Әдебиетімізде өзінің жанрлық белгі-сипаттары арқылы ертеден-ақ жеке сала болып дамыған ақындық және жыраулық поэзияның алатын орны ерекше. Көне дәуірлерден бері фольклорлық туындылармен өзектесе, жарыса дамып келген бұл сала халқымыз бастан кешкен тарихи оқиғалардың көркем шежіресі ретінде ел тұрмысының сан алуан қырларын қамтып, бейнелеуге әр кез елеулі үлес қосып отырған.
Жырау Болатбек Ердәулетұлы жырлары — әдебиетімізде өзіндік ерекшеліктерімен көрініп, туып, қалыптасқан поэзиялық шығарманың бір түрі. Оның әр шығармасынан өзіндік табиғи сипатымен жүйелі оқиғасы бар жырға тонның ішкі бауындай жағын, үндес екенін көре аламыз. Бізге жеткен жырларынан біз халық өмірінің аса бір жауапты, күрделі де қиын тұсында айтылып, таралғанын аңғарамыз. Болатбек Ердәулетұлы жырлаған суырып салма жырлар философиялық ойға құрылған тұжырымдамаларымен жеке адам бейнелерін жасаған салиқалы да тартымды мазмұнымен де дараланады. Мұнда ел, жер, халық тағдыры, болашағы жүйелі сөз болады. Осы ерекшеліктері Болатбек Ердәулетұлының эпикалық жырларын жырлауда терең де үлкен мәнге ие болады.
Жырау Болатбек Ердәулетұлы жырлары мен терме-толғауларынан өзіндік сипат- белгілерін, өмір шыңдығын суреттеудегі көркемдік тәсілдері мен белгілі бір тарихи кезеңде аренаға шыққан, ғасырлар бойы өзара үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығын танытатын стильдік ерекшеліктерінен де көреміз. Бірыңғай импровизация түрінде туып, егіз, бір арнадан нәр алып келген Болатбек жырау толғауларының жырлайтын тақырыбы мен жанрлық ішкі мүмкіндіктерінде де өзіндік елеулі ерекшеліктері бар
Толғауларындағы тақырып ауқымының кеңдігіне коса, сезімге құрылған лирикалық сипат басым болып отырса, сонымен қоса жыраулық толғаулар да әлеуметтік өмірдің әр алуан көріністері мен заман жағдайын сипаттайтындай ой-болжам, асқақ эпикалық үнге көбірек мән бергенін көре аламыз.
Жырау туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлілігімен көздегенін орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, сұлу сазды көркемдігі, асау серпінді қуатымен ерекшеленеді. Жыраудың ғасырлар көгінен өтіп, біздің дәуірге жеткен шағын көлемді шымыр толғауларынан көне заман таңбасы – түз тұрғысының дүние танымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық, этикалық қағидалары айқын аңғарылады.
Жырау Болатбек Ердәулетұлы өз артына өмір туралы, атамекен, туған ел туралы және жауынгерлік тақырыптағы сан алуан мазмұнды туындылардан құралған мол мұра қалдырды. Жырау Болатбек Ердәулетұлының жырлары табиғат аясындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі көне дәуірдегі қазақ поэзиясының биік өрісі, өзіндік сипаттарын танытады. Жырау Болатбек Ердәулетұлы жырларының ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем тіркестерге бай, өр рухты термелері мен толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады.
Болатбек Ердәулетұлы ән-өлең, терме, толғау немесе жыр, дастандарды орындағанда жай, қарапайым түрде айтып отыра бермейді. Халық тілімен айтқанда арқалы ақын, аруақты, толқып, толқындатып айтады. Сондықтан, Болатбекті арқалы сері жырау деп атайды. Ел аралап жүріп айтқан ән-әуені бақсылардың сарынына ұласып, зікірмен айтылады. Ол жыр жырлап отырғанда кейбірі орнынан тұрып, қиқулап, көтермелеп, шарт жүгініп маңдайын жерге тигізіп, түфәй-түфәй, көз-тілден аман болғай дегенін көзіміз көрді. Болатбек Ердәулетұлының орындауында «Едіге батыр», «Шора батыр», «Қарасай- Қазы», «Орақ-Мамай», «Мұңлық-Зарлық» «Нұрәдін», «Нұртөре», «Бәйімбет палуан» аңыз дастаны, «Аңшыбай батыр», «Жанқожа батыр», «Мақпал қыз» дастаны, т.б. жырлардың ең көлемді нұсқаларын әр бірін бірнеше күн бойы талмай жырлап тауысатын қабілетке ие.
Болатбек жырау, терме, толғау, халықтың ән-өлеңдерін орындап отырғанда басқаша шабытқа еріп, ол «Ай ай!»- деп дауыстап, толқындата жоғарылатып, баяу жағымды әуенмен қайырады.
Халық әні «Ардақты» орындағанда құбылтып бірнеше түрлі нұсқада орындайды. Сол сияқты халық әні «Қарғамайды» да бірнеше түрге өзгертіп айтатыды.
Болатбек жырлары тек өзінің мазмұнымен ғана емес, көркемдік сапасымен де құнды. Жырау поэзиясы толғау түрінде келеді. Арнау түріндегі сөз қолданыстар да баршылық.
ҚАССР-дің Беруни ауданындағы 40 жылдық совхозының директоры аты тарихты қалған айтулы азамат Райымбек Бекетовке арнап інiсi ретінде Болатбек жырау Ердәулетұлы өз арнау өлеңінде:
Асқар таудан мұнартқан
Ағамсын асыл Реке,- деп Райымбек ағасын асқар тауға теңейді.
Асыл да аға, Рекай,
Баршылықта бәрi дос.
Ер қадiрiн ер бiлер,
Iшiнде нағыз ұнатқан.
Маңғазым, өзiң бiлесiн,
Өттiң ғой, талай сынақтан.
Арғымақсың арынды,
Жүйріктен озған шыныққан.
Киелi туған қырансың,
Құс серiлеп, аң көрсең,
Атқан оқтай сен аққан.
Ел басшысы, пiрiсiң,
Үлгi боп көптен келатқан
Өзiндi алсам аузыма
Жырым бiр бейне сел аққан,
— деп арынды арғымаққа, киелі туған қыранға, қорамсақтан алынып, садақтан атылған оққа, жырды сел боп аққан топан суға керемет етіп теңеулермен арнау арнайды.
Жырау өз поэзиясында терең философиялық ойды бейнелеу үшін өлеңдерінің ұйқас, ырғақтарын сол мақсатқа орай алған.
Жиырма жаста жайнайсың
Жиырма бес жаста қайнайсын
Ауыздықпен алысып
Отызда кердегi ойнайсын…
Сексенде сiрә, оңбайсың
Тоқсанда толса төрт құбылаң
Еш мұқтаждық болмайсың.
Тек тәңiрден күш қуат
Болса деп iштегi зорлайсын
Жүрегiңде тұлға түр болса
Болсаң бол шiркiн дегiзiп
Аталық кейпiң арбайсың
Топта оқшау көрiнiп
Отаудай үлкен орнайсын
Жүзге дейiн белгiлi
Қал десеңде қалмайсын,-
деп термесінде адам баласының неше жасқа келгендегі сипаттарын көрсетуі ақылға қонымды әрі бейнелі қызықты.
Жиырма жаста жайнайсың
Жиырма бес жаста қайнайсың
Ауыздықпен алысып
Отызда кердегi ойнайсын. деп 40,50,60,70,80 жасты айта келіп,
Тоқсанда толса төрт құбылаң
Еш мұқтаждық болмайсың.
Тек тәңiрден күш қуат
Болса деп iштегi зорлайсын
Жүрегiңде тұлға түр болса
Болсаң бол шiркiн дегiзiп
Аталық кейпiң арбайсың
Топта оқшау көрiнiп
Отаудай үлкен орнайсын
Жүзге дейiн белгiлi
Қал десең де қалмайсын,-
деп теңеу арқылы орнайтын үлкен он екі қанат ақ орда ақ отауға теңейді.
Жетпiс жас деген жетерлiк
Қазына тарих томдайсың,- деп бірнеше жыл көз майын тауысып жазылған, энциклопедиялық томға теңейді.
Ел тағдырын көтерер
Дулығалы нардайын
Аузыма сөздер тығылар
Десе де әруақ қолдайын
Мен несiне аянып
Ерлердi тiлге алмайын
Дәрежесiн көтерiп
Осындайда толғайын,-
деп Сары атасынан бастап Әбекең, Есекең, Батыр Бөкең, Тілге біткен Тілекең, Әлекең, т.б. елге қызмет еткен ерлерді, елі үшін туған асыл текті азаматтарды мақтанышпен айта отырып өз жырында дулығалы нарға теңеп отыр.
Сәйгүлiктеп серiктiп,
Өрiсiн сөздiң өкiртiп,
Ықыласыңнан көпшiлiк,
Мойынымды бұрмайын,
Талай той мен жиында жыр айтып, ұғар тыңдар халық болса жақсы, ал кейде тыңдар құлақ та болмай тек шаршайсың дей келе, батыр жігіт сәбиден мойнында бесік арқалар, сұлу мүсінді қызға не кисе де жарасар деп айта келе өз термесінде:
Сiздер жайлау гүл құрақ,
Жарқылдап аққан бiз бұлақ, — деп тыңдарманды жайлау гүл құраққа, жырау өзін жарқылдап аққан бұлаққа теңеп отыр. Бұл жерде біз эпитетті қолданғанын байқап отырмыз.
Тағы да бір толғау-термесінде :
Тiлiм- орақ, жыр- шалғын
Қиғаштап неге ормайын, -деп тілін ораққа, жырды шалғанға теңеп, шалғынды дер кезінде піскен, жетілген кезде орған сияқты, өзінің от тілді, орақ ауызды бабаларымыздың ұрпағы екенін келтіреді.
Тұрмыстың ойлап бар жәйiн.
Сәйгүлiктеп серiктiп
Өрiсiн сөздiң өкiртiп
Ықыласыңнан көпшiлiк
Мойынымды бұрмайын,
— дей келе сөздің өрiсiн
өкiртiп, сәйгүліктей арқырап секірте отырып, тілдің бал татыған майын жырмен тамызып отыр.
Тағы да айта кетерiм
Әншi жыршы достарым
Мақтанышы бiр осыл арым
Қазағым бетке тұтып жүр
Жақсылық пен Қаламқас
Қос тұлпарды сындағы
Айта берсем молдағы
Қазақта жүйрiк зордағы
Айдулетова Набат бар
Ақсұңқардай тордағы
Жыраулық құрып шыға алмай
Әйел жолы қылдағы
Кiшi жүздiң iшiнде
Мен бiлетiн әзiрге
Жiгiттер осы болғаны,
деп қазақ қыздары арасынан шыққан жырау Набат Айдулетованы тордағы ақсұңқарға теңеп отыр.
Домбыра алып қолыма
Өткенде талай күндерiм.
Бiреудiң жаттап сөздерiн
Неменеге жүргенмiн.
Отыз алты жасадық
Бар емес пе көргенiм.
Құдайдың берген бақыты
Болатбек жырау атанын
Өрлеген сайын өрледiм
Менiмен ашты қазағым
Телециклiн терменiң….
Ұстазым жаңғыз Наурызбек
Тоқталар жерiм сол менiң,-
дей отырып отыз алты жасында
Болатбек жырау атанғанын, алғаш рет телерадио кешеніне (Болатбек жырауды) өзін шақырып телециклінде терме-толғау айтқанын тілге тиек етіп, Жамбыл атаның пірі Сүйінбай ата болса, менің пірім, ұстазым деп тек жалғыз Наурызбекті айтады.
Болатбек жыраудың терме, толғау, арнау сияқты қысқа да нұсқалы шығармаларында:
Жиналған тойға халайық,
Құтты болсын айтуға,
Сөйлейiн топқа лайық.
Амандасып алайық,
— деген үзiндiде жай айтыла салған сөз сияқты. Қазақтың күнделiктi тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, амандасу, сәлемдесу, сөйлесу адамдың қасиеттiң алғашқы шарты, айтылып, орындалып тұрғанын көпшiлiк байқамай қалуы мүмкiн. Қысқа түрде жырланған термеде iзетпен амандасып алған соң тойға құтты болсын айтып, тойға келген жас пен қартты, құды, құдаға жекжат, ағайындарға, қыз-келiншектерге, әрбiр тұстан жиналған, ер Бөкеңнiң тойында қызығына қанайық,-деп, тойға жиналған көпшiлiк мәдениетiн танытатын тұсы осы екенiн ескертiп, еске салып, тәрбиеге шақырып тұр.
Жырауды «Көкте жүзген аққулар» термесiнде:
Көкке жүзген аққулар,
Шарықтауда шыңдалар.
Көпке түскен сөздерiң,
Рудан жырау болып жетi атадан,
Бабақтан талай дүлей дүркiн туған,-дейдi.
Жырау терме, толғау, арнау жазғанда құры сөздi әңгiме етпей небiр тарихи аңыздардан мысал келтiрiп, сол айтылған оқиға болса да, болмаса да ойлап қараған адам баласына берерi көп. Жырау жырды бар жан-тәнімен беріле жырлайды. Жырдағы айтылар ой мен мән-мағына жыршының өзін ғана емес, назар қойып тыңдап отырған тыңдарманнның өзін де философиялық ойға жетелеп, түпсіз шыңырау шырғалаңға емес, әуелеп қалқып тым көкке, қанаттандырады, алға ұмтылдырып жетелейді.Жырдағы әр кейіпкермен бірге күйінсе күйініп, сүйінсе сүйініп, қиналған кейіпкердің өз мақсатына жетуіне тілектес болып отырады.
Оның қазір қолда бар өлеңдерінен ірі сөз зергері, терең ойшыл ақын екенін танимыз. Жырау туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлілігімен көздегенін орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, сұлу сазды көркемдігі, асау серпінді қуатымен ерекшеленеді
Жырау Болатбек Ердәулетұлы елге жалынды жырларын арнады, халқын сол елі үшін қызмет етуге үндеді, керек болса, жанын пида етуге шақырды. Халқы үшін қан майданда шайқасқа түсіп, елін, жерін сыртқы жаудан қорғаган әйгілі халық батырларының ерліктерін жырлады.
Жырау Болатбек Ердәулетұлы өз артына өмір туралы, атамекен, туған ел туралы және жауынгерлік тақырыптағы сан алуан мазмұнды туындылардан құралған мол мұра қалдырды.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада жырау Болатбек Ердәулетұлының жырлаған дастандары мен арнау, толғау термелерінің көркемдік ерекшеліктері туралы терең сөз қозғалады.
Резюме.
В статье обсужден вопрос о мастерстве народного жырау Болатбека Ердаулетулы в исполнении эпических и других производении.
Summary
The article discussed the skill off the national bard Bolatbek Erdauletuly in the performance of the epic work