Қазақ деген халық пен поэзия егіз ұғым іспестес, яғни поэзия – қазақтың жаны. Дарқан даланы мәңгілік мекен еткен халық поэзиясында өз дүниетанымын барынша түгел, толық қамтуға тырысады. Өзін тәнті еткен күллі дүниені поэзия өлшеміне салады. Оның сыршыл лирикасы да, этикасы мен драмасы да осындай күйден хабар етеді. Қазақ лирикасында табиғат болмасын, не алуан түрлі құбылыстардың барлығы да өз жарасымын тауып, сыр шертіп жатады. Сөз құдіретін терең түсінетін халық үшін поэзия ұғымы әр уақытта кең өріске ие.
Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар лирика — мол өркендеп, кең өріске шыққан жанр. Қарапайым сөздерді сырлы суретке айналдырар, сол арқылы суреттеліп отырған құбылысқа эмоциялық жылулық, эстетикалық күш дарытар лирика жанрының қыр – сырын танып білу мүмкін емес.
“Lyra” деп аталатын ежелгі гректердің музыкалық аспабынан бастау алған лирика З. Қабдоловтың пайымдауынша, “әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі, шындықты адамның ішкі көңіл – күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың түрі”. [2.312]
Лирикалық шығармада оқиғадан гөрі отты сезім басымдау, күллі сюжет сол сезім маңына, бас – аяғы тұжырымды бірер философиялық ой маңына жинақталады.
Лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысады. Оған тартымды күш – қуат дарытатын – алғыр оймен суарылған жалынды сезім. Өмір, дүние, адам тағдырыжайлы үлкен толғаныстан тумаған жай сезімшілдік поэзияны жандандыра алмайды.
Лириканың бас қаһарманы — ақынның өзі. Мұның эстетикалық қасиеті де, тәрбиелік күші де айрықша үлкен. Себебі бұл арада өлеңді жазған адам оқыған адамға айналып, ақын мен оқырманның көңіл – күйлері бір – біріне ұштасып, бірігіп, біте қайнасып кетеді. Яғни ақын көкірегіндегі сезім – оқырман сезімі, ақын көкірегіндегі сыр – оқырман сыры болуы тиіс.
Әдебиет зерттеушілері әрбір лирикалық өлеңді тақырыбына қарай талдап, саяси лирика, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы сияқты салаларға бөліп тексеріп жүр. Соның ішінде Абайдан басталатын табиғат лирикасы поэзиямызда ерекше орынға ие.
Адам мен табиғат – күллі өнер туындысының нысаны. Әсіресе, сыршыл жанр лирикада уақыттың әрбір сәті түрлі тәсілмен жырланып, өзгеше бітімді көркем бейнеге айналды. Соның мысалы ретінде қазіргі лирикамыздағы түннің бейне (персонаж) дәрежесіне көтіріліп, кескінделуін сөз етсек, көп қырлы көркемдік әлемінің терең сырына қанығарымыз анық.
Мифологиялық ойлау дәуіріне тән мифтік санада күллі табиғат тірі, саналы рух түрінде қабылданды. Адам мен табиғат тепе – тең: ойлау, қайғыру, қуану сияқты сезім күйлері адамға тән екені сияқты табиғатқа да тән деген сенім көркемдік ойлау жүйесіндегі бейнелі, астарлы, ишаралы мәндерге негіз болғаны белгілі. Тақырыпқа арқау болып отырған түн де сол табиғат құбылысы, нақтылай айтқанда, оның бір сәті мезеті. Мифтік әңгімелерде (ертегі, аңыз, хикаяттардың бәрі мифтен бастау алған) жезтырнақ, албасты, т.б. қаскөй күштердің адам баласына зиян қылатын уақыты – осы түн. Дүниенің жаратылуы туралы мифтерде әуелгі бей – берекеттік (хаос) және үрейлі қараңғылық сөз болады. Қараңғылық – қара түс – түн адамзат санасында үрей, қайғы – қасірет белгісі болып сіңісті. Тіршілік атаулы жарық пен қараңғының, ізгілік пен зұлымдықтың күресі болса, жарық — ізгілік — күн ортақ сипаты болып, бұларға қарама – қарсы ұғымда қараңғылық – зұлымдық — түн шендестірілді. Адам баласының көне танымы даму сатыларына сәйкес көркемдік танымға ұласқан кезде бұл қалыптасқан түсінік енді поэтикалық ұғымға ұласып, айтылар астарлы, тұспалды ойларды ишаралауда, лирикалық кейіпкердің ішкі әлемін жеткізуде үлкен мәнге ие болды. Тылсым, жұмбақ сырлы дүлей қараңғылық сипатындағы түн енді біржақты қалып қоймай, сыр мен сезімге толы, жанды әрекетке ие, көркем бейне дәрежесіне көтерлген поэтикалық тұтас суретке айналды.
Түн. Қазақ ұғымы үшін кең мағына береді. Айлы түн – ғашықтар сырласатын, аққу үнмен, “гәкку” әнмен терең тебіреніске түсетін сезім түні болса, енді бірі – сыр ашылмас құпияларды бойына жинақтаған жұмбақ түн. Міне, осындай ғажап түндерді бойына дарытқан қазақ лирикасы оның небір бейнелерін жасаған.
Түнге осындай айрықша сипат берген қазақ халқы түн мезетінің өзін бірнеше кезеңдерге бөлген. Күн батып, таң атқанға дейінгі уақыт аралығын түрлі мезгілдерге бөліп, олардың өзіндік атауларын беріп отырған. Мәселен:
Күн еңкейе, еңкейгенде – күн батуға жақындағанда;
Күн бата – күн ұясына қонғанда;
Күннің қызылы сөне – күн ұясына кіргеннен кейін, арайы тарқаған шақ
Ақшам жамырай — ала көлеңке, кеш түсе бастағанда;
Ымырыт жабыла, іңір түсе, ел орынға отыра – қараңғы түсе бастағанда;
Қас қарая, көз байлана – қараңғылық қоюланған кезде;
Ел жата – түн ішінде;
Жұрт көзі ұйқыға тіреле – түн қараңғысында,
Ел шырт ұйқыда жатқанда немесе жеті қараңғы түнде – түн ортасында;
Тәтті ұйқыға енген кезде — түн ортасы ауа;
Үркер туа, тауық шақырғанда — таң атар алдында;
Жылқы жусар кезде – таң жарығы түсе бастағанда; [1.115]
Түннің сырға толы мезгілдерінің бірі – іңір.Е.Раушановтың“Іңір” атты өлеңінде іңірдегі басқа бір суреттер өрнектеледі де, соңы лирикалық қаһарман көңіл – күйімен түйінделеді. Бұл өлеңдегі бейнелер мүлде басқаша. Көлден ұшқан үйрек легін бұлт легіне ұқсату, толқын мініп, аяғын ескек еткен қасқалдақты жыр ету — ақынның суреткер ретіндегі сезімталдығы мен қырағылығын аңғартады. “Көлден ұшқан үйрек емес – көк алалы бұлттар легі” деген поэтикалық суреттеудің ендігі құбылуына назар аударыңыз:
Көлден ұшқан бұлттар емес көк ала
Күн еді ғой ұясына асыққан [1. 98]
Негізгі нысанада – көл. Көлден ұшқан үйрек шынайы, нақты сурет десек, көк алалы бұл легінің, ұясына асыққан күннің ұшуы – көркемдік шындық. Көл суретін нысанаға алған ақын көл де, шөл де – жүрегімде, өзімде деп түйіндейді. Соңғы екі жол – іңір суретінің ақын жанымен үндесер, бірігер тұсы:
Бірсін – бірсін сөнеді анау алып Күн,
Томашадай қасқалдақтың көзінде …
Е. Раушанов өлеңдеріне кең тыныс, сөзден жаңылмас шешендік, шалқыған бейнелі сурет тән. Қарапайым құбылысты көркемдік талапқа сай өңдендіре, құбылта жырлау қаншалықты шеберлікті қажет ететінін айтпасақ та түсінікті. Бұл жерде ақынның өзіндік дара стилін, тек өзіне ғана тән ақындық шеберлігін баса айтқан жөн. Күннің ұясына кіру сәтін тікелей сол күн арқылы емес, “томашадай қасқалдақ” арқылы көрсетудің мәні қаншалықты терең екенін сезінген абзал. Іңір көрінісі екі өлеңде бірін – бірі мүлде қайталамайтын өзгеше бейнелі суреттермен беріледі.
Тағы бір іңір туралы өлеңінде ақын мүлде басқаша тәсілге ауысады. Мұндағы Іңір – кәдімгі жанды бейне, яғни “персонаж”. Аңыз, мифтердегі пері қызы – адам баласы үшін үрейлі. Ақын іңірді сол пері қызымен қабыстырады:
Сүйдім мен Іңір деген пері қызын
Пері қызының адам бойын тітірентер үрейлілігіне қоса ғажайып сұлулығы бар. Сұлулығымен адам баласын алдап – арбайтын пері қызы – ақынның ынтығы. Мұндағы іңірге тән суреттер қосалқы компонент болып қалған.
Ақырын жаныма кеп отырды ол
Жасырын жез тырнағын жеңіне ұзын [5.95]
Хикаялардың қорқынышты бір кейіпкері- жезтырнақ. Адам баласының ең қауіпті дұшпандарының бірі. Ақын пері қызының үрейлі сипатын жезтырнақпен біріктіру арқылы танытпақ болған. Күннің қызарып батқан суретін сол пері қызының жезтырнағынан қан саулап, көкжиекті тырнауы түрінде бейнелеу сәттік тіршіліктегі азапты арпалыстарды, қым – қиғаш тартыс пен кереғарлықты аңғарту тәсілі.
Жалпы, бұл өлеңді метафоралық өлең ретінде таныған жөн.
Іңір туралы өлеңдер поэзиямыздағы ірі тұлғалар Мағжан Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаевта да бар.
Мағжанның “Іңірде” атты өлеңі (“Ақжол Қазақстан” газеті, 15.11.2002ж.) символдық мәнге ие, көркемдік өрнегі ерекше туынды. Біз іңір суреті Мағжан бейнелеуінде қандай ерекшелігімен көрінді деген мәселеге назар аударып көрейік. Суреткер ақын іңір бейнесін сөзбен салғанда өзінің айтпақ ойын тың тәсілмен өзгеше өрнектейді:
Амандасып өріне
Кіреріне көріне
Күңіреніп күн жетті
Сұр бұлтпен бүркеніп,
Өлгеніне өртеніп
Көк жүзіне қан септі –
деп бейнеленген суреттен трагедиялы жай аңғарылады. Мағжандағы “қан” Есенғалидағы “қан” сөзінен гөрі бөлекше сипатқа ие. Яғни Мағжанда айтылар ойдың бағыттағы тереңдігін аңғаруға болады. Күннің ұясына қону – көріне кіру, қызарып барып батуы — “өлгеніне өрнетіп көк жүзіне қан себуі” болып бейнеленеді. Іңірдегі көл суреті су алған келіншектің әр қимылы мен көңіл — күйіне сәйкес әр түрлі қалыпта көрсетіледі. (Желкілдеп қамыс желектей, көл қалғыған бөбектей …// Күліп жатты көл бөбек …// Тырс — тырс қағып таңдайын … Соғып жарға маңдайын … Қалғып кетті көл бөбек). Көл -Есенғали өлеңінде де негізгі бір нысана. Осы тұрғыдан келгенде өлеңдерде ұқсастықтардың бар екенін айтуға болады. Дәстүрлі поэтиканың жаңғырып, жаңаруына бұл бірден — бір мысал.
Ақын – адам мен табиғат арасындағы ғажайып дәнекер. Шынайы таланттардың ғана емес, шығармашылыққа алғаш қадам басқандардың өзі алдымен табиғатпен тілдесіп, табиғатты тануға тырысады. Қазақ ақындарының жырларында да табиғат бояулары алуан өрнекпен беріледі. Қоршаған ортаның мың сан бояулары адам мінез — құлқындағы, көңіл — күйіндегі, көзқарастарындағы түрлі өзгерістермен әдемі астасып жатады. Табиғат шебер, ал оның қыруар құбылыстарын суретке кұшіретін ақын да шебер.
Міне, осындай ақын шеберлікпен жырлаған жанр лирикада үн мен сезімге арқау болған, жанды суретке айналған ай мен жұлдызды түн бейнесін ашып көрсетудегі басты элементтер деп айтудың да үлкен мәні бар. Халықтың ғасырлар бойындағы жинаған тәжірибесінің, көңілге түйген пайымының, алған әсері мен терең танымының айнасы іспетті космосимволдар – Ай мен Жұлдыздар. Көшпенділер үшін Ай мен Күн, Жұлдыз Құдай деңгейінде құдіретті, қасиетті құбылыс деп танылды. Барлық елдерде бұлар жақсылық әкелетін ерен күш саналған. Күн – ізгілік символы, ай — сұлулық символы, жұлдыз – қуаныш пен береке символы болған.
Көктегі ай бейне күміс таба сынған,
Құс жолы — бешпенттегі жаға сырған
Ақша бұлт көк бұлттармен көмкерілген
Ұқсайды ақ матаға жаңа ашылған.
Артына ай мойынын бұрғызбастан
Уақыт қуады алға тұрғызбастан
Арқайын ұйықтап жатыр ару аспан,
Жалтылдапомырауынжұлдызбасқан, — деп жырланатынТ. Айбергенов
өлеңдеріндегі ай мен жұлдыз бейнесі тың сипатқа ие. Аспан бөлшегінің қыр –сырын әбден ұққан ақын жырлары шынайы суретке айналған. Екі – үш шумақтың өзіне ақын көл – көсір мағына жүктейді. Кейде бір тармақ, кейде бір шумақ бүкіл өлеңдегі ақын көңіл – күйінің тиегі іспетті аспанмен астасып, табиғаттың тылсым сырларынан тамыр тартатынын байқаймыз.
Ұқсаған көктегі ай асқан шамға,
Аспанға бейне шақтан басқан таңба.
“Жұлдыздан жез шегедей жымыңдаған”
Шашылған ақ шекердей дастарханға [4.15]
Жоғарыда келтірілген шумақ пен бұл келтірілген өлең жолдарының арасындағы үндестік, ұқсастық айқын көрінеді. Ақын ай мен жұлдызды түрлі формаға салып жырласа да, негізгі айтар, жеткізер ойы – бір-ақ нәрсе. Шебер бедерленген сөз өнерінің құдіреттілігі арқасында ай бейнесін әр түрлі қырынан көрсетуге тырысады. Айды бірде “сынған күміс табаға”, енді бірде “аспандағы асқан шамға”, “шоқтан басқан таңбаға” теңеуі, аспан моншағы жұлдызды “дастарханда шашалған ақ шекерге” теңеуі, яғни сұлулықтың бір үзік суретін баяндау арқылы ой айту және оған сезіміңді үстемелеп отыру өзгеше шеберлікті қажет етеді. Міне, ақын осы шеберлік шыңын бағындырды десек, артық айтқандық емес.
Маржан сөздің майталманы Мағжан өлеңдерінде де бұл құбылыстар сырт қалған жоқ. Сыршыл ақын өлеңінің өзегіне айналған табиғат кереметтері қай уақытта да өз жарасымдылығын жоғалтпаған. Мағжан тілге тиек еткен ай бейнесі тіптен басқа, сұлу суреттер деуге тұрарлық. Айға теліген “мейірімді Ай”, “қайғылы Ай”, “Күміс нұрлы Ай” теңеу сөздерінің өзі-ақ ақын қаламының құдіреттілігін айғақтағандай. Ай бейнесін берудегі ақынның ерекшелігі оның “Толған Ай” және “Айға” өлеңдерінен аңғарылады. Алғашқы өлеңінде Ай нұрынан қашқан қараңғылықты келісті суреттесе (“Тұрсың сен, мейірімді Ай, нұрың шашып, // Бұғып жүр қараңғылық бетін басып”), келесі өлеңінде қараңғылық құшағында қалған мұңды, қайғылы Ай мен өз басындағы мұңның ұқсас жақтарын бейнелейді:
Күн батып, қараңғылық қанат жайды
Аспанда сансыз жұлдыз жарқырайды.
Отырған қараңғы үйдің терезесінен
Көремін мұңды, нұрлы толған Айды. [3.112]
Ақындар өлеңінде түннің бейне дәрежесіне дейін көтеріліп, тың суреттеулермен бедерленуі, түрлі қалыпта жанданып, әрекет иесіне айналуы, т.б. көптеген қасиеттерге ие болуы – бұл тақырыптың шын мәніндегі жан – жақтылығын, әсерлілігін танытады.
Әр ақын түн суретін өзінше жасайды, түн бейнесін жырлауда да, оны құбылта суреттеуде де түрлі амал — тәсілдерді пайдаланады.
Көптеген ақындар поэзиясында биік талғаммен жырланған түн бейнесінің әлі де ашылар қыры, біз білмейтін жұмбақ сыры көп.
Әдебиеттер тізімі
- Раушанов Е. Шолпан жұлдыз туғанша – Алматы: «Жалын», 1988
- Қабдолов З. Сөз өнері – Алматы: «Санат», 2002-360 б.
- Жұмабаев М. Шығармалары – Алматы: «Жазушы», 1989-448 б.
- Айбергенов Т. Бір тойым бар – Алматы: «Атамұра», 2003
- Раушанов Е. Қарабауыр қасқалдақ // Өлеңдер мен поэмалар – Алматы: «Жазушы», 1993
- Ахметов З. Өлең сөздің теориясы – Алматы: «Мектеп», 1970