- Педагог іс-әрекетіндегі сабақтың психологиялық анализі.
- Психологиялық анализдің жоспары.
Педагогикалық іс — әрекетте сабақ ерекше маңызды орынға ие. Сабақ мұғалім мен оқушының арасында арнайы ұйымдастырылумен жүретін біріккен іс — әрекет.
Сабақтың анализі оқу іс-әрекетін жүзеге асыруда маңызды тәсілдердің бірі.
Сабақты талдауға Т.Ю.Андрющенко, Н.Ф. Добрынин, С.В. Иванов, Е.С. Ильинская, И.В. Карпов, Ю.Л. Львова, Л.Т. Охитина, Е.И. Пассов т.б. көп еңбек сіңірді.
Мұғалім тарапынан сабақты психологиялық талдау не береді деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Кез-келген сабақты талдау — психологиялық, педагогикалық, әдістемелік аспектілерін қамтып, бір-бірімен тығыз байланыста кешенді қарастыру мәселесі.
Сабақты талдау — сабақ беруші мұғалімнің өзін тануға, дамытуға, білім беру қабілеттіліктерін арттыруға көмектеседі. Мұндай процестің нәтижесінде мұғалім өз сабағына басқа қырынан қарап, талдап, бағалауға мүмкіндік береді.
Өзінің педагогикалық іс-әрекетін талдап, өзінің әлсіз және күшті жақтарын анықтап қабілеттіліктерін дамытады.
Сабақтың психологиялық анализі көпқырлы: бұл мұғалімнің психологиялық ерекшеліктері (оның тұлғасы, іс-әрекеті), оқу процесінің заңдылықтары, сыныптың, оқушының психологиялық ерекшеліктері мен тұлғалық заңдылықтар (белгілі білімді меңгеру, дағдылар мен біліктіліктерді қалыптастыру).
Сабақтың психологиялық анализі мұғалімде аналитикалық қабілеттіліктерді қалыптастырып, танымдық қызығушылықтарын дамытады, оқыту мен тәрбиенің психологиялық мәселелерін өз бетімен зерттеуге мүмкіндік береді.
Күрделі педагогикалық мәселеге психологиялық бақылау жүргізу, оны талдап, психологиялық дұрыс шешім жасау мұғалімді кәсіби — педагогикалық шеберлігін жетілдіруде маңызды ролге ие.
Анализ С.Л. Рубинштейн бойынша, “бұл пәнді, құбылысты, ситуацияны талдау және оның элементтерін, бөлімдерін анықтау”.
Мұғалім сабақ барысында көптеген байланыстар жасайды, жеке оқушымен, сыныппен, пәндік материалдармен қарым-қатынас жасайды.
Сабақтың психологиялық анализі туралы айтқанда оның жоспарын анықтау керек.
Бірінші жоспар – тәрбиеге, тұлғаны дамытуға, оның ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға қатысты психологиялық анализ. Бұл жоспар көбіне сабақты жалпы педагогикалық талдауда, қазіргі білім беруде тәрбиелік мақсатта қолданылады. Мұнда тәрбие процесінде жауапкершілік сезімін, бірігуге дайындық, өнегелік шарттарды қалыптастыруда маңызды болып табылады.
Екінші жоспар – сабақты әдістемелік талдау. Талдау барысында баланың интеллектуалдық дамуына, сабаққа дайындығына қаншалықты сәйкес келетіндігіне байланысты.
Үшінші жоспар – оқушы оның танымдық – коммуникативтік қажеттілігі, даму және қалыптасу шарттары, оның ойлау, сөйлеу ерекшеліктері, индивидуалды психологиялық ерекшеліктері, яғни оқушы оқу іс-әрекетінің субъектісі ретінде, оқушылармен, мұғалімдермен педагогикалық қарым-қатынасы. Сондай-ақ, сабақтың психологиялық анализі – педагогтың өзіндік іс-әрекетін жетілдіру құралы болып есептелінеді. Мұғалімге байланысты сабақтың психологиялық анализі рефлексияға, өзінің ішкі әлемін сезініп, жетілдіруге бағытталған.
Сабақтың психологиялық анализінде педагогикалық рефлексияның объектісі болып педагог іс-әрекетінің мотиві болып табылады. Зерттеулер позитивті әлеуметтік мотивтер жастармен, балалармен жұмыс істеуге ұмтылу сыртқы жағдайлар мен (сүйікті пәнмен айналысу, математикамен, шет тілдерімен айналысу) байланысты.
И.А. Зимняя, Е.С. Ильинская бойынша сабақтың психологиялық анализінің үш деңгейі бар: алғашқы қарау, ағымдық, ретроспективті.
Сабақты алғашқы қарау мұғалімнің сабаққа дайындық этапында жүзеге асады. Мұнда мұғалімде сабақ туралы ой-бейне қалыптасады. Сонан соң мұғалім іс-әрекеттің маңызды кезеңі болашақ сабақтың – оқу материалы, бағдарламасы, мәселе мен мақсатты айқындау, оқыту әдіс-тәсілдері қарастырылып, таңдалады. Бұл процесте мұғалім нақты бір сабақтың жоспарын жасап, конспектісін түзеді. Мұнда мұғалім мақсатты түрде психологиялық, әлеуметтік психологиялық, жас ерекшелік, педагогикалық психологиялық теориялық білімдерін пайдаланады. Бұл кезеңде мұғалім оқу процесін ұйымдастыру мәселесін басты орынға қояды.
Ағымдық психологиялық анализ нақты сабақта жүргізіледі. Сабақтың тиімділігі оны дұрыс жоспарлау мен мұқият дайындалуға байланысты. Сондай-ақ мұғалімнің жағдайына байланысты тез шешім қабылдауына және осы жағдайға байланысты. Сабақтың жоспарын өзгерте алуына да байланысты.
А.М. Позднякова, А.А. Деркачтың айтуы бойынша төменде көрсетілген педагогикалық дағдылар сабақты бақылауға көмектеседі:
- Сыныптың сабаққа дайындық деңгейін көре білу;
- Сабақ барысында тәртіпті бақылау;
- Балалардың психофизикалық жағдайын бақылау;
- Сұраққа байланысты балалардың реакциясын қабылдау;
- Оқушылардың жауаптарын мұқият тыңдау;
- Сыныпты үнемі көзбен бақылап отыру;
- Жолдастарының жауабын бақылап отыруды ұйымдастыру;
- Өзінің сабақты түсіндіруіне байланысты;
- Сыныптың оқу іс-әрекетінің ерекшеліктерін бақылау. (жұмыс темпі, қиындықтар, материалды меңгеру, біртекті қателіктер);
- Әрбір баланың жеке қасиеттерін сөйлеу, қабілеттілік, қызығушылық, жүріс-тұрыс ерекшеліктерін білу.
Бұл дағдылар ағымдық психологиялық анализінің объектісі ретінде қатысады.
Сабақтың ретроспективті психологиялық анализі сабақты ұйымдастыру мен өткізуде соңғы этап болып табылады. Мұнда сабақты жоспарлау, өткізу процестерінің дұрыс немесе қателігіне баға беріледі. Басқаша айтқанда мұғалімнің күшті және әлсіз жақтарын айтып, оның себертерін көрсетеді. Бұл жағдайдың орын алуына не себеп болғандығы айтылады.
Сабақтың психологиялық анализі педагогикалық іс-әрекеттің ажырамас бөлігі болып табылады. Мұғалімнің перцептивтік — рефлексивтік қабілеттіліктеріне негізделе отырып, ол өзін-өзі реттеудің негізгі құралы болып табылады.