Кәсіби педагогикалық қызмет – педагогтік шеберлікті қалыптастыру негізі

  1. Педагогикалық іс-әрекет және мұғалімнің психологиялық мәдениеті.

Педагогтің білім мен ақпаратты тасымалдаушы ғана болуы бүгінгі күнде жеткіліксіз. Ендеше бүгінгі мұғалім жоғары педагогикалық және психологиялық мәдениетті меңгеруі міндетті.

Психологиялық мәдениетке адамның психологиялық саулығы мен өзін-өзі және басқа адамды тануы, өзін-өзі ұстау және қарым-қатынас жасау мәдениеті жатады. Психологиялық құзырлылыққа педагогикалық іс-әрекеттің кәсіби міндетті шешуге қажетті психологиялық білімі мен іскерлік кешені кіреді. Ал адамның өзін-өзі таныта білу іскерлігі қоғамда аса маңызды.

Мұғалімдер шеберлігін арттыру мәселесі қай кезде болсын педагогика ғылымында алдыңғы орында тұрғандығы белгілі. Оны зерттеушілер еңбектерінен айқын аңғаруға болады. Мәселен, мұғалім қызметі формалары мен түрлі әдіс-тәсілі С.Гусев, П.Груздев, С.Иванов, А.Моисеев, М.Рубинштейннің, педагогикалық іс-әрекеттің ғылыми негіздері Н.Александров, В.Ильин, И.Огородников, А.Пискунов, Н.Кузьмина және т.б. зерттеулерінде кеңірек орын алған.

Қазіргі таңда да осы мәселе төңірегінде зерттеу жұмыстары қызу жүргізілуде (О.Абдуллина, Б.Айтмамбетова, В.Сластенин, А.Щербаков, Н.Хмель және тағы басқалар).

Педагогикалық іс-әрекет мәнін ашуда біз, ең алдымен мұғалімнің кәсіби іс-әрекеті мен жалпы іс-әрекет мәселесіне назар аударғанымыз жөн. Бұл іс-әрекеттің жалпы теориясы М.Демин, Н.Гордеева, Б.Зинченко, Г.Батищев, М.Каган, А.Леонтьев, т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады.

Дүниені танудың алғашқы түрі ғылыммен көрсетілсе, екіншісі мәдениетпен анықталады. Білім беру жүйесінің маңызды мәселесі ретінде көптеген ғалымдар болашақ мұғалімдердің мәдениет танымдық дайындығын алға тартады. Өйткені, педагогика ғылым мен мәдениетті негіз ретінде алып қарастырады, себебі, арнайы зерттеулер мамандардың жоғары дәрежедегі іс-әрекетін:

Біріншіден, оның мәдениеттілігіне байланысты деп санайды.

Екіншіден, оқу үрдісі тек арнайы кәсіптік білім алу емес, қазіргі мәдениетке сай өмір сүруіне, тәрбиеленуіне байланысты болады дейді ғалымдар пікірінше.

Үшіншіден, қазіргі маман – ол ойлау жүйесі жетілген, қоғам мәселесіне байланысты өз пікірі бар, қарым-қатынас жасай алатын мәдениетті тұлға.

Төртіншіден, көптеген ғалымдар адамның руахни сезімін қалыптастыру үшін қазіргі әлем мен отандық мәдениетке бейімделу керек деп есептейді.

Бесіншіден, болашақ мұғалімдерді дайындау мақсатында алдымен мәдениет танымдық дайындығын көтеру үшін “жалпы мәдениет деген не?” деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.

Қазіргі ғылымда нақтылы мәдениеттің анықтамасы қалыптасқан жоқ. Себебі, мәдениет жан-жақты қарастыруды керек ететін ілім. Ал философияда бірнеше пікір қалыптасқан. А.Здравомыслов, А.Ядов, О.Дробницкий мәдениет тұлғаның іс-әрекетін қалыптастыратын әмбебап механизм деген анықтама берсе, мәдениет – материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы деген пікірді В.Пираринов, Ю.Ефимов, И.Громов, А.Арнольдов, Н.Чавчавадзе,т.б. білдірген. Ал мәдениет – қоғамдық өмірдің әлеуметтік және рухани ортасында тұлғаның шығармашылық қырын көрсетеді деген ойды В.Библер, Н.Злобин, А.Леонтьев, И.Ильясова айтып жүр. Э.Маркаряннің пікірінше, мәдениетті жасайтын — күш. Белгілі американ психолог-гуманисі А.Маслоу: “Мәдениет біздің психологиялық және биологиялық табиғатымызға өте жақын, сондықтан оқытудың негізі ретінде қарау керек” -дейді.

Сонымен, мәдениет деген не?

Мәдениет пен өркениеттіліктің өзара байланысы қандай?

Мәдениет – адам әрекетінің, саналы қызметінің көрінісі. Олай болса, сол әрекеттің қызмет нәтижелері де мәдениет дәрежесін паш етеді. Мәдениет адамсыз жаралмайды. Адамның дамуы мәдениетке тікелей байланысты.

Мәдениетті түсіну үшін тарихи дәуірді білу, сол қоғамдағы өндірістік қатынастардың қандай болғанын анықтау, өмір салты мен рухани дүниесі қандай ерекшеліктермен анықталатынын ажырата білу қажет. Ендеше мәдениетті адамның іс-әрекетін оның қоғамдағы қызметінен бөліп алып қарау мүмкін емес.

Б.Ананьев “өмірде әрбір индивидке қажетті ойын, оқу, еңбек әрекеттері” десе, Ә.Алдамұратов “іс-әрекет деп адамның белгілі бір мұқтаждығын қанағаттандыруға арналған белсенді қылықтары” дейді. Сондай-ақ, оқу үрдісін әрекет тұрғысынан зерттеушілер де (П.Гальперин, Ф.Талызина, А.Маркова, Г.Щукина, т.б.) оқу әрекетінің жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көздеген нәтижеге жетуі тек қана оқу мотивтерінің дұрыс тәрбиеленуімен байланысты болатынын тұжырымдайды.

Оқу әрекетін дұрыс қалыптастыру үшін оның өзіне тән ерекшеліктері мен құрылымын, оқушыны дамытудағы атқаратын қызметін білу керек. Оқу әрекетінің өзге әрекет түрлерінен ең басты өзгешелігі: оқушының үнемі “жаңа дүниеге енуімен”, әрбір жаңа әрекеттің бөліктерін игерумен, әрдайым оның бірінен екіншісіне ауысып отыруымен байланысты.

Маманның кәсіби-тұлғалық дамуы деңгейінің бес негізгі критерийі бар: руханилық, кәсіби-біліктілік, кәсіби әрекетке операциялық-технологиялық дайындығы, шығармашылық белсенділік және бейімделу қабілеттілігі.

Рухани көрсеткіштер мына төмендегілер:

  • кәсіби-әрекетке саналы қызығу;
  • қарым-қатынас жасай білу, айналасындағылармен араласу;
  • адамдарды түсіне білуі;
  • адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру (ар-намыс, борыш, жауапкершілік);
  • сөзі мен ісі арасындағы байланыс;
  • рухани құндылықтарды бағалау.

Кәсіби – біліктілігінің көрсеткішіне жататындар:

  • болжам жасау қабілеттілігі (жұмысын жоспарлау, қиындықтарының алдын алу, т.б.);
  • әрекетінің жетістігі;
  • әрекетінің саналы деңгейі (ғылыми негізде жұмыс жасау);
  • стратегиялық, тактикалық міндеттерін белгілеу;
  • кәсіби әрекетте түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана білу шеберлігі;
  • күрделі кәсіби міндеттерді шеше білу;
  • әрекеттің мақсаттылық деңгейі;
  • түрлі әдістемелер мен технологиялармен жұмыс істей білу;
  • зерттеу жүргізе білу дағдысы;
  • студенттің тілін дамыту;
  • ұйымдастыру қабілеті.

Шығармашылық белсенділік көрсеткішіне мыналар жатады:

  • кәсіби әрекетте шығармашылық элементтерін қолдану;
  • шығармашылық материалының күрделі деңгейі;
  • өз шығармашылығын балаларға үйрете білу;
  • балалардың шығармашылық қабілетін дамыта білу.

Кәсіби әрекеттер жасау адамның біліктілігін кеңейтеді. Мұғалімнің өзін және әрекетін типтік құбылыс ретінде қарастыруға болады. Қызметіндегі рөлін жоғары бағалап, өзін соның бір бөлігімін деп сезінетін адамдар өте жиі кездеседі. Олар бар міндетін өз мойнына жүктеп, біртұтас, бөліп қарауға болмайтын үрдіс ретінде қабылдайды. Мысалы, оқытушы кәсіби нәтижеге жету үшін пәнді күшейту негізінде белгілі бір күш жұмсап, оқушыларға бақылау жүргізу қажет. Ол өзін “Бағалаушы” және “Сот” рөлінде көрсетіп, “Білімдар” имиджін әрқашан қорғауы керек. Бұл әдіс әр мұғалімге сәйкес келе бермеуі де мүмкін. Бірақ, ол өз имиджін қорғай алуы тиіс.

Белгілі ағылшын психологі Эверет Шостромның ойынша “Қазіргі заманда адам өзінің шексіз әдіс-тәсілдерінің нәтижесінде өзін шығармашылық жағынан және тікелей көрсете алады. Бірақ, өткенді тежеп, болашақты қауіпсіздендендіруге әлі мүмкіншілік аз” деген ой айтқан. Демек, әр адам белгілі дәрежеде манипулятор бола алады. Алайда, ізгіліктік психологияда манипуляторлыққа қарсы да әлеует бар. Мұны А.Маслоу, кейінірек К.ГольдштейнӨзін-өзі актуаландыру” деп бекіткен.

Мұғалімнің кәсіби манипуляторлықты қолдануы психологияда қорғану тәсілі делінеді. Ол ой-тілегін, ұсынысын еркін білдіруге, дамуына, өмірдің әдемілігі мен сан түрлілігін толығымен сезінуіне шек қояды. Психологтердің көпшілігі “өзін бағыттай бақылай алған адам — өзгере алу еркіндігі дамыған, сәтсәз кезеңді мерекеге айналдыра алатын адам” дейді. Еркіндіктің және өзін актуаландырудың алғашқы қадамы — өз әрекеттерін саналы түрде түсіне білу. Адам өмірге келе сала тәртіптеуші, амал табушы қасиетке ие болмайды, ол қасиеттерді кәсіби орта, көпшілік шыңдайды.

Ф.Перлздің айтуынша, адамның өзін және қоршаған ортасын қорғауында қайшылықтарға жиі кездеседі. Мұнда өзіне және өзгеге деген сенімсіздік мәселесі туады. Баланы қатал бақылап, сан қайтара тексеру шектен тыс болған жағдайда өзіне деген сенімсіздігі күшейеді. Ондай адам өзінен беделі жоғары адамнан қолдау іздейді.

Екінші себепті анықтаған Э.Фромм адамға тән қасиет – махаббат деп есептейді. Адам өзін-өзі сүйе білмесе, ол өзгені сүйе де, түсіне де алмайды. Өзін сүюі — өзінің әлсіз жақтарын, кемшілігіне дұрыс көзқараспен қарауы. Біз қиял қуып, қызылға қызығу салдарынан өзімізді де, өзгені де түсінбеушілікке тап болуымыз ықтимал. Осыған ұшыраған мұғалім үмітсіз болады әрі шәкіртін де дұрыс баули алмайды.

Үшіншісі, экзистенциялды мәселе – ол жалғыздықтан қорқу. Дж.Буженталь мұндай жағдайда адам өзін өмірдегі ең әлсіз, ең жалғыз адамдай сезінеді дегенді айтады.

Төртінші себебі – қиындықтан қорқу. Бұл мәселеге Э.Берн, ДЖ.Хейли, В.Глассер шығармаларында көп көңіл бөлінген. Қиындықтан қашқан кез келген адам еш әрекет қолданбай, шешімге келе алмай, тәжірибе жасап көруге тырыспай-ақ үнсіз жүре беруге бар.

Бесіншісі – манипуляция. “Бұл әдіс логикасыз әрекеттер” дейді Альберт Эллис. Оған беделін студенттер алдында түсіргісі келмейтін оқытушы мысал бола алады. Бірақ, барлық студенттер көзқарасы бірдей болуы мүмкін емес. Дегенмен сыйластық өзара қайтарымымен болса, онда осы нәтижеге жеткен оқытушының ісі әлде қайда жемісті болады.

Ақылдылыққа, сабырлылыққа еңбектенбей қол жеткізу мүмкін емес. Өзін актуаландыру үшін адам, ең алдымен, “Мен” және оның барлық қасиетін талдап, бағалай алуы қажет.

Жаңашыл педагогтердің әдістері тәжірибелік және теориялық педагогикада қаншалықты сенімді әрі маңызды болғанымен, әлі де жете түсінікті емес, елестету қиын. Зерттеулердің нәтижесі арқылы педагогикалық шеберлік пен ғылыми заңдылықтарды және алдыңғы қатарлы педагогтердің тәжірибелерін қолдану бірегей екенін көруге болады. Педагогикалық шеберлік не деген сауалға көптеген авторлар жауапты жемісті нәтижеге жеткен педагогтердің еңбектерінен іздейді.

Қазіргі заманда оқыту мен тәрбиелеу теориясы мынадай жалпы ғылыми және жалпы әдіснамалық ұстанымдарға негізделеді: ғылымилық, адамгершілік, диалектикалық теория мен жүйелілік, саналылық, қол жетерлік тәжірибелердің байланысы. Осы тәжірибелердің тексерілген ұстанымдық талдауына сүйенсек, оқыту мен тәрбиелеу, қарым-қатынас пен жекелену педагогикалық шеберліктің білім және басқа да заңдылықтар мен сабақтастығында ерекше қасиет. Бірақ, бұл заңдылықтар өздігінен шеберлікке ие болу жолдарын көрсетпейді және оның негізгі мінездемесі болып табылмайды. Толық жауап алу үшін психологиялық-педагогикалық теориялар мен тәжірибелер жетістіктеріне терең талдау қажет.

Б.Скиннердің айтуынша, “Үйрету технологиясы – психология жетістіктерін педагогикада қолдану”. Оқытудағы жаңа технологияның нығаюы тұлғалық қызметтің педагогикаға ықпал етуімен тығыз байланысты. Мұндай ықпал ету белгілі мағынада әрекетшіл және өзіндік парадигмаларды педагогикалық психологияда теңестіреді.

Өмір педагогиканың алдына ұстанымдық жаңа мәселелерді ұсынады.

Фрейдтың шәкірттері Вильгельм Рейх, кейінірек Фредерик Перлз адам ішкі жан дүниесіндегі қайшылықтарды жеңіп шығуы қиындықтан құтылудағы, өзгеруге тырысуындағы үрдіс болып табылады деп тұжырымдаған. Адам қиындыққа ұшыраса не қауіп төнсе уайымға беріледі. Яғни, төнген қатерді аса әсірелеп, күшейтіп жеткізу адамның қорғану әрекеттеріне шек қояды.

Мұғалімнің өзін-өзі актуаландыруындағы әрекеті өз талабы мен әлеуеттік мүмкіншілігіне негізделген. Өйткені, ол өзін дамыту, тәжірибелерін кенейту арқылы өз білімін көтеріп, білгенін өзгеге сіңіреді. Осы тұрғыдан алғанда, тұлғалық өсу заңдылығы өзін-өзі актуаландыру және қорғау, манипуляциялау қасиеттерін дамытудың балама жолдарын ұсынады:

  • адекватты қабылдауға тырысу, құштар болу;
  • өз бойыңа табиғилық, өзгергіштік қасиеттер дамыту;
  • өзіңді де, өзгені де сынаусыз қабылдай алу, философиялық көзқарас пен қалжыңды таразылай білу;
  • мүмкіншілігінше еркін жүруге, өз ойыңа және сезіміңе сенімді болуға, өзіңнің алдыңда адал болып, әр нәрсеге жауапкершілікпен қарай білуге тырысу керек;
  • өз шығармашылық қасиеттеріңді дамытып, мұқтаждығың мен қалауыңа мұқият болу қажет;
  • күресе білу, жинақылық, амал таба білу сияқты қорғану қасиеттерін танып білу, сезіну;
  • өзгемен бірлесе алу, оның өзіндік құқығын сыйлау, яғни өзіңді тең санау қасиеттерін дамыту.

Педагогикалық білім беруде оқыту мен тәрбиелеу технологиясына руханилық қосылмаса, онда күйреуге ұшырайды. Педагогикалық мәдениеттің прагматикалық және руханилылық бөліктерінің арасында органикалық байланыс бар. Педагогикалық еңбек адамның мәдениетті жасау мен дамытуда өз үлесін қосуына тікелей байланысты болады.

Педагогтің жеке-дара мәдениеті – тұлға әлемі. Мұғалім мәдениеті өзін-өзі жетілдіру үшін педагогикалық еңбектің мақсатын және оларға жету тәсілдерін еркін таңдауға мүмкіндік беретін кәсіби іс-әрекет пен өзіндік сана-сезім негізінде қаланады, іс-әрекеттің кәсіби және интеллектуалды тәжірибесін меңгеру жағдайында туындайды.

Кәсіби мәдениет – еңбек нәтижесі мен адамзаттың жалпы мәдениетінің өнімі. Тұлғалық мәдениет дегеніміз, әлеуметтік іс-әрекеттің әр түрлі формалары арқылы әлеуметтік шараларды ережеге сәйкес өзін-өзі жүзеге асыруы, ал білім беру жүйесінде педагогтің қызметтік мәртебесіне барабар. Мұғалім-кәсіпкердің әлеуетті құндылығы осы мәдениеттің кірігуі мен тұтастығын қамтамасыз етеді. Мәдениет өзін-өзі реттеу негізінде әлеуметтік-кәсіби ортада қалыптасып дамиды.

  1. Педагогикалық қызметтегі оқытушылардың инновациялық — креативтілік мәдениеті.

Мектеп оқытушысының “Инновациялық – креативтілік мәдениеті” ұғымы төмендегі мәдениеттерді қамтиды:

  • материалдық және рухани;
  • тұлғалық және әрекеттік;
  • қарым-қатынас және тәртіп;
  • ізгіліктілік және әдіснамалық.

Басқаша айтқанда педагогикалық мәдениет феноменін педагог-профессионал тұлғаның интегралдық сапасы ретінде, тиімді педагогикалық қызметтің шарты және алғы шарты ретінде, оқытушының кәсіби құзіреттілігінің жалпылама көрсеткіші ретінде және кәсіби өзін-өзі жетілдірудің мақсаты ретінде қарастыруға болады.

Әдістемелік негіздеу тұрғысынан инновациялық – креативті мәдениет моделін аксиологиялық, технологиялық және тұлғалық-шығармашылық элементтері құрайды.

  1. Инновациялық – кретивтілік мәдениеттің аксиологиялық компоненті адамзат құрған жоғарғы мектептің қалыптасуының қазіргі заманғы даму кезеңінде біртұтас педагогикалық құндылықтар жиынтығынан құралған. Педагогикалық қызмет үрдісінде оқытушылар идеялар мен тұжырымдамаларды меңгереді, педагогикалық қызметтің ізгілік технологиясының құрамдасы білім мен іскерлікті игереді және олардың нақты өмірде қолданыс табу деңгейіне байланысты қаншалықты дәрежеде маңызды екенін бағалайды. Осы сәтте қоғам және жеке педагогикалық жүйе үшін аса маңызды идеялар, тұжырымдамалар педагогикалық құндылықтар болып табылады.

Педагог педагогикалық құндылықтарды мойындай отырып, педагогикалық қызметті меңгеріп, дамытқанына қарай, педагогикалық капиталды игергеніне байланысты өз ісінің шебері болады. Жоғары мектеп пен педагогикалық ойлардың тарихы – бұл үнемі бағалау, қайта аңғару, түсіну, құндылықтарды орнату, белгілі идеялар мен педагогикалық технологияларды жаңа жағдайға көшіру процесі. Ескіден, дәстүрліден жаңаны көре білу, оны абыройына қарай бағалау, оқытушының педагогикалық мәдениетінің айқын компоненті.

  1. Инновациялық-креативтілік мәдениетінің технологиялық компонентіне оқытушының педагогикалық қызметінің тәсілдері мен әдістерін жатқызуға болады. Педагогикалық мәдениеттің құндылықтары мен жетістіктері тұлғаның іс-әрекет процесінде меңгеріледі және құрылады. Бұл – мәдениет пен іс-әрекеттің үзілмес байланысын дәлелдейтін факт.

Педагогикалық қызмет өз табиғатында технологиялық, сондықтан оны әр алуан педагогикалық мәдениеттің мәнін түсінуге көмектеседі, ол тарихи ауысып отыратын әдістер мен қарым-қатынасқа байланысты іс-әрекет бағыттылығын түсіндіреді. Нақ осы жағдайда педагогикалық мәдениет педагогикалық шындықты реттеу, сақтау, қайта жаңғырту және дамыту функциясын атқарады.

  1. Инновациялық-кретивтілік мәдениеттің тұлғалық-шығармашылық компоненті шығармашылық акт ретінде оны игеру және іске асырудың механизмін ашады. Оқытушының дағдыланған педагогикалық құндылықтарды иемденуі тұлғалық-шығармашылық деңгейде өтеді. Педагогикалық мәдениетқұндылықтарын игере отырып, тұлға оларды қайта өзгерту, өзінше беруге қабілетті, бұл оқытушының тұлғалық ерекшеліктері және оның ғылыми-педагогикалық қызмет сипаттарымен сипатталады.
  2. Инновациялық – креативтілік мәдениеттің эвристикалық компоненті “эвристиканың ұғынымдылығы” атты когнитивті эмпирикалық әдісі түсіндіреді. Эвристика – қарапайым тиімді ойлау стратегиялары. Эвристиканың ұғынымдылығы айқын сипаттамалар негізгі базалық статистикалық ақпаратқа қарағанда нанымды екенін көрсетеді.
  3. Жоғары мектеп оқытушысы өзінің кәсіби іс-әрекетінің ерекшелігіне байланысты ғылыми және педагогикалық шығармашылықты үйлестіреді. Әрине, ғылым іс-әрекет сипаты, ғылыми міндеттерді шешу алгоритмін педагогикалық тұрғыдан себептестігінің заңдылығын зерттейді. Бірақ, педагогикада шығармашылық процесс сұлбасы жалпы түрде эвристикалық ашылған шығармашылық құрылымына сәйкес келетіні белгілі. Бұл жағдай мазмұндық жоспарда сәйкестік фактісі орын алса, процессуалдық қарым-қатынаста педагогикалық шығармашылық ерекшеліктер қатары табылғандығымен маңызды.