- Мұғалімнің кәсіби деңгейінің жиынтық көрінісі.
Қазіргі кезде білім беру үрдісінде сабақтың дәстүрлі емес, яғни жаңа түрлері қолданылып келеді. Олар – тренинг сабақтар, дебат сабақтар. Бұл сабақтардың негізгі мақсаты – оқушылардың қисынды ойлау қабілетін дамыту. Сондықтан университет жағдайында болашақ педагогтердің таным белсенділігін арттырып, оларды оқу-тәрбие үрдісінде инновациялық технологияны пайдалануға дайындау қажет. Ол үшін студенттердің үнемі ізденуіне жол беріп, кәсіби шығармашылық әрекетін қалыптастыру керек.
Бүгінгі біздің қозғап отырған мәселеміз, мұғалімнің жан-жақтылығы. Жалпы мұғалім ол тек білім беруші ғана емес, бала жүрегіне жол табатын психолог болуы шарт. Ал мұғалім әлемдік білім беру жүйесінен мол ақпарат алып отырса, оның шәкіртке берген білімі нәрлі болады, кәсіби даярлығы мол мұғалімнің ілімі ғұмырлық сақталады деген тұжырым жасаймыз.
Бала бойына білім нәрін себетін басты тұлға – ұстаз. Яғни жас ұрпақты оқытуда тиімді жағдайлар жасау көбіне мұғалімге тікелей байланысты. Мемлекетіміздің жарқын болашағы мен гүлденуі үшін қазіргі жоғары оқу орнында мұғалім қандай болуы керек? деген заңды сұрақтар тууы сөзсіз. Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі оқу орнына ойшыл, зерттеуші, өз ісіне қатып қалған қасаңдық пен жаттандылықтан аулақ, өмірлік қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген, психолог-педагогтік диагностика қоя білетін іскер мұғалім қажет.
Мұғалімнің кәсіби біліктілігін шыңдаудың үздіксіздігі оның шығармашылық қабілетінің дамуының кепілі және өзіндік жеке педагогтік тәжірибесінің дамуының алғы шарты болып табылады. Ұстаздың кәсіби шеберлігінің негізі:
Біріншіден, мұғалімнің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымы.
Екіншіден, пәнді жетік білуі, ойын оқушыларға толық жеткізу үшін жан-жақты қасиеттерді бойына сіңіруі, моральдық нормаларды білуі.
Үшіншіден, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін міндетті түрде меңгеруі тиіс. Педагог көп біліп қана қоймай, сол білгендерін оқушыға бере білуі қажет.
Ұстаз шеберлігінің төртінші құрамды бөлігі педагогикалық әдеп деуге болады.
Сонымен, педагогтік шеберлік – тек қана мұғалімнің жалпы жан-жақты және әдістемелік сауаттылығы ғана емес, ол — әр сөзді оқушыға жеткізе білуі, олардың толық қабыл алуын, толғанып бойға сіңіруін үйретуі.
Педагогикалық әдеп – мұғалімнің әрбір нақты іс үстінде тәрбие мәселесінің ең ұтымды әдіс-тәсілдерін қолданып оқушыларды еліктіріп әкететін кәсіптік сапасы. Оқушылармен қарым-қатынас тұрғысынан қарағанда педагогикалық әдеп мұғалімнің жан-жақтылығының, оның идеялық сенімінің, жүріс-тұрыс мәдениетінің, жалпы және арнаулы білімінің, мамандығына байланысты ізденіс жемістері қорының жиынтығы іспетті. Шебер педагог болмай тұрып әдепті педагог болу әсте мүмкін емес.
Қазіргі заманда білім беру әлеуметтік құрылымның маңызды элементтерінің біріне айналды. Дүние жүзінде білімнің маңызды рөлі артты. Адамның болашағы оның қазіргі алған білімінің сапасына, көлеміне, ойлау деңгейіне байланысты.
Мұғалімнің кәсіби деңгейі мен әлеуметтік беделі оқушы жүрегіне жол таба білумен мөлшерленеді. Бүгінгі күн талабы тұрғысынан қарасақ, оқыту ісі тек сабақ беру ғана емес, оқытудың басты міндеті: мұғалімнің білім беруі және оқушының білім алу қызметтерінің біріккен түрі екендігінде. Өскелең заман әрбір студенттіжеке тұлға ретінде тәрбиелеуді қажет етуде. Сондықтан студент қызметін басымдау етіп, үйренуші тұлға тек шәкірттер екенін ескеріп, білім беру ісін ұйымдастыруды дамыту жоғары оқу орынының бүгінгі басты нысанасы болмақ. Ұстаз шәкірттің білім алуға деген құлшынысын тудыра алмаса, оның ынтасы, пәнге қызығуы қалыптаспайды. Өйткені, мұғалім тақырыпты бастан-аяқ талдап, өзі түсіндіріп, тек аз уақыт оқушының жаттығуды өзі орындауына ғана көңіл бөледі. Ал қазіргі жаңа технологияға байланысты білім беруді студент өзі ізденіп, жаңа тақырыпты оқып, түсініп, пәнге байланысты әдебиеттермен жұмыс жасап, жолдастарымен ой бөліссе, өз білгенін көпшілікке жүйелі түрде жеткізе алса, онда ұстаз нәтижеге қол жеткізеді.
- Кәсіби шебер мұғалімнің бойында мынадай қасиеттері болуы тиіс:
- сергектік, байқағыштық;
- сезімталдық;
- сенім;
- әділдік;
- байсалдық;
- ұстамдылық, төзім, сабыр сақтау;
- ілтипаттық.
Бүгінгі таңда жоғары оқу орнындағы студенттерге білім берудің сапасы мен деңгейін жан-жақты көтеру жаңаша ойлайтын, оқыту мен тәрбиенің жаңа технологиясын күнделікті жұмысында қолдана білетін оқытушылардың қолынан ғана келеді. Жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру, ең алдымен, мұғалімнің кәсіби даярлығына, оның іс-тәжірибесінің қалыптасуына байланысты. Сондықтан болашақ мұғалімнің кәсіби біліктілігін жоғары оқу орнында жүйелі қалыптастыруға тиіспіз. Әсіресе, болашақ мұғалімдерді оқытуда тиімді әдіс-тәсілдерді, озат тәжірибелерді сараптап, шығармашылықпен жұмыс атқарып, олардың жеке шығармашылығын қалыптастыруға көңіл бөлу қажет.