Ы.Алтынсарин өз заманының ақыл-ойшылы, ірі қоғам қайраткері. Оның жарқын бейнесі мен іс-әрекетінен қазақ халқының мәдени-экономикалық дамуын, қазақтың ұлт болып бірігуін, жаппай сауатты, мәдениетті, оқыған ел болуын, ертеңін көксеген азамат.
Ол Қазақстанда оқу-ағарту мен мектептерді дамытудың түбірлі мәселелерін қазақ халқының қоғамдық-саяси өмірімен байланыстыра білді. Орыс педагогтарының озық идеяларын қазақ халқының шаруашылық және әлеуметтік ерекшеліктеріне сәйкес шеберлікпен қолданды. Ол жаңадан ашылып жатқан мектептердің қазақ халқының саяси қоғамдық прогресіне әсер тигізетіндей болуын, олардың сахара даласында нағыз мәдени ошақтарға айналуын табанды түрде талап етті.
Алтынсарин сол кездегі қоғамға қажетті мектептің мынадай болуын армандады: жаңа мектеп жаңа өмір үшін күресшілерді дайындауы керек, оған діннің ешқандай ықпалы болмауға тиіс, мектеп халық үшін орыс мәдениетін, білімі мен ғылымын оқып үйренудің ошағы болуға тиіс; ол қазақ халқы арасында жаңа мәдениетті, жаңа әдеттер мен тәртіпті, гигиена мен санитарияны, қолөнер мен көркем өнерді тарататын бірден –бір мәдени ошақ болуға тиіс; мектеп өмірі мен табиғат туралы ұғымдарды кітап арқылы ғана емес, көрнекті құралдарды қолдана отырып түсіндіруге тиіс; мектеп жанында сол маңдағы халықтың сауатты бөлігіне қызмет ете алатын ыңғайлы жабдықталған кітапханасы болуы керек,т.б.
Ы.Алтынсарин қазақ қоғамның патриархалдық-феодалдық артта қалушылығын жоюды арман етті. Осы бағытта ол қазақ даласында мектептің жаңа түрлерін ашуды ойластырды, қазақ жастарына жалпы білімдермен қатар, көшпелі елдің экономикасы мен тұрмысын жөңдеуге септігін тигізетін арнайы кәсіптік білімдер берілген жөн деп есептеді.Өйткені ,жеке тұлғаның өмірге, қоғамға бейімделуі қажет деп түйіндеді. Сондықтан екі класты училищелерде жалпы білім пәндерін өтумен қатар, өмірге-тұрмысқа қатысты пәндерді енгізуді жақтады. (3;318)
Ыбырай жастар және олардың қоғамдағы орны, өмір сүруі туралы ой толғады. Жастар- біздің келешегіміз, үмітіміз екенін жақсы білді. Орыс халқының прогресшіл мектеп жүйесін барынша пайдаланған ол, қазақ жастарын оқытып, тәрбиелеу, сөйтіп, халқының өз ішінен қоғам үшін қызмет ететін интеллегенция тобын құру және маман даярлау мәселесін көтерді. Ыбырай қоғамның ертеңгі ұрпағы-жастарға әр уақытта да үлкен сеніммен қарады, олардың тамаша келешегіне сенді, ғылым мен техниканың жаңалықтарын қазақ даласына осы жастар ғана жая алады деп сенді. Сондықтан да ол:
«Желкілдеп шыққан көк шөптей,
жаңа өмірім достарым,
қатарын кетті-ау алысқа –ай,
ұмтылыңыз , қалыспай…
Біз болмасақ, сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды!»- дейді. (4;160)
XIX-ғасырда патша үкіметіне бағынған қазақтарды « мәдениетсіз», «тағы», «тарихы белгісіз», «болашағы жоқ халық»-деп кемсіту, сөйтіп рухани қысымшылдыққа ұшырату етек алған еді. Ы.Алтынсарин сол заманның таршылығына қарамастан, елдің жастарын сол қоғамға сәйкес білім мен ғылымға ұмтылдыру мақсатында, ауыл-ауылды аралап, халықтан қаржы жинап, Торғай, Ырғызда, Тобылда, Қостанай, Красноуфимск қалаларында орыс қазақ бастауыш мектептерін ашты. Қостанай, Торғай, Ақтөбе өңірінде қолөнер училищесін, қыздар пансионатын, мұғалімдер мектебін ашып, бар күш қайратын, ақыл-парасатын халық ағарту ісіне жұмсады. Қазақ халқының келешегі тек өнер-білімде деп түсінген Ы.Алтынсарин өз ойын іскеасыруда екі бірдей керітартпа күшпен алысып бақты. Оның бірі-қазақ даласындағы ислам дініне негізделген арабша-татарша оқу болса, екіншісі-патша үкіметінің отарлау саясатына негізделген миссионерлік саясат еді. Ыбырай жаттамалы діни оқуға қарсы болды. Оның орнына, қазақтың болашағы үшін қоғамға қажетті жаһандық білім алуына жол ашуды көздеп, дүнияуи ғылымдарды: ана тілі, математика, тарих, әдебиет сияқты пәндерді оқытуды қолдады. Ол өзінің орыс достарына жазған хаттарының бірінде: «… молдалар өздерінің адам басын қатыратын ерекше қасиеттерінің үстіне, қазақтың табиғи тілін де бұзып жүр. Біздің елімізде молда дегендер өте көп жайлап барады. Оларды қазақ арасынан қуып шығуға ешқандай мүмкіндік жоқ, өйткені, молданың абыройына тіл тигізген кісі қазақ арасындағы бастықтарға сол бойда-ақ кәпір болып көрінеді»-дейді.
Ушинский — Ресейдегі білім беру жүйесінің негізін қаласа, Ы.Алтынсарин қазақ жеріндегі тұңғыш жаңа білім беру жүйесін қалыптастырушы. Ы.Алтынсарин оқулықтарында ауыз әдебиеті үлгілерін және өзінің ғибратқа құрылған дидактикалық қысқа әңгімелерімен бірге Пауэльсон, Ушинский, Толстой сынды орыс, батыс жазушы — педагогтарының адамгершілік қасиеттерді марапаттайтын шығармаларын аударып өңдеді. Олардан қазақ жастарының сол кездегі қоғамның саясатына керекті, өз болашақтарына ұмтылдырар, тәрбиесіне жетекші болар құрал жасауға тырысты.
Ыбырай негізін салған қазақ мектептерінен білім алып шыққан белгілі ағартушы қайраткерлер: А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Н.Құлжанова, С.Көбеев, Ғ.Балғымбаев, Б.Өтетілеуов т.б. өздері өмір сүрген қоғамға бағытталған білім алғандықтарын істерімен көрсете білді.Оған А.Байтұрсыновтың «Тіл тағлымы», М.Жұмабаевтің «Педагогика», Н.Құлжанованың «Мектепке дейінгі оқу мен тәрбие» оқулықтарын жазып, қазақ интеллегенциясы ретінде алдыңғы қатарлы прогрессшіл ағартушылар қатарынан көрінгендері куә.
Ы.Алтынсарин ағартушылық — педагогикалық мұраларын зерделей отырып, бар ғұмырын ұлттық мектептер ашуға, қазақ жастарын әлемдік әрекеттік білімді еркін және терең меңгеруін, өркениетті мәдениет пен ұлттық мәдениетті кіріктіре меңгертуді мұрат етті. Сол кездегі қазақтардың қоғамдық және тұрмыстық өміріне өзгерістер енгізген, Ушинский, Корф сияқты орыс педагогтарынан білім ала отырып, білімнің дамуына, жастардың болашаққа ұмтылуына, қоғамға бейімделуіне өз үлесін қосқан ағартушы.
Ы.Алтынсариннің педагогикалық көзқарасынан да бүкіл әлемдік тәлім-тәрбиенің алтын діңгегі гуманистік көзқарас, яғни шәкірттерге жылы жүректі болу, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақтастық принциптері көрініс тапқан. Жаңашыл педагог батыс, шығыс әдебиеті мен мәдениетін жан-жақты зерттеп,оны қазақ халқы үшін пайдаланды.Оған «Силинші ханым»,т.б. әңгімелері мысал бола алады.
Ы.Алтынсариннің сан алуан ойға толы шығармаларынан (оқу құралдары, хаттары мен жазбалары т.б.) қоғамдық және педагогикалық психология мәселелеріне орайлас айтылған деректер көп табылады. Бұл пікірлер оның тәрбиеге қатысты практикалық істерінен туындаған. Бала және оны тәрбиелеу жолдары, оқыту процесінің психологиялық, педагогикалық негіздері, мұғалім-ұстаз проблемасы, қоғамдық психология т.б. мәселелерге ой қозғап, түйіндер жазды. Ы.Алтынсарин өз «Хрестоматиясында» жас өспірімдердің жан дүниесін, ақыл-ойын қалыптастыруға ұдайы көңіл бөлуді, мектеп пен ата-ананың ортақ міндеті деп есептеді. (1;17)
«Біреу алғашқы іліп қойған етін ұрлатып алып, айналасына жар салады. «Аласа бойлы, қолында қысқа мылтығы бар, соңында тарақ-құйрық кішкентай иті бар, бір қарт адам көрдіңіз бе?»-деп. Бұл кісіні әркім көрген екен, сілтеумен барып, тауып, ұрысын-ұстапты-мыс. Ауылдас адамдары үндіден «ұрының түсі-түрін қайдан білдіңіз?»-деп сұрапты. Сонда үнді айтыпты дейді:
« -Ұрының аласа бойлы екенін білгенім, менің қолыммен ілген етімді, ол ағаштан аяғының астына тас қойып, соның үстіне шығып алыпты. Қарт екенін білгенім, жеріндегі іздерінен байқадым-адымының арасы тым жақын екен. Мылтығының қысқа екенін: етімді ұрларда, мылтығын ағашқа сүйеп қойған екен, сонда мылтығының аузы ағаштың кішкене қабығын жырып кетіпті, жер мен сол жырылған қабықтың арасынан шамаладым. Ұрының қасында иті бар екенін және ол итттің әрі кішкентай, құйрығы тарақ құйрық екенін білгенім, етімді ұрлап жатқанда, ит анадай бір құмайттырақ жерде отырған екен, оның құмға түсіп қалған ізінен және бұландатқан құйрығының табынан байқадым» -депті-мыс. (2;284)
Ы.Алтынсарин осы үзіндіде байқағыш болудың адам өмірінде, оның дүние тануында қаншама маңыз алатынын, тіпті мұндай қасиет білімі жоқ, бірақ өмір тәжірибесі мол адамдардың басында да біртіндеп қалыптасатынын сөз етеді де, шәкірттерді, өмірді жан-жақты зерттеп білуге, түймедейден түйедейді таба білетін ізденімпаз, зерделі, қоғамға бейімделгіш болуға меңзейді.
Қазақтың ұл-қыздарына жаңаша білім беру мен жаңа заманаға бейімдеу мақсатында жасаған Ы.Алтынсариннің істері мен еңбектері көп десек болады.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Қ.Жарықбаев, С.Қалиев Қазақ тәлім – тәрбиесі. Алматы., Санат -1995
- Ы. Алтынсарин .Хрестоматия., Орынбор- 1879
- Ж. Әбиев Педагогика тарихы, Алматы -2006