- Практикалық психологтардың міндеттері адамдардың неғұрлым шығармашылықты және икемді болуларына көмектесуге бағдарланған практикалық психологиядан туындайды. Практикалық психологтар өзерінің кәсіби іс-әрекеттерімен адамдар өмір сүріп, жұмыс жасайтын жерлердегі қиындықтарды шешу үшін теориядағы жетістіктерді және психологиялық әдістерді қолдану арқылы адамдардың психологиялық денсаулығын жақсартуға және қоғамның психологиялық мәдениетінің өсуіне ықпал етеді.
Психологтың кәсіби іс-әрекетінің міндеттемелері мен түрлері факторлардың 2 тобымен анықталады: (1) практикалық психологияның құрылымына қатысты мамандандырылуымен және (2) оның өзі жұмыс жасайтын адамдардың (клиенттердің) немесе топтың психологиялық қиындықтарының сипатымен анықталады.
Осыған байланысты практикалық психологияның құрылымында психологтар іс-әрекеттерінің: психодиагностика; психотерапия; психологиялық түзету; психологиялық кеңес беру; профилактика; психогигиена, яғни дені сау өмір салтын тәрбиелеу, реабилитация; психологиялық ағарту және ғылыми зерттеулерді жүргізу сияқты түрлері ерекшеленеді.
Психодиагностика бұл – психологияның адамдардың даралық психологиялық ерекшеліктерін сандық анықтау, сипаттау және талқылау, сондай-ақ клиенттің қиындықтарын түсінуге және шешуге қажет психологиялық ақпаратты жинау мәселелерін зерттейтін саласы. Кейбір жағдайда ол клиентпен бірінші кездесуден бастап тікелей қарым-қатынас процесінде жүзеге асырылып жедел сипатқа ие болса, басқа бір жағдайда неғұрлым арнайы танымдық процедуралар қолданылатын терең бағдарлама ретінде анықталуы мүмкін. Психодиагностикалық тексерудің нәтижелері психотерапевтік міндеттерді шешу тәсілдері жайлы қорытындылауға негіз болады. Мектептегі психолог мамандықты таңдаудың неғұрлым лайықты типін ұсына алады. Ол отбасында және мектепте тәрбиелеудің лайықты әдістерін қолдануды ұсына алады.
Диагностика жүргізілген алдын алу немесе кеңес беру жұмыстарының тиімділігін бағалауға да қажет.
Психодиагностикалық зерттеу ұйымының қайсыбір бөлімшесіндегі психологиялық қиындықтардың; дау-дамайлардың, еңбектегі адамгершіліктің және еңбек өнімділігінің созылмалы төмендеуінің, оқушылардың үлгермеушілігі мен тәртіпсіздігінің себептерін анықтауға бағытталады.
Персоналдың ұйымдастырушы мінез-құлқын, оқушылардың жеке-даралық қабілеттерін жоспарлы зерттелуі, психологтың бірінші сыныпқа балаларды жинауға қатысуы, балалардың мектептегі оқуға даярлығын анықтауы да психодиагностикаға жатады.
Психодиагностика бөлімінде маманданған психолог нақты адамдардың (ұйымның, топтың) қасиеттері мен күйлерін анықтау үшін зерттеудің психологиялық әдістерін қолданудың құрылымы мен мүмкіндігін талдауға арқау етеді. Психологиялық диагноздың маңызы оның тиімді терапия (түзету, кеңес беру) мен болжаудың бастапқы пункті болып табылуымен анықталады. Болжау бұл – диагноздың негізінде тұлғаның немесе топтың, ерлі зайыптылардың, басшы мен оның қоластындағылардың арасындағы өзара қатынастардың дамуын жорамалдау.
Практикалық психологияның сараптама қызметі де психодиагностикаға жатады. Барлық деңгейлерде, сондай-ақ шешімдердің салдарын болжау мақсатында саяси деңгейде де қабылданатын басқарушы шешімдер, құрастырылған заңдар, инновациялық жобалар және т.б. психологиялық сараптамадан өтеді.
- Психотерапия бұл – адамның психикасына ықпал ету іс–шараларының жүйесі, психологиялық көрсету формасы, сондай-ақ сәйкес проблемаларды зерттейтін дәрігерлік және практикалық психологияның саласы. Психотерапияны шартты түрде психологиялық құралдармен адамдардың жүйке – психикалық және психосоматикалық аурулары мен бұзылыстарын емдеумен айналысатын дәрігерлік психотерапияға және дені сау адамға (клиентке) бағдарланған және оның психологиялық қиындықтарын жеңумен айналысатын дәрігерлік емес деп бөледі.
Психотерапияның мәні клиенттің өміріндегі қиындықтарын жеңу мақсатында оның психикалық процестері мен реакцияларын жақсартуда. Бұл адамдардың өз-өзін, әлемді, ондағы өз орнын түсіну қабілетіне ие болуына ықпал ететін психологиялық көмектің бір түрі.
Психотерапияның мақсаты клиенттің жақсы қызмет ету бағытындағы реактивтілігін модификациялауда. «Психотерапия» тұлғаның ойлауымен, қылықтарымен, өзгеруі мен клиенттің психотерапевтпен ұзақ мерзімді қатынасуымен ассоциацияланады. Әдетте психотерапия «қалыпты емес» клиенттермен жанасады.
- Психокоррекция – психиканың қызмет етуі мен дамуындағы қалыпты жағдайдан қайсыбір жағымсыз ауытқуларды немесе басқа да мінез-құлықтық, эмоциялы, танымдық көріністерді әлсіруге немесе жоюға бағытталған адамның психикасына белсенді ықпал ету. Психокоррекция адамдардың дамуындағы және мінез-құлықтарындағы ауытқуларды жоюға әкелетін көмек көрсетуге шоғарланады. Көптеген авторлар психотерапия мен психокоррекциясының арасындағы айырмашылықты байқамауға бейім болады. Кейбіреулері соңғы терминнің психологтың клиенттермен жасайтын қызметінің дәрігерлік емес сипатын ерекше көрсетудің амалы ретінде ұсынылғанына сенімді.
Психологиялық кеңес беру бұл – ұсыныстар мен кеңестерді талап ететін аса терең емес қиындықтарға қатысты шешіммен ерекшеленетін психологиялық көмектің бір түрі. Оны психолог клиенттің қиындықтарын қосымша зерттеудің және сұхбаттасудың негізінде береді.
Психодиагностиканың клиенттің мінез-құлқын бақылай отырып сұхбаттасудың барысында жүзеге асатыны да, кеңес берудің бір ерекшелігі болып табылады. Кеңес беру сұхбаттасу мен психотерапияның арасында кең аумақты иеленуде. Сондай-ақ, олардың шекарасын нұсқау өте қиын. Кеңесші жиі терапевт ретінде көрінеді. Әдетте ол қалыпты жағдаймен жұмыс жасай отырып, паталогиямен істес болуға да міндетті.
- Психопрофилактика бұл: а) жүйке – психикалық және психосоматикалық денсаулықтың бұзылыстары, әлеуметтік кикілжіңдердің, тұлғаның үйлесімді дамымауы, психологиялық алғы шарттары бар оқытудың, тәрбиенің, қарым-қатынастың қиындықтары сияқты әрқилы проблемалардың алдын алуға ықпал ететін іс-шаралардың жүйесі; б) нұсқалған қиындықтар мен заңдылықтарды зерттейтін дәрігерлік және практикалық психологияның саласы.
Психологиялық профилактиканың мәні психологтың жауапкершілігінің аумағына енетін адамдардың психикалық және тұлғалық дамуындағы ықтималды жайсыздықтардың алдын алу жөнінде тұрақты жұмыс жасауында. Превентивті іс-шаралардың мақсаты адамдардың психикалық денсаулықтарының нашарлауына әкелетін себептерге қарсы тұруда, қалаусыз кикілжіңдерді, психикалық бұзылыстардың алдын алуда, сондай-ақ олардың салдарын азайтуда.
Психолог әлеуметтік топтарға тән және тұлға мен қоғамға зиян келтіретін жағымсыз құбылыстарды уақытында анықтап, редукциялауға, қауіптерді іздеуге шоғырланады. Психикалық бұзылыстардың алдын алу психолог іс-әрекетінің жиынтықталған бөлігі болып табылады. Балалар мен жастардың арасында превентивті міндеттердің шешілуі ерекше назарды талап етеді.
- Психогигиена бұл – адамдардың жүйке — психикалық және психосоматикалық денсаулығын сақтауға және еңбектің (әсіресе интеллектілі), оқудың, сондай-ақ күнделікті өмірдің лайықты жағдайларын жасауға бағытталған іс-шаралардың жүйесі. Дәрігерлік психологияның нұсқалған мәселелерді зерттейтін саласын да психогигиена деп атайды. Тиісті әлеуметтік ортаны ұйымдастыру, адамдардың күн тәртібі мен өмір салтын жақсарту жолымен психикалық денсаулықты сақтау және нығайту психогигиенаның мақсаты болып табылады.
- Психологиялық реабилитация қалыпты психикалық қызмет ету, қарым-қатынасты және іс-әрекетті қалпына келтіру мақсатында адамдардың өміріндегі психотравмалық оқиғалардан туындаған үлкен стресстен кейін қажет көмектің арнайы формасы болып табылады. Табиғи, техногенді және әлеуметтік апаттардың құрбандары реабилитацияны қажетсінеді. Көшуге мәжбүр болғандарға, соғыстар мен қарулы қақтығыстардың ардагерлеріне күнделікті өмірдің психикалық травмаларын кешірген адамдарға психологиялық ликвидация қажет.
- Психологиялық ағарту бұл – тұрғындарды, ұйымдардағы қызметкерлерді психологиялық білімдерге тарту. Мәселен мектепте психологиялық қызмет көрсететін психологтар мұғалімдер мен ата–аналардың психологиялық мәдениетін арттыру үшін лекциялардың циклін жүргізеді. Оларды қызықтырған мәселелер жөнінде кеңестер, сондай-ақ балалар және педагогикалық психология, тұлға психологиясы бойынша арнайы семинарлар, қарым-қатынас және тұлға аралық қатынастар тренингтері жүргізіледі. Көптеген мекемелерде қызметкерлерінің кәсіби жетістігімен тығыз байланысты психологиялық білімдерін арттырудың жүйесі бар. Психологиялық ағартудың бірқатар мәселелері бұқаралық ақпарат құралдарымен, танымал әдебиеттің басылымымен, практикалық психологияның қызметтерін жарнамалаумен шешіледі.
Практикалық психологтың міндеттері практикалық психология рухының нақтылануы, оның жауапкершілігінің сферасы мен шынайы жағдайларының сипатталуы болып табылады. Мәселен, балалармен және жастармен жұмыс жасайтын психологтар: агрессивтілігі мінез-құлық ұзақ мерзімді мазасыздық, зейінсіздік, мөлшерден тыс сезімталдық, ынжықтық, мектепке барудан, сабақта жауап беруден қорқу, жүйелі ұрлық баланың үйде немесе мектепте өтірік айтуы, мектептен немесе үйден қашып кету; мінез-құлықтағы күтпеген өзгерістер, оқудағы төмен нәтижелер, сабақтың бірін меңгерудегі қиыншылықтар; мектептегі оқушыға қызығушылықтың болмауы; сөйлеу тілінің шығу тегі; жүйке-психикалық бұзылыстары; бастың жүйелі ауыруы, ұйқының қашуы, себепсіз шаршау сияқты педагогикалық құралдармен шешілмейтін мәселелермен айналысады.
Практикалық психологтың кәсіби іс-әрекеттерінің міндеттерін екі негіздеме бойынша бөлген орынды.
Бірінші негіздеме бұл – іс-әрекеттің ұйымдастырушы көркемделуінің сипаты. Психолог қайсыбір мемлекеттік немесе коммерциялық ұйымның штаттағы қызметкері бола алады, тәжірибелеуші маман ретінде өз бетінше немесе аймақтың кеңес беруші, психотерапевтік немесе диагностикалық құрылымның құрамында жұмыс жасай алады. Қайсыбір ұйымда жұмыс жасайтын психолог сол ұйым іс-әрекеттерінің ерекшеліктерінен және оның жағдайларынан туындайтын міндеттерді шешеді. Ол еңбекті психологиялық жақсарту, тұлғаралық және топ аралық қатынастарды басқару жөніндегі ұсыныстарды жасайды. Қызметкерлердің психикалық қысымының, моралды күйінің, эмоциялы ахуал деңгейінің мониторингі және ықтималды өңдеулермен, оқиғалармен байланысты сол көрсеткіштерді болжау, оның (психологтың) басты ісі болып болып табылады.
Клиникалық психолог негізінен психологиялық көмекке мұқтаж адамдардың мәселелерін шешумен айналысады. Әрине өз-өзіне сыйластықпен қарайтын маман қолына алған міндеттерінің шеңберін кәсіби біліктілігінің деңгейімен шектейді. Кәсіби психолог, өз мүмкіндіктері мен біліктілігінің деңгейін шынайы бағалайды. Сол мүмкіндіктерінің шектеулерін түсініп мойындайды, қызметтестерімен және аралас мамандықтардыңөкілдері – психиатрлармен, терапевт-дәрігерлермен, психоневрологтармен, нейропсихологтармен және т.б. бірлесіп қызмет етеді. Оның клиентке «жоқ, мен бұл мәселелермен айналыспаймын» деген жауабы, оның кәсіби біліксіздігінің көрсеткіші емес.
Психологтың міндеттерін дифференциялаудың екінші негіздемесі – олардың жоспарға қатынасы. Негіздеме бойынша жоспарлы (ағымдағы) және шұғыл міндеттер ерекшеленеді. Жоспарлы міндеттер ұйымдағы қызметкерлер іс-әрекетін психологиялық қамтамасыз ету қажеттілігімен немесе клиникалық қабылдау режимімен міндеттеледі. Жоспарлы міндеттердің кейбірі қысқа мерзімді болса, тағы бірі ұзақ мерзімді болады. Қысқа мерзімді міндеттердің нақты құрылымы, мақсаты және нәтижесі болады. Мәселен, оларға тестілеу жатады.
Ұзақ мерзімді міндеттер психологиялық көмек көрсету жүйесін жетілдіруге бағдарланған нақты идеялар мен ойлардың жүзеге асуын білдіреді. Ұйымдастырушы психологтың ұзақ мерзімді міндеттері психологияның заңдарына сай персонал іс-әрекеттерінің жағдайларын жүйелі жүргізуінде анықталады. Бұл жеке-дара сәйкессіздіктердің, қолайлы шешімдердің анықталуын көздейді және билікке ие қызметкерлерді үгіттеуді, психологиялық тұрғыда қажет деп есептелінсе, ұйымдастырушы, қаржылық, технологиялық және басқа да өзгерістерді болжайды. Психологтың клиентпен қызметі мазмұны мен мерзімі бойынша нақты белгіленбеген нәтижелермен ұзақ мерзімді міндеттердің мысалы болып табылады.
Кикілжіңдер, апаттар, залалдар, жеке-дара зорығу, сондай-ақ аталған және басқа да эксцесстердің кері психикалық және әлеуметтік психологиялық салдарын жою сияқты қызметкерлердің жұмыс жасауының реттелген үрдісіндегі кез келген бұзылыстардың психологиялық себептерін анықтау ұйымдастырушы психологтың шұғыл міндеттерінің қатарына жатады.
Практик психологтың алдындағы міндеттердің қалай құрастырылатыны жайлы сәйкес құжаттардан білуге болады.
Мәселен, мектептегі психологиялық қызметтің өзіне тән мақсаттары мен міндеттері бар. Оның негізгі мақсаты – балалар мен жас өспірімдердің психикалық денсаулығы мен білім алу қызығушылықтарына ықпал ету. Бұл: оқу-тәрбие процесінің психологиялық диагностикасын; мектептегі балалардың танымдық эмоциялық және әлеуметтік дамуына толыққанды ықпалын қамтамасыз ету мақсатында психологтың белсенді кірісуін: педагогтар мен ата-аналарға, балаларға қамқорлық көрсетуге қатысты барлық мәселелерде көмектесуді; мұғалімдер мен ата–аналарды психологиялық оқытуды; оқушылардың жеке-дара қиындықтарын және педагогтардың кәсіби мәселелерін шешуде мектеп қызметкерлерімен және ата-аналармен бірлескен жұмысты болжайды. Мектептегі психологқа төмендегідей міндеттер жүктеледі:
- балалардың оқуға даярлығын анықтау, мұғаліммен бірлесіп бастауыш мектеп жасындағы оқушыларды мектепке бейімдеудің жеке-дара бағдарламасын құрастыру;
- оқушылардың даралық және жас ерекшеліктерін ескере отырып, мұғалімдермен және ата-аналармен бірігіп, дамытпалы бағдарламаларды даярлау және жүзеге асыру;
- оқушылардың өміріндегі өтпелі кезеңдерді қадағалау;
- үлгермеуші және тәртіпсіз оқушылармен диагностикалық түзету жұмыстарын жүргізу;
- оқуға және тәрбиеге кедергі келтіретін оқушылардың интеллектілі және тұлғалық ерекшеліктерін диагностикалау және түзету;
- оқушылардың мұғаліммен, құрдастарымен, ата-аналарымен тұлғааралық қатынастарындағы бұзылыстарды анықтау және жою;
- балаларды оқыту және тәрбиелеудің, олардың психикалық қызметтерінің дамуының психологиялық мәселелері жөнінде мектептің әкімшілігіне, мұғалімдерге, ата-аналарға кеңес беру;
- оқу, даму, өмірде өз-өзін анықтау, өз-өзін тәрбиелеу, ересектермен және құрдастарымен өзара қатынастары жөнінде оқушыларға жеке-дара және топтық кеңес беру;
- оқушылардың қабілеттерін, қызығушылықтарын анықтау және оларды дамыту жөнінде оқушылармен тұрақты жұмыс жасаудың қорытындысы ретінде кәсіби бағдарлау.
Осылайша, практикалық психологтардың кәсіби міндеттері оның іштей мамандануымен және нақты ұйымның іс-әрекеттеріне қатысуымен міндеттелген психологиялық проблемалардың табиғаты мен бастапқы бағдарынан туындайды.