Тіл білімінің салаларына байланысты жүргізілетін талдаудың түрлері

Жоғары оқу орындарында сөйлем талдауды үйрету «Нормативті қазақ тілі» курсында жүзеге асырылады. Студенттен қазақ тілінің лексикалық құрамы, дыбыс жүйесі, грамматикалық құрылысы жөнінде білімдерін жетілдіре түсумен бірге, теориялық білімдерін сөйлем талдаумен ұштастырып, ғылыми грамматиканың тілдік ұғымдарын толық ұғуға, өз беттерімен сөйлемді грамматикалық жағынан толық, дұрыс талдай алуға дағдыланады.

Тілге байланысты жүргізілетін талдау – студенттерге грамматиканы жақсылап үйретудің, грамматикалық категорияларды жете түсіндіре білудің ең ұтымды жолдарының бірі.

Талдау – сабақтан тыс, өз алдына оқшау тұрған нәрсе емес, ол студенттерге грамматиканы саналы түрде үйретудің бір тәсілі.

М.Балақаев «Грамматикалық талдау негіздері» атты мақаласында: «Грамматикалық талдау – сөйлемдегі сөздердің грамматикалық тұлғалары мен мағыналарын сипаттау олар жайындағы оқушының білімін баянды ететін практикалық жұмыс» деген пікір айтады.

Тіл білімінің салаларына байланысты жүргізілетін талдаудың бірнеше түрлері бар:

  • фонетикалық талдау;
  • морфологиялық талдау;
  • синтаксистік талдау;
  • пунктуациялық талдау.
  1. Фонетикалық талдау:

— дауысты мен дауыссыз дыбыстарды бір-бірінен айыра тану жолы;

— дауыстылардың алтыға бөлінуі;

— дауыссыз дыбыстардың жасалу орнына қарай түрлерін және жасалу жолына қарай түрлері;

— буын, дыбыс үндестігі;

— буын, оның түрлері.

Фонетикалық талдауды осы жүйе бойынша жүргізе отырып, студенттерге кейбір ғылыми терминдерді енгізіп отыру жағы көзделеді.

Мысалы:

л – үнді, шұғыл, альвеоляр дауыссыз, универсал емес;

к – қатаң, шұғыл, препалаталь дауыссыз, универсал, тек жіңішке дауыстымен тіркеседі.

Сонымен қатар жеке дыбыстарға талдау жүргізген кезде жалпы сипаттама (мінездеме) да талап етіледі.

Тіл дыбыстарынан кейінгі сөздің бөлшегі – буын. Сөздерді буынға бөлудің практикалық та, теориялық та жолы бар. Сөз құрамында қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болатындығын студенттер жақсы білгенімен, сөзді буынға жіктеуді әрдайым дұрыс біле бермейді, кейбіреулері буынның түрлерін де ажырата алмайды.

Бұндай қателерді болдырмау үшін, әртүрлі жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Дауысты дыбысты – А, дауыссызды – В деп аламыз.

Ашық буын: А-ВА — а — на, ә — ке;

тұйық буын: АВ, АВВ- ел, ер, ұлт, ант;

бітеу буын: ВАВ, ВАВВ – жас, бұлт.

Буынның тағы бір теориялық мәселесі – о, ө, ә, ұ, ү дыбыстарының буын талғайтындығы, а, е, ы, і, и дыбыстарының – буын талғамайтындығы.

Талдау жұмысын үндестік заңына да байланысты жүргізу қажет. Буын үндестігінде қосымша алдыңғы сөздің соңғы буынның әуеніне қарай жалғанатынын түсіндіріп, нақты мысалдар арқылы көрсетіп, есіне түсіріп отырамыз.

Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшалар әртүрлі өлең шумақтарын талдау барысында ескеріледі. «Дыбыс үндестігі» тақырыбын қайталаған кезде түсіндіру әрі талдау әдісі қолданылады.

  1. Морфологиялық талдау.

Морфологиялық талдаудың алғашқы баспалдағы – сөздерді тұлғасына қарай талдау.

Қазақ тіліндегі сөздерді құрамына қарай талдағанда, сөздердің екі түрлі морфемадан тұратындығы; түбір және қосымша морфема деп, лексикалық мағына беретін бөлшегін – түбір морфема, үстеме грамматикалық мағына беретін бөлігін қосымша морфема деп түсіндіреміз.

Мысалы: Студенттер жазғы демалысқа шықты.

Студент – түбір, -тер – көптік жалғау;

жаз – түбір, -ғы – жұрнақ, дем-алыс – біріккен сөз, -қа – барыс септік жалғауы;

шық – түбір, -ты – жедел өткен шақ жұрнағы.

Сөз құрамына талдау – сөз таптарына бағытталған талдаудың алғашқы баспалдағы. Сөз таптарына талдау әрбір талданатын сөз табының барлық грамматикалық белгілерін қамтиды.

Мысалы: Осы оқиғаны Гүлмизаның өзі айтқан еді маған. (З.Ш.)

Осы – сілтеу есімдігі, түбір тұлғада тұр; оқиғаны – дерекші, жалпы, жалаң зат есім; оқиға – түбір, -ны – табыс септік жалғауы; Гүлмиза – деректі, жалқы, күрделі зат есім (Гүл+миза), -ның – ілік септік жалғауы; өзі — өздік есімдігі: өз – түбір, і – тәуелдік жалғаудың ІІІ жағының көрсеткіші; айт – түбір, -қан – жедел өткен шақ жұрнағы, маған – жіктеу есімдігі, түбірі – мен, -ған – барыс септігі.

  1. Синтаксистік талдау.

Синтаксистік талдау барысында:

  • сөз тіркесі, оның түрлері;
  • сөздердің байланысу түрлері мен тәсілдері;
  • сөйлем мүшелері, оның түрлері;
  • сөйлем, оның түрлері;
  • жай және құрмалас сөйлем, олардың түрлері жайлы меңгерген теориялық материалдарды жүйелі талдауға үйреніп, студенттер өздерінің сөздік қорын молайтуға, өз ойын жатық сөйлемдермен жеткізе білуге, сөйлемде айтылған ойдың мәнін, мазмұнын жете меңгеруге үйренеді.

Синтаксистік талдау бірнеше бағытта жүргізіледі.

  1. Сөз тіркесіне қарай талдау.
  2. Жай сөйлемдерді талдау.
  3. Құрмалас сөйлемдерді талдау.
  4. Сөз тіркесіне қарай талдау.

Сөз тіркесіне талдау жүргізбестен бұрын сөз тіркесі дегеніміз – сөздердің бір-бірімен тіркесімділік негізінде мағыналық әрі тұлғалық байланысқа түскен жөн екенін ескертіп, айырықша белгілеріне талдау жасаймыз:

  1. Толық мағыналы ең кемі екі сөзден құралады;
  2. Өзара грамматикалық тәсілдер арқылы бірі екіншісіне бағынып, сабақтаса байланысады;
  3. Синтаксистік қатынасынан зат, құбылыс жайында нақты түсінік пайда болады.
  4. Синтаксистік тіркес басыңқы және бағыныңқы сыңарлары болады, басыңқы қай сөз табынан болса, соған қарай есімді сөз тіркесі және етістікті сөз тіркесі болып бөлінеді.

Сонымен қатар сөз тіркесінің байланысу тәсілдері және оның формаларын еске түсіре отырып, жұмыстар жүргіземіз.

Сөз тіркесіне талдауды Н.Оразахынның технологиясы бойынша жүргізу тиімді, себебі студенттер белгілі сызба бойынша жұмыс жасауға дағдыланады.

Мысалы: Тауды қалың тұман басып жатыр екен.

І саты. Сөздердің арасындағы синтаксистік қатынастар.

ІІ саты. Сөз тіркесінің грамматикалық мағынасы.

ІІІ саты. Құрылымы:

  1. Басыңқыға байланысты сөз тіркесінің түрі.
  2. Моделі.
  3. Байланыс түрі.
  4. Байланыс тәсілдері.
  5. Құрылысы (дара, күрделі).

Сізде екі сөз тіркесі бар: тауды басып жатыр екен;

қалың тұман.

Сөз тіркесі:тауды басып жатыр екен

І. Толықтауыштық қатынас.

ІІ. Қимылдың объектіге ауысуы.

ІІІ. Құрылымы:

  1. Етістікті тіркес
  2. Зат есім + етістік
  3. Меңгеру
  4. Синтаксистік
  5. Күрделі

Сөз тіркесі:қалың тұман

І. Атрибутивтік;

ІІ. Зат пен оның сапасы.

ІІІ. Құрылымы:

  1. Есімді тіркес
  2. Сын есім+зат есім
  3. Қабысу
  4. Орын тәртібі
  5. Дара
  6. Жай сөйлемдерді талдау.

Мектепте алған білімдерін негізге ала отырып, сөйлемнің анықтамасын еске түсіріп, оның түрлеріне мәтін бойынша талдау жасаймыз.

жай

Сөйлем құрылысына қарайқұрмалас

төл сөзді сөйлем

жалаң

Құрамына қарай жай сөйлемжайылма

бір құрамды сөйлем

екі құрамды сөйлем

хабарлы

Айтылу мақсатына қарайсұраулы

лепті

бұйрықты

жақты

Жай сөйлем жақсыз

құрылысына қарайтолымды

толымсыз

атаулы

Аталған жерлерде қонақ үйлер де, ас үйлер де тігілген екен. (М.Әуезов)

Құрмалас сөйлемді оқыту барысында студенттерге мектепте алған білімдерін еске түсіре отырып, құрмалас сөйлемнің салаласа, сабақтаса, араласа байланысатынын әртүрлі жаттығулар жүргізу арқылы тереңдете түсеміз.

Салалас құрмаластың компоненттерінің мағына, орын тәртібі, интонация, жалғаулық шылаулар арқылы байланысатынын тірек сызбалар арқылы игертеміз.

Қар есіліп ерте кетті, жер дүрілдеп ерте көктей бастады. (Ғ.Сланов)

Сабақтас құрмаласты салаластағыдай сұрақ-жауап әдісімен студенттердің естеріне түсіреміз.

Сабақтастың ерекшеліктері:

  1. Бағыныңқы компоненттің баяндауыштары тиянақсыз болады;
  2. Басыңқыдан бағыныңқыға қарай сөйлем мүшесі сияқты;
  3. Бағыныңқысы басыңқының әр түрлі белгісін көрсетуіне қарай сабақтас сөйлем бірнеше түрге бөлінеді.

Ұйқың бұзылмасын деп, күзетінде біз жүрміз. (Б.Бұлқышев)

  1. Пунктуациялық талдаулар.

Пунктуациялық талдау – грамматикалық талдаудың бір түрі, заңды жалғасы.

Пунктуациялық талдау жүргізбес бұрын тыныс белгілерін дұрыс қойып жазуды үйрететін жұмыс түрлерін жүргізу керек, олар мыналар:

  • белгілі бір ережеге сай мысал ойлау;
  • тірек сөздер бойынша сөйлем құрау, тыныс белгісін қойғызу;
  • тыныс белгісі қойылмаған сөйлемге тыныс белгісін қою;
  • схема бойынша сөйлем құрастырып, тыныс белгісін қойғызу.

Пунктуациялық талдау мынадай бағытта жүргізіледі:

  • объектіге алынған сөйлемдегі тыныс белгілердің қойылу себебін анықтау;
  • алдымен ережені айтқызып, одан соң мысалдар келтіру;
  • белгілі схема бойынша сөйлем жаздыру.

Өтілген материалдар студенттерге түсінікті болып, одан сапалы және көлемі дәл көрсетілген білім алу үшін және өтілген материалды тиянақты меңгеріп, оның ғылыми-практикалық негізін дұрыс түсіну үшін де сатылай комплексті талдау жүргізуге дағдыландырудың маңызы зор. Талдаудың өзіндік ерекшелігі – студенттерге қазақ тілі ғылымының мазмұны мен жүйесін, оның сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысын, сөйлеу тілінің байлығы мен әдеби тіл нормасын үйреніп, сауатты сөйлеу, жазу дағдысын қалыптастыру, өз бетімен іздене біліп, шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу. «Сатылай талдау түрлері» атты арнаулы курс институттың ІІІ курсында жүргізіледі. Жалпы тіл білімінің салаларын, тілдің әр саласын, сөз таптарының әрқайсысын жеке-жеке көрсететін сызбалар бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Әдебиеттер:

  1. Исаев С.М., Бектуров Ш.К. Сөйлемдегі грамматикалық талдаудың тәсілдері. – Алматы, 2007.
  2. Оразахынова Н.А., Исаева Ж.Т., Сүлеева Г.С. Қазақ тілі (сөзжасам, морфология). – Алматы, 2004.
  3. Оразахынова Н.А. Сатылай комплексті талдау (синтаксис). – Алматы, 2002.
  4. Достанов М. Қазақ тілі сөздерінің фонетика-лексикалық және грамматикалық ерекшеліктерін қатар талдау әдістері. – Алматы, 1991.