- Конфликтологиялық зерттеулердің сапасы көп жағдайда аталмыш құбылысты зерттейтін оннан астам ғылымның пәнаралық байланыстарының сипатына тәуелді. Дәл осы пәнаралық зерттеулердің нәтижесінде дау-дамайлардың пайда болу даму және аяқталуының жекелеген емес, жалпы заңдылықтарын анықтауға болады. Дау-дамайды зерттеу кезінде социобиологияны қоспағанда, барлық басқа ғылымдар өкілдерінің еңбектерін қолданатын философтар мен әлеуметтанушыларда өзара пәнаралық байланыстар бар. Бүгінгі күнде социобиологтар мен математиктер өз ғылымдарында бар білімдерге сүйене отырып қана оқшауланып жұмыс істейді.
Сондықтан, қазіргі кездегі маңызды міндет конфликтологиядағы пәнаралық байланыстар мен пәнішілік өзара әрекеттесулерді күшейту болып табылады. Конфликтология салаларының кіріктірмелігі барлық жекелеген конфликтологиялық ғылымдардың теңдік ұстанымы негізінде жүзеге асуы тиіс. Сонымен бірге, қазіргі кезде психология нақты жүйе құрушы ғылым рөлін атқарады. Бұл мыналармен анықталады: біріншіден, психология дау-дамайлардың түрін барлық зерттейтін жалғыз ғылым болып табылады; екіншіден, психологияның нысаны – барлық деңгейдегі дау-дамайлардың орталық саласы болып табылатын шынайы адам; үшіншіден, психологтар дау-дамайларды зерттеу көлемі бойынша жетекші орын алады; төртіншіден, психологияда тек 1992 жылы конфликтологияның қалыптасу, содан кейін көрсетілген білім салаларының ұштасуы негізіндегі даму мәселесі қойылып, кейінірек зерттелді.
Бұл күнде әр түрлі ғылымдар дау-дамайды зерттеуде алға басып және пәнаралық білімдер саласы – конфликтологияның қалыптасуына өз үлестерін қосты. Нақты ғылымда дау-дамай мәселесін толық пайдаланудың салыстырмалы дәрежедегі нақты өлшемдерінің бірі – аталмыш мәселеге байланысты жарияланымдар мен басылымдар. Психология дау-дамайларды зерттейтін ғылымдар арасында көшбасшы болып табылады. Дау-дамай мәселесіне байланысты жарияланымдардың жалпы санының 20,4%-ы психологтардың үлесіне тиеді. Бұл кез келген әлеуметтік және тұлға ішілік дау-дамайлардың пайда болу, даму және аяқталуында адамның үнемі анықтаушы себепті рөл атқаратындығымен байланысты. Дау-дамай психологиясынан басқа бұл құбылысты зерттеуге саясаттану мен әлеуметтану айтарлықтай үлес қосты. Дау-дамайды зерттейтін ғылымдардағы басылымдардың жалпы санының 58% -ы осы үш ғылымның өкілдерімен дайындалды.
- Дау-дамай психологиясының тарихы конфликтологияның бір саласы ретінде
Біздегі дау-дамай психологиясының тарихы жалпы алғанда, орыс халқындағы конфликтологияның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты. Сондықтан, дау-дамай психологиясы да өз дамуында конфликтология жүріп өткен кезеңдер мен сатылардан өтті.
1-кезең – 1924 жылға дейін. Бұл кезеңнің ішінде конфликтологиялық идеялар адамдардың шынайы дау-дамайлардағы мінез-құлық қағидалары, ережелері мен тәсілдері тәжірибелік білім ретінде туындайды және дамиды. Сондай-ақ конфликтология мүдделеріне қатысты күштеу мен күштемеу мәселесі өнер мен мәдениетте өз көрінісін табады. Алғашқы тастарға салынған суреттерде адамдарға қатысты түрлі дау-дамайлар бейнеленген. Осы кезеңде дау-дамайлар туралы алғашқы ғылыми білімдер де жинақтала бастайды. Дау-дамай психология, философия және кейбір басқа ғылымдар шеңберінде зерттеледі, бірақ жеке құбылыс ретінде бөлініп шықпайды. Орыс халқының дау-дамай мәселесін зерттеуде белгілі жазушы, зұлымдыққа күшпен қарсы шықпау теориясының авторы Л.Н.Толстой көрнекті орын алады. Ал, қазақ халқының бас ақыны Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде халқымызға қатысты дау-дамай мен кикілжің, қақтығыстың рулар мен аталастар, ағайын мен туыстың, бауырлар мен күндестің балалары арасында тууы туралы өзіндік көзқарасын білдірді.
2-кезең – 1924-1990 ж.ж. Бұл кезең жекелеген конфликтология салаларының, оның ішінде дау-дамай психологиясының да пайда болу, қалыптасу және даму кезеңі. Дау-дамай әуелі үш (заңтану, әлеуметтану, жантану), ал кезең соңына қарай оннан астам ғылымның шеңберінде жеке құбылыс ретінде зерттеле бастайды. Біздегі конфликтология тарихындағы екінші кезең төрт негізгі сатыдан тұрады.
Заманымыздың заңғар жазушысы атанған М.Әуезов, қазақ психология ғылымына өзіндік үлесі бар ақын-жазушылар Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов т.б. шығармаларында да ұлтқа тән, оның ішінде батыр мен қорқаққа, бай мен кедейге, күшті мен әлсізге қатысты дау-дамай мәселесінің шешілуін өз шығармалары арқылы халықтың түсінігін кеңейтуге түрліше тәсілдермен көркемдік пен тартымдылықты, обзырлық пен аярлықты шебер пайдалана отырып жеткізді.
Бірінші саты -1924-1934 ж.ж. Ол жарияланымдардың алғашқы «толқынын» қамтиды. Дау-дамай мәселесіне байланысты психологтар мен әлеуметтанушылардың алғашқы еңбектері шыға бастайды. 1924 жылы орыс әлеуметтанушылары мен психологтары П.О.Гриффин мен М.М.Могилевскийдің дау-дамай мәселесіне байланысты алғашқы еңбектері жарияланады. Екінші саты -1935-1948 ж.ж. Жарияланымдардың мүлде жоқтығымен сипатталады. Бұл Ұлы Отан соғысымен және тұтастай елдегі жағдаймен байланысты болды. Үшінші саты – 1949-1972 ж.ж. Бұл кезеңде дау-дамай мәселесіне байланысты жыл сайын еңбектер жарияланып, алғашқы 25 кандидаттық диссертация қорғалады. Дау-дамайды жеке құбылыс ретінде философияда, педагогикада, тарихи және саяси ғылымдарда зерттеу басталды.
20-жылдардан бастап 70-жылдардың ортасына дейінгі кезеңде дау-дамайлар психологиялық зерттеулерде фрагменттік сипатта болғанына назар аудару қажет. Дау-дамайды зерттеудің әдіснамалық және теориялық базасын қалыптастыру үшін қажетті қорытындылайтын сипаттағы еңбектер болған жоқ.Бұл кезеңде дау-дамайлар психологияның дамуына Н.С.Кровчун, А.Д.Глоточкин, Н.Ф.Феденко, М.Н.Дьяченко, М.Л.Гомелаури, А.И.Ушатиков, А.И.Китов және т.б. сияқты ғалымдар елеулі үлес қосты.
Төртінші саты – 1973-1989 ж.ж. Бұл баспалдақта, 70-жылдың екінші жартысында жиналған эмпирикалық материалды теориялық ұғынуға әрекет жасаған психологтардың еңбектері шығады (Н.В.Крогиус, 1976; А.И.Донцов, Т.А.Полозова, 1977). Дау-дамайды психологиялық талдаудың ұғыну сызбасы ұсынылды (Л.А.Петровская,1977). Бұл кезеңде конфликтологиялық мәселелерді зерттеуге психолог-ғалымдар Н.В.Гришина, А.А.Ершов, И.В.Пономарев, А.Л.Свенцицкий, В.П.Галицкий, М.П.Крапивин және т.б. белсенді түрде қатысты. Төртінші кезеңнің қорытындысы Ресейдегі дау-дамай психологиясында аталмыш құбылысты зерттеудің үш бағытының: ұйымдастыру, іс-әрекеттік және тұлғалық қалыптасуы болды.
3-кезең – 1990 жыл – қазіргі уақыт. Алғашқы пәнаралық зерттеулер пайда болды, конфликтология – жеке ғылым, ал дау-дамай психологиясы оның жетекші саласы болып бөлініп шыға бастады. Мақалалар мен еңбектер санының шұғыл артуы байқалды (жылына 165-290-ға дейін), дау-дамайларды зерттеуге және реттеуге байланысты психологиялық орталықтар, топтар құрылды. Бұған А.Л.Анцупов, Н.В.Гришина, Ю.А.Канатаев, М.М.Рыбакова, Б.И.Хасан, А.И.Шипилов, В.А.Хащенко, Э.З.Хащенко және т.б. сияқты психолог-зерттеушілер айтарлықтай еңбек сіңірді.