдастырып, Ресей мен Қырғыз елінің көркемсурет академиясының академигі аталуы, Сальвадор дали сыйлығының иегері болуы құптарлық. Сонымен қатар Америка елінде өткен дүниежүзілік отыз үш суретшілер қатарына А. Дүзельхановтың ілінуі қазақ бейнелеу өнерінің мәртебесін көтерді. Отандық өнердің жаңғыру өлшемдерін әлемдік өнер модернизациясының синтезімен айқындауға болады. Бүгінде Қазақстан бейнелеу өнері жаңа ғасырда тек кеңестік кезеңімен шектеліп қалған жоқ. Бейнелеу өнерінің бағытын үш бағытқа бөліп қарауға болады: символикалық және концептуальды тәсіл, жаңашыл реализм. Символикалық концептуальдық тәсіл асқақ рухқа, аңызға негізделген әлдебір жорамал рухани идеяны визуальды көркем туынды жасау нәтижесінде туындап отыр. Осыған дәлел Ә. Сыдыханов, А. Ақанаев,Б. Бәпішев, А. Есдәулетов, Г. Маданов шығармаларын атай аламыз.
Біздің болмысымызға, ұлттық ерекшелігімізге жаңашыл реализм тән. Өйткені қазақ халқы әр уақытта шынайы сұлулыққа баса назар аударған. Күнделікті өмір тіршілігінен тұнып тұрған өнерді байқауға болады. Мәселен, қазақтың халық суретшісі Ә. Қастеев бірде ұстаз Н.Г. Хлудовтың «Бұл өнерді кімнен, қайдан үйрендің?» деген сұрағына:
Таудың бұлағынан,
Қойдың құлағынан.
Апамның киізінен,
Ешкінің мүйізінен [2] – деп жауап берген екен.
Белгілі суретшінің бұл жауабы арқылы қазақ халқының қолөнерінің шығу тегі тым ертеден екендігін бір көрсетсе, екіншіден, қазақ халқының сұлулыққа, өнерге деген құштарлығының ертеден бар екендігін көрсетеді. Осындай қазақы тіршіліктің қайнар көзінен өнер үйренген қазақ суретшілерінің азайып бара жатқандығы да біздің қазақтың ұлттық кәсіби бейнелеу өнерінің бағытының өзгеруіне алып келеді. Сондықтан да ауылдың өміріне қанық болып, қазақы тіршіліктің қайнар көзінде өскен ауыл балаларын қолдап, ұлттық бейнелеу өнеріміздің ұлттық сарында өсіп-өркендеуіне үлес қосатын жастарымызға білім мен тәрбие беру төл міндетіміз.
Қорыта айтқанда, ұлттық кәсіби бейнелеу өнерінің ұлттық нақышта өсіп, өркендеуіне сыни көзқарастардың алатын орны айырықша екендігіне көз жеткізуімізге болады. Өйткені, қашанда ғылым мен білім қарама-қайшылықтар негізінде дамиды. Егер ғылымға сын тұрғысынан қаралмаса оның өзіндік бағыты жүйесіз кетуі әбден мүмкін. Бұдан түйетініміз ұлттық кәсіби бейнелеу өнерінің өз деңгейінде дамуы үшін сыни қөзқарастардың маңызы зор.
Резюме
В статье рассматривается влияния и сущность критических взглядов на национальное развития национально профессионального изобразительного искусства казахского народа.
Summary
This article considered the essence of critical views on developing national professional fine arts of the Kazakh people.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Болатбаев Қ. Көкжиек және кеңістік. – Алматы: «Алматы баспа үйі» ЖШС, 2008.-192 б.
- Қастеев Ә. Альбом / Құрастырған: Б.К. Барманқұлова.-Алматы: «Өнер», 1986. -256 б.