Президентіміз Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында (2002ж.сәуір) – “Село – бұл халық өмірінің образы, мәдениеті мен дәстүрінің, салты мен рухани өмірінің қайнар көзі. Тек қана осы факторлар жиынтығы ғана бізден ауыл мәселелеріне өте сергек қарауымызды талап етеді… Біз тек ауыл тұрғындары ғана кез-келген халықтың генетикалық белгісі болып табылатындығын ұмытпауымыз қажет” деп көрсеткен.
Шағын комплектілі мектептерде жұмыс істейтін мұғалімнің еңбегі бірнеше факторларға байланысты өзіндік ерекшеліктерге ие. Шағын комплектілі мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдерге тән бұл ерекшеліктер негізінен мынадай болып табылады:
Шағын комплектілі мектептердің мұғалімі бірнеше пәннен сабақ бере алатын, әсіресе бастауыш буында бір мезгілде әртүрлі құрамда қамтылған бірнеше сыныппен қатар жұмыс істейтін мұғалімдер болып табылады.
Шағын комплектілі мектептің мұғалімі бір сыныптан екінші сыныпқа өтуге бейімделуге, балаларға педагогикалық әсер теудің әртүрлі әдіс-тәсілдері кешенін меңгеруге, оқушылардан сабақ сұраудың әртүрлі формаларын қолдануға дайын болуы қажет.
Ересек адамдармен жұмыс жүргізудің де өзіндік ерекшеліктері бар. Шағын комплектілі мектептің мұғаліміне оқушылардың ата-аналарымен және село тұрғынадарымен жұмыс жүргізгенде олардың ерекшеліктерін ескеруіне тура келеді.
Шағын комплектілі мектептің мұғалімі ауылда ерекше рөл атқарады. Ол өзінің көпқырлы қызметінде ағартушы, тәрбиеші, кеңесші, шығармашылық істер иесі және т.б. қызметтерді орындайды.
Шағын комплектілі мектептер үшін кадрларды арнайы даярлау жоғары оқу орнындағы немесе оның жекелеген бөлімдеріндегі педагогикалық процесті қайта құруды қажет етеді. Бұл жерде шағын комплектілі мектепте жұмыс істейтін мұғалімнің реалды жағдайын ескеру қажет. Сыныптардың шағын комплекстілігін, кәсіби қарым-қатынастың шектеулілігін міндетті түрде есепке алу керек. Министрдің баяндамасында 77 пайыздан астам мектептердің ауылдық жерлерде орналасқандығы, соның ішіндегі 65 пайызы шағын комплектілі мектеп екендігі айтылған. Бірінші кезекте бұл бірнеше мектеп пәндерін өтуге қабілетті кең профильді мұғалімдерді даярлауға көшуді қажет етеді. Бір профильді, тіпті екі профильді оқытудың дәстүрлі формасы шағын комплектілі мектептер талаптарын қанағаттандыра алмайды.
Жас мұғалімдер базалық білімдері болмаса да басқа пәндерден сабақ жүргізуге мәжбүр болады. Ол мұғалімдердің жұмыс істеу сапасы мен оқушылар білімінің төмен болуына алып келеді. Кейбір ауыл мектептерінде педагогикалық емес жоғары оқу орындарының түлектері мұғалімдік қызмет атқарады. Осыған байланысты мұғалімдердің біліктілігін арттыру және педагогикалық мамандықтағы жоғары білімі бар мамандарды қайта даярлау мәселесі өте көкейтесті болып табылады. Ауыл мұғалімінің қызметі мектеп көлеміндегі оқыту және тәрбие жұмыстарын ұйымдастырумен ғана шектеліп қоймайды. Ол кәсіби – педагогикалық қызметін орындаудан басқа ауыл тұрғындары үшін рухани, мәдени, интеллектуалдық тұлға ретінде “ағартушылық” қызметті да атқарады.
Жоғары оқу орнында шағын комплектілі мектептердің ерекшелігінде жұмыс істейтін болашақ мамандарды даярлау мәселелеріне көңіл аудару қажет. Ауылдан келіп оқитын мамандардың өздері ауылға қайтып барғысы келмейтінін тәжірибе көрсетіп отыр. Өйткені, олардың студенттік жылдарында “ауыл тіршілігінен әлеуметтік алшақтау” феномені қалыптасып қалады.
Соңғы жылдары бұл проблемалардың мәнін түсіне отырып, ауылдағы шағын комплектілі мектептер үшін мұғалімдер даярлауды қайта бағдарлау бойынша белгілі қадамдар жасалды.Шағын комплектілі мектептер үшін мұғалім даярлаудың тағы бір жолы – дипломға қосымша мектепте қосалқы пәндерді жүргізуге құқық беретін факультативтік курстар жүргізудің негізінде құжат беру.Бірақ бұл жерде қосымша мамандық үшін топтар құруға мүмкіндік беретін студенттерді бөлуді ерте қолға алған жөн (ең болмағанда бітіруден бір жыл бұрын).
Ауылдағы шағын комплектілі мектептер үшін кадрлар даярлауда жоғары оқу орнының педагогикалық процестегі потенциалдық мүмкіндігі қандай, бұл бағытта біз нақтылы не істеп жатырмыз?
Педагог-ғалымдардың негізгі міндеттері шағын комплектілі мектептердегі пәндерді бір мезгілде және параллель оқытуды жетілдірудің теориясы мен әдістемесін зерттеп, мұғалімдер мен оқушылар үшін дидактикалық материалдарды жасау болуға тиіс.
Қазіргі уақытта шағын комплектілі мектептер үшін мұғалімдер даярлауды жетілдіру мақсатында университет жанында әртүрлі кафедралар оқытушыларынан тұратын шығармашылық топ құрылған. Ондағы мақсат – ауыл мектептерінің сұранысы мен кәсіби тапсырысына байланысты әдістемелік көмек көрсету.
Ауылдық жерлердегі жас мұғалімдердің көптеп кетуі бізді алаңдатады. Бүгінде мектеп көптеген ауылдардағы өмір мен тіршіліктің соңғы ошағы болып отыр. Мектеп бар жерде – тіршілік бар, мектебі жоқ ауылдың болашағы да жоқ.
Ұсыныс дегенмен ең дұрысы бірнеше ауыл үшін жақсы бір мектеп салу қажет. Қандай ауа райы болмасын, қандай қиыншылық болмасын балалардың сабақтан қалмауын тек қана жергілікті әкімшілік қана емес, ауыл тұрғындары болып, бірігіп ұйымдастырған жөн.
Қорытындылар мен ұсыныстар:
Жас мұғалімдер үшін жеңілдіктер беру қажет (коммуналдық қызмет, үстеме ақы төлеу, пәтер беру және т.б.), яғни шығармашылықпен жұмыс істеуге жағдай жасау.
Заман талабына сай оқулықтар жазу. Ол оқулықтардың мазмұны жаңа білімдермен қамтылған болуы және кеңейтілген блоктардан тұруы тиіс.
Шағын комплектілі мектептерді болашақ адамзат қоғамының мәдени орталығы етуге мүмкіндік беретін “Туған өлкеміздің салт-дәстүрлері”, “Түркі халықтарының тілі мен жазуы”, “Біздің өлкеміздің тарихы” деп аталатын әртүрлі модульдерден тұратын “Халықтану” оқу пәнін ауыл мектебіне енгізу қажет.
Оңтүстік қазақстан облысының нақтылы аудандарындағы шағын комплектілі мектептерге нақтылы ғылыми-әдістемелік және практикалық көмек көрсету үшін педагогикалық мамандықтағы кафедраларды бекіту.
Облыс көлемінде облыстық білім беру департаментінің өкілдері мен үздіксіз білім беру институты өкілдерінің ғалымдар мен әдіскерлердің және беделді педагогтардың, психологтардың қатысуымен шағын комплектілі мектептердің өзекті аспектілері бойынша кеңес құру.
Бұл проблеманың бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі екендігінепедагог қауымның назарын аудартатын ОҚО-ның ең жақсы шағын комплектілі мектебі конкурстарын жариялау. Мұндай конкурстар өткізу:
шағын комплектілі мектептердегі оқыту мен тәрбиенің көкейкесті педагогикалық әдістемелері мен технологияларын анықтауға және жариялауға;
заман талабына сай ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық, ақпараттық тұрғыда қамтамасыз етілуге;
ауылдық жердегі педагог қызметкерлерінің белсенділігін арттыруға, шығармашылық потенциалын дамытуға мүмкіндік береді.
Педагог кадрдар дайындаудың көкейкесті мәселелері бойынша семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізу.