Қазақ тіл білімінде жергілікті ерекшеліктер туралы мәселе қарастырыла бастағанына да бірсыпыра жылдар өтті. Қазақ тілінде диалекті бар ма, жоқ па деген пікір төңірегінде ғалымдар пікір таластыра келіп, басқа тілдерде тілдің қалыптасуына негіз болған диалектілер бар болса, қазақ тілінде ондай диалектілердің жоқ екенін мойындай келіп тілімізде жергілікті ерекшеліктер бар деген тоқтамға келді. Сондықтан қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерін зерттейтін А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында арнаулы диалектология бөлімі жұмыс істегеніне де едәуір жылдар өтті. Диалектология мәселелері туралы ең алғаш сөз қозғаған жазушы ғалым Ж.Аймауытов болса, оның осы құнды бастамасын жалғастырған профессор, академиктер С.Аманжолов, Ж.Досқараев, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев т.б. сияқты ғалымдар болды.
Соңғы кездері Ш.Сарыбаев, С.Омарбеков, Ә.Нұрмағамбетов, А.Махмұтов, О.Нақыпбеков, Ж.Болатов, Ә.Байжолов, Ш.Бектұров, Г.Айдаров, А.Тасымов, Б.Бекешов, Ж.Әбдуалиев сияқты т.б. ғалымдар арқылы арнаулы ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, Қазақстанның барлық облыстарынан Ресей, Қытай, Монғолиядан жергілікті ерекшеліктер жиналып, ғылыми талқыға түсті. Жергілікті ерекшеліктерді жинай отырып, оларды әртүрлі мағыналық топтарға бөліп зерттеуге көңіл бөлінді. Біз бұл мақаламызда мал шарушылығы, жан – жануар дүниесіне байланысты сөздер туралы сөз қозғаймыз. Қазақ халқының өмірі малмен байланысты екені тарихтан жақсы білеміз. Сондықтан бұл тақырыпқа байланысты сөздер баршылық екені дау тудырмайды. Атап айтқанда мына төмендегі сөздер:
Мал шаруашылығы, жан –жануарлар дүниесіне байланысты
атаулар
Азбар – жатық қора.
Ақбайпақ – сиырда болатын індет ауруы.
Ала өкпе – сиырда болатын ауру.
Алмас түйе – екі өркеші екі жағына жығыңқы түйе. Бұл сөз Батыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында да кездеседі.
Атағаш – ат байлайтын ағаш. Бұл сөз Қазақстанның Алматы, Жамбыл облыстарында мамағаш болып айтылады.
Атшабыс – бәйге, ат жарысы. Атшабыстан кім озса, бәйге соныкі (Сарағаш).
Бауыр құрт – ауру түрі. Қалдық су ішкен қойда бауыр құрт ауру пайда болады (Сарыағаш).
Бірқырқар — кеш, күзге таман туған қозы.
Екі өркеш түйе – қос өркешті түйе.
Сынық өркеш түйе – бір өркеші бір жағына қисайған түйе.
Бастырма (бастырма тезек) – қыстай жиылған қиды көктемде көлікпен басып
араластырып құйып алған тезек.
Бәр – бәр – қойды шақырарда айтылатын сөз. Төлдеген қойды қозысына бәр – бәр деп шақырады (Сарыағаш).
Дүбәрә – ерте туған қозы.
Дулыға – түйе өркешінің ең сүйір ұшы.
Жандық – қой, ешкі, ұсақ мал. Бұл сөз Қазақстанның Батыс өңірінде осы түрде айтылса, Оңтүстік облыстарда ұсақ мал сөзі қолданылады.
Жайлаушы ат – жұмыс аты. Бұл колхоздың жайлаушы аты (Сарыағаш).
Жанық – ыстық — суықтан болатын мал ауруы.
Жауырынтақ – жылқының жауырының жабысып ақсап ауруы.
Желінсау – желіннен, емшектен болатын ауру. Желінсау мен ауырғанда ісігі бауырымен тамаққа шауып өледі.
Жұмыр құрт — сиыр малының ішінің өтіп ауруы.
Жыбырлақ – жылқы ауруы. Жыбырлақ кекіре деген шөпті жегеннен болады.
Бұн – түйеде болатын ауру.
Толау – жылқыда болатын ауру.
Түйме – қойдың түйнек ауруы.
Кәнош – ат қора, қора. Малдар қыста кәношта ғой (Сарыағаш)
Қос – қос – түйені шақыру үшін айтылатын сөз.
К үбір – мал қиының қалдығы (Қалмақ автономиясы).
Көбен – ерте туған қозы. Көбдік жетім қозы.
Көйін – нар түйе.
Кемпірақсақ – малдың аяғынан болатын ауру.
Қараөкпе – түйенің жөтел ауруы.
Қашау – сиыр малының індеті.
Қаймал – бурадан шөгілген інген. Маңғыстау қазақтары тілінде қаймал деп үш жастағы ұрғашы түйені айтады.
Оттық – ақыр, малға шөп салатын жер, Оңтүстік облыстарда шөп дегеннің онына от сөзі қолданылады, оттық деген сол от салатын орын.
Өндір – төс, кеуде, көкірек. Түйе жылқыны өндірімен басады да, шайнап тастайды (Сарыағаш).
Пәстөк – бақташы, мал бағушы. Мал бағатын пәстөк бар
(Астрахан облысы.).
Сасбақ – сасай (теке) – күздегі сасбақ боп қалған киіктің текесіндей (Қалмақ автономиясы).
Саяқ – піштірілген айғырлар. Саяқ жылқыдан бөлек жайылады.
Сәурік – жақсы құнан айғыр. Қырық қысырақ, бір сәурік айғыр қосылып бірге жайылады.
Тұқай – тұяқ. Шөпті мал тұқайымен кесіп кеткен (Қалмақ автономиясы).
Шар қой – ту қой. Шар қой сойыпты (Сарыағаш).
Шал ауыз қой – үлкен азбан қой — қошқар.
Шошала – оқыра. Күн ыстықта сиырға шошала тиіп қашады. (Сарыағаш).
Шөке – шөке – ешкіні шақыру. Ешкіні «шөке – шөке шөре – у – у» деп шақырамыз (Сарыағаш).
Мырза қоспақ // жөгі қоспақ — өркешінің арасы жақын түйенің түрі (Шу).
Сандық өркеш шал құйрық
Үлек пенен бурадан
Жүк қалмайтын жолында
Жөгі болар туғаны.
(Жақ. Жангелдин ауданы)
Мая – тықыр жүнді нар түйе (Шу). Мысалы: Нар түйенің жақсысы, бауыры сүтті маясы ( Жангелдин ауданы).
Тана – бір жасар бұзау. Бұны Көкшетауда тайынша // тайша, Орынборда баспақ деп атайды.
Шуал – түйе қымызы. (Шу), Түлкібас, Сайрам аудандарында қима, Атырауда шұбат, Арыс, Түркістанда – қымыран дейді.
Шікәрә — кенже туған лақ. (Шу)
Арда баспақ – бір жастағы бұзау, тайынша (Қырғызыстан).
Қазанат – жіңішкелеу келген жүйрік ат. Бұл сөз ауыспалы мағынада адамға айтылғанда дастарқаны кең, ақпейіл деген ұғымды білдіреді.
«Жүйрікте де жүйрік бар қазанат жөні бір басқа
Жігітте де жігіт бар азамат жөні бір басқа».
Тобышық – жылқының жүйрігі , таза арғымақтың бір түрі.
Мысалы: «Айғыр салсаң қазанат, содан туар тобышақ »
(Жангелдин ауданы)
Күлік – сайгүлік, жүйрік жылқы.
Сербек – жылқының жаясы (Шу).
Біреуі бір көнекпен сүт береді,
Сер бекті семіз бие жылтылдаған.
Қатпа – түйе ауруы. Ішегі ауырып, тамақ жеуден қалады. Шу бойындағы тұрғандардың сөйленістерінде солма деп те атайды.
Қасқа тіс – бес жастағы түйе (Атырау). Биыл қасқа тісін соғымға союдан ойы бар.
Бір тума – ботасы өзіне тартпай туатын жақсы тұқымды түйе.
Батыс облысының кей жерлерінде бұл сөз бір туған болып айтылады.
Жел бида — мұрындықтың тығырығына байланатын тиянақ жіп.
Аңырайма – жазғы ыстықта түйенің бірнеше күн бойы оттамай, шөгіп жатып алатын кездері болады, соны жергілікті халықтың тілінде түйенің аңыраймасы дейді.Осыдан шығарып жаздың осы мезгілін кейде түйенің аңырайма айы деп атайды (Атырау).
Қолаңса – малдың қолтығы. Сайдың суының тереңдігі аттың қолаңсасынан аспайды.
Тоқатай жілік – тоқпан жілік.(Атырау)Торғай жағында домалаш жілік делінеді.
Таты – жабы, малдың нашар тұқымы, жылқы мен түйеге ғана қолданады.
Арам қазан – аурудан өлген малды көметін шұңқыр (Атырау).
Өттеме – қойдың іш ауруы. Қойымызға өттеме тиіп жатыр.
Пысқырық – маса, сона шаққаннан болатын қой ауруы.
Сарып — түйенің және ұсақ малдарда болатын ауру (Шу).
Маймақ — түйенің көп тұрып қалғаннан болатын ауруы (Шу).
Буа құрт – аттың артқа аяғы ісіп ауыратын ауруы (Шу).
Маңқы – тамағында безі болатын жылқы ауруы (Шу).
Желін – сүт шықпай желіні ісіп өлетін ауру. Көкшетауда мұның орнына қара желін сөзі қолданылады.
Айланпас — шыр көбелек айланып ауыратын ұсақ мал ауруы. Алматы маңында тентек, Көкшетауда айланба дейді.
Меке – ыстық – суықты болып аттың, есектің сыртына шыққан қаны. Арал сөйленісінде беке Көкшетау өңірінде қантыстау сөзі қолданылады.
Оқалақ – оқырда (Шу) сиырға тигенде осы тоғайға кіріп жатады. Ақтөбе Орынбор облыстарында шошала деп атайды.
Мамы – ат байлайтын ағаш. Қарағанды облысының шет ауданында қада ағаш, қырығз тілінде мамы деп атайды.
Сары теппе – даладағы кеуіп қалған жапа тезек. Ақтөбеде үйез, Орынборда қаңылтақ дейді.
Біз жоғарыда келтірген сөздерді жергілікті ерекшеліктер туралы жазылған Ш.Сарыбаев, А.Тасымов сияқты ғалымдардың еңбегінен ала отырып, оған өзіміздің кейбір пікірлерімізді білдірдік. Бұл тақырыпты толық сөз етіп болдық деуден аулақпыз. Әлі де тереңдете түсетін тұстар бар екенін айта кеткіміз келеді. Аталған тақырыпты жан – жақты сөз ету алдағы уақыттың еншісінде.