Педагогикалық шеберлік –педагогикалық мәдениеттің компоненті ретінде

  1. Педагогикалық шеберлік туралы.

Қазіргі қоғамға сай жеке тұлғаны қалыптастыру міндетінің күрделілігі мен әр қырлылығы педагогикалық шеберліктің мәселелерін, қазіргі тәрбие теориясы мен практикасы үшін ерекше өзекті етеді. Себебі, орыс және қазақ педагогикасының классиктері, болашақ мұғалімдерді оқытуда педагогикалық шеберлікті қалыптастыру мәселелерінің маңыздылығын барлық уақытта естен шығармады. Ол бүгінгі күннің де өзекті мәселесі болып, күн тәртібінен түскен жоқ, ал маңыздылығы қайта бұрынғыдан да арта түспесе кемемес.

Сондай-ақ, тәжірибелі педагогтың ықпалынсыз тұлғаның рухани дүниесін өзгерту мүмкін емес, себебі ол оқушының сенімі мен қажеттілігін, қабілеті мен практикалық дағдыларын қалыптастырады.

Мектепке шебер – педагог өте қажет.

Педагогикада кәсіби қызметтің сапасын анықтайтын біртұтас әрі жүйелі түсінік “педагогикалық шеберлік” болып таблылады. Орыс тілінің сөздігінде “шеберлік белгілі бір саладағы өнер” деп анықтама берілген. Ал шебер өз ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізген маман делінген (С.И.Ожегов, 1990). Педагогикалық шеберлікті адамның педагогикалық жұмысындағы жоғары өнерге қол жеткізген ерекше қалпы ретінде қарастыра отырып, оның кәсіби қызметтік жеке тұлғалық тұрғыдан өзіндік өлшемі бар екенін ескеру қажет.

Педагог түрлі ғылым саласында озық білімді меңгерумен шеберлікке қол жеткізе алады ма?

Өз әріптестеріміздің тәжірибесінде қызметінен көре аламыз ба?

Жоқ, себебі педагог сағат сайын айналадағы өзгерістерді, жаңалықтарды қамтып, ғылымның заңдылықтарына сүйену арқылы әдемілік пен тәрбиелілікті жеткізе білуі керек. Бұл жағдайда ең объективті заңдар туралы сөз болып отырғанын, яғни нақты бір адамның – педагогтың өмірге көзқарасы, қарым – қатынасы туралы екенін түсіну маңызды болмақ.

Педагогикалық шеберліктің кейбір анықтамаларының мазмұнын кеңес дәуірі мен қазіргі отандық ғылыми — әдістемелік әдебиеттерден қарастырамыз.

Педагогқа қойылатын талаптар туралы ағарту саласы бойынша халық комиссары А.В.Луначарскийдің мақалалары мен басылымдарда жарияланған сөздерінен білеміз. 1928 жылы тәрбиешілер мен қоғам қайраткерлерінің мәжілісіндегі сөзінде , ол педагогқа жүктелетін жауапкершілік ерекше екенін атап айтқан: “егер алтын құятын шебер оны бүлдіріп алса, оны қайта құюға болады, егер асыл тастар бүлінсе іске алғысыз болып қалады, бірақ ең зор бағажетпес гауһар — өмірге келген адам. Адамды бұзу ең ауыр қылмыс немесе күнәсіздіктің үлкен күнәсі. Бұл материалмен алдын ала не істейтініңді анықтап, нақты , айқын жұмыс істеу керек” дейді.

Н.К.Крупская  1932ж жарыққа шыққан “Мұғалім туралы” деген мақаласында “үлгілі мұғалімнің мерилі” ретінде төмендегі критерийлерді анықтады:

  • мұғалім өз пәнін, әрбір оқушыны, еңбекті ұйымдастырудың ғылыми негіздерін білуі керек;
  • оқытудың әдістемесін меңгеруі;
  • оқу және тәрбие жұмыстарын ұштастыра білуі;
  • оқушының қабілетін оята білуі қажет.

Педагогикалық шеберлік мәселесі туралы А.С.Макаренконың пікірлеріне сүйенер болсақ, оның дәлелдеуінше шеберлік – бұл “тәрбие процесін шын мәнінде білу, тәрбие ісінде біліктің болуы”. Бұл жөнінде ол:Мен білік пен дағдыға шеберлік қана мәселені шеше алатынына өз тәжірибемде көз жеткіздім” дейді. Одан әрі жоғарыда келтірілген шеберлік туралы түсінікті нақтылайтын ережелер қатары кездеседі, “дауысты келтіру — өнер, көзқарасы мен қозғалысы, тұру, отыру, орындықтан көтерілу, күлу бәрі — өнер болып табылады”. Мен өзімді нағыз шебер болдым деп есептедім, тек “мында кел” деген сөзді 15 – 20 түрлі етіп айта алатын, дауысымды, бет — әлпетімді 20 түрлі құбылта отырып, кімді болса да өзіме шақырғанда келетіндей және не істеу керек екенін бірден түсінетіндей дәрежеге жеткенде ғана” дейді.

Кеңес педагогикасы педагогикалық шеберлік корифейінің мәнін мінез-құлық білігінің кең ауқымында қарастырады.

В.А.Сухомлинский бұл түсінікке нақты анықтама бермейді, дегенмен, ол педагог тұлғасы тәрбиеленушіні тәнті ететін, өзіне тарта білетін, рухтандыратын болуы керек деген пікір айтады. Ол: “идеалдар мен қағидалардың, көзқарастары мен талғамының, симпатия мен антипатияның, моральдық — әдептілік қағидаларының педагогтің сөзі мен ісіндегі гармоналды тұтастығы – міне, осындай қасиеттер жалындаған жас ұрпақтың жүрегіне жол табатын шоқ жұлдыз болады” дейді. Сондай-ақ ауызбіршілік тәрбиеші үшін органикалық қажеттілігі ретінде өте маңызды, әрі жан дүниесін, жеке бақытын, ой санасын онсыз елестете алмайтын өмір заңы екенін айтады.

А.И.Щербаков педагогикалық шеберлік – мұғалімнің ғылыми, әдістемелік өнерінің, білігі мен дағдысының , жеке қасиеттерінің үндесіп, үйлесуі деп есептейді. Мұндай үйлесімді тұтас әдістемелік өнер тек шығармашылықпен ғана туындайтыны айдан анық. Бұл өнердің басты атрибуты — өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен орындау дейді.

Ю.П.Азаров тәрбиешінің шеберлігінің маңызы туралы айта келіп, оның мәнін төмендегіше ашады: “педагогикалық шеберліктің негізі бала тәрбиесінің заңдылығын білу болып табылады” дейді. Одан әрі шеберлікті құрайтын құрамдас бөліктерінің өзара әрекеті туралы айта келіп, шеберлікке берген анықтамасын дамыта түседі: “сезім мен техниканың өзара әрекеті педагогтің жеке тұлғаға немесе ұжымға жаппай эмоционалды образды ықпал жасауына әкелетінін” айтады.

Міне, шеберліктің құдіреті – осындай тұтасқан үйлесімде. Ю.П.Азаров қалың оқырман қауымына арнаған публицистикалық басылымында: “мен шеберліктің формуласын қайта-қайта айта беруге дайынмын, оның мәні: технология, қарым – қатынас, тұлға сияқты үштікте” дейді. Шеберлік… істейтін ісіміздің материалдық жағында болуы керек, мен технология деп атап отырған бұл технологияны кешіктірмей іске асырсақ, соның арқасында қарым-қатынас жасалады. Ал бұл қарым-қатынас мені және мен қатысатын балаларды қалыптастырады деген екен.

Н.В.Кузьмина шеберлікті маманның өз жұмыс жағдайын зерттеп, зерделей білуі, кәсіптік міндеттерін оңтайлы шешу үшін кәсіби біліктілікті, дағды мен білікті меңгеруі деп анықтайды.

Н.В.Кузьминаның пікірінше, педагогтың кәсіби шеберлігі тәжірибе мен оқу міндеттерін шеше білуді жоғары деңгейде меңгеру. Бұл жалпы еңбек пен жалпы интеллеутуалдық білік қалыптасқанда ғана жеткілікті биік дәрежеге ие болады (талдау, синтездеу, жалпылау, ауыстыру, нақтылау саласында).

Ю.К.Бабанский “мұғалім – кәсіби технологияны еркін меңгерумен, шығармашылығымен бала оқытуда және тәрбиелеуде ерекше шебер” деп көрсетеді. Сондай-ақ автор педагог еңбегінің қарапайым қырларын дұрыс талдау және педагогтық оптималды шешім жасау мен оқушының жеке басы сияқты қасиеттерге тоқталады.

Н.В.Кухарев мұғалімнің белгілі дәрежедегі педагогтық шеберлігін қарастырудың дұрыстығын айта келіп, оның шеберлігі психологиялық – педагогтік дайындығының жоғары деңгейіне негізделуі шарт дейді.

Павлютенкованың ойынша, мұғалімнің кәсіби шеберлігін төмендегі компоненттер құрайды:

а) тұлғаның қажеттілік – мотивациялық саласы;

б) операциялық – техникалық саласы (интегралдық бірігу, жалпы арнайы білім мәнділігімен сипатталады);

в) тұлғаның өзін-өзі тануы.

В.А.Сластениннің педагогикалық шеберлікке берген анықтамасы Ю.П.Азаровтың пікіріне жақын, ол педагогтік шеберлікті педагогикалық технологиямен өзара байланыстырады, дегенмен, ол тек операциялық компоненттермен шектелмеуі керек, адамның жеке іскерлігі мен оның бойында педагогтік процестің жоғары тиімділігін анықтайтын қасиеттерінің сабақтасып жатуы керек деген пікір айтады.

И.П.Адриади педагогикалық шеберлікті жеке тұлғаның рухани-әдеп және интеллектуалдық дайындығы, қоғамның әлеуметтік – мәдени құндылықтарын шығармашылықпен ұғындыратын қасиеті деп қарастырадлы және де теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруда кәсіби білік, дағдының болуы маңызды деп атап көрсетеді.

В.А.Мижериков және М.И.Ермоленко педагогикалық шеберлік педагогтік қызметтің дамуының биік сатысын жасай отырып, педагогтің педагогикалық технологияны игеруін, кәсіби және азаматтық бағытын, тәжірибесін, бүтіндей тұлғасын көрсете алатынын айтады. Педагогтік шеберліктің мәні жоғары нәтижеге қол жеткізетін білімді, білік пен дағдыға ұштастыру арқылы жүзеге асқан қызметтің деңгейімен анықталады.

В.П.Куравлеваның анықтамасында педагогтік шеберлік “… теориялық негіздемелер және мұғалім мен оқушының арасын жоғары ақпараттық дәрежеде байланыстыратын педагогикалық іс-тәжірибелер мен операциялардың тұрақты жүйесі” делінген. Осы анықтаманы өрбіте отырып, автор теориялық білім мен жоғары дамыған практикалық біліктің үйлесіп біртұтас болуы шығармашылықпен бекітіледжі деп ой қосады. Шеберліктің нақты көрсеткіштері оқытушының ісінде, оқу – тәрбие жұмыстарында, еңбек сапасында, міндеттерін жауапкершілікпен орындау кезінде көрінеді.

  1. А.А.Сидоров, М.В.Прохорова және Б.Д. Синюхин педагогтік шеберлік педагогикалық мәдениеттің тірек компоненті деп есептейді және шеберлік сан алуан оқу-тәрбие ісіне байланысты міндеттерді табысты шешуде педагогтің жеке басының қасиеттерімен қоса оның психологиялық – педагогикалық ойлауы, кәсіби білігі, дағдысы мен эмоциясы өзара сабақтастық табатын ерекшеліктері деп анықтайды.

Педагогтің жеке-дара мәдениеті – тұлға әлемі. Мұғалім мәдениеті өзін-өзі жетілдіру үшін педагогикалық еңбектің мақсатын және оларға жету тәсілдерін еркін таңдауға мүмкіндік беретін кәсіби іс-әрекет пен өзіндік сана-сезім негізінде қаланады, іс-әрекеттің кәсіби және интеллектуалды тәжірибесін меңгеру жағдайында туындайды.

Кәсіби мәдениет – еңбек нәтижесі мен адамзаттың жалпы мәдениетінің өнімі. Тұлғалық мәдениет дегеніміз, әлеуметтік іс-әрекеттің әр түрлі формалары арқылы әлеуметтік шараларды ережеге сәйкес өзін-өзі жүзеге асыруы, ал білім беру жүйесінде педагогтің қызметтік мәртебесіне барабар. Мұғалім-кәсіпкердің әлеуетті құндылығы осы мәдениеттің кірігуі мен тұтастығын қамтамасыз етеді. Мәдениет өзін-өзі реттеу негізінде әлеуметтік-кәсіби ортада қалыптасып дамиды.

Дүниені танудың алғашқы түрі ғылыммен көрсетілсе, екіншісі мәдениетпен анықталады. Білім беру жүйесінің маңызды мәселесі ретінде көптеген ғалымдар болашақ мұғалімдердің мәдениет танымдық дайындығын алға тартады. Өйткені, педагогика ғылым мен мәдениетті негіз ретінде алып қарастырады, себебі, арнайы зерттеулер мамандардың жоғары дәрежедегі іс-әрекетін:

Біріншіден, оның мәдениеттілігіне байланысты деп санайды.

Екіншіден, оқу үрдісі тек арнайы кәсіптік білім алу емес, қазіргі мәдениетке сай өмір сүруіне, тәрбиеленуіне байланысты болады дейді ғалымдар пікірінше.

Үшіншіден, қазіргі маман – ол ойлау жүйесі жетілген, қоғам мәселесіне байланысты өз пікірі бар, қарым-қатынас жасай алатын мәдениетті тұлға.

Төртіншіден, көптеген ғалымдар адамның руахни сезімін қалыптастыру үшін қазіргі әлем мен отандық мәдениетке бейімделу керек деп есептейді.

Бесіншіден, болашақ мұғалімдерді дайындау мақсатында алдымен мәдениет танымдық дайындығын көтеру үшін “жалпы мәдениет деген не?” деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.

Қазіргі ғылымда нақтылы мәдениеттің анықтамасы қалыптасқан жоқ. Себебі, мәдениет жан-жақты қарастыруды керек ететін ілім. Ал философияда бірнеше пікір қалыптасқан. А.Здравомыслов, А.Ядов, О.Дробницкий мәдениет тұлғаның іс-әрекетін қалыптастыратын әмбебап механизм деген анықтама берсе, мәдениет – материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы деген пікірді В.Пираринов, Ю.Ефимов, И.Громов, А.Арнольдов, Н.Чавчавадзе,т.б. білдірген. Ал мәдениет – қоғамдық өмірдің әлеуметтік және рухани ортасында тұлғаның шығармашылық қырын көрсетеді деген ойды В.Библер, Н.Злобин, А.Леонтьев, И.Ильясова айтып жүр. Э.Маркаряннің пікірінше, мәдениетті жасайтын — күш. Белгілі американ психолог-гуманисі А.Маслоу: “Мәдениет біздің психологиялық және биологиялық табиғатымызға өте жақын, сондықтан оқытудың негізі ретінде қарау керек” -дейді.

Сонымен, мәдениет деген не?

Мәдениет пен өркениеттіліктің өзара байланысы қандай?

Мәдениет – адам әрекетінің, саналы қызметінің көрінісі. Олай болса, сол әрекеттің қызмет нәтижелері де мәдениет дәрежесін паш етеді. Мәдениет адамсыз жаралмайды. Адамның дамуы мәдениетке тікелей байланысты.

Мәдениетті түсіну үшін тарихи дәуірді білу, сол қоғамдағы өндірістік қатынастардың қандай болғанын анықтау, өмір салты мен рухани дүниесі қандай ерекшеліктермен анықталатынын ажырата білу қажет. Ендеше мәдениетті адамның іс-әрекетін оның қоғамдағы қызметінен бөліп алып қарау мүмкін емес.

Л.А.Байкова, Л.К.Гребенкиннің дәлелдеулерінше, педагогикалық шеберлік – бұл мұғалімнің шығармашылығымен, оқыту өнерін үздіксіз жетілдіруімен пайда болатын педагогикалық шеберліктің жоғары деңгейі деседі. Алғашқы анықтаманы нақтылай келе, олар педагогикалық шеберлік:

  1. Біріншіден, педагогтің жеке тұлғасына, жеке басының қасиеттеріне байланысты, оның бұл қасиеттері кәсіптік қызметін өз бетінше ұйымдастырудың жоғары сатысына қол жеткізуіне жол ашады дейді. Яғни, шебер – педагог бойындағы жеке қасиеттер жиынтығы, оның оқу-тәрбие жұмысын жақсы жүргізуіне септігін молынан тигізбек. Олардың ішіндегі ең маңыздылары азаматтық және патриотизм, гуманизм және зиялылық, жоғары рухтағы мәдениеттілік пен жауапкершілік. Өте маңызды деп адамсүйгіштік және адамдармен тіл табысу атап айтылған.

Одан әрі авторлар педагогикалық шеберлік анықтамасына тоқталады және технологиялық негізгі компоненттері жалпы биік мәдениет пен ізгілендіру бағыты болатын көзқарастар жүйесі – кәсіби білім, қабілеттілік, шығармашылық технологиялық құзірет болып табылады деген тұжырым жасайды.

А.М.Новиков педагог тұлғасының әлеуметтік рөлі өлшеусіз артып келеді, ол педагогтың жалпы және кәсіби мәдениетінде, қарым-қатынасында, әдебінде, оның жан дүниесі байлығында. Автор бүгін педагогты кітаппен, дербес компьютермен немесе қашықтан оқытатын басқа құралдармен ауыстыруға болмайтынына көз жеткіздіреді. Осылайша нені үйретесің, қалай үйретесің, немен үйретесің, кім үйренеді деген шынайылық тұрады. Осыған байланысты А.Н.Новиков педагогикалық шеберліктің мазмұнын жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайда ашып береді, оқушыға өз мақсатына-мұратына тез жетсем, өз орнымды тапсам деген ой салу педагогтың дарынына байланысты екеніне назар аударады. Педагогикалық шеберлік туралы түсініктерді талдай келе төмендегі пікірлерге мән берейік.

А.Б.Орлов өз мақаласында “шебер” және “жасаушы” деген түсініктердің оптималды қатысын негізге алады, “шебер” “жасаушының” құлы болады, ал шеберлік – шығармашылық құралы деп жазады (өзектендіру)”. Бұл дегеніңіз педагог тиімді әрі іс-тәжірибеде ақталған әдістерді шебер меңгерген, бірақ оларды өзінің жеке кәсіби жаңалықтарымен байытуға ұмтылмайды, өзінің шығармашылық потенциалын іске асыра алмайды. Дегенмен, педагогикалық шеберлікті қажетті және жеткілікті деңгейде игермесе, кез-келген маманға өзінің кәсіби саласында шығармашылығын өмірге келтіру қиын болады.